Абдуллаһ ибн Омардан: «Бір адам Алла елшісінен (с.а.с.): “Ихрамдағы адам қандай киімдерді кие алмайды?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырды: “Көйлек кимеңдер, сәлде орамаңдар, шалбар, бас жағы тұтас тігілген бүркеншікті киім және мәсі кимеңдер. Алайда сандал таппағандар мәсінің қонышын тобықтан төмен етіп кесіп кисін. Зағфаран немесе уәрс жағылған ешбір киімді де кимеңдер”».1
Яхия былай дейді: «Имам Мәликтен Алла елшісінің (с.а.с.): “Изар, яғни белден төмен оралатын киім таппаған адам шалбар кисін”, – деген хадисіне қатысты сұралды. Ол былай деп жауап берді: “Бұл риуаятты естіген жоқпын. Ихрамдағы адамның шалбар киюін дұрыс көрмеймін. Өйткені Алла елшісінің (с.а.с.) ихрамдағы адамға киюге тыйым салған киімдерінің арасында шалбар да бар. Мәсіге ерекше рұқсат бергені сияқты, шалбарға ондай рұқсат бермеген”».2