Абдуллаһ ибн Омардан: «Омар ибн Хаттаб: “Ешкім қажылықтан Бәйтулланы тауап етпей қайтпасын. Қажылықта жасалатын ғибадаттардың ең соңғысы Бәйтулламен қоштасу тауабы болсын”, – деді».
Әзірет Омардың осы сөзі туралы имам Мәлик былай дейді: «Алла Тағала жақсы біледі. Меніңше, әзірет Омар қажылықтағы соңғы амал Бәйтулланы тауап етуі керек деген үкімді мына аяттардан алған: “Міне, солай. Кімде-кім Алланың нышандарын лайықты түрде ұлықтайтын болса, бұл – жүректердің тақуалығынан”.1 “Құрбандыққа арналған малдың межелі уақытқа дейін сендерге пайдалары бар. Олардың құрбандыққа шалынатын межелі жері – ең қасиетті, ең көне үй Қағба орналасқан харам аймағы”.2 Міне, қажылыққа қатысты барлық істің, яғни қажылық амалдарының аяқталар жері – Бәйтул-Атиқ, яғни Қағба».3