Хадис

Муатта, № 155

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
21. Қажылық
бап
48. Ихрамда жүргенде әйелімен жыныстық қатынас жасаған адамның өтемі
Нөмірі
№ 155 (кітап ішіндегі рет реті)
155
Муатта, 21-кітап, № 155
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид Сағид ибн Мусәйябтың: «Ихрамда жүргенде әйелімен жыныстық қатынас жасаған адам туралы не ойлайсыздар? Бұл мәселе жөнінде сәләфтен бізге ештеңе жеткен жоқ», – дегенін естіді. Оған: «Ихрамда жүргенде әйелімен жыныстық қатынас жасаған бір адам Мәдинаға кісі жіберіп, үкімін сұратқан. Кейбіреулер: “Ерлі-зайыптылар келесі жылғы қажылыққа дейін бір-бірінен бөлек тұрады”, – деген», – деп жауап берілді. Сонда Сағид ибн Мусәйяб былай деді: «Олар қажылықтарын жалғастырады. Бастаған осы қажылықтарын аяқтаған соң елдеріне қайтады. Келесі жылғы қажылыққа аман жетсе, қайта қажылық жасап, құрбандық шалулары керек. Ихрамға өткен жылы кірген жерінен кіреді. Қажылық амалдарын орындаған уақыт бойы ерлі-зайыптылар бір-бірінен бөлек жүреді».

Имам Мәлик былай дейді: «Мұндай жағдайда ерлі-зайыптылардың әрқайсысы жеке құрбандық шалуы қажет».

Арафаттан қайтқаннан кейін, Ақаба жәмрасына тас лақтырмай тұрып әйелімен жыныстық қатынас жасаған адам туралы имам Мәлик былай дейді: «Қағбаға бір құрбандық жіберуі және келесі жылы қайта қажылық жасауы парыз. Ал жыныстық қатынас жәмраға тас лақтырғаннан кейін болса, тек ұмра жасап, құрбандық шалады. Келесі жылы қайта қажылық жасау міндет емес».

Имам Мәлик былай дейді: «Жыныстық қатынас жасап, қажылығын немесе ұмрасын бұзған адамға шәует шықпаса да құрбандық шалу міндет. Қажылықта да, ұмрада да жыныстық қатынастың өзі құрбандық шалуды міндеттейді. Ерлі-зайыптылардың жақындасуы, яғни дене жанасуы нәтижесінде шәует шықса, қажылық бұзылады. Ал шәует жанасудан емес, ер адамның бір нәрсені ойына алуынан шықса, оған ештеңе міндет емес. Әйелін сүйіп, шәует шықпаса, сүйгенінің өтемі ретінде Қағбаға бір құрбандық жібереді. Әйел қажылық немесе ұмра үшін ихрамға кіріп, күйеуімен өз еркімен бірнеше рет жыныстық қатынас жасаса, келесі жылы қажылығын қайта өтеуі және Қағбаға құрбандық жіберуі қажет. Ал бұл іс ұмра ихрамында болса, бұзылған ұмрасының қазасын өтеп, бір құрбандық шалады».