Хадис

Қажылық

Муатта, 21-кітап · 256 хадис · № 1–258

Мазмұны: 83 бап
  1. 1Ихрамға кіру үшін ғұсыл құйыну
  2. 2Ихрамдағы адамның жуынуы
  3. 3Ихрамда киюге болатын киімдер
  4. 4Ихрамда боялған киім кию
  5. 5Ихрамда белдік тағу
  6. 6Ихрамдағы адамның бетін жабуы
  7. 7Қажылық кезінде хош иіс жағу
  8. 8Миқаттар, яғни ихрамға кіретін орындар
  9. 9Ихрамға кіргенде жасалатын істер
  10. 10Ихрамда тәлбия айтқанда дауысты көтеру
  11. 11Ифрад қажылығы[^608]
  12. 12Қиран қажылығы[^611]
  13. 13Тәлбияны тоқтату[^615]
  14. 14Мекке тұрғындарының және сырттан келіп сонда жүргендердің ихрамға кіруі
  15. 15Жіберілетін құрбандық малына белгі тағу
  16. 16Қажылық кезінде әйелдің хайыз көруі
  17. 17Қажылық айларында ұмра жасау
  18. 18Ұмрада тәлбияны тоқтату
  19. 19Тәмәттуғ қажылығы[^627]
  20. 20Тәмәттуғ қажылығының үкімі жүрмейтін жағдайлар
  21. 21Ұмраға қатысты әртүрлі риуаяттар
  22. 22Ихрамдағы адамның некесі
  23. 23Ихрамдағы адамның қан алдыруы
  24. 24Ихрамдағы адамның аң етін жеуіне болатын жағдайлар
  25. 25Ихрамдағы адамның аң етін жеуіне болмайтын жағдайлар
  26. 26Харам аймағында ауланған аңның үкімі
  27. 27Харам аймағында аң аулағаны үшін төленетін өтем
  28. 28Ихрамда жүргенде өлтіруге болатын жануарлар
  29. 29Ихрамдағы адамға рұқсат етілетін істер
  30. 30Басқа адамның орнына қажылыққа бару
  31. 31Қажылық кезінде дұшпан бөгет болған адамның жағдайы[^659]
  32. 32Дұшпаннан өзге кедергіге байланысты тауап жасай алмаған адамның жағдайы
  33. 33Қағбаның салынуына қатысты риуаяттар
  34. 34Тауап кезінде рәмәл жасау
  35. 35Тауап кезінде истиләм жасау
  36. 36Истиләм кезінде Хажарул-әсуәдті сүю
  37. 37Тауаптың әр жеті шәутынан кейін екі рәкағат намаз оқу (тауап намазы)
  38. 38Таң және екінті намаздарынан кейін тауап жасау
  39. 39Бәйтулламен қоштасу
  40. 40Тауапқа қатысты әртүрлі риуаяттар
  41. 41Сағиды Сафа төбесінен бастау
  42. 42Сағиға қатысты әртүрлі риуаяттар
  43. 43Арафа күні ораза ұстау
  44. 44Айт күндерінде ораза ұстау
  45. 45Қағбаға жіберілетін құрбандықтар
  46. 46Қағбаға жіберілетін құрбандық малымен жасалатын амалдар
  47. 47Қағбаға жіберілетін құрбандықтың жарақаттануы немесе жоғалуы
  48. 48Ихрамда жүргенде әйелімен жыныстық қатынас жасаған адамның өтемі
  49. 49Қажылыққа үлгере алмаған адамның не істеуі керектігі
  50. 50Минадан қайтпай тұрып әйелімен жыныстық қатынас жасаған адамның үкімі
  51. 51Қағбаға жіберілетін құрбандықтың ең жеңіл түрі
  52. 52Қағбаға жіберілетін құрбандыққа қатысты әртүрлі риуаяттар
  53. 53Арафат пен Мүздәлифада уақфа жасау
  54. 54Көлік үстінде және таһаратсыз күйде уақфа жасау
  55. 55Уақфаның уақыты және қажылыққа үлгеру
  56. 56Әйелдер мен балаларды Мүздәлифадан ертерек жіберу
  57. 57Арафаттан Мүздәлифаға қайту
  58. 58Қажылықта құрбан шалуға қатысты риуаяттар
  59. 59Құрбан шалу
  60. 60Қажылықта шаш алдыру
  61. 61Қажылықта шаш қысқарту
  62. 62Қажылықта шашты ұйыстырып қою
  63. 63Бәйтуллада намаз оқу және Арафаттағы құтпаның ұзақтығы
  64. 64Зүлхижжаның сегізінші күні Минада уақыт намаздарын оқу және Мина мен Арафаттағы жұма намазы
  65. 65Мүздәлифада намаз оқу
  66. 66Минада намаз оқу
  67. 67Мекке мен Минада тұратындардың намаздары
  68. 68Ташриқ, яғни айт күндеріндегі тәкбірлер
  69. 69Муәррәс және Мухассаб деп аталатын жерлерде намаз оқу
  70. 70Минада түнеуге тиісті түндерде Меккеде болу
  71. 71Жәмраларға тас ату
  72. 72Жәмраларға тас атуға қатысты жеңілдіктер
  73. 73Қажылықтан қайту
  74. 74Хайыз әйелдің Меккеге келуі
  75. 75Хайыз әйел және зиярат тауабы
  76. 76Қажылықта құс пен басқа жабайы жануарларды өлтірген адам төлейтін фидия мөлшері
  77. 77Ихрамда шегіртке өлтірген адамның өтемі
  78. 78Құрбан шалмай тұрып шаш алдырған адамның фидиясы
  79. 79Қажылық амалдарының бірін ұмытқан адамның не істеуі керектігі
  80. 80Фидияға қатысты әртүрлі риуаяттар
  81. 81Қажылыққа қатысты әртүрлі риуаяттар
  82. 82Жанында махрамы жоқ әйелдің қажылыққа баруы
  83. 83Тәмәттуғ оразасының уақыты

1-бапИхрамға кіру үшін ғұсыл құйыну

1
Муатта, 21-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Абдуррахман әкесі Қасымнан жеткізеді: «Үмәйстің қызы Әсма Бәйдада Мұхаммед ибн Әби Бәкірді дүниеге әкелді. Әбу Бәкір бұл жайды Алла елшісіне (с.а.с.) жеткізгенде, Пайғамбарымыз: “Оған айт, ғұсыл құйынып, содан кейін ихрамға кірсін”, – деп бұйырды».1

  1. 1Мүслім, «Хажж», 15/109; иснады жалғасқан түрде риуаят еткен.
2
Муатта, 21-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйяб былай деп әңгімелейді: «Үмәйстің қызы Әсма Зүлхуләйфада Мұхаммед ибн Әби Бәкірді дүниеге әкелді. Осыған байланысты Әбу Бәкір Әсмаға ғұсыл құйынып, содан кейін ихрамға кіруді айтты».

3
Муатта, 21-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан: «Абдуллаһ ибн Омар ихрамға кірмес бұрын, ихрамға кіруге дайындалу үшін, сондай-ақ Меккеге кірерде және Арафатта уақфа жасау үшін ғұсыл құйынатын».1

  1. 1Қараңыз: Шәйбани, 472.

2-бапИхрамдағы адамның жуынуы

4
Муатта, 21-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Ибраһим әкесі Абдуллаһ ибн Һунәйннен жеткізеді: «Абдуллаһ ибн Аббас пен Мисуәр ибн Махрама Әбуада пікір таластырып қалды. Абдуллаһ: “Ихрамдағы адам басын жуа алады”, – десе, Мисуәр: “Ихрамдағы адам басын жуа алмайды”, – деді. Сонда Абдуллаһ ибн Аббас мені Әбу Әйюб әл-Ансариге жіберді. Ол екі бағананың арасына керілген арқанға ілінген перденің артында жуынып жатыр екен. Мен сәлем бердім. Ол: “Бұл кім?” – деп сұрады. Мен: “Һунәйннің ұлы Абдуллаһпын! Мені сізге Абдуллаһ ибн Аббас бір мәселені сұрап білу үшін жіберді. Алла елшісі (с.а.с.) ихрамда жүргенде басын қалай жуатын еді?” – дедім. Сонда ол арқанға ілінген пердені қолымен сәл төмен түсіріп, басын маған көрсетті. Су құйып тұрған адамға: “Басыма су құй!” – деді де, басын қолдарымен ысқылай бастады. Басын осылай ысқылағаннан кейін: “Алла елшісінің (с.а.с.) осылай істегенін көрдім”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Жәзаус-сайд», 28/14; Мүслім, «Хажж», 15/91. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 420.
5
Муатта, 21-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Ата ибн Әби Рабахтан: «Омар ибн Хаттаб жуынып жатқанда, Яғла ибн Мүнйә су құйып тұр еді. Омар (р.а.): “Басыма құй!” – дегенде, ихрамда бас жууға болмайды деп ойлаған Яғла: “Күнәсін маған жүктегіңіз келе ме? Бұйырсаңыз, құямын!” – деді. Омар (р.а.): “Құй! Су шашты ұйпалағаннан басқа ештеңе істемейді”, – деді».1

  1. 1Шәйбани, 421.
6
Муатта, 21-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан: «Абдуллаһ ибн Омар Меккеге жақындағанда, екі төбенің арасындағы, бүгінде Бири Сағид деп аталатын Зитуә аңғарына түнеп шығатын. Таң намазын сонда оқып, Меккеге қаланы жоғарыдан көруге болатын тұстан кіретін. Қажылыққа келсін, ұмраға келсін, Меккеге кірмес бұрын, қала маңындағы Зитуәда ғұсыл құйынатын. Қасындағыларға да ғұсыл құйынуды бұйырып, Меккеге солай кіретін».1

  1. 1Бұхари, «Хажж», 25/38. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 472.
7
Муатта, 21-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Нәфиғ жеткізеді: «Абдуллаһ ибн Омар ихрамда жүргенде, тек ихтиләм болып, яғни ұйқыда шәует бөлініп, жүніп болғанда ғана басын жуатын».

Имам Мәлик былай дейді: «Ғалымдардан естігеніме қарағанда, ихрамдағы адамның Ақаба жәмрасына тас лақтырғаннан кейін, шашын алдырмай тұрып, сидр, хатми сияқты өсімдіктерден жасалған жуғышпен басын жууында еш ағаттық жоқ. Сондай-ақ Ақаба жәмрасына тас лақтырғаннан кейін бит өлтіру, шаш алдыру, кірден тазалану және кәдімгі киім кию де халал болады».1

  1. 1Шәйбани, 419.

3-бапИхрамда киюге болатын киімдер

8
Муатта, 21-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан: «Бір адам Алла елшісінен (с.а.с.): “Ихрамдағы адам қандай киімдерді кие алмайды?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырды: “Көйлек кимеңдер, сәлде орамаңдар, шалбар, бас жағы тұтас тігілген бүркеншікті киім және мәсі кимеңдер. Алайда сандал таппағандар мәсінің қонышын тобықтан төмен етіп кесіп кисін. Зағфаран немесе уәрс жағылған ешбір киімді де кимеңдер”».1

Яхия былай дейді: «Имам Мәликтен Алла елшісінің (с.а.с.): “Изар, яғни белден төмен оралатын киім таппаған адам шалбар кисін”, – деген хадисіне қатысты сұралды. Ол былай деп жауап берді: “Бұл риуаятты естіген жоқпын. Ихрамдағы адамның шалбар киюін дұрыс көрмеймін. Өйткені Алла елшісінің (с.а.с.) ихрамдағы адамға киюге тыйым салған киімдерінің арасында шалбар да бар. Мәсіге ерекше рұқсат бергені сияқты, шалбарға ондай рұқсат бермеген”».2

  1. 1Бұхари, «Хажж», 25/21; Мүслім, «Хажж», 15/1.
  2. 2Шәйбани, 422.

4-бапИхрамда боялған киім кию

9
Муатта, 21-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) ихрамдағы адамның зағфаран және уәрспен боялған киім киюіне тыйым салған. Алайда сандал таппағандар мәсінің қонышын тобықтан төмен етіп кесіп кие алады».1

  1. 1Бұхари, «Либас», 77/37; Мүслім, «Хажж», 15/3. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 423.
10
Муатта, 21-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Омар ибн Хаттабтың азат еткен құлы Әсләм Абдуллаһ ибн Омарға былай деп әңгімелейді: «Омар ибн Хаттаб ихрамда жүрген Талха ибн Убайдулланың үстінен боялған киім көріп: “Талха, мына боялған киімің қалай?” – деді. Талха: “Уа, мүміндердің әміршісі, бұл – кірпіш түстес топырақпен боялған киім”, – деді. Сонда әзірет Омар: “Уа, халық өздеріне басшы санап, соңынан еретін кісілер! Мұны білмейтін адам осы киімді көрсе, міндетті түрде: ‘Талха ибн Убайдулла ихрамда жүргенде боялған киім киіп жүр еді’, – дер еді. Сондықтан, ей, елге үлгі болатын кісілер, мұндай боялған киім түрлерін кимеңдер”, – деді».1

  1. 1Шәйбани, 425.
11
Муатта, 21-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруадан жеткізеді: «Әбу Бәкірдің қызы Әсма ихрамда жүргенде сарыға боялған киім киетін, бірақ оның бояуы зағфаран емес еді».

Имам Мәликтен: «Хош иіс себілген, бірақ иісі жоғалған киімді ихрамда киюге бола ма?» – деп сұралды. Имам Мәлик: «Иә, зағфаран немесе уәрспен боялмаған болса, киюге болады», – деп жауап берді.

5-бапИхрамда белдік тағу

12
Муатта, 21-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан: «Абдуллаһ ибн Омар ихрамдағы адамның белдік тағуын дұрыс көрмейтін».

13
Муатта, 21-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйябтан: «Ихрамдағы адамның киімінің астынан белдік тағуында еш ағаттық жоқ. Алайда екі ұшын бір-біріне байлау үшін белдіктің қайыс бауы жіңішке болуы керек».

Имам Мәлик былай дейді: «Бұл мәселеде естігендерімнің ішінен көңіліме ең қонымдысы – осы».

6-бапИхрамдағы адамның бетін жабуы

14
Муатта, 21-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Фурафиса ибн Умайр әл-Ханафиден: «Осман ибн Аффанды Мәдинадан үш қоналқалық жерде орналасқан Әражда ихрамда жүрген кезінде көрдім. Ол бетін жауып алған еді».1

  1. 1Шәйбани, 417.
15
Муатта, 21-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан: «Иектен жоғары бөлік бастан саналады, сондықтан ихрамдағы адам оны жаппайды».1

  1. 1Шәйбани, 418.
16
Муатта, 21-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай деп әңгімелейді: «Абдуллаһ ибн Омардың ұлы Уақид Жухфада ихрамда жүрген кезінде қайтыс болды. Абдуллаһ оны кебіндеп, басы мен бетін де жапты да: “Егер өзіміз ихрамда болмасақ, оған хош иіс те жағар едік”, – деді».

Имам Мәлик былай дейді: «Адам тірі кезінде амал етеді. Қайтыс болған соң оның амал ету мүмкіндігі де аяқталады».

17
Муатта, 21-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан: «Ихрамдағы әйел бетіне ниқаб тақпайды, қолғап та кимейді».

18
Муатта, 21-кітап, № 18
Қазақша аудармасы

Мүнзирдің қызы Фатима былай деп әңгімелейді: «Біз Әбу Бәкірдің қызы Әсмамен бірге болғанда, ихрамда жүрсек те, бетімізді жауып алатын едік».

7-бапҚажылық кезінде хош иіс жағу

19
Муатта, 21-кітап, № 19
Қазақша аудармасы

Әзірет Айшадан: «Алла елшісіне (с.а.с.) ихрамға кірер алдында, ихрамға дайындалуы үшін, сондай-ақ ихрамнан шыққан кезінде, Бәйтулланы тауап етпей тұрып хош иіс жағатынмын».1

  1. 1Бұхари, «Хажж», 25/18; Мүслім, «Хажж», 15/33.
20
Муатта, 21-кітап, № 20
Қазақша аудармасы

Ата ибн Әби Рабахтан: «Алла елшісі (с.а.с.) Хунәйнде болған кезде, оған бір араб келді. Үстіндегі көйлегінде сары бояудың ізі бар еді. Ол: “Уа, Расулалла! Мен ұмра үшін ихрамға кірдім. Маған не істеуді бұйырасыз?” – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Көйлегіңді шеш, мына сары дақты тазала. Содан кейін қажылықта не істесең, ұмрада да соны істе”, – деп бұйырды».1

  1. 1Бұхари, «Хажж», 25/17; Мүслім, «Хажж», 15/6.
21
Муатта, 21-кітап, № 21
Қазақша аудармасы

Омар ибн Хаттабтың азат еткен құлы Әсләмнен: «Омар ибн Хаттаб Шәжәрада болғанда, бір хош иісті сезіп: “Бұл иіс кімнен шығып тұр?” – деп сұрады. Мұғауия ибн Әби Суфян: “Менен шығып тұр, уа, мүміндердің әміршісі!” – деді. Омар (р.а.): “Сенен бе? Алла! Алла!” – деп таңданғанда, Мұғауия: “Уа, мүміндердің әміршісі! Маған Үммі Хабиба жаққан еді”, – деді. Сонда әзірет Омар: “Дереу барып жу!” – деді».1

  1. 1Шәйбани, 402.
22
Муатта, 21-кітап, № 22
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Зүйәйбтен: «Омар ибн Хаттаб Шәжәрада болғанда, бір хош иісті сезді. Қасында Кәсир ибн Салт бар еді. Омар (р.а.): “Бұл иіс кімнен шығып тұр?” – деп сұрады. Кәсир: “Менен шығып тұр, уа, мүміндердің әміршісі! Шашымды жабыстырып бекітіп қойған едім, тықырлап алдырғым келмеді”, – деп жауап берді. Сонда Омар (р.а.): “Құрма түбіндегі шұңқырға бар да, әбден жуып тазала!” – деді. Кәсир ибн Салт барып, тазаланып келді».1

  1. 1Шәйбани, 403.
23
Муатта, 21-кітап, № 23
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид, Абдуллаһ ибн Әби Бәкір және Рабиға ибн Әби Абдуррахман былай деп әңгімелейді: «Уәлид ибн Абдулмәлик Сәлим ибн Абдуллаһ пен Харижа ибн Зәйд ибн Сәбиттен: “Жәмраға тас лақтырып, шаш алдырғаннан кейін, бірақ тауаптан бұрын хош иіс жағудың үкімі қандай?” – деп сұрады. Сәлим хош иіс жағуға болмайтынын айтты. Ал Харижа ибн Зәйд ибн Сәбит хош иіс жағуда еш ағаттық жоқ екенін айтты».

Имам Мәлик былай дейді: «Ихрамға кірер алдында да, жәмраға тас лақтырғаннан кейін, Минадан шықпай тұрып та, хош иіс қосылмаған май жағуда еш ағаттық жоқ».

Имам Мәликтен ихрамдағы адамның зағфаран қосылған тағамды жеуіне бола ма деп сұралды. Ол: «Зағфаран қосылғаннан кейін отта пісірілсе, ихрамдағы адамның оны жеуінде еш ағаттық жоқ. Ал зағфаран салынғаннан кейін қайта пісірілмесе, ихрамдағы адам бұл тағамнан жей алмайды», – деп жауап берді.

8-бапМиқаттар, яғни ихрамға кіретін орындар

24
Муатта, 21-кітап, № 24
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан: «Алла елшісі (с.а.с.): “Мәдиналықтар Зүлхуләйфадан, шамдықтар Жухфадан, нәжділіктер Қарннан ихрамға кіреді”, – деп бұйырған. Естуімше, Алла елшісі (с.а.с.) сондай-ақ: “Йемендіктер Йәләмләмнан ихрамға кіреді”, – деп бұйырған».1

  1. 1Бұхари, «Хажж», 25/4; Мүслім, «Хажж», 15/13. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 381.
25
Муатта, 21-кітап, № 25
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан: «Алла елшісі (с.а.с.) мәдиналықтардың Зүлхуләйфадан, шамдықтардың Жухфадан және нәжділіктердің Қарннан ихрамға кіруін бұйырған».

26
Муатта, 21-кітап, № 26
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар жеткізеді: «Жоғарыда аталған үш өлке халқының миқат орындары туралы Алла елшісінің (с.а.с.) өз аузынан естідім. Сондай-ақ оның: “Йемендіктер де Йәләмләмнан ихрамға кіреді”, – деп бұйырғаны маған жеткізілді».1

  1. 1Бұхари, «Иғтисам», 96/16; Мүслім, «Хажж», 15/15. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 381.
27
Муатта, 21-кітап, № 27
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан: «Абдуллаһ ибн Омар Фурда ихрамға кірді».1

  1. 1Шәйбани, 382.
28
Муатта, 21-кітап, № 28
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик өзі сенімді санаған рауилерден жеткізеді: «Абдуллаһ ибн Омар Илияда, яғни Бәйтул-Мақдисте – Құдыста ихрамға кірді».1

  1. 1Шәйбани, 383.
29
Муатта, 21-кітап, № 29
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Маған жеткен риуаяттарға қарағанда, Алла елшісі (с.а.с.) ұмра жасағанда Жиғранада ихрамға кірген».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Хажж», 11/80; Тирмизи, «Хажж», 7/92; Нәсәи, «Мәнәсику-л-хажж», 24/104.

9-бапИхрамға кіргенде жасалатын істер

30
Муатта, 21-кітап, № 30
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) былай тәлбия айтатын: “Уа, Аллам, шақыруыңа келдім, әміріңе әзірмін! Әміріңе әзірмін, Сенің ешбір серігің жоқ, әміріңе әзірмін! Бар мадақ Саған тән, нығмет те, бүкіл мүлік те Сенікі. Сенің ешбір серігің жоқ”».

Абдуллаһ ибн Омар бұған өзі мынаны да қосатын: «Әміріңе әзірмін, әміріңе әзірмін! Әміріңе әзірмін, Сені разы етуге дайынбыз. Барлық қайыр Сенің қолыңда, әміріңе әзірмін! Үміт-тілек Саған бағытталады, амал да Сен үшін жасалады».1

  1. 1Бұхари, «Хажж», 25/26; Мүслім, «Хажж», 15/19. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 386.
31
Муатта, 21-кітап, № 31
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруадан жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Зүлхуләйфа мешітінде екі рәкағат намаз оқитын. Содан кейін түйесіне мініп, түйе орнынан тұрған кезде ихрамға кіретін».1

  1. 1Мүслім, «Хажж», 15/29. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 384.
32
Муатта, 21-кітап, № 32
Қазақша аудармасы

Сәлим ибн Абдуллаһ әкесінің былай дегенін жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) осы Бәйда шөлінде ихрамға кірді деп, оған жала жауып жүрсіңдер. Алла елшісі (с.а.с.) тек мешіттің, яғни Зүлхуләйфа мешітінің жанында ғана ихрамға кірген».1

  1. 1Бұхари, «Хажж», 25/20; Мүслім, «Хажж», 15/23. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 385.
33
Муатта, 21-кітап, № 33
Қазақша аудармасы

Убайд ибн Жүрәйж былай деп әңгімелейді: «Абдуллаһ ибн Омарға: “Уа, Әбу Абдуррахман! Жолдастарыңның ешқайсысынан көрмеген төрт істі істейсің”, – дедім. Ол: “Олар қандай істер, уа, Жүрәйж?” – деді. Мен: “Қағбаның Хажарул-әсуәд орналасқан бұрышы мен Йемен бұрышына ғана истиләм жасайсың, яғни қолыңмен сипап сәлем бересің. Қарасам, жүні алынған теріден жасалған, үсті ашық аяқ киім киесің және сары түсті киім киесің. Меккеде болғанда жұрттың бәрі һиләлді көре сала ихрамға кірсе, сен зүлхижжаның сегізіне дейін күтесің”, – деп тізіп шықтым. Абдуллаһ ибн Омар былай деп жауап берді: “Йемен жақтағы екі бұрышқа истиләм жасауымның себебі – Алла елшісінің (с.а.с.) тек осы екеуіне ғана истиләм жасағанын көргендігім. Үсті ашық аяқ киім кигеніме келсек, Алла елшісінің (с.а.с.) жүні алынған теріден жасалған аяқ киім кигенін және сонымен дәрет алғанын көрдім. Сондықтан мен де сондай аяқ киім кигенді ұнатамын. Сары түске келсек, Алла елшісінің (с.а.с.) сары түсті киім кигенін көрдім, мен де сондай түсті киім киемін. Һиләлді көргенде ихрамға кірмей күтуімнің себебі – Алла елшісінің (с.а.с.) көлігі жолға шықпай тұрып ихрамға кіргенін ешқашан көрмегендігім”».1

  1. 1Бұхари, «Уду», 4/30; Мүслім, «Хажж», 15/25.
34
Муатта, 21-кітап, № 34
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан: «Абдуллаһ ибн Омар Зүлхуләйфа мешітінде намаз оқып, содан кейін көлігіне мініп, жолға шығатын. Көлігі әбден қозғалып, жолға түскенде ихрамға кіретін».

35
Муатта, 21-кітап, № 35
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Маған жеткен риуаяттарға қарағанда, Абдулмәлик ибн Мәруан Зүлхуләйфа мешітінде намаз оқып, көлігі жолға шыққанда ихрамға кіретін. Оған осылай істеуді Әбан ибн Осман айтқан еді».

10-бапИхрамда тәлбия айтқанда дауысты көтеру

36
Муатта, 21-кітап, № 36
Қазақша аудармасы

Халлад әкесі Саиб әл-Ансариден жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Маған Жәбірейіл келіп, сахабаларыма және қасымдағыларға тәлбия немесе тәһлил айтқанда дауыстарын көтеруді бұйыруымды айтты”, – деген». Мұнда тәлбия мен тәһлилдің біреуі ғана меңзелген.1

Әйелдер де тәлбия айтады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Хажж», 11/26; Тирмизи, «Хажж», 7/15; Нәсәи, «Мәнәсику-л-хажж», 24/55; Ибн Мәжа, «Мәнасик», 25/16. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 392.
37
Муатта, 21-кітап, № 37
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Ғалымдардың: “Әйелдер тәлбия айтқанда дауыстарын тек өздері еститіндей ғана көтереді”, – дегенін естідім».

Имам Мәлик былай дейді: «Ихрамдағы адам жамағат намазы оқылатын мешіттерде дауысын тым көтермейді. Өзі және қасындағылар еститіндей болса, жеткілікті. Алайда Мәсжидул-Харам мен Мина мешітінде дауысын көтереді».

Имам Мәлик былай дейді: «Кейбір ғалымдардың әр намаздан кейін және әрбір өрге көтерілген сайын тәлбия айтқанды жөн санағанын естідім».

11-бапИфрад қажылығы[^608]

38
Муатта, 21-кітап, № 38
Қазақша аудармасы

Әзірет Айшадан: «Қоштасу қажылығында Алла елшісімен (с.а.с.) бірге жолға шыққанда, біразымыз ұмра үшін, біразымыз қажылық пен ұмра үшін, ал біразымыз тек қажылық үшін ихрамға кірген едік. Алла елшісі (с.а.с.) де тек қажылық үшін ихрамға кірген болатын. Ұмра үшін ихрамға кіргендер ихрамнан шықты. Ал тек қажылық үшін және қажылық пен ұмра үшін ихрамға кіргендер айттың бірінші күніне дейін ихрамнан шықпады».1

39–40. Әзірет Айшадан: «Алла елшісі (с.а.с.) ифрад қажылығын жасады».2

  1. 1Бұхари, «Хажж», 25/34; Мүслім, «Хажж», 15/118.
  2. 2Мүслім, «Хажж», 15/122.
41
Муатта, 21-кітап, № 41
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Ғалымдардың: “Ифрад қажылығы үшін ихрамға кірген адам кейін оған ұмраны қоса алмайды”, – дегенін естідім».

Имам Мәлик былай дейді: «Мәдинада осылай айтқан ғалымдарды өзім көрдім».

12-бапҚиран қажылығы[^611]

42
Муатта, 21-кітап, № 42
Қазақша аудармасы

Жағфар ибн Мұхаммед әкесінен жеткізеді: «Миқдад ибн Әсуәд Сүкяда Әли ибн Әбу Талибтің қасына келді. Әзірет Әли түйе боталарына быламық беріп жатқан еді. Миқдад: “Қара, Осман ибн Аффан қиран қажылығын жасауға тыйым салып жатыр”, – деді. Сонда әзірет Әли қолының ұн мен қамырға былғанғанына қарамастан, Осман ибн Аффанның алдына барып: “Сен қиран қажылығын жасауға тыйым салып жатыр екенсің, солай ма?” – деп сұрады. Әзірет Осман: “Бұл – менің ұйғарымым!” – деп жауап берді. Сонда әзірет Әли ашулы күйде: “Уа, Аллам, шақыруыңа келдім, әміріңе әзірмін! Қажылық пен ұмраға, яғни қиран қажылығына ниет еттім!” – деп, сол жерден шығып кетті».

Имам Мәлик былай дейді: «Бізде, Мәдина халқының арасында да, үкім осындай. Қиран қажылығын жасаушы шашын қысқартпайды. Құрбандығы қасында болса, оны шалғанға дейін ихрамдағы адамға харам болған істердің ешқайсысын істемейді. Айт күні Минада ихрамнан шығады».

43
Муатта, 21-кітап, № 43
Қазақша аудармасы

Сүлеймен ибн Ясардан: «Алла елшісі (с.а.с.) Қоштасу қажылығына шыққанда, сахабалардың кейбірі тек қажылық үшін, кейбірі тек ұмра үшін, ал кейбірі қажылық пен ұмраға бірге ихрамға кірді. Тауаптан кейін тек қажылыққа және қажылық пен ұмраға ниет еткендер ихрамнан шықпады. Ал тек ұмраға ниет етіп, ұмра үшін ихрамға кіргендер ихрамнан шықты».1

  1. 1Сүлеймен ибн Ясар мүрсәл түрде риуаят еткен. Осы мәтіндегі 38-риуаятта Әбул-Әсуәд – Уруа – Айша иснадымен жалғасқан түрде жеткізілген. Қараңыз: Шәйбани, 393.
44
Муатта, 21-кітап, № 44
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Кейбір ғалымдардың: “Ұмра үшін ихрамға кірген адам тауап пен Сафа және Мәруа арасындағы сағиды әлі жасамаған болса, ұмрасына қажылықты қоса алады”, – дегенін естідім. Өйткені Ибн Омар да осылай істеген. Ол: “Егер Қағбаны тауап етуімізге кедергі жасалса, Алла елшісімен (с.а.с.) бірге болғанымызда қалай істесек, солай істейміз”, – деген. Содан кейін серіктеріне бұрылып: “Екеуінің үкімі бір. Куә болыңдар, мен ұмрамен бірге қажылықты да өзіме міндеттедім”, – деген еді».1

Имам Мәлик былай дейді: «Қоштасу қажылығында сахабалар ұмра үшін ихрамға кірген еді. Алла елшісі (с.а.с.) оларға: “Қасында һәдийі, яғни құрбандығы бар адам ұмрамен бірге қажылыққа да ниет етсін. Содан кейін екеуін де толық аяқтамайынша, ихрамнан шықпасын”, – деп бұйырды».2

  1. 1Бұхари, «Мухсар», 27/1; Мүслім, «Хажж», 15/180.
  2. 2Бұхари, «Хажж», 25/31 (Айшадан); Мүслім, «Хажж», 15/111. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 394.

13-бапТәлбияны тоқтату[^615]

45
Муатта, 21-кітап, № 45
Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Әби Бәкір әс-Сақафиден: «Минадан Арафатқа бара жатқанда Әнас ибн Мәликтен: “Алла елшісімен (с.а.с.) бірге болған кездеріңізде бұл күні не істейтін едіңіздер?” – деп сұрадым. Ол: “Бір бөлігіміз өз қалауымызбен тәлбия айтатын, бір бөлігіміз тәкбір айтатын. Ешкім ешкімді айыптамайтын”, – деп жауап берді».1

  1. 1Бұхари, «Хажж», 25/86; Мүслім, «Хажж», 15/274. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 387.
46
Муатта, 21-кітап, № 46
Қазақша аудармасы

Жағфар ибн Мұхаммед әкесінен жеткізеді: «Әли ибн Әбу Талиб қажылықта Арафа күні күн тас төбеден ауғанға дейін тәлбия айтып, содан кейін тоқтататын».

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің өлкеміз Мәдинада да осылай істейтін ғалымдар бар еді».

47
Муатта, 21-кітап, № 47
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Қасым әкесінен жеткізеді: «Әзірет Айша Арафаттағы уақфа орнына жеткенде тәлбияны тоқтататын».1

  1. 1Шәйбани, 390.
48
Муатта, 21-кітап, № 48
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан: «Абдуллаһ ибн Омар Харам аймағына жеткенде, Қағбаны тауап етіп, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасағанға дейін тәлбияны тоқтататын. Содан кейін тәлбияны қайта бастап, Минадан Арафатқа аттанғанға дейін айтатын. Ертеңіне, Арафатқа шыққанда, тәлбияны мүлде тоқтататын. Ұмра жасағанда да Харам аймағына кірісімен тәлбия айтуды доғаратын».1

  1. 1Бұхари, «Хажж», 25/38; Мүслім, «Хажж», 15/227. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 389.
49
Муатта, 21-кітап, № 49
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтан: «Абдуллаһ ибн Омар Бәйтулланы тауап етіп жүргенде тәлбия айтпайтын».

50
Муатта, 21-кітап, № 50
Қазақша аудармасы

Әлқама ибн Әби Әлқама анасынан жеткізеді: «Мүміндердің анасы әзірет Айша Арафаттағы Нәмирәда аялдап, содан кейін Әракқа қарай өтетін.1 Әзірет Айша мен қасындағылар аялдаған жерінде ихрамда болып, тәлбия айтып тұратын. Көлігіне мініп, уақфа орнына бет алғанда, тәлбияны тоқтататын. Әзірет Айша қажылықтан кейін зүлхижжа айында Меккеден ұмра жасайтын. Кейін мұны қойып, мұхаррам айының һиләлі туар алдында Жухфаға шығып, жаңа ай көрінгенге дейін сонда қалатын. Һиләлді көрген соң ұмраға кіретін».2

  1. 1Нәмирә – жер атауы. Кейбіреулер оны Арафатқа жатқызса, енді біреулер Арафаттан бөлек жер деп есептейді. Әрак – Арафаттың Шам жақ бетіндегі жер.
  2. 2Шәйбани, 391.
51
Муатта, 21-кітап, № 51
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтен: «Омар ибн Абдулазиз Минадан Арафатқа аттанған таңда тәкбірдің дауыстап айтылып жатқанын естіді. Сонда дереу көмекшілерін жіберіп, халыққа: “Уа, адамдар! Тәкбір емес, тәлбия айтыңдар!” – деп жариялатты».1

  1. 1Ханафи мәзһабында ифрад немесе қиран қажылығын жасаушы жәмраға алғашқы тасты лақтырғанда, ал ұмра жасаушы тауап кезінде Қағба бұрышына истиләм жасағанда тәлбияны тоқтатады.

14-бапМекке тұрғындарының және сырттан келіп сонда жүргендердің ихрамға кіруі

52
Муатта, 21-кітап, № 52
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Қасым әкесінен жеткізеді: «Омар ибн Хаттаб: “Уа, меккеліктер! Мына адамдар май жақпай келеді де, сендер неге май жағып келесіңдер? Һиләлді көргенде ихрамға кіріңдер!” – деді».1

  1. 1Шәйбани, 514.
53
Муатта, 21-кітап, № 53
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруадан: «Абдуллаһ ибн Зүбәйр Меккеде тоғыз жыл тұрды. Зүлхижжа айының басында қажылық үшін ихрамға кіретін. Уруа ибн Зүбәйр де онымен бірге дәл солай істейтін».

Имам Мәлик былай дейді: «Меккеліктер де, өзгелер де қажылық үшін ихрамға өздері тұрған жерден кіреді. Сырттан келіп, Меккеде тұрып жатқан адамдар ихрамға кіру үшін Харам аймағынан шықпайды».

Имам Мәлик былай дейді: «Қажылық үшін ихрамға Меккеден кіргендер Қағбаны тауап ету мен Сафа және Мәруа арасында сағи жасауды Минадан қайтқанға дейін кейінге қалдырсын. Абдуллаһ ибн Омар да осылай істеген».

Имам Мәликтен: «Мәдиналық немесе басқа елден келген адам қажылық үшін зүлхижжа айының басында Меккеден ихрамға кірсе, тауапты қалай жасайды?» – деп сұралды. Ол былай деп жауап берді: «Сафа мен Мәруа арасындағы сағимен жалғасатын парыз тауапты кейінге қалдырсын. Осы аралықта қалағанынша нәпіл тауап жасай берсін. Әр жеті шәуттан, яғни Қағбаны жеті рет айналғаннан кейін екі рәкағат намаз оқысын. Өйткені сахабалардан қажылық үшін ихрамға кіргендер де Қағбаны тауап ету мен сағи жасауды Минадан қайтқанға дейін кейінге қалдырған. Абдуллаһ ибн Омар да зүлхижжаның басында Меккеден қажылық үшін ихрамға кіріп, тауап пен сағиды Минадан қайтқанға дейін кейінге қалдыратын».

Имам Мәликтен: «Меккеде тұратын адам ұмра үшін Меккенің ішінен ихрамға кіре ала ма?» – деп сұралды. Имам Мәлик: «Жоқ, Хиллге, яғни Харам аймағының сыртына шығып, сол жерден ихрамға кіруі керек», – деп жауап берді.

15-бапЖіберілетін құрбандық малына белгі тағу

54
Муатта, 21-кітап, № 54
Қазақша аудармасы

Абдуррахманның қызы Амра былай деп әңгімелейді: «Зияд ибн Әби Суфян әзірет Айшаға хат жазып: “Абдуллаһ ибн Аббас: ‘Құрбандық малын жіберген адамға ол шалынғанға дейін қажылық жасаушыларға харам болған нәрселер харам болады’, – деді. Мен де құрбандығымды жібердім. Маған бұл жөніндегі үкімді жазыңыз немесе құрбандық иесіне хабар беріңіз”, – деді. Әзірет Айша оған былай деп жауап берді: “Ибн Аббас айтқандай емес. Мен Алла елшісінің (с.а.с.) құрбандық малының мойнына тағылатын бауды өз қолыммен есіп дайындадым. Содан кейін Алла елшісі (с.а.с.) оны малдың мойнына өз қолымен тағып, әкеммен бірге жіберді. Сол аралықта ардақты Пайғамбар құрбандық шалынғанға дейін Алла Тағала өзіне халал еткен ешбір нәрседен тыйылған жоқ”».1

  1. 1Бұхари, «Хажж», 25/109; Мүслім, «Хажж», 15/369. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 398.
55
Муатта, 21-кітап, № 55
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтен: «Абдуррахманның қызы Амрадан: “Һәдийін, яғни құрбандығын жіберіп, өзі үйінде қалған адамға бір нәрсе харам бола ма?” – деп сұрадым. Ол әзірет Айшаның: “Адам ихрамға кіріп, тәлбия айта бастамайынша, оған ешбір нәрсе харам болмайды”, – дегенін жеткізді».

56
Муатта, 21-кітап, № 56
Қазақша аудармасы

Худайрдың немересі Рабиға ибн Абдуллаһ былай деп әңгімелейді: «Үстіндегі киімін шешкен бір ирақтық адамды көрдім. Сол жердегілерден оның неге шешінгенін сұрадым. Олар: “Құрбандығына белгі тағуды бұйырған еді, сол үшін шешінді”, – деп жауап берді. Абдуллаһ ибн Зүбәйрге жолығып, бұл жайды оған айттым. Ол: “Қағбаның Раббысына ант етемін, бұл – бидғат”, – деді».

Имам Мәликтен: «Өзі үшін құрбандық малын дайындап, оған Зүлхуләйфада белгі тағып, Жухфаға жеткенше ихрамға кірмеген адам туралы не айтасыз?» – деп сұралды. Ол былай деп жауап берді: «Мен мұны құптамаймын. Мұны істеген адам дұрыс істемеген. Өйткені ихрамға кірмей тұрып, құрбандығына белгі салып, мойнына бау тағуы керек емес еді. Алайда өзі қажылыққа баруды қаламай, отбасымен бірге үйінде қалатын адам болса, бұл істегені дұрыс болар еді».

Имам Мәликтен: «Адам ихрамға кірмей тұрып құрбандық малын жібере ала ма?» – деп сұралды. Ол: «Иә, жібере алады. Оның еш ағаттығы жоқ», – деп жауап берді.

Имам Мәликтен: «Қажылық та, ұмра да жасағысы келмейтін адам құрбандық жіберсе, ихрамға кірген болып санала ма?» – деп сұралды. Ол былай деп жауап берді: «Бұл мәселеде біз, Мәдина халқы, әзірет Айшаның мына риуаятына сүйенеміз: “Алла елшісі (с.а.с.) құрбандық малын жіберіп, өзі үйінде қалды. Құрбандық шалынғанға дейін Алланың оған халал еткен ешбір нәрсесі харам болған жоқ”».

16-бапҚажылық кезінде әйелдің хайыз көруі

57
Муатта, 21-кітап, № 57
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан: «Абдуллаһ ибн Омар былай дейтін: “Қажылық немесе ұмра үшін ихрамға кіргісі келген хайыздағы әйел қалаған уақытында ихрамға кіре алады. Бірақ Қағбаны тауап ете алмайды, Сафа мен Мәруа арасында да сағи жасай алмайды. Бұлардан өзге қажылық амалдарының бәрін басқа адамдармен бірге орындай алады. Сондай-ақ тазарғанға дейін Мәсжидул-Харамға жақындай алмайды”».1

  1. 1Шәйбани, 464.

17-бапҚажылық айларында ұмра жасау

58
Муатта, 21-кітап, № 58
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) үш рет ұмра жасаған: Худайбия жылы, Қадия жылы және Жиғрана жылы».

59
Муатта, 21-кітап, № 59
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруадан жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) бар болғаны үш рет ұмра жасаған: біреуін шәууәл айында, екеуін зүлқағда айында».

60
Муатта, 21-кітап, № 60
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Хармәлә әл-Әсләмиден: «Бір адам Сағид ибн Мусәйябтан: “Қажылықтан бұрын ұмра жасай аламын ба?” – деп сұрады. Сағид: “Иә, Алла елшісі (с.а.с.) қажылықтан бұрын ұмра жасаған”, – деп жауап берді».1

  1. 1Бұхари, «Ұмра», 26/2; Ибн Омардан иснады жалғасқан түрде риуаят еткен.
61
Муатта, 21-кітап, № 61
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйябтан: «Омар ибн Әби Сәләмә Омар ибн Хаттабтан шәууәл айында ұмра жасауға рұқсат сұрады. Омар (р.а.) рұқсат берді. Омар ибн Әби Сәләмә ұмрасын жасап, қажылық жасамастан үйіне қайтты».1

  1. 1Шәйбани, 477.

18-бапҰмрада тәлбияны тоқтату

62
Муатта, 21-кітап, № 62
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруадан: «Әкем ұмра жасағанда, Харам аймағына кірісімен тәлбияны тоқтататын».

Имам Мәлик былай дейді: «Тәнғимнен ихрамға кірген адам Бәйтулланы көргенде тәлбияны тоқтатады».

Имам Мәликтен: «Мәдиналық немесе басқа елден келген адам миқаттардың бірінен ұмраға кірсе, тәлбияны қашан тоқтатады?» – деп сұралды. Ол: «Миқаттардың бірінде ихрамға кірген адам Харам аймағына жеткенде тәлбияны тоқтатады», – деп жауап берді.

Имам Мәлик былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омардың да осылай істегені туралы риуаят маған жетті».

19-бапТәмәттуғ қажылығы[^627]

63
Муатта, 21-кітап, № 63
Қазақша аудармасы

Нәуфәл ибн Абдулмутталибтің ұрпағы, Абдуллаһ ибн Харистің ұлы Мұхаммед былай деп әңгімелейді: «Мұғауия ибн Әби Суфян қажылық жасаған жылы Сағд ибн Әби Уаққас пен Даххак ибн Қайс тәмәттуғ қажылығы туралы сөйлесіп отыр еді. Даххак ибн Қайс: “Тәмәттуғ қажылығын тек аса Үстем әрі Ұлы Алланың әмірін білмейтін надандар ғана жасайды”, – деді. Сонда Сағд: “Бауырымның ұлы, дұрыс айтпадың!” – деді. Даххак: “Омар ибн Хаттаб тәмәттуғ қажылығына тыйым салған”, – деп жауап қатты. Сағд оған: “Алла елшісі (с.а.с.) тәмәттуғ қажылығын жасады, біз де онымен бірге жасадық”, – деді».1

  1. 1Омардың тәмәттуғ қажылығына тыйым салғаны мына еңбектерде баяндалады: Бұхари, «Хажж», 25/125 (Әбу Мұсадан); Мүслім, «Хажж», 15/154.
64
Муатта, 21-кітап, № 64
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан: «Аллаға ант етемін, қажылықтан бұрын ұмра жасап, құрбандық бағыштағаным – қажылықтан кейін зүлхижжа айында ұмра жасағанымнан әлдеқайда артық».1

  1. 1Шәйбани, 448.
65
Муатта, 21-кітап, № 65
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан: «Кім қажылық айларында, яғни шәууәл, зүлқағда немесе зүлхижжада қажылықтан бұрын ұмра жасап, содан кейін Меккеде қалып, қажылық уақыты келгенде қажылығын өтесе, тәмәттуғ қажылығын жасаған болады. Сондықтан ол шамасы жететін құрбандық малынан біреуін шалуы керек. Құрбандық таба алмаса, қажылық кезінде үш күн, қайтып келген соң жеті күн ораза ұстауы қажет».

Имам Мәлик былай дейді: «Бұл үкім ұмрадан кейін қажылық уақытына дейін Меккеде қалып, сол жылы қажылық жасаған адамға қатысты».

Имам Мәлик былай дейді: «Меккелік адам өз қаласынан кетіп, басқа жерге қоныстанса, кейін қажылық айларында ұмра үшін ихрамға кіріп, Меккеге келсе және қажылық уақытына дейін сонда қалып, қажылығын өтесе, тәмәттуғ қажылығын жасаған болады. Сондықтан оған құрбан шалу, ал құрбандық таба алмаса, ораза ұстау қажет. Өйткені бұл адамның үкімі Мекке тұрғынының үкімімен бірдей емес».

Имам Мәликтен: «Меккелік емес адам қажылық айларында ұмра үшін ихрамға кіріп, Меккеге келсе және қажылық уақытына дейін сонда қалып, қажылығын өтеуді қаласа, тәмәттуғ қажылығын жасаған болып санала ма?» – деп сұралды. Имам Мәлик былай деп жауап берді: «Иә, тәмәттуғ қажылығын жасаған болып саналады. Меккеде қалғанымен, ол жергілікті тұрғынмен бірдей емес, Меккеге сырттан келген. Сондықтан меккелік еместерге міндет болатын құрбандық шалу, ал құрбандық табылмаса, ораза ұстау мұндай адамға да парыз. Мұндай адам меккелік емес, сондықтан кейін жағдайының қалай өзгерерін білмейді».1

  1. 1Шәйбани, 451.
66
Муатта, 21-кітап, № 66
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйябтан: «Кім шәууәл, зүлқағда немесе зүлхижжа айларының бірінде ұмра жасап, қажылық уақытына дейін Меккеде тұрса және қажылығын өтесе, тәмәттуғ қажылығын жасаған болады. Ол шамасы жететін бір құрбандық шалады. Құрбандық таба алмаса, қажылықта үш күн, қайтып келген соң жеті күн ораза ұстайды».1

  1. 1Шәйбани, 454.

20-бапТәмәттуғ қажылығының үкімі жүрмейтін жағдайлар

67
Муатта, 21-кітап, № 67
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Кім шәууәл, зүлқағда немесе зүлхижжа айларының бірінде ұмра жасап, кейін үйіне қайтса, содан соң сол жылы қажылық уақыты келгенде қайта келіп, қажылығын өтесе, оған құрбандық шалу міндет емес. Өйткені құрбандық қажылық айларында ұмра жасап, қажылық уақытына дейін Меккеде қалып, қажылығын өтеген адамға міндет. Кім басқа елден Меккеге келіп қоныстанса, содан кейін қажылық айларында ұмра үшін ихрамға кіріп, артынша қажылығын өтесе, тәмәттуғ қажылығын жасаған болып саналмайды. Сондықтан оған құрбан шалу да, құрбандық таба алмаса, ораза ұстау да міндет емес. Өйткені ол Мекке тұрғынының үкімінде».

Имам Мәликтен: «Меккелік адам шекара күзетуге немесе өзге бір сапарға шығып, кейін Меккеде тұру ниетімен қайта оралса, Меккеде отбасы болсын-болмасын, қажылық айларында ұмраға кіріп, қажылығын да сонда өтесе, ұмра үшін Алла елшісі (с.а.с.) белгілеген миқаттардың бірінде немесе одан берірек жерде ихрамға кірсе, тәмәттуғ қажылығын жасаған болып санала ма?» – деп сұралды. Имам Мәлик былай деп жауап берді: «Тәмәттуғ қажылығын жасаушыға парыз болатын құрбандық шалу немесе ораза ұстау оған міндет емес. Өйткені Ұлы Алла Құран Кәрімде: “Бұл үкім Харам мешітінің айналасында тұрмайтындар үшін”, – деп бұйырған».1

  1. 1«Бақара» сүресі, 196-аят.

21-бапҰмраға қатысты әртүрлі риуаяттар

68
Муатта, 21-кітап, № 68
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Бір ұмра келесі ұмраға дейін жасалған күнәларға кәффарат болады. Ал қабыл болған қажылықтың сыйы – жәннат».1

  1. 1Бұхари, «Ұмра», 26/1; Мүслім, «Хажж», 15/437.
69
Муатта, 21-кітап, № 69
Қазақша аудармасы

Әбу Бәкір ибн Абдуррахманнан: «Алла елшісіне (с.а.с.) бір әйел келіп: “Қажылыққа дайындалған едім, бірақ бір кедергі шығып қалды!” – деді. Алла елшісі (с.а.с.) оған: “Рамазанда ұмра жаса, өйткені оның сауабы қажылықтың сауабындай”, – деп бұйырды».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Хажж», 11/79; Тирмизи, «Хажж», 7/95; Нәсәи, «Сиям», 24/6; Ибн Мәжа, «Хажж (Мәнасик)», 25/45. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 450.
70
Муатта, 21-кітап, № 70
Қазақша аудармасы

Омар ибн Хаттабтан: «Қажылық пен ұмраның арасына уақыт салыңдар. Бұл қажылықтарыңның да, ұмраларыңның да толық болуына жақсырақ. Ұмраның толық орындалуы үшін оны қажылық айларынан тыс уақытта жасаңдар».

71
Муатта, 21-кітап, № 71
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Естуімше, Осман ибн Аффан кейде ұмрасын жасағаннан кейін Мәдинаға қайтып келгенше көлігінен түспейтін».

Имам Мәлик былай дейді: «Ұмра – сүннет. Мұсылмандардың арасынан оны тәрк етуге рұқсат берген ешкімді білмеймін».

Имам Мәлик былай дейді: «Адамның бір жылда бірнеше рет ұмра жасауын дұрыс деп санамаймын».

Имам Мәлик былай дейді: «Ұмра үшін ихрамға кірген адам әйелімен жыныстық қатынас жасаса, құрбандық шалуы және ұмра үшін қайта ихрамға кіруі қажет. Бұзылған ұмрасын аяқтағаннан кейін, қайта ихрамға алғаш кірген жерінен кіруі тиіс. Ал ол жер өзінің миқатынан алысырақ болса, миқатынан кіруі жеткілікті».

Имам Мәлик былай дейді: «Меккеге ұмра үшін ихрамға кіріп келген адам жүніп немесе дәретсіз күйінде Қағбаны тауап етіп, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасаса, содан кейін әйелімен жыныстық қатынасқа түсіп, артынша дәретсіз болғанын есіне алса, ғұсыл құйынады немесе дәрет алады. Содан соң тауап пен сағиды қайта жасап, кейін тағы бір ұмра өтейді және құрбандық шалады. Ихрамда жүргенде күйеуімен жыныстық қатынас жасаған әйел де осы амалдарды орындайды».

Имам Мәлик былай дейді: «Тәнғимнен ұмраға кіргісі келген адам Харам аймағынан шығып, сол жерден ихрамға кіреді. Харам аймағының сыртындағы өзге жерден де ихрамға кірсе болады. Алайда Алла елшісі (с.а.с.) белгілеген миқаттардың бірінен немесе Тәнғимнен де алысырақ жерден ихрамға кіру абзалырақ».

22-бапИхрамдағы адамның некесі

72
Муатта, 21-кітап, № 72
Қазақша аудармасы

Сүлеймен ибн Ясардан: «Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Рафиғ пен ансарлардан бір кісіні жіберіп, оларды өкіл ету арқылы Харистің қызы Мәймунамен некелесті. Өзі ол кезде Мәдинадан әлі шықпаған еді».

73
Муатта, 21-кітап, № 73
Қазақша аудармасы

Абдуддар ұлдарының руынан шыққан Нүбәйһ ибн Уәһбтен: «Әбан ибн Осман қажылық әмірі болғанда, Омар ибн Убайдулла оған хабар жіберіп: “Шәйбә ибн Жүбәйрдің қызын Талха ибн Омармен некелестіргім келеді. Сондықтан сенің де сол жерде болғаныңды қалаймын”, – деді. Ол кезде Омар да, Әбан да ихрамда еді. Сонда Әбан: “Мен Осман ибн Аффаннан ардақты Пайғамбардың: ‘Ихрамдағы адам өзі некелесе алмайды, басқа біреудің некесін қия алмайды және қыз сұрай алмайды’, – дегенін естідім”, – деді».1

  1. 1Мүслім, «Никах», 16/41. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 436.
74
Муатта, 21-кітап, № 74
Қазақша аудармасы

Әбу Ғатафан ибн Тариф әл-Мүрриден: «Әкем Тариф ихрамда жүргенде бір әйелмен некелесті. Омар ибн Хаттаб бұл некені жарамсыз деп тапты».1

  1. 1Шәйбани, 438.
75
Муатта, 21-кітап, № 75
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан: «Ихрамдағы адам өзі де некелесе алмайды, басқа біреудің де некесін қия алмайды, қыз сұрай алмайды».1

  1. 1Шәйбани, 437.
76
Муатта, 21-кітап, № 76
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Сағид ибн Мусәйябтан, Сәлим ибн Абдуллаһтан және Сүлеймен ибн Ясардан ихрамдағы адамның некелесуі немесе неке қиюы туралы сұралды. Олар: “Ихрамдағы адам өз некесін де қидыра алмайды, басқа біреудің де некесін қия алмайды”, – деп жауап берді».

Имам Мәликтен: «Әйелін талақ еткен адам ихрамда жүргенде, ғиддат мерзімі бітпеген әйелін қайтарып ала ала ма?» – деп сұралды. Имам Мәлик: «Ғиддат мерзімі әлі бітпесе, ер адам ихрамда жүрсе де, әйелін қайтарып ала алады», – деп жауап берді.1

  1. 1Ханафи мәзһабында ихрамдағы адамның некелесуіне болады, алайда сүйісуіне және жыныстық қатынас жасауына тыйым салынады.

23-бапИхрамдағы адамның қан алдыруы

77
Муатта, 21-кітап, № 77
Қазақша аудармасы

Сүлеймен ибн Ясардан: «Алла елшісі (с.а.с.) ихрамда жүргенде Ләхйәй Жәмәлда басының төбесінен қан алдырды». Ләхйәй Жәмәл – Мекке жолындағы, Мәдинаға жақынырақ орналасқан жердің атауы.1

  1. 1Бұхари, «Жәзаус-сайд», 28/11; Мүслім, «Хажж», 15/88.
78
Муатта, 21-кітап, № 78
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан: «Ихрамдағы адам зәрулік болмаса, қан алдырмайды».

Имам Мәлик те бұл мәселеде: «Ихрамдағы адам тек зәру жағдайда ғана қан алдыра алады», – дейді.1

  1. 1Шәйбани, 416, 521.

24-бапИхрамдағы адамның аң етін жеуіне болатын жағдайлар

79
Муатта, 21-кітап, № 79
Қазақша аудармасы

Әбу Қатада былай деп әңгімелейді: «Меккеге бара жатқанда Алла елшісімен (с.а.с.) бірге едім. Мен ихрамда емес едім. Ихрамдағы кейбір жолдастарыммен бірге негізгі топтан бөлініп кеттік. Осы кезде бір жабайы есек көрдім. Атымның үстінде бойымды тіктеп, жолдастарымнан қамшымды сұрадым, бермеді. Жебемді сұрадым, оны да бермеді. Ақырында өзім алып, жабайы есекті атып алдым. Оның етінен кейбір сахабалар жеді, кейбірі жемеді. Ардақты Пайғамбарға жеткенде, бұл жайдың үкімін сұрады. Пайғамбарымыз: “Ол – бір ризық. Оны сендерге Алла жегізді”, – деп жауап берді».1

  1. 1Бұхари, «Жиһад», 56/88; Мүслім, «Хажж», 15/57. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 443.
80
Муатта, 21-кітап, № 80
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруадан жеткізеді: «Зүбәйр ибн Аууам ихрамға кіргенде азық ретінде кептірілген киік етін алатын».1

  1. 1Шәйбани, 443.
81
Муатта, 21-кітап, № 81
Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләмнен: «Әбу Қатаданың жабайы есекке қатысты әңгімесі бұл риуаятта да сол күйінде баяндалады. Алайда ардақты Пайғамбардың сөзінде: “Жандарыңда оның еті бар ма?” – деген қосымша бар».

82
Муатта, 21-кітап, № 82
Қазақша аудармасы

Бәһзи былай деп әңгімелейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Меккеге қарай жолға шықты. Ол ихрамда еді. Раухаға келгенде, жаралы жабайы есек көрінді. Бұл жайды Алла елшісіне (с.а.с.) хабарлады. Пайғамбарымыз: “Тимеңдер, иесі қазір келеді!” – деп бұйырды. Осы кезде жабайы есектің иесі Бәһзи келіп, ардақты Пайғамбарға: “Уа, Расулалла! Қаласаңыз, бұл жануарды сізге берейін”, – деді. Пайғамбарымыз Әбу Бәкірге оның етін сол жердегілерге бөліп беруді бұйырды. Ол етті бөліп берді.1 Кейін жолдарын жалғастырды. Руәйсә мен Әраж арасындағы Үсабаға келгенде, көлеңкеде басын аяқтарының арасына салып, денесіне қадалған жебесі әлі суырылмаған бір киіктің жатқанын көрді. Сонда ардақты Пайғамбар керуен түгел өтіп кеткенге дейін жаралы жануарды ешкім мазаламасын деп, бір адамға оны қарауылдап тұруды бұйырды».2

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Қажылық» кітабы, 24-бөлім, Бәһзи жеткізген риуаят.
  2. 2Нәсәи, «Мәнәсику-л-хажж», 24/78. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 442. Рауха – Мекке мен Мәдина арасындағы жер. Үсаба – жердің немесе құдықтың атауы. Руәйсә – жер атауы. Әраж – Мекке мен Мәдина арасындағы мекен.
83
Муатта, 21-кітап, № 83
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра былай деп әңгімелейді: «Бахрейннен қайтып келе жатқан едім. Рабазаға жеткенде, ихрамдағы ирақтық бір керуенге кезіктім. Олар рабазалық бір адамнан алған аң етін жеуге бола ма деп сұрады. Мен жеуге болатынын айттым. Кейін осы жауабымның дұрыстығына күмәндандым. Мәдинаға келген соң, бұл жайды Омар ибн Хаттабқа айттым. Әзірет Омар: “Сен не деп жауап бердің?” – деп сұрады. Мен: “Жеуге болатынын айттым”, – дедім. Сонда әзірет Омар: “Егер бұдан басқа жауап бергеніңде, саған не істейтінімді көрер едің!” – деді. Мұнысы “Жазалар едім” дегені еді».1

  1. 1Шәйбани, 442. Рабаза – Мәдина маңындағы жер. Бахрейн – Басра мен Оман арасындағы аймақ.
84
Муатта, 21-кітап, № 84
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра Абдуллаһ ибн Омарға былай деп әңгімелейді: «Рабазада ихрамдағы бір топ адамға кезіктім. Олар менен аң еті жөнінде пәтуа сұрады. Ихрамда емес адамдардың аң етін жеп отырғанын көріп, солардан біраз ет алған екен. Мен оларға бұл етті жеуге болатынын айттым. Кейін Мәдинаға келіп, Омар ибн Хаттабтың алдына кірдім. Осы жағдайды одан да сұрадым. Ол: “Сен қандай пәтуа бердің?” – деді. Мен: “‘Жей аласыздар’, – дедім”, – деп жауап бергенде, ол: “Егер бұдан басқа пәтуа бергеніңде, сені міндетті түрде жазалар едім”, – деді».

85
Муатта, 21-кітап, № 85
Қазақша аудармасы

Ата ибн Ясардан: «Кағбул-Ахбар бір топ адаммен бірге Шамнан қайтып келе жатқан еді. Жолда аң етін тауып алды. Кағб оларға бұл етті жеуге болатынын айтты. Олар Мәдинаға келгенде, бұл жайды Омар ибн Хаттабқа баяндады. Әзірет Омар: “Сендерге бұл етті жеуге болады деп кім пәтуа берді?” – деп сұрады. Олар: “Кағб”, – деді. Сонда әзірет Омар: “Қайтып оралғандарыңша оны сендерге басшы етіп тағайындадым”, – деді. Кейін бұл керуен Мекке жолының бір тұсында шегіртке тобына кездесті. Кағб оларға шегірткелерді ұстап, жеуге болатынын айтты. Омар ибн Хаттабқа келгенде, осы жайды да баяндады. Әзірет Омар: “Бұл пәтуаны неге сүйеніп бердің?” – деп сұрады. Кағб: “Теңіз аңы болғандықтан!” – деп жауап берді. Әзірет Омар: “Оны қайдан білесің?” – деді. Кағб: “Уа, мүміндердің әміршісі! Жаным қолында тұрған Аллаға ант етемін, бұлар – балықтың жылына екі рет шашатын тұқымы ғана”, – деді».

Имам Мәликтен: «Жолда кездескен аң етін ихрамдағы адам сатып ала ала ма?» – деп сұралды. Ол былай деп жауап берді: «Қажылық жасаушыларға арнап ауланып, соларға ұсынылып тұрса, меніңше, сатып ала алмайды. Ал ихрамда емес адам өзі үшін аулап, ихрамдағы адам оған кездейсоқ тап болса, сатып ала алады. Оның еш ағаттығы жоқ».

Имам Мәлик былай дейді: «Алдын ала өзі аулаған немесе сатып алған аңы бар күйінде ихрамға кірген адам оны қоя беруге міндетті емес. Аңды отбасына қалдырып кетуінде де еш ағаттық жоқ».

Имам Мәлик былай дейді: «Теңізде, өзенде, көлде және соларға ұқсас суларда ауланатын балықтар ихрамдағы адамға халал. Ол оларды аулай алады».1

  1. 1Шәйбани, 444.

25-бапИхрамдағы адамның аң етін жеуіне болмайтын жағдайлар

86
Муатта, 21-кітап, № 86
Қазақша аудармасы

Сағб ибн Жәссама әл-Ләйси былай деп әңгімелейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) бір жабайы есекті сыйға тартқан едім. Ол кезде ол Әбуада немесе Уәдданда болатын. Алла елшісі (с.а.с.) сыйымды қабыл етпеді. Бұған ренжігенімді көргенде: “Сыйыңды қабыл етпей қояйын деген жоқпын, алайда біз ихрамдамыз”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Жәзаус-сайд», 28/6; Мүслім, «Хажж», 15/50. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 441. Әбуа – Мәдинадан жиырма үш миль жердегі мекен. Уәддан – Жухфа мен Әбуаның арасындағы, Жухфаға жақынырақ орналасқан үлкен ауыл.
87
Муатта, 21-кітап, № 87
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Амир ибн Рабиғадан: «Осман ибн Аффанды жаздың бір күнінде Әражда ихрамда жүрген кезінде көрдім. Ол қызыл жүннен тоқылған шашақты жамылғымен бетін жауып алған еді. Кейін оған аң еті әкелінді. Ол жолдастарына: “Жеңдер!” – деді. Олар: “Өзіңіз жемейсіз бе?” – деп сұрады. Осман (р.а.): “Менің жағдайым сендердікіндей емес. Бұл аң мен үшін ауланған”, – деп жауап берді».

88
Муатта, 21-кітап, № 88
Қазақша аудармасы

Уруадан: «Мүміндердің анасы Айша (р.а.) маған: “Бауырымның ұлы, бар болғаны он күн ғана ғой. Күмәнің болса, аң етін жеме”, – деді».1

Имам Мәликтен: «Ихрамдағы адамға арнап аң ауланса, ол аңның өзі үшін ауланғанын біле тұра етінен жесе, не болады?» – деп сұралды. Имам Мәлик: «Аңды өзі аулағандай, өтемін төлейді», – деп жауап берді.

Имам Мәликтен: «Ихрамдағы адам не аң аулап, соның етін жеуге, не өлексе етін жеуге мәжбүр болса, не істейді?» – деп сұралды. Ол былай деп жауап берді: «Өлексе етін жейді. Өйткені Ұлы Алла ихрамдағы адамға қандай жағдайда да аң аулап, соның етін жеуге рұқсат етпеген. Ал зәру жағдайда өлексе етін жеуге рұқсат берген».

Имам Мәлик тағы былай дейді: «Ихрамдағы адамның өлтірген немесе бауыздаған аңын ихрамдағы адам да, ихрамда емес адам да жей алмайды. Өйткені ол шариғатқа сай бауыздалмаған. Аң әдейі өлтірілсін, байқамай өлтірілсін, оның етін жеуге болмайды. Аңды өлтіріп, кейін етінен жеген адамға да, оны өлтіріп, етінен жемеген адамға да бір ғана кәффарат міндет болады».

  1. 1Әзірет Айшаның «он күн ғана» дегені – зүлхижжа айының алғашқы он күні. Ол «Осы он күн аң етін жемесең, не болады?» дегенді меңзеген. Сондай-ақ бұл сөз шариғат мәселелерінде күмәнді нәрседен бас тартуға ишара етеді.

26-бапХарам аймағында ауланған аңның үкімі

89
Муатта, 21-кітап, № 89
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Харам аймағында ауланған аңның ешқайсысын жеуге болмайды. Сондай-ақ Харам аймағында ит қосылып, Хиллде, яғни Харам аймағының сыртында өлтірілген аңның етін жеу де халал емес. Мұндай істі жасаған адамдар аң аулағаны үшін өтем төлейді. Хиллде аңға қосылған ит аңды Харам аймағында ұстаса, ол аңның еті желінбейді. Алайда ит қосқан адамға өтем міндет емес. Мұның шарты – итін Харам шекарасына таяу жерден қоспаған болуы керек. Ал итін Харамға жақын жерден аңға қосса, аң аулағаны үшін өтем төлейді».

27-бапХарам аймағында аң аулағаны үшін төленетін өтем

90
Муатта, 21-кітап, № 90
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Алла Тағала Құран Кәрімде: “Уа, иман келтіргендер! Ихрамда жүргенде аң өлтірмеңдер. Араларыңнан кімде-кім аңды қасақана өлтірсе, өтемі – өлтірген аңына пара-пар келетін үй жануары. Оны араларыңдағы екі әділ кісі белгілейді. Ол Қағбаға жеткізілетін құрбандық болады. Не болмаса кәффарат ретінде мұқтаждарды тамақтандырады, яки соған тең мерзім ораза ұстайды. Мұның бәрі істеген ісінің салмағын тартуы үшін...” – деп бұйырған».1

Имам Мәлик былай дейді: «Ихрамға кірмей тұрып аулаған аңын ихрамға кірген соң өлтірген адам ихрамда жүргенде аң сатып алып, оны бауыздаған адаммен бірдей. Алла бұған тыйым салған. Мұндай істі жасаған адам өтем төлейді».

Имам Мәлик былай дейді: «Бізде, Мәдина халқының арасында да, ихрамда жүргенде аңға оқ атып, оны өлтірген адамға өтем төлеу үкімі шығарылады».

Имам Мәлик Харам аймағында аң аулағаны үшін төленетін өтем туралы былай дейді: «Бұл жөнінде естігендерімнің ішіндегі көңіліме ең қонымды үкім мынау: өлтірілген аңның құны азық-түлікпен есептеледі. Әрбір мұқтажға бір күндік үлес ретінде бір мудд азық беріледі немесе әр муддтың орнына бір күн ораза ұсталады. Сөйтіп, тамақтандырылуы тиіс мұқтаждардың санына қарай ораза ұсталады. Мысалы, он мұқтаждың әрқайсысына бір муддтан азық беру керек болып, бұған шамасы келмесе, оның орнына он күн ораза ұстайды. Тамақтандырылуы тиіс кедейлердің саны жиырма болса, жиырма күн, алпыс болса, алпыс күн ораза ұстайды».

Харам аймағында ихрамсыз күйде аң аулаған адамның өтемі туралы да имам Мәлик былай дейді: «Харам аймағында ихрамсыз жүргенде аң өлтірген адам да сол аймақта ихрамда жүріп аң аулаған адаммен бірдей өтем төлейді».

  1. 1«Мәида» сүресі, 95-аят.

28-бапИхрамда жүргенде өлтіруге болатын жануарлар

91
Муатта, 21-кітап, № 91
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бес түрлі жануар бар, ихрамдағы адамның оларды өлтіруінде еш күнә жоқ: қарға, кезқұйрық, шаян, тышқан және шабуылдайтын ит”, – деген».1

  1. 1Бұхари, «Жәзаус-сайд», 28/1; Мүслім, «Хажж», 15/76. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 427.
92
Муатта, 21-кітап, № 92
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Бес түрлі жануар бар, ихрамда жүрген адам оларды өлтірсе, оған еш күнә жоқ: шаян, тышқан, қарға, кезқұйрық және шабуылдайтын ит».1

  1. 1Бұхари, «Бәдул-халқ», 59/16; Мүслім, «Хажж», 15/79. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 428.
93
Муатта, 21-кітап, № 93
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруадан жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бес зиянкес бар, оларды Харам аймағында да өлтіруге болады: тышқан, шаян, қарға, кезқұйрық және шабуылдайтын ит”, – деген».1

  1. 1Мүслім, «Хажж», 15/68; иснады жалғасқан түрде риуаят еткен.
94
Муатта, 21-кітап, № 94
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтан: «Омар ибн Хаттаб Харам аймағындағы жыландарды өлтіруді бұйырды».

Имам Мәлик былай дейді: «Харам аймағында өлтіруге рұқсат етілген “шабуылдайтын ит” дегенге адамға тап беретін арыстан, жолбарыс, қабылан, қасқыр сияқты жұртқа қауіп төндіретін жыртқыштар да жатады. Ал кейбір жыртқыштар адамға шабуыл жасамайды. Мысалы, қорқау, түлкі, мысық және соларға ұқсас жануарлар. Ихрамдағы адам оларды өлтіре алмайды. Өлтірсе, фидия береді. Алла елшісі (с.а.с.) атап көрсеткен қарға мен кезқұйрықтан өзге, зияны тимейтін құстарды да ихрамдағы адам өлтіре алмайды. Өлтірсе, фидия беруі қажет».1

  1. 1Шәйбани, 429.

29-бапИхрамдағы адамға рұқсат етілетін істер

95
Муатта, 21-кітап, № 95
Қазақша аудармасы

Рабиға ибн Әби Абдуллаһ ибн Худайрдан: «Омар ибн Хаттабты Суқияда1 ихрамда жүрген кезінде түйесінің кенелерін топыраққа тастап тазалап жатқанын көрдім».

Имам Мәлик: «Мен мұндай істі дұрыс деп санамаймын», – дейді.2

  1. 1Суқия – Мекке мен Мәдина арасындағы үлкен ауыл.
  2. 2Шәйбани, 433.
96
Муатта, 21-кітап, № 96
Қазақша аудармасы

Әлқама ибн Әби Әлқама анасынан жеткізеді: «Әзірет Айшадан ихрамдағы адамның денесін қасуына бола ма деп сұралғанын естідім. Әзірет Айша: “Иә, қасысын. Қолдарым байланса, аяқтарыммен қасынар едім”, – деп жауап берді».1

  1. 1Шәйбани, 435.
97
Муатта, 21-кітап, № 97
Қазақша аудармасы

Әйюб ибн Мұсадан: «Абдуллаһ ибн Омар ихрамда жүргенде, көзіндегі ауырсынуға байланысты айнаға қарады».

98
Муатта, 21-кітап, № 98
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан: «Абдуллаһ ибн Омар ихрамдағы адамның түйесінің кенелерін тазалауын дұрыс көрмейтін».1

  1. 1Шәйбани, 432.
99
Муатта, 21-кітап, № 99
Қазақша аудармасы

Әбу Мәриәмнің немересі Мұхаммед ибн Абдуллаһтан: «Сағид ибн Мусәйябтан ихрамда жүргенде сынып қалған тырнағым туралы сұрадым. Сағид: “Оны кес”, – деп жауап берді».

Имам Мәликтен: «Құлағы ауырып жүрген адам ихрамда болғанда, құлағына хош иіс қосылмаған бән майын тамызса, ағаттық бола ма?» – деп сұралды. Ол: «Еш ағаттық көрмеймін. Бұл майды аузына қолданса да, ағаттық жоқ», – деп жауап берді.

Имам Мәлик былай дейді: «Ихрамдағы адам қажет болған жағдайда іріңдеген жарасын тілдіріп, шиқанын жардыра алады, қан алдыру үшін тамырын да тілдіре алады».

30-бапБасқа адамның орнына қажылыққа бару

100
Муатта, 21-кітап, № 100
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббастан: «Фадл ибн Аббас Алла елшісінің (с.а.с.) көлігіне артына мінгесіп отырған еді. Осы кезде Пайғамбарымызға Хасғам тайпасынан бір әйел келіп, бір мәселені сұрағысы келді. Фадл мен әйел бір-біріне қарай бастады. Мұны көрген Пайғамбарымыз Фадлдың басын басқа жаққа бұрды. Әйел: “Уа, Расулалла! Қарт әкем үшін қажылық парыз болды, бірақ ол көлік үстінде отыра алмайды. Оның орнына мен қажылыққа бара аламын ба?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Иә”, – деді. Бұл оқиға Қоштасу қажылығында болған еді».1

  1. 1Бұхари, «Хажж», 25/1; Мүслім, «Хажж», 15/407. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 481.

31-бапҚажылық кезінде дұшпан бөгет болған адамның жағдайы[^659]

101
Муатта, 21-кітап, № 101
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Дұшпанның қоршауына түсіп, Бәйтулланы тауап етуіне кедергі жасалған адам сол жерде құрбандығын шалып, шашын алдырады да, ихрамнан шығады. Кейін осы қажылықтың қазасын өтеуі міндет емес. Маған жеткен риуаятқа қарағанда, Алла елшісі (с.а.с.) мен сахабалары Худайбияда осылай істеген. Құрбандықтарын шалып, шаштарын алдырған. Бәйтулланы тауап етпестен, құрбандықтары да ол жерге жетпестен, ихрамдағы адамға тыйым салынған нәрселерді істей бастаған. Кейін ардақты Пайғамбардың сахабаларының біріне де, қасындағылардың ешқайсысына да өтелмей қалған осы тауаптың қазасын өтеуді немесе оны қайта орындауды бұйырғаны белгілі емес».

102
Муатта, 21-кітап, № 102
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай деп әңгімелейді: «Абдуллаһ ибн Омар саяси бүліктер шыққан кезде Меккеге жол тартты. Ол: “Егер Бәйтулланы тауап етуімізге кедергі жасалса, Алла елшісімен (с.а.с.) бірге болғанымызда қалай істесек, солай істейміз”, – деді. Содан кейін Алла елшісі (с.а.с.) Худайбияда ұмра үшін ихрамға кіргендей, ол да ұмра үшін ихрамға кірді. Кейін жағдайды ой елегінен өткізіп: “Қажылық пен ұмраның үкімі бірдей”, – деді де, жолдастарына бұрылып: “Екеуі бірдей. Куә болыңдар, қажылық пен ұмраға бірге ниет еттім”, – деді. Содан Бәйтуллаға жетіп, бір ғана тауап жасады. Соны екеуіне де жеткілікті санап, құрбандығын бағыштады».1

Имам Мәлик былай дейді: «Бізде, Мәдина халқының арасында да, дұшпан бөгет болған адамға Пайғамбарымыз бен сахабалары қоршауда қалғанда қолданылған үкім жүреді. Алайда дұшпаннан өзге кедергіге байланысты тауап жасай алмаса, Бәйтулланы тауап етпейінше ихрамнан шыға алмайды».2

  1. 1Бұхари, «Мәғази», 64/35; Мүслім, «Хажж», 15/180.
  2. 2Шәйбани, 394.

32-бапДұшпаннан өзге кедергіге байланысты тауап жасай алмаған адамның жағдайы

103
Муатта, 21-кітап, № 103
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан: «Ауру себепті мухсар болған, яғни қажылық жолында бөгеліп қалған адам Бәйтулланы тауап етіп, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасамайынша ихрамнан шыға алмайды. Мұндай жағдайда кәдімгі киім киюге немесе дәрі қабылдауға мәжбүр болса, оларды істейді, бірақ фидия беруі қажет».1

  1. 1Шәйбани, 508.
104
Муатта, 21-кітап, № 104
Қазақша аудармасы

Әзірет Айшадан: «Ихрамдағы адам Бәйтулланы тауап етпейінше ихрамнан шыға алмайды».

105
Муатта, 21-кітап, № 105
Қазақша аудармасы

Әйюб ибн Әби Тәмима әс-Сахтияни басралық бір адамнан жеткізеді: «Меккеге қарай жолға шықтым. Біраз жүргеннен кейін сан сүйегім сынды. Меккеге хабар жібердім. Сонда жүрген Абдуллаһ ибн Аббас та, Абдуллаһ ибн Омар да, өзге адамдар да ихрамнан шығуыма рұқсат бермеді. Сол күйімде су басында толық жеті ай тұруға мәжбүр болдым. Кейін ұмра жасап, ихрамнан шықтым».

106
Муатта, 21-кітап, № 106
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан: «Бәйтуллаға жетпей тұрып ауру себепті мухсар болған, яғни Қағбаға жете алмай қалған адам Қағбаны тауап етіп, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасамайынша ихрамнан шыға алмайды».

Сүлеймен ибн Ясардан: «Сағид ибн Хузаба әл-Махзуми Меккеге бара жатқан жолда қояншық ауруына ұшырады. Ол ихрамда еді. Өзі тоқтаған су басына келгендерден сұрастырып, Абдуллаһ ибн Омарды, Абдуллаһ ибн Зүбәйрді және Мәруан ибн Хәкәмді тапты. Басына түскен жағдайды оларға баяндады. Бәрі де оған қажетті емін қабылдап, фидия беруді, жазылған соң ұмра жасап, ихрамнан шығуды, келесі жылы қажылық жасап, шамасы жететін бір құрбандық шалуды айтты».

Имам Мәлик былай дейді: «Бізде, Мәдина халқының арасында да, дұшпаннан өзге кедергіге байланысты мухсар болған, яғни Қағбаға бара алмай қалған адамның үкімі осындай. Әбу Әйюб әл-Ансари мен Һәббар ибн Әсуәд қажылыққа үлгере алмай, айт күні келгенде, әзірет Омар оларға ұмра жасап, ихрамнан шығуды, содан кейін үйлеріне ихрамсыз қайтуды бұйырған. Сондай-ақ келесі жылы қажылықтарын өтеуді, құрбандық шалуды, ал құрбандық таба алмаса, қажылықта үш күн, қайтқан соң жеті күн – барлығы он күн ораза ұстауды бұйырған».

Имам Мәлик былай дейді: «Ихрамға кіргеннен кейін ауру, күндерді немесе айды шатастыру сияқты себептермен бөгеліп, қажылығын уақытында өтей алмаған адам мухсар саналады. Оған мухсар адамға міндет болатын амалдарды орындау қажет».

Имам Мәликтен: «Меккелік адам қажылық үшін ихрамға кіргеннен кейін бір жері сынса немесе қатты іш ауруына шалдықса, оның үкімі қандай? Күйеуінен ажырасқан әйелдің үкімі ше?» – деп сұралды. Ол: «Мұндай адамдар мухсар, яғни қажылықты өтеуіне кедергі туған адамдар болып саналады. Меккеге сырттан келіп, мухсар болғандарға қолданылатын үкім бұларға да жүреді», – деп жауап берді.

Имам Мәликтен: «Қажылық айларында ұмрасын жасап, содан кейін Меккеде қажылық үшін ихрамға кірген адамның бір жері сынса немесе өзгелермен бірге уақытында уақфа жасай алмай қалса, ол не істейді?» – деп сұралды. Имам Мәлик былай дейді: «Меніңше, сол жерде жазылғанға дейін қалады. Жазылған соң Хиллге шығып, Меккеге қайта оралады. Тауап пен сағи жасап, ихрамнан шығады. Келесі жылы қажылығын өтеп, құрбандығын шалады».

Меккеден қажылық үшін ихрамға кіріп, тауап пен сағи жасағаннан кейін ауырып, өзгелермен бірге уақытында уақфаға жете алмай қалған адам туралы да имам Мәлик былай дейді: «Қажылыққа үлгере алмағаны анықталғанда, шамасы келсе, Хиллге шығып, ұмраға кіріп, тауап пен сағи жасайды. Өйткені алғашқы тауабында ұмраға ниет етпеген еді. Келесі жылы қажылығын өтеп, құрбандығын шалады. Ал Меккеге сырттан келген адам тауап пен сағи жасағаннан кейін қажылыққа үлгере алмай қалса, ұмра жасап, ихрамнан шығады. Алайда тауап пен сағиды қайта жасауы керек. Өйткені алғашқы тауап пен сағиын өтеуге үлгере алмаған қажылығына ниет етіп жасаған еді. Соңғы жасағаны – ұмраның тауабы мен сағиы. Келесі жылы үлгере алмаған қажылығын өтеп, һәдий құрбандығын шалады».

33-бапҚағбаның салынуына қатысты риуаяттар

107
Муатта, 21-кітап, № 107
Қазақша аудармасы

Әзірет Айшадан: «Алла елшісі (с.а.с.): “Қауымың Қағбаны салғанда, Ибраһим (а.с.) қалаған іргетастың бір бөлігін қалдырып кеткенін көрмедің бе?” – деді. Мен: “Уа, Расулалла! Оны әзірет Ибраһимнің іргетасының үстіне толық қайта салуды ойламайсыз ба?” – дедім. Ардақты Пайғамбар: “Егер қауымың күпірліктен енді ғана шықпаған болса, міндетті түрде солай істер едім”, – деді». Абдуллаһ ибн Омар былай деген: «Егер әзірет Айша мұны Алла елшісінен (с.а.с.) естіген болса, меніңше, оның Хижр жағындағы екі бұрышқа истиләм жасамауының, яғни оларды сипап сәлем бермеуінің себебі – Қағбаның Ибраһим қалаған іргетастың үстіне толық салынбағандығы ғана».1

  1. 1Бұхари, «Тәфсир», 65/2; Мүслім, «Хажж», 15/399. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 479.
108
Муатта, 21-кітап, № 108
Қазақша аудармасы

Әзірет Айшадан: «Хижрде намаз оқысам да, Бәйттің ішінде оқысам да, мен үшін айырмасы жоқ».

109
Муатта, 21-кітап, № 109
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтан: «Кейбір ғалымдарымыздың: “Тауап толық болуы үшін адамдардың Хижрдің ішін кесіп өтпей, оның сыртынан айналуы қамтамасыз етілген”, – дегенін естідім».

34-бапТауап кезінде рәмәл жасау

110
Муатта, 21-кітап, № 110
Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Абдуллаһтан: «Алла елшісінің (с.а.с.) Хажарул-әсуәдтен Хажарул-әсуәдке дейін үш шәут1 бойы рәмәл жасағанын, яғни қысқа, ширақ адыммен жедел жүргенін көрдім».

Имам Мәлик былай дейді: «Мәдинада да осылай істейтін ғалымдарымыз аз болған жоқ».

  1. 1Тауап ниетімен Қағбаны бір рет айналып шығу шәут деп аталады.
111
Муатта, 21-кітап, № 111
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан: «Абдуллаһ ибн Омар Хажарул-әсуәдтен қайта сол жерге дейінгі алғашқы үш шәутта рәмәл жасап, кейінгі төрт шәутта қалыпты жүретін».

112
Муатта, 21-кітап, № 112
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруадан: «Әкем Бәйтті тауап еткенде, алғашқы үш шәутта рәмәл жасап, бәсең дауыспен: “Уа, Алла! Сенен басқа тәңір жоқ. Өлгеннен кейін қайта тірілтетін де Өзіңсің”, – дейтін».

113
Муатта, 21-кітап, № 113
Қазақша аудармасы

Һишамның әкесі Уруа жеткізеді: «Мен Абдуллаһ ибн Зүбәйрдің Тәнғимнен ихрамға кіргенін көрдім. Содан кейін Бәйтулланы айналған алғашқы үш шәутта жедел жүргенін көрдім».1

  1. 1Шәйбани, 456.
114
Муатта, 21-кітап, № 114
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан: «Абдуллаһ ибн Омар Меккеден ихрамға кіргенде, Минадан қайтқанға дейін тауап пен сағи жасамайтын. Сондай-ақ Меккеден ихрамға кіргенде, тауап кезінде рәмәл жасамайтын».

35-бапТауап кезінде истиләм жасау

115
Муатта, 21-кітап, № 115
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Маған жеткен риуаятқа қарағанда, Алла елшісі (с.а.с.) Бәйтулланы тауап еткеннен кейін екі рәкағат намаз оқитын. Содан соң Сафа мен Мәруаға барғысы келсе, мешіттен шықпай тұрып Хажарул-әсуәдке истиләм жасайтын, яғни оны қолымен сипайтын».1

  1. 1Мүслім, «Хажж», 15/147; Пайғамбарымыздың қажылығын баяндайтын ұзақ хадисте Жәбирден риуаят еткен.
116
Муатта, 21-кітап, № 116
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруадан жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Абдуррахман ибн Ауфтан: “Уа, Әбу Мұхаммед! Хажарул-әсуәдке қалай истиләм жасадың?” – деп сұрады. Абдуррахман: “Шамам жеткенше истиләм жасадым, қиналған кезде тоқтаттым”, – деп жауап берді. Сонда ардақты Пайғамбар: “Дұрыс істегенсің”, – деді».1

  1. 1Бұл – мүрсәл хадис. Ибн Абдилбәр оны Суфян әс-Сәури – Һишам – әкесі – Абдуррахман ибн Ауф иснадымен жалғасқан түрде риуаят еткен.
117
Муатта, 21-кітап, № 117
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруадан: «Әкем Бәйтулланы тауап еткенде, барлық бұрышқа истиләм жасайтын. Йемен бұрышына тек жұрттың тығыздығынан өте алмай қалғанда ғана истиләм жасамайтын».

36-бапИстиләм кезінде Хажарул-әсуәдті сүю

118
Муатта, 21-кітап, № 118
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруадан жеткізеді: «Омар ибн Хаттаб Бәйтулланы тауап еткенде, Хажарул-әсуәдке қарап: “Сен бар болғаны бір тассың. Егер Алла елшісінің (с.а.с.) сені сүйгенін көрмегенімде, мен де сені сүймес едім”, – дейтін. Содан кейін оны сүйетін».1

Имам Мәлик былай дейді: «Кейбір ғалымдардың Бәйтулланы тауап еткенде, Хажарул-әсуәд пен Йемен бұрышына истиләм жасап, қолын төмен түсірген соң аузына апаруын құптағанын естідім».

  1. 1Бұхари, «Хажж», 25/50; Мүслім, «Хажж», 15/248; иснады жалғасқан түрде риуаят еткен.

37-бапТауаптың әр жеті шәутынан кейін екі рәкағат намаз оқу (тауап намазы)

119
Муатта, 21-кітап, № 119
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруа әкесінен былай жеткізеді: «Әкем әр жеті шәуттан кейін екі рәкағат тауап намазын оқитын. Жеті шәутты аяқтаған соң, бұл намазды оқымай кеткен кезі болмаған. Кейде оны Ибраһим мақамының жанында, кейде басқа жерде оқитын».

Имам Мәликтен: «Адам әр жеті шәуттан кейін намаз оқуды азсынып, екі рет жеті шәут немесе одан да көп тауап жасап, кейін бәрінің намазын бірге оқи ала ма?» – деп сұралды. Имам Мәлик: «Болмайды. Сүннет – әр жеті шәуттан кейін екі рәкағат намаз оқу», – деп жауап берді.

Имам Мәлик тауап жасап жүріп жаңылысып, сегіз немесе тоғыз шәут айналғаннан кейін ғана байқаған адам туралы былай дейді: «Жеті шәуттан артық жасағанын түсінген сәтте тоқтап, екі рәкағат намаз оқиды. Екінші тауапты бастағанда, бұрын артық айналған шәуттарын есептемейді. Жаңадан толық жеті шәут айналып, содан кейін екі рәкағат намаз оқиды. Өйткені тауапта әр жеті шәуттан кейін екі рәкағат намаз оқу – сүннет».

Имам Мәлик былай дейді: «Екі рәкағат намаз оқығаннан кейін жеті шәутты толық аяқтағанына күмәнданса, қайта барып, тауабын толық орындағанына сенімді болғанша жалғастырады. Содан кейін екі рәкағат намазын қайта оқиды. Өйткені тауап намазы жеті шәут толық аяқталғаннан кейін ғана оқылады. Бәйтулланы тауап етіп жүргенде, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасап жүргенде немесе осы екеуінің арасында дәреті бұзылса, мұның алдындағы тауабының бір бөлігін не бәрін орындап қойғанымен, екі рәкағат тауап намазын әлі оқымаған болса, қайта дәрет алып, тауап пен оның екі рәкағат намазын басынан бастайды. Ал сағи жасап жүргенде дәреті бұзылса, сағиды тоқтатуы қажет емес. Бірақ сағиды бастағанда дәретті болуы керек».

38-бапТаң және екінті намаздарынан кейін тауап жасау

120
Муатта, 21-кітап, № 120
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Абдилқариден: «Таң намазынан кейін Омар ибн Хаттабпен бірге Бәйтулланы тауап еттік. Омар тауабын аяқтаған соң күнге қарады. Ол әлі шықпаған еді. Содан түйесіне мініп, Зитуәда тоқтады да, екі рәкағат тауап намазын сонда оқыды».1

  1. 1Шәйбани, 440.
121
Муатта, 21-кітап, № 121
Қазақша аудармасы

Әбу Зүбәйр әл-Мәккиден: «Абдуллаһ ибн Аббастың екінті намазынан кейін Бәйтулланы тауап етіп, бөлмесіне кіргенін көрдім. Онда не істегенін білмеймін».

122
Муатта, 21-кітап, № 122
Қазақша аудармасы

Әбу Зүбәйр әл-Мәккиден: «Таң және екінті намаздарынан кейін Бәйтулланың айналасы бос болатын, ешкім тауап жасамайтын».

Имам Мәлик былай дейді: «Бәйтулланы тауап етіп жүрген адам бірнеше шәут айналғанда таң не екінті намазына қамат айтылса, имаммен бірге намазын оқиды. Содан кейін қалғанын жалғастырып, жеті шәутты толықтырады. Тауап намазын таң намазынан кейін күн шыққанша, ал екінтіні жамағатпен оқыған болса, күн батқанша оқымайды. Оны кешіктіріп, ақшам намазынан кейін оқыса да, еш ағаттық жоқ».

Имам Мәлик былай дейді: «Таң және екінті намаздарынан кейін жеті шәуттан тұратын бір ғана тауап жасауға болады, одан артық жасамайды. Екі рәкағат тауап намазын әзірет Омар істегендей күн шыққанға дейін, ал екінтіден кейінгісін күн батқанға дейін кешіктірсе, еш ағаттық жоқ. Күн батқан соң ол намазды оқи алады. Ақшам намазынан кейінге қалдырса да, еш ағаттық жоқ».1

  1. 1Шәйбани, 439.

39-бапБәйтулламен қоштасу

123
Муатта, 21-кітап, № 123
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан: «Омар ибн Хаттаб: “Ешкім қажылықтан Бәйтулланы тауап етпей қайтпасын. Қажылықта жасалатын ғибадаттардың ең соңғысы Бәйтулламен қоштасу тауабы болсын”, – деді».

Әзірет Омардың осы сөзі туралы имам Мәлик былай дейді: «Алла Тағала жақсы біледі. Меніңше, әзірет Омар қажылықтағы соңғы амал Бәйтулланы тауап етуі керек деген үкімді мына аяттардан алған: “Міне, солай. Кімде-кім Алланың нышандарын лайықты түрде ұлықтайтын болса, бұл – жүректердің тақуалығынан”.1 “Құрбандыққа арналған малдың межелі уақытқа дейін сендерге пайдалары бар. Олардың құрбандыққа шалынатын межелі жері – ең қасиетті, ең көне үй Қағба орналасқан харам аймағы”.2 Міне, қажылыққа қатысты барлық істің, яғни қажылық амалдарының аяқталар жері – Бәйтул-Атиқ, яғни Қағба».3

  1. 1«Хаж» сүресі, 32-аят.
  2. 2«Хаж» сүресі, 33-аят.
  3. 3Шәйбани, 517.
124
Муатта, 21-кітап, № 124
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтен: «Омар ибн Хаттаб Бәйтулламен қоштасу тауапын жасамай кеткен бір адамды Мәрруз-Захраннан кері қайтарып, қоштасу тауапын жасатты».1

  1. 1Мәрруз-Захран – Мекке маңындағы аңғардың атауы.
125
Муатта, 21-кітап, № 125
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруадан жеткізеді: «Зиярат тауапын жасаған адам қажылығын өтеген болады. Бір кедергі болмаса, ең соңғы амалы Бәйтулламен қоштасу тауабы болғаны жөн. Ал қандай да бір кедергіге немесе күтпеген жағдайға байланысты қоштасу тауапын жасай алмаса, қажылығы өтелген болып саналады».

Имам Мәликтен: «Соңғы жасайтын ғибадаты Бәйтулланы тауап ету екенін білмей, қоштасу тауапын жасамастан Меккеден кетіп қалған адам не істейді?» – деп сұралды. Ол: «Меніңше, зиярат тауапын жасаған болса, оған ештеңе міндет емес. Алайда Меккеге жақын жерде болса, қайтып келіп, қоштасу тауапын жасайды», – деп жауап берді.

40-бапТауапқа қатысты әртүрлі риуаяттар

126
Муатта, 21-кітап, № 126
Қазақша аудармасы

Үммі Сәләмадан: «Алла елшісіне (с.а.с.) ауырып тұрғанымды айттым. Ол: “Онда жамағаттың сырт жағынан көлігіңе мініп тауап жаса”, – деді. Мен түйеме мініп, тауап жасадым. Ол кезде Алла елшісі (с.а.с.) Бәйтулланың жанында намаз оқып, “Тур” сүресінің “Уат-Тури уә китабин мәстур” деген аяттарын оқып тұрған еді».1

  1. 1Бұхари, «Салат», 8/78. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 476.
127
Муатта, 21-кітап, № 127
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Суфян былай деп әңгімелейді: «Абдуллаһ ибн Омармен бірге отырған едім. Бір әйел келіп, одан пәтуа сұрады: “Бәйтулланы тауап еткім келген еді. Есікке жеткенімде қан келді. Кері қайтсам, тоқтады. Қағбаның есігіне қайта келдім, тағы қан келді. Кері бұрылғанымда тоқтады. Тағы бір рет байқап көрдім. Мешіттің есігіне жеткенімде тағы қан келді. Не істейін?” – деді. Абдуллаһ ибн Омар оған: “Бұл – шайтанның уәсуәсасы. Күмәнданба. Ғұсыл құйынып, екі аяғыңның арасына мата қой да, тауабыңды жаса”, – деп жауап берді».1

  1. 1Шәйбани, 471.
128
Муатта, 21-кітап, № 128
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Сағд ибн Әби Уаққас уақфаның уақыты аяқталуға таяғанда Меккеге кірсе, тауап пен сағи жасамай, Арафатқа аттанатын. Қайтқаннан кейін тауап жасайтын».

Имам Мәлик: «Алланың рұқсатымен, бұлай істеуге болады», – дейді.

Имам Мәликтен: «Адам парыз тауапты орындап жүргенде, біреумен тоқтап сөйлесе ала ма?» – деп сұралды. Имам Мәлик: «Мұны дұрыс деп санамаймын», – деп жауап берді.

Имам Мәлик тағы былай дейді: «Адам дәретсіз күйде Бәйтулланы тауап ете алмайды, Сафа мен Мәруа арасында сағиды да бастай алмайды».

41-бапСағиды Сафа төбесінен бастау

129
Муатта, 21-кітап, № 129
Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Абдуллаһтан: «Алла елшісі (с.а.с.) мешіттен шығып, Сафаға бармақ болғанда: “Алла Құранда алдымен атағанынан бастайық”, – деді де, сағиды Сафадан бастады».1

  1. 1Аятта: «Сафа мен Маруа – Алланың қасиетті нышандарының бірі...» («Бақара» сүресі, 158-аят) делінген.
130
Муатта, 21-кітап, № 130
Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Абдуллаһтан: «Алла елшісі (с.а.с.) Сафада тұрғанда үш рет тәкбір айтып, үш рет: “Алладан басқа тәңір жоқ. Оның ешбір серігі жоқ. Мүлік Оған тән, мақтау да Оған лайық. Ол барлық нәрсеге құдіретті”, – дейтін әрі дұға ететін. Кейін Мәруада да осылай істейтін».

131
Муатта, 21-кітап, № 131
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан: «Абдуллаһ ибн Омардың Сафада былай дұға еткенін естідім: “Уа, Алла! Сен: ‘Маған дұға етіңдер, сендерге жауап берейін’, – дедің. Сен уәдеңнен таймайсың. Менің Сенен тілерім – Исламды маған нәсіп еткеніңдей, жанымды мұсылман күйде алғанға дейін оны менен ажыратпауың”».1

  1. 1«Ғафир» сүресі, 60-аят. Шәйбани, 474.

42-бапСағиға қатысты әртүрлі риуаяттар

132
Муатта, 21-кітап, № 132
Қазақша аудармасы

Уруа былай дейді: «Мен ол кезде жас едім. Мүміндердің анасы әзірет Айшаға: “Алла Тағала: ‘Сафа мен Маруа – Алланың қасиетті нышандарының бірі. Кімде-кім қажылық парызын өтеу немесе ұмра жасау ниетімен Бәйтулланы зиярат етсе, онда аталмыш екі төбенің арасында сағи жасаса, күнә арқаламайды’,1 – дегеніне қарағанда, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасамаған адамға ештеңе міндет емес қой”, – дедім. Сонда әзірет Айша: “Әсте олай емес! Сен айтқандай болса, аят ‘Бұл екеуінің арасында сағи жасамауында еш күнә жоқ’ деп келер еді. Бұл аят ансарларға қатысты түскен. Жәһилия дәуірінде олар Қудайд тұсындағы Манат пұты үшін ихрамға кіретін де, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасаудан тартынатын. Ислам келгенде, олар ардақты Пайғамбардан осы жайды сұрады. Алла Тағала: ‘Сафа мен Маруа – Алланың қасиетті нышандарының бірі. Кімде-кім қажылық парызын өтеу немесе ұмра жасау ниетімен Бәйтулланы зиярат етсе, онда аталмыш екі төбенің арасында сағи жасаса, күнә арқаламайды’, – деген аятты түсірді”, – деді».2

  1. 1«Бақара» сүресі, 158-аят.
  2. 2«Бақара» сүресі, 158-аят. Бұхари, «Хажж», 25/79; Мүслім, «Хажж», 15/259, 260, 261.
133
Муатта, 21-кітап, № 133
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруадан: «Абдуллаһ ибн Омардың қызы Сәуда Уруа ибн Зүбәйрмен некеде еді. Ол қажылық немесе ұмра үшін Сафа мен Мәруа арасында жаяу сағи жасады. Өзі толықша келген әйел болатын. Жұрт құптан намазынан тараған кезде сағиға келген еді. Таң намазының алғашқы азаны айтылғанда ғана сағиын аяқтап, арада демалып отырды».1

Уруа кейбір адамдардың көлік үстінде тауап жасап жүргенін көрсе, оларды одан қатты тыятын. Олар Уруадан ұялғандықтан: «Біз аурумыз», – дейтін. Ал Уруа олар туралы: «Бұлар үміт еткен сауаптарынан құр қалды, зиянға ұшырады», – дейтін.

Имам Мәликтен: «Ұмрада Сафа мен Мәруа арасында сағи жасауды ұмытып, Меккеден кеткен соң ғана есіне түсірген адам не істейді?» – деп сұралды. Ол: «Қайтып келіп, сағи жасайды. Осы аралықта әйелімен жыныстық қатынаста болса, қайтып келіп, сағиын жасап, ұмрасының қалған амалдарын аяқтайды. Содан кейін тағы бір ұмра жасап, құрбандық шалуы қажет», – деп жауап берді.

Имам Мәликтен: «Сафа мен Мәруа арасында сағи жасап жүргенде, кездескен бір адаммен тоқтап сөйлескен кісінің үкімі қандай?» – деп сұралды. Ол: «Мұны дұрыс деп санамаймын», – деп жауап берді.

Имам Мәликтен: «Тауап кезінде бір нәрсені ұмытқанын немесе бір тұсына күмәнданғанын Сафа мен Мәруа арасында сағи жасап жүргенде есіне түсірсе, не істейді?» – деп сұралды. Ол: «Сағиды сол жерде тоқтатып, барып, тауапта кем қалдырғанын толық орындағанына сенімді болғанша толықтырады. Екі рәкағат тауап намазын оқығаннан кейін Сафа мен Мәруа арасындағы сағиды басынан бастайды», – деп жауап берді.

  1. 1Алғашқы азан жұртты тәһәжжүдке ояту үшін таң атпай тұрып айтылатын. Пайғамбарымыздың заманында бұл азанды кейде әзірет Біләл айтатын.
134
Муатта, 21-кітап, № 134
Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Абдуллаһтан: «Алла елшісі (с.а.с.) Сафадан түскенде қалыпты адыммен жүретін. Ойпаңға түскенде, одан көтерілгенге дейін жедел жүретін».

Бәйтулланы тауап етпей, білместікпен Сафа мен Мәруа арасында сағи жасаған адам туралы имам Мәлик былай дейді: «Қайтып келіп, тауап жасасын, содан кейін сағи жасайды. Мұны білмей, Меккеден кетіп қалса, кері қайтып, тауап пен сағиын орындайды. Осы аралықта әйелімен жыныстық қатынаста болған болса, қайтып келіп, тауап пен сағиын жасап, ұмрасының кем қалған амалдарын аяқтайды. Бұдан кейін тағы бір ұмра жасап, құрбандық шалуы қажет».

43-бапАрафа күні ораза ұстау

135
Муатта, 21-кітап, № 135
Қазақша аудармасы

Харистің қызы Үммүл-Фадлдан: «Арафа күні қасымдағы сахабалар ардақты Пайғамбардың ораза ұстаған-ұстамағаны жөнінде пікір таластырып қалды. Кейбірі: “Ораза ұстаған”, – десе, кейбірі: “Жоқ”, – деді. Сонда ардақты Пайғамбарға бір тостаған сүт жібердім. Ол Арафатта түйесінің үстінде тұрған күйі сүтті ішті».1

  1. 1Бұхари, «Хажж», 25/88; Мүслім, «Сиям», 13/110.
136
Муатта, 21-кітап, № 136
Қазақша аудармасы

Қасым ибн Мұхаммедтен: «Мүміндердің анасы әзірет Айша Арафа күні ораза ұстайтын. Оны Арафа күні кешке көрдім. Имам Арафаттан қайтқан кезде, қараңғы түспей тұрып, жұрттың арт жағында ауыз ашу үшін сусын сұрап тұр еді».

44-бапАйт күндерінде ораза ұстау

137
Муатта, 21-кітап, № 137
Қазақша аудармасы

Сүлеймен ибн Ясардан: «Алла елшісі (с.а.с.) Минада болатын күндерде ораза ұстауға тыйым салды».1

  1. 1Әбу Омардың айтуынша, бұл риуаяттың мүрсәл екені жөнінде Мәликке ешкім қарсылық білдірмеген.
138
Муатта, 21-кітап, № 138
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтан: «Алла елшісі (с.а.с.) Мина күндерінде Абдуллаһ ибн Хузафаны жұртқа жіберді. Ол адамдардың арасын аралап: “Бұл күндер – жеу, ішу және Алланы зікір ету күндері”, – деп дауыстайтын».

139
Муатта, 21-кітап, № 139
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан: «Алла елшісі (с.а.с.) Рамазан айтында және Құрбан айтында ораза ұстауға тыйым салған».1

  1. 1Мүслім, «Сиям», 13/139. Бұл хадис иснадымен және мәтінімен бірге «Сиям», 18/36 тарауында да келтірілген.
140
Муатта, 21-кітап, № 140
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Амр ибн Астан: «Әкем Амр ибн Астың қасына бардым. Ол тамақ ішіп отыр екен, мені де шақырды. Мен: “Оразамын”, – дедім. Сонда ол: “Бұл күндер – Алла елшісі (с.а.с.) ораза ұстауымызға тыйым салып, оразасыз өткізуді бұйырған күндер”, – деді».1

Имам Мәлик: «Бұл – ташриқ күндері», – дейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Саум», 14/50.

45-бапҚағбаға жіберілетін құрбандықтар

141
Муатта, 21-кітап, № 141
Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Амр ибн Хазмның немересі Абдуллаһ ибн Әби Бәкірден: «Алла елшісі (с.а.с.) қажылық немесе ұмра үшін кезінде Әбу Жәһл ибн Һишамға тиесілі болған бір түйені Қағбаға құрбандық ретінде жіберді».1

  1. 1Бұл – мүрсәл хадис. Ибн Аббастан риуаят етілген: Әбу Дәуіт, «Хажж», 11/12.
142
Муатта, 21-кітап, № 142
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан: «Алла елшісі (с.а.с.) бір адамның Қағбаға құрбандық түйе айдап бара жатқанын көрді де: “Оған мін!” – деді. Әлгі адам: “Уа, Расулалла! Бұл – Қағбаға арналған құрбандық”, – дегенде, ардақты Пайғамбар екі-үш рет: “Саған мін деп тұрмын!” – деді».1

  1. 1Бұхари, «Хажж», 25/103; Мүслім, «Хажж», 15/371. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 412.
143
Муатта, 21-кітап, № 143
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Динардан: «Абдуллаһ ибн Омардың қажылықта екі-екіден, ұмрада бір-бірден құрбандық жібергенін көрдім. Сондай-ақ ұмрада оның құрбандығын Халид ибн Әсидтің үйінің жанында шалғанын көрдім. Өзінің де үйі сол жерде еді. Құрбандық түйенің тамақ түбіне найзаны қадағанын көрдім. Найзаның ұшы жануардың иық тұсының астынан шықты».1

  1. 1Шәйбани, 406.
144
Муатта, 21-кітап, № 144
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтен: «Омар ибн Абдулазиз қажылықта немесе ұмрада (риуаятшы күмәнданады) Қағбаға бір түйені құрбандық ретінде жіберді».

145
Муатта, 21-кітап, № 145
Қазақша аудармасы

Әбу Жағфар әл-Қариден: «Әбу Рабиға әл-Махзумидің немересі Абдуллаһ ибн Айяш Қағбаға екі құрбандық түйе жіберді. Олардың бірі қос өркешті түйе еді».

146
Муатта, 21-кітап, № 146
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан: «Абдуллаһ ибн Омар былай дейтін: “Құрбандық түйе боталаса, ботасы да бірге апарылып, енесімен бірге шалынады. Ботасын алып жүруге басқа көлік табылмаса, енесіне артып апарады да, бірге шалады”».1

  1. 1Шәйбани, 413.
147
Муатта, 21-кітап, № 147
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруадан: «Әкем былай дейтін: “Қағбаға апара жатқан құрбандық түйеңе мінуге мәжбүр болсаң, оны шаршатпай мін. Сүтіне мұқтаж болсаң, ботасы аш қалмайтындай мөлшерде ғана ал. Енесін шалғанда, ботасын да бірге шал”».1

  1. 1Шәйбани, 411.

46-бапҚағбаға жіберілетін құрбандық малымен жасалатын амалдар

148
Муатта, 21-кітап, № 148
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан: «Абдуллаһ ибн Омар Мәдинадан Қағбаға құрбандық жібергенде, малға Зүлхуләйфада құрбандық белгісін тағып, содан кейін ишғар жасайтын, яғни белгі ретінде өркешін тіліп қанататын. Белгі тағу мен ишғар жасауды бір жерде, малды құбылаға қаратып орындайтын. Құрбандық белгісі ретінде малдың мойнына бір нәрсе ілетін, ишғар үшін сол жағын тіліп қанататын. Содан кейін малдарын өзімен бірге Арафаттағы уақфа орнына апаратын. Ол жерден қайтқанда да құрбандықтары қасында болатын. Айттың бірінші күні таңертең Минаға келгенде, шашын алдырмай, қысқартпай тұрып, құрбандығын шалатын. Абдуллаһ құрбандықтарын қатарға тізіп, құбылаға қаратып, өз қолымен шалатын. Содан кейін өзі де жеп, өзгелерге де ұсынатын».1

  1. 1Шәйбани, 399.
149
Муатта, 21-кітап, № 149
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан: «Абдуллаһ ибн Омар Қағбаға жіберетін құрбандық түйенің өркешін тіліп, ишғар жасағанда: “Алланың атымен, Алла ең ұлы”, – дейтін. Һәдий, яғни Қағбаға жіберілетін құрбандық малы туралы: “Һәдий – мойнына белгі тағылған, өркеші тілініп қанатылған және Арафаттағы уақфаға бірге апарылған мал”, – дейтін. Абдуллаһ ибн Омар құрбандық түйелеріне түрлі жабу жабатын. Кейін сол жабуларды Қағбаға жіберіп, оның жамылғысына қосатын».

Имам Мәлик Абдуллаһ ибн Динардан: «Абдуллаһ ибн Омардың құрбандық түйелеріне жаптырып, кейін Қағбаға жіберген жабулары не болды?» – деп сұрады. Ол: «Олар садақаға таратылатын», – деп жауап берді.1

  1. 1Шәйбани, 400.
150
Муатта, 21-кітап, № 150
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан: «Абдуллаһ ибн Омар құрбандыққа тым жас мал жіберуге болмайтынын, малдың белгіленген жасқа толуы керектігін айтатын. Ол Минадан Арафатқа шыққанға дейін құрбандық түйелерінің жабуын алмайтын».

Һишам әкесі Уруаның былай дегенін жеткізеді: «Балаларым! Ешқайсың қадірлі достарыңа лайық көрмейтін жануарларды Қағбаға құрбандық үшін жібермеңдер. Өйткені Алла – аса Жомарт, ең жақсысын бағыштауға ең лайық Зат».

47-бапҚағбаға жіберілетін құрбандықтың жарақаттануы немесе жоғалуы

151
Муатта, 21-кітап, № 151
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруадан жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбаға құрбандық малын айдап баруға жіберген адамы: “Уа, Расулалла! Құрбандық жолда жарақаттанып, жүре алмай қалса, не істейін?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Жүре алмай қалған әрбір құрбандықты шал. Мойнындағы белгісін қанына былға да, етін адамдарға қалдыр, жесін”, – деді».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Хажж», 11/18; Тирмизи, «Хажж», 7/71; Ибн Мәжа, «Хажж», 25/101. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 405.
152
Муатта, 21-кітап, № 152
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйябтан: «Қағбаға нәпіл құрбандық жіберген адамның малы жолда жарақаттанып, жүре алмай қалса, оны дереу шалып, етін адамдарға қалдырады. Бұдан басқа ештеңе міндет емес. Алайда етінен өзі жесе немесе біреуге жеуді бұйырса, орнына тағы бір құрбандық шалуы қажет». Абдуллаһ ибн Аббастан да осы мағыналас риуаят жеткізілген.1

  1. 1Шәйбани, 404.
153
Муатта, 21-кітап, № 153
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтан: «Бір адамның өтем, нәзір немесе тәмәттуғ құрбандығы ретінде айдап жіберген малы жолда өлсе, орнына басқа мал жіберуі қажет». Абдуллаһ ибн Омардан: «Қағбаға жіберілген құрбандық жоғалса немесе өлсе, ол нәзір құрбандығы болса, орнына басқа мал жіберіледі. Ал нәпіл құрбандық болса, иесі қаласа, орнына басқасын жібереді, қаламаса, жібермейді».

Имам Мәлик былай дейді: «Ғалымдардың: “Өтем ретінде немесе қажылықтағы кейбір рәсімдерді бұзғаны үшін Қағбаға жіберілген құрбандықтың етін иесі жей алмайды”, – дегенін естідім».

48-бапИхрамда жүргенде әйелімен жыныстық қатынас жасаған адамның өтемі

154
Муатта, 21-кітап, № 154
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Омар ибн Хаттабтан, Әли ибн Әбу Талибтен және Әбу Һурайрадан: “Қажылық үшін ихрамға кірген адам әйелімен жыныстық қатынас жасаса, не істейді?” – деп сұралды. Олар: “Қажылық амалдарын орындауды жалғастырады. Бірақ келесі жылы қайта қажылық жасап, құрбандық шалуы қажет”, – деп жауап берді. Әзірет Әли бұған: “Келесі жылғы қажылықта ерлі-зайыптылар қажылықтарын аяқтағанға дейін бір-бірінен бөлек жүреді”, – деп қосты».

155
Муатта, 21-кітап, № 155
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид Сағид ибн Мусәйябтың: «Ихрамда жүргенде әйелімен жыныстық қатынас жасаған адам туралы не ойлайсыздар? Бұл мәселе жөнінде сәләфтен бізге ештеңе жеткен жоқ», – дегенін естіді. Оған: «Ихрамда жүргенде әйелімен жыныстық қатынас жасаған бір адам Мәдинаға кісі жіберіп, үкімін сұратқан. Кейбіреулер: “Ерлі-зайыптылар келесі жылғы қажылыққа дейін бір-бірінен бөлек тұрады”, – деген», – деп жауап берілді. Сонда Сағид ибн Мусәйяб былай деді: «Олар қажылықтарын жалғастырады. Бастаған осы қажылықтарын аяқтаған соң елдеріне қайтады. Келесі жылғы қажылыққа аман жетсе, қайта қажылық жасап, құрбандық шалулары керек. Ихрамға өткен жылы кірген жерінен кіреді. Қажылық амалдарын орындаған уақыт бойы ерлі-зайыптылар бір-бірінен бөлек жүреді».

Имам Мәлик былай дейді: «Мұндай жағдайда ерлі-зайыптылардың әрқайсысы жеке құрбандық шалуы қажет».

Арафаттан қайтқаннан кейін, Ақаба жәмрасына тас лақтырмай тұрып әйелімен жыныстық қатынас жасаған адам туралы имам Мәлик былай дейді: «Қағбаға бір құрбандық жіберуі және келесі жылы қайта қажылық жасауы парыз. Ал жыныстық қатынас жәмраға тас лақтырғаннан кейін болса, тек ұмра жасап, құрбандық шалады. Келесі жылы қайта қажылық жасау міндет емес».

Имам Мәлик былай дейді: «Жыныстық қатынас жасап, қажылығын немесе ұмрасын бұзған адамға шәует шықпаса да құрбандық шалу міндет. Қажылықта да, ұмрада да жыныстық қатынастың өзі құрбандық шалуды міндеттейді. Ерлі-зайыптылардың жақындасуы, яғни дене жанасуы нәтижесінде шәует шықса, қажылық бұзылады. Ал шәует жанасудан емес, ер адамның бір нәрсені ойына алуынан шықса, оған ештеңе міндет емес. Әйелін сүйіп, шәует шықпаса, сүйгенінің өтемі ретінде Қағбаға бір құрбандық жібереді. Әйел қажылық немесе ұмра үшін ихрамға кіріп, күйеуімен өз еркімен бірнеше рет жыныстық қатынас жасаса, келесі жылы қажылығын қайта өтеуі және Қағбаға құрбандық жіберуі қажет. Ал бұл іс ұмра ихрамында болса, бұзылған ұмрасының қазасын өтеп, бір құрбандық шалады».

49-бапҚажылыққа үлгере алмаған адамның не істеуі керектігі

156
Муатта, 21-кітап, № 156
Қазақша аудармасы

Сүлеймен ибн Ясардан жеткен риуаятта былай делінеді: «Әбу Әйюб әл-Ансари қажылыққа бармақ болып жолға шықты. Мекке жолындағы Нәзияға жеткенде, көлігін жоғалтып алды. Айт күні Омар ибн Хаттабтың алдына келіп, болған жайды баяндады. Омар (р.а.) оған: “Ұмра жасаған адам не істесе, сен де соны істеп, ихрамнан шық. Келесі жылы қажылық уақыты келгенде, қайта қажылық жасап, шамаңа қарай бір құрбан шал”, – деді».

157
Муатта, 21-кітап, № 157
Қазақша аудармасы

Сүлеймен ибн Ясардан жеткен риуаятта былай делінеді: «Һәббар ибн Әсуәд айттың бірінші күні Омар ибн Хаттаб құрбанын шалып жатқанда алдына келіп: “Уа, мүміндердің әміршісі! Күндерді шатастырып алыппыз. Біз бүгінді арафа күні деп ойлаған едік”, – деді. Омар (р.а.) оған: “Меккеге бар да, қасыңдағылармен бірге тауап жасаңдар. Құрбандықтарың болса, оларды да шалыңдар. Содан кейін шаштарыңды алдырып немесе қысқартып, үйлеріңе қайтыңдар. Келесі жылы қажылық уақыты келгенде, қажылықтарыңды өтеп, құрбан шалыңдар. Құрбандық таба алмасаңдар, қажылық кезінде үш күн, қажылықтан қайтқаннан кейін жеті күн ораза ұстаңдар”, – деді».

Имам Мәлик былай дейді: «Қиран қажылығын жасаған адам қажылыққа үлгермей қалса, келесі жылы қайтадан қиран қажылығын жасауы қажет. Келесі жылы екі құрбандық шалады: бірі – қиран қажылығы үшін, екіншісі – өткен жылы өткізіп алған қажылығы үшін».

50-бапМинадан қайтпай тұрып әйелімен жыныстық қатынас жасаған адамның үкімі

158
Муатта, 21-кітап, № 158
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббас былай дейді: «Менен Минадан қайтпай тұрып әйелімен жыныстық қатынас жасаған адамның жағдайы сұралды. Мен оған Қағбаға құрбандыққа шалынатын бір інген жіберуді айттым».

159
Муатта, 21-кітап, № 159
Қазақша аудармасы

Ибн Аббастың азат етілген құлы Икрима былай дейді: «Бір кісінің: “Зиярат тауабын жасамай тұрып әйелімен жыныстық қатынас жасаған адам қайтадан ұмра жасап, құрбан шалады”, – дегені бар. Меніңше, мұны айтқан кісі Абдуллаһ ибн Аббас еді».

160
Муатта, 21-кітап, № 160
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик Рабиға ибн Әби Абдуррахманның Икрима Ибн Аббастан жеткізген сөзді дәл солай айтқанын естігенін риуаят еткен.

Имам Мәлик бұл мәселеге қатысты былай дейді: «Осы тақырыпта естіген риуаяттарымның ішінде ең құптайтыным – осылар».

Имам Мәликтен зиярат тауабын ұмытып, Меккеден еліне қайтып кеткен адамның жағдайы сұралғанда, ол былай жауап берді: «Әйелімен жыныстық қатынас жасамаған болса, қайтып келіп, зиярат тауабын жасасын. Ал әйелімен жыныстық қатынас жасаған болса, қайтып келіп, зиярат тауабын жасасын, оған қоса ұмра жасап, құрбан шалсын. Құрбандығын міндетті түрде Меккеден сатып алып, сол жерде шалу шарт емес. Алайда ұмра үшін ихрамға кірген жерінде жанында құрбандығы болмаса, оны Меккеден сатып алып, Хиллге, яғни Харам аймағынан тыс жерге шығарсын. Содан кейін Қағбаға жеткізіп, шалсын».

51-бапҚағбаға жіберілетін құрбандықтың ең жеңіл түрі

161
Муатта, 21-кітап, № 161
Қазақша аудармасы

Әли ибн Әбу Талиб былай дейді: «Қағбаға жіберілетін құрбандықтың ең жеңіл түрі – қой».

162
Муатта, 21-кітап, № 162
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббас былай дейді: «Һәдийдің ең жеңіл түрі – қой».

Имам Мәлик те былай дейді: «Бұл мәселеде естігендерімнің ішінде ең құптайтыным – осы. Өйткені Алла Тағала кітабында: “Уа, иман келтіргендер! ‘Ихрамға кіргендеріңде’ аңдарды өлтіруші болмаңдар. Араларыңнан кімде-кім бір аңды қасақана өлтірсе, істеген күнәсі үшін оған жаза беріледі. Жазасы – өлтірген аңына пара-пар келетін, Қағбаға тарту ретінде жеткізілетін құрбандық мал болады. Бұған қатысты араларыңнан екі әділ кісі үкім шығарады. Соның өтемі ретінде пақыр-міскіндерді тамақтандыру немесе сол аңның құнына қанша пақырды тамақтандыру мүмкін болса, сонша күн ораза ұстау керек”, – деп бұйырады.1 Мұнда Қағбаға жеткізілетін құрбандық ретінде қой шалуға үкім етіледі. Аятта ол да һәдий деп аталған. Біз, Мәдина халқы, аятта һәдий деп көрсетілген құрбандықтың ең жеңіл түрі қой екеніне бірауыздан келісеміз. Бұған қалай күмәндануға болады? Түйе не сиыр шалуға үкім етуге келмейтін аң үшін қой шалуға үкім етіледі. Ал аңның құны қойдың құнынан да аз болса, кәффарат ретінде ораза ұстауға немесе мұқтаждарды тойдыруға үкім шығарылады».

  1. 1«Мәида» сүресі, 5:95.
163
Муатта, 21-кітап, № 163
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Қағбаға жіберілетін құрбандықтың ең жеңіл түрі – түйе немесе сиыр».

164
Муатта, 21-кітап, № 164
Қазақша аудармасы

Абдуррахманның қызы Амраның азат етілген күңі Руқайя былай дейді: «Абдуррахманның қызы Амра Меккеге бармақ болып жолға шықты. Меккеге зүлхижжаның сегізінші күні жетті. Мен де қасында едім. Тауап пен сағи жасап болған соң мешіттің ауласына кіріп, маған: “Жаныңда қайшы бар ма?” – деді. Мен: “Жоқ”, – дедім. Ол: “Онда тауып әкел!” – деді. Тауып әкелдім. Сол қайшымен шашын қысқартты. Айттың бірінші күні бір қойды құрбандыққа шалды».

52-бапҚағбаға жіберілетін құрбандыққа қатысты әртүрлі риуаяттар

165
Муатта, 21-кітап, № 165
Қазақша аудармасы

Садақа ибн Ясар әл-Мәккиден жеткен риуаятта былай делінеді: «Йемендік бір адам Абдуллаһ ибн Омарға келді. Әлгі адам шашын өріп алған екен. Ол: “Уа, Әбу Абдуррахман! Мен тек ұмра жасау үшін келдім!” – деді. Абдуллаһ ибн Омар оған: “Қасыңда болсам немесе менен сұрасаң, саған қиран қажылығын, яғни бір ихраммен қажылық пен ұмраны бірге жасауды айтар едім”, – деді. Йемендік: “Енді іс болып қойды ғой!” – деді. Абдуллаһ ибн Омар: “Онда шашыңның ұшынан қысқарт та, Қағбаға құрбандық жібер”, – деді. Сонда ирақтық бір әйел: “Жіберілетін құрбандық деген не, уа, Әбу Абдуррахман?” – деп сұрады. Абдуллаһ: “Құрбандық мал”, – деп қайталады. Әйел: “Ол қандай мал болуы керек?” – деді. Сонда Абдуллаһ ибн Омар: “Мен бір қойдан басқа ештеңе таба алмасам да, соны шалғанды ораза ұстағаннан артық көрер едім”, – деді».

166
Муатта, 21-кітап, № 166
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Ихрамдағы әйел ихрамнан шығар кезде шашын қысқартпайынша тарамайды. Жанында құрбандығы болса, оны шалмайынша шашын да қысқартпайды».

167
Муатта, 21-кітап, № 167
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Кейбір ілім иелерінің: “Ерлі-зайыптылар бір құрбандыққа ортақтаспайды. Әрқайсысы жеке-жеке құрбандық жібереді”, – дегенін естідім».

Имам Мәликтен: «Ұмра үшін ихрамға кірген адамның атынан қажылықта шалынсын деп құрбандық жіберілсе, ол ұмра ихрамынан шыққан кезде сол құрбандықты шала ала ма? Әлде өзі ихрамнан шығып, құрбандығын шалуды кейінге қалдыра ма?» – деп сұралды. Ол: «Өзі ұмра ихрамынан шығады да, құрбандығын өз уақытында шалу үшін кейінге қалдырады», – деп жауап берді.

Имам Мәлик былай дейді: «Харам аймағында аң аулағаны үшін немесе басқа бір себеппен Қағбаға құрбандық жіберуге міндеттелген адам оны тек Меккеде шалады. Өйткені аятта: “Қағбаға тарту ретінде жеткізілетін құрбандық мал”, – делінген. Ал сол құрбандықтың орнына өтелетін ораза мен садақаны басқа жерде де орындауға болады. Оразаны басқа жерде ұстауға болатыны сияқты, садақаны да осы міндет жүктелген адам өзі қалаған жерде бере алады».

168
Муатта, 21-кітап, № 168
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Жағфардың азат етілген құлы Әбу Әсма былай дейді: «Абдуллаһ ибн Жағфармен бірге едім. Онымен бірге Мәдинадан жолға шығып, Суқияда ауырып қалған Хусейн ибн Әлиге соқтық. Абдуллаһ ибн Жағфар сол жерде қажылыққа үлгермей қалу қаупі туғанға дейін болды. Мәдинадағы Әли ибн Әбу Талиб пен Умәйстің қызы Әсмаға хабар жіберді. Олар да келді. Кейін әзірет Хусейн шашын алдыруды қалап, басын нұсқады. Сонда әзірет Әли ұлының шашын алдыруды бұйырды. Оның кәффараты ретінде Суқияда бір түйе құрбандыққа шалынды».

Яхия ибн Сағид бұл жөнінде: «Әзірет Хусейн Меккеге осы жолы Осман ибн Аффанмен бірге шыққан еді», – дейді.

53-бапАрафат пен Мүздәлифада уақфа жасау

169
Муатта, 21-кітап, № 169
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Арафаттың барлық жерінде уақфа жасауға болады. Бірақ Уранә аңғарынан аулақ тұрыңдар. Мүздәлифаның да барлық жерінде уақфа жасауға болады. Тек Бәтни Мухассирде тұрмаңдар».1

  1. 1Мүслим, «Хаж», 15/149: хадис иснады жалғасқан түрде риуаят етілген.
170
Муатта, 21-кітап, № 170
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Зүбәйр былай дейді: «Біліп қойыңдар: Уранә аңғарынан басқа Арафаттың барлық жерінде уақфа жасауға болады. Бәтни Мухассирден басқа Мүздәлифаның да барлық жерінде уақфа жасауға болады».

Имам Мәлик бұл мәселеге қатысты былай дейді: «Алла Тағала аятта: “Қажылық – белгілі айларда өтелетін құлшылық. Кімде-кім сол белгілі айларда қажылық парызын өтеуге ниет етсе, онда қажылық парызын өтеу барысында жұбайлардың бір-бірімен төсек қатынасына түсуіне, шариғаттың шеңберінен шығуға, дауласуға және шекісуге жол жоқ”, – деп бұйырады.1 Алла жақсы біледі, мұндағы “рафәс” – жыныстық қатынас, “фусуқ” – пұттарға құрбан шалу. Бұл мағыналар мына аяттарда да кездеседі: “Сендерге ораза ұстаған түні әйелдеріңмен төсек қатынасына түсу адал етілді”.2 Мұндағы “төсек қатынасына түсу” – рафәс. Сондай-ақ: “...немесе Алладан өзгенің атымен шалынған мал болса...” – делінген.3 Мұндай құрбан шалу – фисқ».

Имам Мәлик сөзін былай жалғастырады: «Қажылықтағы “жидәлға” келсек, жәһилия дәуірінде құрайыштар Мүздәлифадағы Қузахта, ал өзге арабтар мен басқалар Арафатта тұратын. Құрайыштар: “Біз тура жолдамыз”, – десе, өзге арабтар мен басқалар да: “Біз тура жолдамыз!” – деп, өзара тартысатын. Сондықтан Алла Тағала: “Біз әр үмбетке өздері атқаратын құлшылық рәсімдерін белгілеп бердік. Сондықтан өзгелер дін мәселесінде саған қарсы шығып, сенімен таласып-тартыспасын. Сен ел-жұртты Раббыңа шақыра бер. Шүбәсіз, сен ақиқатқа жеткізетін тұп-тура жолдасың”, – деген аятты түсірді.4 Осы аяттағы “низағ”, яғни талас-тартыс – жидәл. Мен мұны ілім иелерінен естідім».

  1. 1«Бақара» сүресі, 2:197.
  2. 2«Бақара» сүресі, 2:187.
  3. 3«Әнғам» сүресі, 6:145.
  4. 4«Хаж» сүресі, 22:67.

54-бапКөлік үстінде және таһаратсыз күйде уақфа жасау

171
Муатта, 21-кітап, № 171
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен: «Дәретсіз немесе ғұсылсыз адам Арафат пен Мүздәлифада уақфа жасап, жәмраларға тас атып, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасай ала ма?» – деп сұралды. Ол былай жауап берді: «Қажылықта хайыз әйел істей алатын амалдардың бәрін таһаратсыз адам да істей алады. Бұл үшін оған ешқандай жаза жүктелмейді. Дегенмен осы амалдардың бәрін таза күйде орындағаны абзал. Әдейі дәретсіз жүруге болмайды».

Имам Мәликтен тағы да: «Арафатқа көлікпен келген адам уақфаны көлігінің үстінде жасай ма, әлде түсіп жасай ма?» – деп сұралды. Ол: «Көлігінің үстінде жасағаны дұрыс. Өзіне немесе көлігіне қатысты үзірі болса, жөні бөлек. Алла үзірді бәрінен де жақсы қабыл етеді», – деп жауап берді.

55-бапУақфаның уақыты және қажылыққа үлгеру

172
Муатта, 21-кітап, № 172
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Мүздәлифада түнейтін түні таң атқанша Арафатта уақфа жасамаған адам қажылыққа үлгермеген болып саналады. Ал сол түні таң атпай тұрып Арафатта уақфа жасаған адам қажылыққа үлгерген болады».

173
Муатта, 21-кітап, № 173
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруаның былай дегенін жеткізеді: «Мүздәлифада түнейтін түні таң атпай тұрып Арафаттағы уақфаға үлгермеген адам қажылыққа да үлгермеген болады. Ал сол түні таң атпай тұрып Арафатта уақфа жасаған адам қажылыққа үлгерген болады».

Имам Мәлик былай дейді: «Арафаттағы уақфа орнында құлдықтан азат етілген адамның қажылығы парыз қажылықтың орнына жүруі үшін ол азат етілгенге дейін қажылық ихрамына кірмеген болуы керек. Азат етілген бойда ихрамға кіріп, сол түні таң атпай тұрып Арафатта уақфа жасаса, парыз қажылығын өтеген болады. Ал таң атқанша қажылық ихрамына кірмесе, қажылыққа үлгермеген адамның үкімінде болады. Мүздәлифада түнейтін түні таң атпай тұрып Арафаттағы уақфаға үлгермеген жағдайда, парыз қажылық оның мойнында қалып, кейін оны өтеуге тиіс».

56-бапӘйелдер мен балаларды Мүздәлифадан ертерек жіберу

174
Муатта, 21-кітап, № 174
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан жеткен риуаятта былай делінеді: «Абдуллаһ ибн Омар отбасы мен балаларын Мүздәлифадан Минаға таң намазынан бұрын жіберетін. Осылайша олар жәмраларға халық қалың жиналмай тұрып тас ататын».1

  1. 1Бұхари, «Хаж», 25/98; Мүслим, «Хаж», 15/304. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 515.
175
Муатта, 21-кітап, № 175
Қазақша аудармасы

Әбу Бәкірдің қызы Әсманың азат етілген күңі былай дейді: «Әбу Бәкірдің қызы Әсмамен бірге Минаға алакөлеңкеде келдік. Мен Әсмаға: “Алакөлеңкеде келдік қой...” – дедім. Ол: “Сенен де қайырлы кісімен бірге болғанымызда да осылай істейтін едік”, – деп жауап берді».1

  1. 1Бұхари, «Хаж», 25/98; Мүслим, «Хаж», 15/297.
176
Муатта, 21-кітап, № 176
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен жеткен риуаятта былай делінеді: «Талха ибн Убайдулла әйелдері мен балаларын Мүздәлифадан Минаға ертерек жіберетін».

177
Муатта, 21-кітап, № 177
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Кейбір ғалымдардың айт күні таң атпай тұрып жәмраларға тас атуды құп көрмегенін естідім. Жәмраға тас атқан адамға құрбан шалуға болады».

178
Муатта, 21-кітап, № 178
Қазақша аудармасы

Мүнзирдің қызы Фатима былай дейді: «Әбу Бәкірдің қызы Әсманың Мүздәлифада өзіне және қасындағыларға намаз оқытатын адамға таң намазын таң ата оқытуды бұйыратынын көрдім. Намаздан кейін көлігіне мініп, Минаға аттанатын. Мүздәлифада уақфа жасау үшін қосымша аялдамайтын».

57-бапАрафаттан Мүздәлифаға қайту

179
Муатта, 21-кітап, № 179
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруаның былай дегенін жеткізеді: «Үсама ибн Зәйдтен Алла елшісінің (с.а.с.) қоштасу қажылығында Арафаттан қайтқанда қалай жүргені сұралды. Мен де оның қасында едім. Ол: “Қалыпты жүріспен жүретін. Ал алда кеңістік ашылғанда, жүрісін шапшаңдататын”, – деп жауап берді».1

Имам Мәлик былай дейді: «Һишам: “Хадисте ‘нас’ деп аталған шапшаң жүріс – қалыпты жүрістен сәл жылдамырақ жүріс”, – деген».

  1. 1Бұхари, «Хаж», 25/92; Мүслим, «Хаж», 15/283–284.
180
Муатта, 21-кітап, № 180
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан жеткен риуаятта былай делінеді: «Абдуллаһ ибн Омар Бәтни Мухассирде көлігін бір тас лақтырымдай қашықтыққа шапшаң жүргізетін».

58-бапҚажылықта құрбан шалуға қатысты риуаяттар

181
Муатта, 21-кітап, № 181
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) Минада: «Минаның барлық жерінде құрбан шалуға болады», – деген. Мәруада да: «Меккенің барлық көшелері мен жолдарында құрбан шалуға болады», – деген.1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Хаж», 11/64, Жәбирден; Ибн Мәжа, «Мәнәсик», 25/73.
182
Муатта, 21-кітап, № 182
Қазақша аудармасы

Абдуррахманның қызы Амра былай дейді: «Әзірет Айшаның былай дегенін естідім: “Зүлқағда айының бітуіне бес күн қалғанда Алла елшісімен бірге жолға шықтық. Тек қажылық жасаймыз деп ойлаған едік. Меккеге жақындағанда ардақты Пайғамбар жанында құрбандығы жоқ адамдарға тауап пен сағидан кейін ихрамнан шығуды бұйырды. Айт күні бізге сиыр еті әкелінді. Мен: ‘Бұл не?’ – деп сұрадым. Олар: ‘Алла елшісі (с.а.с.) әйелдері үшін құрбан шалды’, – деді”».

Яхия ибн Сағид былай дейді: «Осы хадисті Қасым ибн Мұхаммедке жеткіздім. Ол маған: “Аллаға ант етемін, Амра саған толық, еш кемшіліксіз айтып берген”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Хаж», 25/115; Мүслим, «Хаж», 15/125.
183
Муатта, 21-кітап, № 183
Қазақша аудармасы

Мүміндердің анасы Хафса былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.): “Жұрттың бәрі ихрамнан шығып жатыр ғой. Ал сіз неге ұмра ихрамынан шықпайсыз?” – дедім. Ол: “Мен шашымды ұйыстырып, құрбандығыма белгі тақтым. Сондықтан құрбандығымды шалмайынша ихрамнан шыға алмаймын”, – деп жауап берді».1

  1. 1Бұхари, «Хаж», 25/34; Мүслим, «Хаж», 15/126.

59-бапҚұрбан шалу

184
Муатта, 21-кітап, № 184
Қазақша аудармасы

Әли ибн Әбу Талибтен жеткен риуаятта былай делінеді: «Алла елшісі (с.а.с.) құрбандықтарының бір бөлігін өзі шалды, қалғанын өзгелер шалды».1

  1. 1Мүслим, «Хаж», 15/147, Жәбирден.
185
Муатта, 21-кітап, № 185
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Бәдәнәны, яғни Қағбаға бағышталған құрбандық түйені нәзір еткен адам оған белгі тағады, ишғар жасайды, яғни белгі ретінде өркешін тіліп, қан шығарады. Содан кейін оны айт күні Қағба маңында немесе Минада шалады. Мұндай құрбандықты осы екі жерден басқа жерде шалмайды. Ал жай ғана түйе немесе сиыр шалуды нәзір еткен адам оны қалаған жерінде шалсын».

186
Муатта, 21-кітап, № 186
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруа былай дейді: «Әкем құрбандық түйелерді тұрғызып қойып шалатын».

Имам Мәлик былай дейді: «Адамға құрбанын шалмай тұрып шашын алдыруға болмайды. Сондай-ақ айт күні таң атпай тұрып құрбан шалуға болмайды. Құрбан шалу, әдеттегі киімді кию, денесін тазарту және шашын алдыру сияқты амалдардың бәрі айт күні орындалады. Одан бұрын жасалмайды».

60-бапҚажылықта шаш алдыру

187
Муатта, 21-кітап, № 187
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Алла! Шашын толық алдырғандарға рақым ет!” – деп дұға еткенде, сол жердегілер: “Шашын қысқартқандарға да, уа, Расулалла!” – деді. Ардақты Пайғамбар қайтадан: “Уа, Алла! Шашын толық алдырғандарға рақым ет!” – дегенде, сол жердегілер тағы да: “Шашын қысқартқандарға да, уа, Расулалла!” – деді. Сонда ардақты Пайғамбар олардың тілегін де қосып: “Уа, Алла! Шашын алдырғандарға және қысқартқандарға рақым ет!” – деп дұға етті».1

  1. 1Бұхари, «Хаж», 25/127; Мүслим, «Хаж», 15/317.
188
Муатта, 21-кітап, № 188
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Қасым былай дейді: «Әкем ұмра жасағанда Меккеге түнде кіретін. Тауап пен сағи жасап болған соң шашын алдыруды таңға қалдыратын. Шашын алдырғанға дейін Қағбаны қайта тауап етпейтін. Алдырғаннан кейін ғана тауап жасайтын. Осы аралықта кейде мешітке кіріп, үтір намазын оқитын, бірақ Бәйтулланы тауап етпейтін».

Имам Мәлик былай дейді: «186-хадистен кейінгі түсіндірмеде айтылған “тәфәс” сөзі шашты алдыру, ихрамнан шығып, әдеттегі киімді кию және осыған ұқсас дене тазалығына қатысты амалдарды білдіреді».

Имам Мәликтен қажылық кезінде Минада шашын алдыруды ұмытқан адамның Меккеде шаш алдыруына бола ма деп сұралды. Ол: «Болады. Бірақ меніңше, Минада алдырғаны абзал», – деп жауап берді.

Имам Мәлик тағы былай дейді: «Біз, Мәдина халқы, бірауыздан қабылдаған үкім бойынша, жанында құрбандығы бар адам оны шалмайынша шашын алдырмайды да, қысқартпайды да. Айт күні Минада ихрамнан шыққанға дейін оған ихрамда тыйым салынған нәрселердің ешқайсысы адал болмайды. Өйткені Құран Кәрімде: “Құрбандық өзінің шалынатын жеріне жетіп, сойылғанға дейін шаштарыңды алмаңдар”, – деп бұйырылған».1

  1. 1«Бақара» сүресі, 2:196.

61-бапҚажылықта шаш қысқарту

189
Муатта, 21-кітап, № 189
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан жеткен риуаятта былай делінеді: «Абдуллаһ ибн Омар рамазан оразасы аяқталғанда, сол жылы қажылыққа баруды ниет етсе, қажылығын өтегенге дейін шашын да, сақалын да қимайтын».

Имам Мәлик: «Ибн Омардың бұл ісі өзге адамдарға міндетті өлшем болмайды», – дейді.

190
Муатта, 21-кітап, № 190
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан жеткен риуаятта былай делінеді: «Абдуллаһ ибн Омар қажылықта немесе ұмрада шашын алдырғанда, сақалы мен мұртын да қысқартатын».

191
Муатта, 21-кітап, № 191
Қазақша аудармасы

Рабиға ибн Әби Абдуррахман былай дейді: «Бір адам Қасым ибн Мұхаммедке келіп: “Әйелім екеуміз зиярат тауабын жасағаннан кейін бір тау жолына бұрылдық. Сол жерде әйеліммен жыныстық қатынас жасағым келді. Әйелім: ‘Мен әлі шашымды қысқартқан жоқпын’, – деді. Сонда оның шашынан тісіммен тістеп үздім де, онымен қатынаста болдым”, – деп айтып берді. Қасым күліп: “Әйеліңе айт, шашын қайшымен қысқартсын”, – деді».

Имам Мәлик бұл мәселеге қатысты былай дейді: «Осындай іс болғанда қан ағызған, яғни құрбан шалған абзал. Бұл жөнінде Абдуллаһ ибн Аббас: “Қажылық ғибадатына қатысты бір амалды ұмытқан адам қан ағызсын”, – деген».

192
Муатта, 21-кітап, № 192
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан жеткен риуаятта былай делінеді: «Абдуллаһ ибн Омар өз әулетінде Мүжәббәр деп танылған адаммен кездесті. Ол зиярат тауабын жасағанымен, шашын алдырмаған да, қысқартпаған да еді. Мұның қажет екенін білмепті. Сонда Абдуллаһ оған кері қайтып, шашын алдыруды немесе қысқартуды, содан кейін Бәйтулланы тауап етіп барып қайтуды айтты».

193
Муатта, 21-кітап, № 193
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен жеткен риуаятта былай делінеді: «Сәлим ибн Абдуллаһ ихрамға кірмек болғанда қайшы сұратып, көлігіне мініп, ихрамға кірмес бұрын сақалы мен мұртын түзейтін».

62-бапҚажылықта шашты ұйыстырып қою

194
Муатта, 21-кітап, № 194
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар Омар ибн Хаттабтың былай дегенін жеткізеді: «Шашын өрген адам оны толық алдырсын. Шашын ұйыстырып қойғандарға еліктемеңдер».1

  1. 1Шайбани, 461.
195
Муатта, 21-кітап, № 195
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйяб былай дейді: «Омар ибн Хаттаб: “Шашын түйген, өрген немесе ұйыстырып қойған адам шашын толық алдыруы керек”, – дейтін».

63-бапБәйтуллада намаз оқу және Арафаттағы құтпаның ұзақтығы

196
Муатта, 21-кітап, № 196
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Бәйтуллаға кірді. Қасында Үсама ибн Зәйд, Біләл ибн Рабах және Осман ибн Талха әл-Хажәби бар еді. Ішке кірген соң есікті жауып, біраз уақыт сонда қалды. Олар шыққаннан кейін Біләлдан ардақты Пайғамбардың не істегенін сұрадым. Ол: “Бір бағананы оң жағына, екеуін сол жағына, үшеуін артына алып намаз оқыды”, – деді. Ол кезде Бәйтуллада алты бағана бар еді».1

  1. 1Бұхари, «Саләт», 8/96; Мүслим, «Хаж», 15/388. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 480.
197
Муатта, 21-кітап, № 197
Қазақша аудармасы

Сәлим ибн Абдуллаһ былай дейді: «Абдулмәлик ибн Мәруан Хажжаж ибн Юсуфқа хат жазып, қажылыққа қатысты істерде Абдуллаһ ибн Омарға қарсы келмеуін тапсырды. Арафа күні күн тас төбеден ауғанда Абдуллаһ оның жанына келді. Мен де қасында едім. Шатырына жақындағанда: “Әлгі қайда?” – деп дауыстады. Хажжаж үстіне сары жамылғы жамылып сыртқа шықты да: “Не болды, уа, Әбу Абдуррахман?” – деді. Абдуллаһ: “Сүннетке ергің келсе, асық!” – деді. Хажжаж: “Осы уақытта ма?” – деп сұрады. Абдуллаһ ибн Омар: “Иә!” – деді. Сонда Хажжаж: “Күте тұр, жуынып келейін”, – деді. Абдуллаһ оның шыққанын күтті. Содан кейін Хажжаж әкем екеуміздің арамызда жүріп отырды. Мен оған: “Бүгін сүннетке сай амал еткің келсе, құтпаны қысқа айтып, намазды ертерек оқыт”, – дедім. Хажжаж менің сөзімді естіді ме екен дегендей Абдуллаһ ибн Омарға қарады. Мұны байқаған Абдуллаһ: “Сәлим дұрыс айтты!” – деді».1

  1. 1Бұхари, «Хаж», 25/87.

64-бапЗүлхижжаның сегізінші күні Минада уақыт намаздарын оқу және Мина мен Арафаттағы жұма намазы

198
Муатта, 21-кітап, № 198
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан жеткен риуаятта былай делінеді: «Абдуллаһ ибн Омар бесін, екінті, ақшам, құптан және таң намаздарын Минада оқитын. Таңертең күн шыққан соң Арафатқа аттанатын».

Имам Мәлик былай дейді: «Біз, Мәдина халқы, арафа күні бесін намазында имамның Құранды дауыстап оқымайтынына бірауыздан келісеміз. Имам сол жерде жамағатқа құтпа оқиды. Арафа күні Арафатта оқылатын бұл намаз – бесін намазы. Ол күн жұмаға сәйкес келсе де, бесін намазы болып қала береді. Тек жолаушылыққа байланысты оның парызы екі рәкағатқа қысқартылып, қаср етіледі».

Имам Мәлик былай дейді: «Жұма арафа күніне, айттың бірінші күніне немесе ташриқ күндерінің біріне сәйкес келсе, қажылар сол күндері жұма намазын оқымайды».

65-бапМүздәлифада намаз оқу

199
Муатта, 21-кітап, № 199
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан жеткен риуаятта былай делінеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Мүздәлифада ақшам мен құптанды жәмғи тәхир жасап, яғни ақшамды құптан уақытына қалдырып, екеуін бірге оқыды».1

  1. 1Бұхари, «Хаж», 25/96; Мүслим, «Хаж», 15/286. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 489.
200
Муатта, 21-кітап, № 200
Қазақша аудармасы

Үсама ибн Зәйд былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Арафаттан қайтқанда, Мүздәлифаға жетпей, бір тар жолға тоқтады. Кіші дәретін өтеп, дәретін ұзаққа созбай, жеңіл алды. Сонда мен: “Намаз оқимыз ба, уа, Расулалла?” – деп сұрадым. Ол: “Намаз оқитын жеріміз алда!” – деді. Көлігіне мініп, Мүздәлифаға жетті. Сол жерде түсіп, дәретін мұқият, толық алды. Кейін қамат айтылып, ақшам намазын оқыды. Содан соң әркім өз қонатын жеріне түйесін шөктірді. Құптан намазына да қамат айтылып, оны да оқыды. Екі намаздың арасында басқа намаз оқыған жоқ».1

  1. 1Бұхари, «Уду», 4/6; Мүслим, «Хаж», 15/276.
201
Муатта, 21-кітап, № 201
Қазақша аудармасы

Әбу Әйюб әл-Ансари былай дейді: «Қоштасу қажылығында Мүздәлифада Алла елшісімен (с.а.с.) бірге ақшам мен құптанды жәмғи тәхир жасап, құптан уақытында оқыдым».1

  1. 1Бұхари, «Хаж», 25/96; Мүслим, «Хаж», 15/285. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 490.
202
Муатта, 21-кітап, № 202
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан жеткен риуаятта былай делінеді: «Абдуллаһ ибн Омар Мүздәлифада ақшам мен құптанды жәмғи тәхир жасап, бірге оқитын».1

  1. 1Шайбани, 488.

66-бапМинада намаз оқу

203
Муатта, 21-кітап, № 203
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Меккеліктер қажылық жасағанда, Меккеге қайтқанға дейін Минада төрт рәкағаттық парыз намаздарын екі рәкағаттан оқиды».

204
Муатта, 21-кітап, № 204
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруаның былай дегенін жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Минада төрт рәкағаттық намаздарды екі рәкағаттан оқыды. Әбу Бәкір мен Омар ибн Хаттаб та солай істеді. Осман ибн Аффан халифалығының алғашқы жартысында Минада бұл намаздарды екі рәкағаттан оқығанымен, кейінгі жартысында толық оқыды».1

  1. 1Бұл – мүрсәл риуаят. Ибн Омардан иснады жалғасқан түрде де риуаят етілген: Бұхари, «Тақсирус-саләт», 18/2; Мүслим, «Саләтул-мусафирин», 6/17.
205
Муатта, 21-кітап, № 205
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйяб былай дейді: «Омар ибн Хаттаб Меккеге келгенде жамағатқа намазды екі рәкағат етіп оқытты. Содан кейін оларға бұрылып: “Меккеліктер! Намаздарыңды толықтырыңдар. Өйткені біз жолаушымыз”, – деді. Кейін Минада да екі рәкағат етіп оқытты. Бірақ ол жерде жамағатқа бұл жөнінде бірдеңе айтқанын естіген жоқпыз».

206
Муатта, 21-кітап, № 206
Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләм әкесінің былай дегенін жеткізеді: «Омар ибн Хаттаб Меккеде жамағатқа намазды екі рәкағат етіп оқытты. Жамағатқа бұрылып: “Меккеліктер! Намаздарыңды толықтырыңдар. Өйткені біз жолаушымыз”, – деді. Кейін Минада да екі рәкағат етіп оқытты. Біз оның ол жерде жамағатқа бірдеңе айтқанын естіген жоқпыз».

Имам Мәликтен: «Арафатта намаздар неше рәкағаттан оқылады? Қажылық әмірі меккелік болса, үкім қалай болады? Бесін мен екінті екі рәкағаттан ба, әлде төрт рәкағаттан ба оқылады? Меккеліктер қалай оқиды?» – деп сұралды. Ол былай жауап берді: «Меккеліктер Меккеге қайтқанға дейін Мина мен Арафатта төрт рәкағаттық намаздарын екі рәкағаттан оқиды. Қажылық әмірі меккелік болса да, арафа мен айт күндері намаздарды осылай оқытады. Ал Минада тұрақты тұратын адам қажылыққа қатысса да, Минада намаздарын толық оқиды. Арафатта тұрақты тұратын адам да өз мекені Арафатта намаздарын толық оқиды».

67-бапМекке мен Минада тұратындардың намаздары

207
Муатта, 21-кітап, № 207
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Зүлхижжаның басында Меккеге келіп, қажылық үшін ихрамға кірген адам Меккеден Минаға аттанғанша намаздарын толық оқиды. Өйткені ол Меккеде төрт түннен артық тұруға ниет еткен. Минаға шыққанда төрт рәкағаттық намаздарды екі рәкағаттан оқиды».

68-бапТашриқ, яғни айт күндеріндегі тәкбірлер

208
Муатта, 21-кітап, № 208
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтен жеткен риуаятта былай делінеді: «Омар ибн Хаттаб айттың бірінші күні күн сәл көтерілгенде сыртқа шығып, тәкбір айтты. Жұрт та оған қосылып тәкбір айтты. Сол күні сәске уақытында тағы шығып, тәкбір айтқанда, мұсылмандар да оған ілесті. Үшінші рет күн тас төбеден ауғанда шығып, тәкбір айтты. Қасындағылар да онымен бірге айтты. Тәкбір дауыстары Қағбаға дейін жететін. Осыдан жұрт Омардың жәмраларға тас атуға шыққанын білетін».

Имам Мәлик былай дейді: «Біз, Мәдина халқы, құрбан айттағы тәкбірлерді намаздардан кейін айтамыз. Бұл тәкбірлер айттың бірінші күні бесін намазынан соң басталады: имам тәкбір айтады, жамағат та онымен бірге айтады. Ең соңғысы ташриқ күндерінің соңғы күніндегі таң намазынан кейін айтылады. Жамағат имамға қосылып тәкбір айтқан соң, бұл тәкбірлер тоқтатылады».1

Имам Мәлик былай дейді: «Ташриқ күндерінің тәкбірлері ерлер мен әйелдерге, жамағатпен оқығанға да, жеке оқығанға да, Минада жүргенге де, өзге елде болғанға да уәжіп. Қажылықтағы жұрт бұл тәкбірде қажылық әмірі мен Минадағы жамағатқа ереді. Өйткені Минадан қайтып, ихрамнан шыққанда да соларға еріп, ихрамнан тыс жүргендер сияқты тәкбір айтады. Ал қажылықта болмағандар қажыларға тек ташриқ күндерінің тәкбірлерінде ғана ереді, қажылыққа тән өзге тәкбірлерге міндетті емес».

Имам Мәлик былай дейді: «Құран Кәрімдегі “әййәмән мағдудат”, яғни “санаулы күндер” деген сөз ташриқ күндерін білдіреді».2

  1. 1Ханафи мәзһабы бойынша, ташриқ тәкбірлері құрбан айттың арафа күніндегі таң намазынан басталып, айттың төртінші күніндегі екінті намазында аяқталады. Барлығы жиырма үш уақыт намазын қамтиды. Бұл тәкбірлер әрбір парыз намазынан кейін айтылады.
  2. 2«Бақара» сүресі, 2:203.

69-бапМуәррәс және Мухассаб деп аталатын жерлерде намаз оқу

209
Муатта, 21-кітап, № 209
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан жеткен риуаятта былай делінеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Зүлхуләйфадағы Батхаға түйесін шөктіріп, сол жерде намаз оқыды».1 Нәфиғ Абдуллаһ ибн Омардың да осылай істегенін айтады.

Имам Мәлик былай дейді: «Қажылықтан қайтқан адамға Муәррәстен намаз оқымай өтіп кету лайық емес. Ол жерге келгенде намаз оқуға болмайтын уақыт болса, намаз оқитын уақыт кіргенше күтсін. Содан кейін шамасы келгенше намаз оқысын. Маған жеткен риуаят бойынша, ардақты Пайғамбар ол жерге тынығу үшін аялдаған. Абдуллаһ ибн Омар да сол жерге түйесін шөктірген».2

  1. 1Мүслим, «Хаж», 15/43.
  2. 2Шайбани, 516.
210
Муатта, 21-кітап, № 210
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан жеткен риуаятта былай делінеді: «Абдуллаһ ибн Омар бесін, екінті, ақшам және құптан намаздарын Мухассабта оқитын. Содан кейін түнде Меккеге кіріп, Бәйтулланы тауап ететін».1

  1. 1Шайбани, 519.

70-бапМинада түнеуге тиісті түндерде Меккеде болу

211
Муатта, 21-кітап, № 211
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай дейді: «Айтуларына қарағанда, Омар ибн Хаттаб арнайы адамдар жіберетін. Олар Ақабаның арғы жағында, Мекке жақ бетте жүрген жұртты Минаға қайта кіргізетін».1

  1. 1Шайбани, 500.
212
Муатта, 21-кітап, № 212
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар Омар ибн Хаттабтың былай дегенін жеткізеді: «Қажылар Минада түнеуге тиісті түндерде Ақабаның арғы жағында түнемесін».

213
Муатта, 21-кітап, № 213
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруаның Минада түнеуге тиісті түндерде Меккеде түнеу туралы былай дегенін жеткізеді: «Минада түнеуге тиісті түндерде ешкім Минадан басқа жерде түнемесін».

71-бапЖәмраларға тас ату

214
Муатта, 21-кітап, № 214
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен жеткен риуаятта былай делінеді: «Омар ибн Хаттаб алғашқы екі жәмраның жанында ұзақ тұратыны сонша, қасында тұрған адам шаршап кететін».

215
Муатта, 21-кітап, № 215
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан жеткен риуаятта былай делінеді: «Абдуллаһ ибн Омар алғашқы екі жәмраның жанында тәкбір, тәсбих айтып, Алланы мадақтап, дұға жасап ұзақ тұратын. Ал Ақаба жәмрасының жанында аялдамайтын».

216
Муатта, 21-кітап, № 216
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан жеткен риуаятта былай делінеді: «Абдуллаһ ибн Омар жәмраларға тас атқанда, әр тас лақтырған сайын тәкбір айтатын».

217
Муатта, 21-кітап, № 217
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Кейбір ғалымдардың: “Жәмраларға атылатын тастар саусақпен шертіп лақтыратын ұсақ тастардай болуы керек”, – дегенін естідім».

Имам Мәлик: «Меніңше, одан сәл үлкенірек болғаны абзал», – дейді.

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Айт күндерінде күн батқанда әлі Минада жүрген адам келесі күннің тастарын атпай қайтпасын».

218
Муатта, 21-кітап, № 218
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Қасым әкесінің былай дегенін жеткізеді: «Мұсылмандар жәмраларға тас атуға жаяу барып, жаяу қайтатын. Алғаш рет көлікпен барып-қайтқан адам Мұғауия ибн Әби Суфян болды».

219
Муатта, 21-кітап, № 219
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик Абдуррахман ибн Қасымнан: «Әкең Қасым Ақаба жәмрасына қай жерден тас ататын?» – деп сұрады. Ол: «Өзіне ыңғайлы жерден», – деп жауап берді.

Имам Мәликтен: «Бала мен науқастың орнына тас атуға бола ма?» – деп сұралды. Ол: «Иә, болады. Науқас өзінің орнына тас атылатын уақытты шамалап, сол кезде тұрған жерінде тәкбір айтады және құрбан шалады. Ташриқ күндері бітпей тұрып сауығып кетсе, өз атынан атылған тастарды қайтадан өзі атады. Бұл жағдайда да құрбан шалу міндеті сақталады», – деп жауап берді.

Имам Мәлик былай дейді: «Меніңше, дәретсіз күйде жәмраларға тас атқан немесе сағи жасаған адамға бұл амалдарды қайталау қажет емес. Дегенмен әдейі дәретсіз жасауға болмайды».

220
Муатта, 21-кітап, № 220
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Ташриқтың үш күнінде күн тас төбеден аумайынша жәмраларға тас атылмайды».1

  1. 1Шайбани, 499.

72-бапЖәмраларға тас атуға қатысты жеңілдіктер

221
Муатта, 21-кітап, № 221
Қазақша аудармасы

Әбул-Бәддах әкесі Асым ибн Адийдің былай дегенін жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) түйе бақташыларына Минадан шығып, түнді басқа жерде өткізуге рұқсат етті. Олар айттың бірінші күні тас атып, одан кейінгі екі күннің тастарын бір күнде бірге ататын. Содан соң қайтатын күнінің тастарын ататын».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Мәнәсик» («Хаж»), 11/77; Тирмизи, «Хаж», 7/108; Нәсәи, «Хаж», 24/225; Ибн Мәжа, «Мәнәсик» («Хаж»), 25/67. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 495.
222
Муатта, 21-кітап, № 222
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид Ата ибн Әби Рабахтың: «Ертеде, сахабалар заманында бақташыларға жәмраларға түнде тас атуға рұқсат берілген», – дегенін естіген.

Бақташыларға жәмраларға тас атуда ардақты Пайғамбар берген жеңілдік туралы Имам Мәлик былай дейді: «Алла жақсы біледі. Біздің түсінуімізше, бақташылар айттың бірінші күні тас атқан. Екінші күні бармай, үшінші күні алдымен екінші күннің өтелмеген тастарын, содан кейін үшінші күннің тастарын атқан. Өйткені амал адамға міндет болмай тұрып, оның қазасын өтеуге болмайды. Амал міндет болып, уақыты өткеннен кейін ғана қазасы өтеледі. Осылайша тас атуға жеңілдік берілген бақташылар қайтқысы келсе, содан кейін кете алады. Ал соңғы күнге дейін қалса, басқа мұсылмандармен бірге тас атып, соңғы күні солармен бірге қайтады».

223
Муатта, 21-кітап, № 223
Қазақша аудармасы

Әбу Бәкір әкесі Нәфиғтың былай дегенін жеткізеді: «Әбу Убайдтың қызы Сафияның бауырының қызы Мүздәлифада босанды. Сафия онымен бірге жұрттан қалып қойып, айт күні күн батқаннан кейін Минаға жетті. Абдуллаһ ибн Омар оларға келген бойда жәмраға тас атуды бұйырды. Бұл үшін оларға ешқандай жаза жүктемеді».

Имам Мәликтен Минада кейбір күндері жәмраларға тас атуды кешке дейін ұмытып кеткен адамдардың жағдайы сұралды. Ол былай жауап берді: «Түн болсын, күндіз болсын, есіне түскен бойда барып, тастарын атсын. Бұл – ұмытқан намазын түнде не күндіз қашан есіне түссе, сол кезде оқитыны сияқты. Ал Меккеге қайтқаннан немесе Меккеден кетіп қалғаннан кейін есіне түссе, Қағбаға бір құрбандық жіберуге тиіс».

73-бапҚажылықтан қайту

224
Муатта, 21-кітап, № 224
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Омар ибн Хаттаб Арафатта жамағатқа құтпа оқып, қажылық амалдарының қалай орындалатынын түсіндірді. Айтқандарының ішінде мына сөздері де бар еді: “Минаға барып, жәмраға тас атқаннан кейін сендерге бұған дейін тыйым салынған нәрселердің бәрі адал болады. Тек әйелдермен жыныстық қатынас жасауға және хош иіс қолдануға болмайды. Сондықтан Бәйтулланы тауап етпейінше ешкім әйелімен жыныстық қатынас жасамасын, хош иіс те қолданбасын”».

225
Муатта, 21-кітап, № 225
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар Омар ибн Хаттабтың былай дегенін жеткізеді: «Жәмраға тас атып, шашын алдырған немесе қысқартқан, жанында құрбандығы болса, оны шалған адамға әйелімен жыныстық қатынас жасау мен хош иіс қолданудан басқа нәрселердің бәрі адал болады. Бірақ Бәйтулланы тауап етпейінше әйеліне жақындамайды, хош иіс те қолданбайды».

74-бапХайыз әйелдің Меккеге келуі

226
Муатта, 21-кітап, № 226
Қазақша аудармасы

Мүміндердің анасы әзірет Айша былай дейді: «Қоштасу қажылығын жасау үшін ардақты Пайғамбармен бірге жолға шыққан едік. Кейін қажылығымызды ұмраға айналдырдық. Алла елшісі (с.а.с.): “Жанында құрбандығы бар адам қажылық пен ұмраға бірге ихрамға кірсін. Екеуін де аяқтамайынша ихрамнан шықпасын”, – деді. Мен Меккеге хайыз күйде келдім. Сондықтан Бәйтулланы тауап етпедім, Сафа мен Мәруа арасында сағи да жасамадым. Жағдайымды Алла елшісіне (с.а.с.) айтып шағымдандым. Ол маған: “Шашыңды шешіп, тара. Ұмраны қоя тұрып, қажылыққа ихрамға кір”, – деді. Айтқанын орындадым. Қажылығымызды өтеген соң ардақты Пайғамбар мені Абдуррахман ибн Әби Бәкір әс-Сыддықпен бірге Тәнғимге жіберді. Сол жерде ұмра үшін ихрамға кірдім. Абдуррахман маған: “Міне, ұмраға ихрамға кіретін жерің осы!” – деді. Ұмра үшін ихрамға кіргендер Бәйтулланы тауап етіп, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасаған соң ихрамнан шықты. Кейін Минадан қайтқанда қажылық үшін тағы бір тауап жасады. Ал тек қажылыққа немесе қажылық пен ұмраға бірге ихрамға кіргендер бір ғана тауап жасады».

Уруа ибн Зүбәйр арқылы жеткен осыған ұқсас тағы бір риуаят бар.1

  1. 1Бұхари, «Хаж», 25/31; Мүслим, «Хаж», 15/111.
227
Муатта, 21-кітап, № 227
Қазақша аудармасы

Әзірет Айша былай дейді: «Меккеге келгенімде хайыз күйде едім. Сондықтан тауап та, сағи да жасамадым. Жағдайымды ардақты Пайғамбарға айтып шағымдандым. Ол маған: “Тазарғанша тауап пен сағидан басқа қажылар істейтін амалдардың бәрін істе”, – деді».1

Имам Мәлик былай дейді: «Ұмра үшін ихрамға кіріп, Меккеде қажылық уақытын күтіп жүрген әйел хайыз болса, Бәйтулланы тауап ете алмайды. Қажылыққа үлгермей қалудан қорықса, қажылық үшін де ихрамға кіріп, бір құрбан шалады. Ол қиран қажылығын жасаушының үкімінде болады. Сондықтан қажылық пен ұмраға ортақ бір ғана тауап жасайды».

Имам Мәлик былай дейді: «Әйел хайыз болмас бұрын тауап жасап, оның намазын оқып қойған болса, хайыз күйінде сағи жасай алады. Сондай-ақ Арафат пен Мүздәлифада уақфа жасап, жәмраларға тас атады. Бірақ хайыздан тазарғанша зиярат тауабын жасамайды».

  1. 1Бұхари, «Хаж», 25/81.

75-бапХайыз әйел және зиярат тауабы

228
Муатта, 21-кітап, № 228
Қазақша аудармасы

Әзірет Айша былай дейді: «Хуәййдің қызы Сафия хайыз болды. Бұл жайды ардақты Пайғамбарға айттым. Ол: “Бізді осында кідіртіп қоя ма?” – деп сұрады. Оған: “Зиярат тауабын жасап қойған”, – делінді. Сонда ол: “Ендеше, күтпейміз”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Хаж», 25/145.
229
Муатта, 21-кітап, № 229
Қазақша аудармасы

Әзірет Айша былай дейді: «Ардақты Пайғамбарға: “Уа, Расулалла! Хуәййдің қызы Сафия хайыз болды!” – дедім. Алла елшісі (с.а.с.): “Бізді осында кідіртіп қоя ма? Ол сендермен бірге Бәйтулланы тауап етпеді ме?” – деп сұрады. Жұрт: “Етті!” – деді. Сонда ардақты Пайғамбар: “Ендеше, кеттік!” – деді».1

  1. 1Бұхари, «Хайыз», 6/27; Мүслим, «Хаж», 15/385. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 468.
230
Муатта, 21-кітап, № 230
Қазақша аудармасы

Абдуррахманның қызы Амра былай дейді: «Әзірет Айша қажылық жасағанда, қасында әйелдер болса, хайыз болып қалар деп, айт күні оларды зиярат тауабын жасауға ертерек жіберетін. Олар тауаптан кейін хайыз болса, әзірет Айша тазарғандарын күтпейтін. Өйткені зиярат тауабын жасап қойған әйелдер хайыз күйінде де еліне қайта алатын».1

  1. 1Шайбани, 467.
231
Муатта, 21-кітап, № 231
Қазақша аудармасы

Мүміндердің анасы әзірет Айша былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) жанында Хуәййдің қызы Сафия туралы сөз қозғалып: “Ол хайыз болды”, – делінді. Ардақты Пайғамбар: “Бізді осында кідіртіп қоя ма?” – деп сұрады. Сол жердегілер: “Уа, Расулалла! Ол тауабын жасап қойған”, – деді. Сонда ардақты Пайғамбар: “Ендеше, кете аламыз”, – деді».1

Әзірет Айша былай дейді: «Біз бұл мәселе жайында сөз қозғайтынбыз. Егер әйелдерді ертерек жіберудің оларға еш пайдасы болмаса, жұрт әйелдерін неге алдын ала жібереді? Олардың айтқаны рас болса, зиярат тауабын жасап қойған, бірақ хайыз болғандықтан күтіп отырған алты мыңнан астам әйел Минада қалуға тиіс болар еді».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Мәнәсик» («Хаж»), 11/89.
232
Муатта, 21-кітап, № 232
Қазақша аудармасы

Әбу Сәләмә ибн Абдуррахманнан жеткен риуаятта былай делінеді: «Милханның қызы Үммі Сүләйм айт күні зиярат тауабын жасағаннан кейін хайыз болып немесе босанып, Пайғамбарымыздан пәтуа сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) оған қайтуға рұқсат берді. Ол жолға шықты».1

Имам Мәлик былай дейді: «Минада хайыз болған әйел Бәйтулланы тауап еткенше сонда қалады. Бұл – оның міндеті. Ал зиярат тауабын жасап болғаннан кейін хайыз болса, еліне қайта берсін. Өйткені ардақты Пайғамбардың мұндай әйелдерге қайтуға рұқсат бергені туралы риуаят бізге жеткен».

Имам Мәлик былай дейді: «Әйел Минада зиярат тауабын жасамай тұрып хайыз болып, жолынан кідірсе, оған көлігін жалға берген кісі де әйелдерді хайыз себебімен күтуге тиісті ең ұзақ мерзімге дейін оны күтуі керек».2

  1. 1Ибн Абдилбәр: «Үммі Сүләймнен бұл риуаятты тек осы жолмен білемін», – дейді. Зурқани: «Әбу Сәләмә Үммі Сүләймнен тікелей естімегендіктен, иснадта үзіліс бар деп есептелсе де, бұл риуаятты қуаттайтын басқа хадистер бар», – деп қосады.
  2. 2Шайбани, 469.

76-бапҚажылықта құс пен басқа жабайы жануарларды өлтірген адам төлейтін фидия мөлшері

233
Муатта, 21-кітап, № 233
Қазақша аудармасы

Әбуз-Зүбәйрден жеткен риуаятта былай делінеді: «Омар ибн Хаттаб қажылықта қорқау қасқыр өлтірген адамға бір қошқар, киік өлтіргенге бір ешкі, қоян өлтіргенге бір лақ, ал қосаяқ өлтіргенге төрт айлық бір ұрғашы лақ беруге үкім етті».1

  1. 1Шайбани, 502.
234
Муатта, 21-кітап, № 234
Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Сирин былай дейді: «Бір адам Омар ибн Хаттабқа келіп: “Жолдасым екеуміз аттарымызды жарыстырдық. Тар жолдың кіреберісіндегі бір ойықта киікке тиіп, оны өлтіріп алдық. Екеуміз де ихрамда едік. Енді бізге не істеуді бұйырасыз?” – деді. Омар (р.а.) қасындағы кісіге: “Кел, бірге үкім шығарайық!” – деді. Екеуі әлгі адамға өтем ретінде бір ешкі беруге үкім етті. Ол кетіп бара жатып: “Бұл да өзінше мүміндердің әміршісі! Бір киіктің үкімін де өзі шығара алмай, басқа біреуді шақырады!” – деп күбірледі. Омар (р.а.) оның сөзін естіп, шақырып алды да: “Мәида сүресін оқыдың ба?” – деп сұрады. Әлгі адам: “Жоқ!” – деді. Омар: “Менімен бірге үкім шығарған адамды танисың ба?” – деп сұрады. Ол тағы да: “Жоқ!” – деп жауап берді. Сонда әзірет Омар: “Мәида сүресін оқыған болсаң, сені жақсылап сабар едім. Өйткені Алла Тағала кітабында: ‘Бұған қатысты араларыңнан екі әділ кісі үкім шығарады’, – деп бұйырады.1 Ал мына кісі – Абдуррахман ибн Ауф”, – деді».

  1. 1«Мәида» сүресі, 5:95.
235
Муатта, 21-кітап, № 235
Қазақша аудармасы

Һишамның әкесі Уруа былай дейді: «Жабайы сиыр өлтірген адам өтем ретінде бір үй сиырын, киік өлтірген адам бір қой береді».

236
Муатта, 21-кітап, № 236
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйяб былай дейді: «Мекке көгершінін өлтірген адам өтем ретінде бір қой беруге тиіс».

Имам Мәлик былай дейді: «Үйінің бір бөлігінде Мекке көгершінінің балапандары бар адам қажылық немесе ұмра үшін ихрамға кірерде олардың шығатын есігін жауып кетіп, балапандар ішінде өліп қалса, өлген әр балапан үшін бір қой беруге тиіс».

237
Муатта, 21-кітап, № 237
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Ихрамдағы адам түйеқұс өлтірсе, өтем ретінде бір інген беруге тиіс екенін бұрыннан естіп келемін».

Имам Мәлик былай дейді: «Меніңше, түйеқұстың жұмыртқасын сындырған адам бір інгеннің құнының оннан бірін өтем ретінде береді. Бұл – азат әйелдің құрсағындағы нәрестенің өліміне себеп болған адам анасына тиесілі құнның оннан біріне тең, яғни елу динар тұратын ер құлды немесе күңді құн ретінде беруге тиіс болатыны сияқты. Құрлықтағы барлық құс, соның ішінде бүркіт, сұңқар, тазқара сияқты құстар да аңға жатады. Ихрамдағы адам оларды өлтірсе, өзге аңды өлтіргені сияқты өтем береді. Өлтіргені үшін өтем белгіленген жануардың ірісін өлтіру мен кішісін өлтірудің үкімі бірдей. Бұл – азат баланы өлтіру мен азат ересек адамды өлтірудің құнында айырма болмайтыны сияқты».

77-бапИхрамда шегіртке өлтірген адамның өтемі

238
Муатта, 21-кітап, № 238
Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләмнен жеткен риуаятта былай делінеді: «Бір адам Омар ибн Хаттабқа келіп: “Уа, мүміндердің әміршісі! Ихрамда жүргенде қамшыммен шегірткелерді ұрып өлтірдім!” – деді. Омар (р.а.): “Онда өтем ретінде бір уыс азық бер!” – деп жауап берді».

239
Муатта, 21-кітап, № 239
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтен жеткен риуаятта былай делінеді: «Бір адам Омар ибн Хаттабқа келіп, ихрамда жүргенде шегірткелерді өлтіргенін айтты. Сонда Омар (р.а.) Кағбқа: “Кел, бірге үкім шығарайық”, – деді. Кағб: “Бір дирхам берсін”, – дегенде, әзірет Омар: “Сен дирхамды оңай табасың ғой. Ал кедейге бір түйір құрманың өзі бір шегірткеден артық”, – деді».

78-бапҚұрбан шалмай тұрып шаш алдырған адамның фидиясы

240
Муатта, 21-кітап, № 240
Қазақша аудармасы

Кағб ибн Ужра былай дейді: «Ихрамда жүргенде ардақты Пайғамбармен бірге едім. Басымдағы биттер мазалай бастады. Сонда ардақты Пайғамбар шашымды алдыруды бұйырып: “Не үш күн ораза ұста, не әрқайсысына екі муддтан беріп, алты кедейді тойдыр, не бір қой құрбан шал. Қайсысын орындасаң да, фидияң өтеледі”, – деді».1

  1. 1Иснадтың дұрысы: Абдулкәрим ибн Мәлик әл-Жәзәри – Мүжәһид – Абдуррахман. Бұхари, «Мухсар», 27; Мүслим, «Хаж», 15/82. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 504.
241
Муатта, 21-кітап, № 241
Қазақша аудармасы

Кағб ибн Ужра былай дейді: «Ардақты Пайғамбар маған: “Басыңдағы биттер мазалап жүрген сияқты ғой!” – деді. Мен: “Иә, уа, Расулалла!” – деп жауап бердім. Сонда Пайғамбарымыз: “Шашыңды алдыр. Фидия ретінде үш күн ораза ұста, не алты кедейді тойдыр, не бір қой құрбан шал”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Мухсар», 27/5.
242
Муатта, 21-кітап, № 242
Қазақша аудармасы

Кағб ибн Ужра былай дейді: «Жолдастарыма ас пісіру үшін қазанның астындағы отты үрлеп жатқанымда Алла елшісі (с.а.с.) жаныма келді. Шашым мен сақалым битке толып кеткен еді. Ардақты Пайғамбар маңдайымнан ұстап: “Мына шашыңды алдыр. Фидия ретінде үш күн ораза ұста немесе алты кедейді тойдыр”, – деді. Ол менің құрбан шалатын малым жоқ екенін білетін».1

Адамды мазалайтын жайларға байланысты берілетін фидия туралы Имам Мәлик былай дейді: «Фидияны оны міндеттейтін әрекетті жасамай тұрып өтеуге болмайды. Кәффарат адамға міндет болғаннан кейін ғана өтеледі. Фидия міндеттелген адам оны құрбан шалу, ораза ұстау немесе садақа беру арқылы Меккеде де, басқа жерде де өтей алады».

Имам Мәлик былай дейді: «Ихрамдағы адамға ихрамнан шыққанша шашын жұлуға, алдыруға немесе қысқартуға болмайды. Басына түскен кесел мазаласа, қажет амалын жасап, Алла бұйырғандай фидиясын береді. Сондай-ақ ихрамдағы адам тырнағын алмайды, битті өлтірмейді, басындағы, денесіндегі немесе киіміндегі битті жерге тастамайды. Денесінен не киімінен бір битті жерге тастаса, фидия ретінде бір уыс азық беруге тиіс».

Имам Мәлик былай дейді: «Ихрамдағы адам ұмытып немесе білмей мұрнынан, қолтығынан түк жұлса, түк кетіретін хаммам шөбін қолданса, мәжбүр болып басындағы жараның айналасын қырса не қан алдыру үшін басының бір жеріндегі шашты алса, осы жағдайлардың қайсысында да фидия беруге тиіс. Алайда қан алдыру үшін сол жердің шашын қыруға болмайды. Ал шашын алмай қан алдырса, оған фидия жүктелмейді. Білмей жәмраға тас атпай тұрып шашын алдырған адам да фидия береді».

  1. 1Бұхари, «Мағази», 64/35; Мүслим, «Хаж», 15/80: иснады жалғасқан түрде риуаят еткен.

79-бапҚажылық амалдарының бірін ұмытқан адамның не істеуі керектігі

243
Муатта, 21-кітап, № 243
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббас былай дейді: «Қажылық амалдарының бірін ұмытқан немесе тәрк еткен адам қан ағызсын, яғни құрбан шалсын». Риуаятшы Әйюб: «Абдуллаһ “ұмытқан” деді ме, әлде “тәрк еткен” деді ме, есімде жоқ», – дейді.

Имам Мәлик былай дейді: «Қажылық амалын орындамағаны үшін һәдий беру қажет болса, ол тек Меккеде ғана шалынады. Ал басқа өтем міндеттелсе, адам оны қалаған жерінде өтейді».1

  1. 1Мәлик, «Мууатта», «Қажылық» кітабы, 79-бөлім.

80-бапФидияға қатысты әртүрлі риуаяттар

244
Муатта, 21-кітап, № 244
Қазақша аудармасы

Ихрамда берілетін фидияны жеңіл санап, ихрамда киюге болмайтын киімді киген, шашын қысқартқан немесе мәжбүр болмаса да хош иіс қолданған адам туралы Имам Мәлик былай дейді: «Ихрамдағы адамға мұндай істерді жасауға болмайды. Оларға тек зәрулік жағдайында, фидиясын өтеу шартымен ғана рұқсат етілген».

Имам Мәликтен: «Адам фидия міндеттелгенде ораза ұстау, садақа беру немесе құрбан шалудың бірін өзі таңдай ала ма? Қандай мал құрбандыққа шалынады? Азық неше мудд болуы керек? Неше күн ораза ұсталады? Осы міндеттердің бірі жүктелгенде, оны дереу орындау керек пе, әлде кейінге қалдыруға бола ма?» – деп сұралды. Ол былай жауап берді: «Адам Алланың кітабында көрсетілген кәффараттардың қалағанын орындайды. Бұл мәселеде таңдау өз еркінде. Құрбандыққа қой шалынады. Ораза үш күн ұсталады. Ал азықпен өтегенде, ардақты Пайғамбар заманындағы мудд өлшемімен алты кедейдің әрқайсысына екі муддтан береді. Бір мудд – жарты килограмм».

Имам Мәлик былай дейді: «Кейбір ғалымдардың былай дегенін естідім: “Ихрамдағы адам бір нәрсе лақтырып, аң өлтіруді ойламаған болса да, әлгі зат аңға тиіп, оны өлтірсе, фидия береді. Сол сияқты ихрамда емес адам Харам аймағында байқаусызда аң өлтірсе де, фидия өтеуге тиіс. Өйткені бұл жағдайда байқаусызда өлтіру мен қасақана өлтірудің үкімі бірдей”».

«Бір топ адам ихрамда жүргенде немесе Харам аймағында ихрамсыз жүргенде бірігіп бір аңды өлтірсе, не болады?» – деген сұраққа Имам Мәлик былай жауап берді: «Меніңше, олардың әрқайсысы өтемін жеке-жеке өтеуге тиіс. Құрбан шалуға үкім етілсе, әрқайсысы бір-бір құрбан шалады. Ораза ұстауға үкім етілсе, әрқайсысы сол оразаны өзі ұстайды. Бұл – бір топ адам байқаусызда бір адамды өлтіргенде, әрқайсысы жеке-жеке құл азат ететіні немесе екі ай қатарынан ораза ұстайтыны сияқты».

Имам Мәлик былай дейді: «Жәмраға тас атып, шашын алдырғанымен, әлі зиярат тауабын жасамаған адам аңды атып не аулап алса, оның өтемін беруге тиіс. Өйткені Құран Кәрімде: “‘Ихрамнан шыққаннан’ кейін, қаласаңдар, саятшылық құрыңдар”, – деп бұйырылған.1 Ал зиярат тауабын жасамаған адамға әйелімен жақындасуға және хош иіс қолдануға қатысты тыйымдар әлі де сақталады».

Имам Мәлик былай дейді: «Харам аймағында ихраммен жүрген адам ағаш кессе, оған өтем жүктелмейді. Ағаш кескені үшін біреуге өтем жүктелгені туралы хабар бізге жеткен жоқ. Дегенмен мұндай іс жасаған адам жақсы іс істеген болып саналмайды».

Имам Мәлик былай дейді: «Білмей, ұмытып немесе ауырып қалып, қажылықта ұстауға тиіс үш күндік оразасын ұстамаған адам еліне қайтқаннан кейін шамасы келсе, Қағбаға бір құрбандық жіберсін. Құрбандық таба алмаса, үйінде үш күн, содан кейін тағы жеті күн ораза ұстасын».

  1. 1«Мәида» сүресі, 5:2.

81-бапҚажылыққа қатысты әртүрлі риуаяттар

245
Муатта, 21-кітап, № 245
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Минада тоқтап тұрды. Мұсылмандар оған әртүрлі сұрақтар қойып жатты. Бір адам келіп: “Уа, Расулалла! Білмей, құрбан шалмай тұрып шашымды алдырып қойдым”, – деді. Ардақты Пайғамбар: “Құрбаныңды шал, оқасы жоқ”, – деді. Содан кейін тағы бір адам келіп: “Уа, Расулалла! Білмей, жәмраға тас атпай тұрып құрбан шалып қойдым”, – деді. Пайғамбарымыз оған да: “Тасыңды ат, оқасы жоқ”, – деп жауап берді. Сол жерде қандай амалды ерте не кеш орындағаны туралы сұраса да, ардақты Пайғамбар: “Орындай бер, оқасы жоқ”, – деп жауап берді».1

  1. 1Бұхари, «Хаж», 25/131; Мүслим, «Хаж», 15/327. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 501.
246
Муатта, 21-кітап, № 246
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Ардақты Пайғамбар жорықтан, қажылықтан немесе ұмрадан қайтқанда, әрбір биік жерге шыққан сайын үш рет тәкбір айтатын. Содан кейін: “Жалғыз Алладан басқа тәңір жоқ. Оның серігі жоқ. Билік Оған тән, бар мадақ Оған лайық. Ол барлық нәрсеге құдіретті. Біз қайтып келеміз, тәубе етеміз, құлшылық қылып, сәжде жасаймыз, Раббымызға мадақ айтамыз. Алла уәдесін орындады, құлына жәрдем берді, жау топтарды жалғыз Өзі жеңді”, – деп дұға ететін».1

  1. 1Бұхари, «Ұмра», 26/12; Мүслим, «Хаж», 15/428. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 515.
247
Муатта, 21-кітап, № 247
Қазақша аудармасы

Ибн Аббас былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) түйе үстіндегі қалқалы күймеде отырған әйелдің жанынан өтті. Әйелге: “Бұл – Алланың елшісі!” – делінді. Сонда ол қасындағы баланы екі қолтығынан ұстап көтеріп: “Уа, Расулалла! Мына баланың қажылығы есептеле ме?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Иә, саған да сауап болады”, – деп жауап берді».1

  1. 1Мүслим, «Хаж», 15/409.
248
Муатта, 21-кітап, № 248
Қазақша аудармасы

Талха ибн Убайдулла ибн Кәризден жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Шайтан арафа күніндегідей кішірейген, қорланған, төмендеген әрі ашуға булыққан күйде ешқашан көрінген емес. Себебі ол сол күні рақымның төгілгенін, Алланың үлкен күнәларды кешіргенін көреді. Тек Бәдір шайқасы күні бұдан да бетер кішірейіп, қорланып, ашуланған». Одан: «Уа, Расулалла! Шайтан Бәдірде не көрді?» – деп сұралғанда, ол: «Жәбірейілдің періштелерді шайқасқа сапқа тұрғызып жатқанын көрді», – деп жауап берді.1

  1. 1Бұл – мүрсәл хадис. Хаким «Мүстәдракта» Әбуд-Дәрдадан иснады жалғасқан түрде риуаят еткен.
249
Муатта, 21-кітап, № 249
Қазақша аудармасы

Талха ибн Убайдулла ибн Кәризден жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Дұғаның ең абзалы – арафа күні жасалған дұға. Менің және менен бұрынғы пайғамбарлардың айтқан сөздерінің ең абзалы – “Жалғыз Алладан басқа тәңір жоқ, Оның серігі жоқ” деген сөз».1

  1. 1Ибн Абдилбәр былай дейді: «Бұл хадистің Мәликтен мүрсәл түрде жеткені жөнінде пікір қайшылығы жоқ. Осы иснадтармен сенімді жол арқылы мүснәд түрде жеткенін білмеймін. Ізгі амалдардың артықшылығына қатысты хадистерге берік дәлел талап етілмейді. Әли мен Ибн Амрдан мүснәд түрде жеткен».
250
Муатта, 21-кітап, № 250
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәликтен жеткен риуаятта былай делінеді: «Ардақты Пайғамбар Мекке алынған жылы қалаға басына дулыға киіп кірді. Дулығасын шешкенде бір адам келіп: “Уа, Расулалла! Ибн Хатал Қағбаның перделерін паналап тұр!” – деді.1 Сонда Пайғамбарымыз: “Оны өлтіріңдер!” – деп бұйырды».2

Имам Мәлик: «Ол күні Алла елшісі ихрамда емес еді. Алла жақсы біледі», – дейді.

  1. 1Бұхари, «Жәзаус-сайд», 28/18; Мүслим, «Хаж», 15/450.
  2. 2Негізінде, Қағбаны паналағандарға тиіспеу туралы шешім қабылданған еді. Бірақ Ибн Хатал бұған дейін Исламға және мұсылмандарға жасаған ауыр қиянаттары үшін өлім жазасына кесілгендердің қатарында болатын.
251
Муатта, 21-кітап, № 251
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан жеткен риуаятта былай делінеді: «Абдуллаһ ибн Омар Меккеден жолға шықты. Қудайдқа жеткенде, Мәдинадан хабар келді. Сонда ол дереу ихрамға кірместен Меккеге қайтты».

Ибн Шиһабтан да осыған ұқсас риуаят жеткен.

252
Муатта, 21-кітап, № 252
Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Имран әл-Ансари әкесінің былай дегенін жеткізеді: «Мекке жолындағы Сарха ағашының түбіне аялдағанымда Абдуллаһ ибн Омар келді.1 Ол: “Мына ағаштың түбіне не үшін аялдадың?” – деп сұрады. Мен: “Көлеңкесінде отыру үшін”, – дедім. Ол: “Басқа себебі бар ма?” – деп сұрады. Мен: “Жоқ, тек көлеңкесі үшін”, – дедім. Сонда Абдуллаһ ибн Омар қолымен шығыс жақты нұсқап, Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізді: “Минадағы екі таудың арасына келгеніңде, сол жерде Сүрәр деп аталатын аңғар бар. Ондағы бір ағаштың түбінде жетпіс пайғамбардың кіндігі кесілген”».2

  1. 1Сарха – оған қарай көптеген соқпақ жол баратын ағаштың атауы.
  2. 2Нәсәи, «Хаж», 24/189.
253
Муатта, 21-кітап, № 253
Қазақша аудармасы

Ибн Әби Мүләйкәдан жеткен риуаятта былай делінеді: «Омар ибн Хаттаб Бәйтулланы тауап етіп жүрген алапес әйелге жолығып: “Уа, Алланың күңі! Үйіңде отырып, жұртқа зияныңды тигізбесең жақсы болар еді”, – деді. Содан кейін әйел үйінде отыратын болды. Кейін бір адам оған: “Сені тауаптан тыйған кісі қайтыс болды. Енді шыға бер!” – деді. Әйел: “Оның көзі тірісінде айтқанын орындап, қайтыс болған соң қарсы келмеймін”, – деп жауап берді».

254
Муатта, 21-кітап, № 254
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббас былай дейді: «Рүкн, яғни Қара тас тұрған бұрыш пен Қағбаның есігінің арасы – Мүлтәзәм».

255
Муатта, 21-кітап, № 255
Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Яхия ибн Хаббан былай жеткізеді: «Бір адам Рабазада Әбу Зәррге жолықты. Әбу Зәрр: “Қайда барасың?” – деп сұрады. Ол: “Қажылыққа бармақпын”, – деді. Әбу Зәрр: “Басқа мақсатың бар ма?” – деп сұрады. Әлгі адам: “Жоқ!” – деді. Әбу Зәрр: “Ендеше, бара бер”, – деді. Әлгі адам оқиғаны былай жалғастырады: “Ол жерден шығып, Меккеге келдім. Біраз уақыт сонда болған соң, бір күні қалың жұрттың арасында бір адамды итеріп қалдым. Қарасам, Рабазада жолыққан қарт – Әбу Зәрр екен! Ол да мені танып: ‘Сенімен сөйлескен мен едім!’ – деді”».

256
Муатта, 21-кітап, № 256
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Ибн Шиһабтан қажылық ихрамына кірерде қандай да бір кедергі туса, ихрамнан шығуға шарт қою туралы сұрадым. Ол мұны құптамай: “Біреу солай істеген бе?” – деді». Сондай-ақ Имам Мәликтен: «Адам көлігіне беру үшін Харам аймағынан шөп жинай ала ма?» – деп сұралғанда, ол: «Жоқ», – деп жауап берді.

82-бапЖанында махрамы жоқ әйелдің қажылыққа баруы

257
Муатта, 21-кітап, № 257
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Бұрын қажылық жасамаған әйелдің өзімен бірге баратын махрамы болса, сонымен бірге барады. Ал махрамы болмаса немесе болғанымен, онымен бірге баруға мүмкіндігі келмесе, әйел Алла парыз еткен қажылықты тәрк етпейді. Бір топ әйелге қосылып, қажылыққа барсын».1

  1. 1Ханафи мәзһабы бойынша, әйелдің қажылыққа баруы үшін жанында күйеуі немесе махрамы болуы керек. Олардың бірі болмаса, әйелге қажылық парыз болмайды. Бұл үкім әйел тұрған жер мен Меккенің арасы сапар қашықтығына, яғни үш күн, үш түндік жолға тең болған жағдайда қолданылады. Арақашықтық бұдан аз болса, әйелдің махрамсыз қажылыққа баруына рұқсат етіледі. Дамад, «Мәжмағул-әнһұр», 1-т., 262-б.

83-бапТәмәттуғ оразасының уақыты

258
Муатта, 21-кітап, № 258
Қазақша аудармасы

Мүміндердің анасы әзірет Айша былай дейді: «Ұмрадан кейін қажылық жасаған, бірақ һәдий таба алмаған адам қажылық үшін ихрамға кірген күнінен арафа күніне дейін ораза ұстайды. Осы күндері ұстамаса, Мина күндерінде ұстайды».

Сәлим ибн Абдуллаһтың жеткізуінше, Абдуллаһ ибн Омар бұл мәселеде Айшаның (р.а.) айтқанын айтатын.