Һишам ибн Уруа әкесінен былай жеткізеді: «Әкем әр жеті шәуттан кейін екі рәкағат тауап намазын оқитын. Жеті шәутты аяқтаған соң, бұл намазды оқымай кеткен кезі болмаған. Кейде оны Ибраһим мақамының жанында, кейде басқа жерде оқитын».
Имам Мәликтен: «Адам әр жеті шәуттан кейін намаз оқуды азсынып, екі рет жеті шәут немесе одан да көп тауап жасап, кейін бәрінің намазын бірге оқи ала ма?» – деп сұралды. Имам Мәлик: «Болмайды. Сүннет – әр жеті шәуттан кейін екі рәкағат намаз оқу», – деп жауап берді.
Имам Мәлик тауап жасап жүріп жаңылысып, сегіз немесе тоғыз шәут айналғаннан кейін ғана байқаған адам туралы былай дейді: «Жеті шәуттан артық жасағанын түсінген сәтте тоқтап, екі рәкағат намаз оқиды. Екінші тауапты бастағанда, бұрын артық айналған шәуттарын есептемейді. Жаңадан толық жеті шәут айналып, содан кейін екі рәкағат намаз оқиды. Өйткені тауапта әр жеті шәуттан кейін екі рәкағат намаз оқу – сүннет».
Имам Мәлик былай дейді: «Екі рәкағат намаз оқығаннан кейін жеті шәутты толық аяқтағанына күмәнданса, қайта барып, тауабын толық орындағанына сенімді болғанша жалғастырады. Содан кейін екі рәкағат намазын қайта оқиды. Өйткені тауап намазы жеті шәут толық аяқталғаннан кейін ғана оқылады. Бәйтулланы тауап етіп жүргенде, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасап жүргенде немесе осы екеуінің арасында дәреті бұзылса, мұның алдындағы тауабының бір бөлігін не бәрін орындап қойғанымен, екі рәкағат тауап намазын әлі оқымаған болса, қайта дәрет алып, тауап пен оның екі рәкағат намазын басынан бастайды. Ал сағи жасап жүргенде дәреті бұзылса, сағиды тоқтатуы қажет емес. Бірақ сағиды бастағанда дәретті болуы керек».