Хадис

Муатта, № 65

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
21. Қажылық
бап
19. Тәмәттуғ қажылығы[^627]
Нөмірі
№ 65 (кітап ішіндегі рет реті)
65
Муатта, 21-кітап, № 65
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан: «Кім қажылық айларында, яғни шәууәл, зүлқағда немесе зүлхижжада қажылықтан бұрын ұмра жасап, содан кейін Меккеде қалып, қажылық уақыты келгенде қажылығын өтесе, тәмәттуғ қажылығын жасаған болады. Сондықтан ол шамасы жететін құрбандық малынан біреуін шалуы керек. Құрбандық таба алмаса, қажылық кезінде үш күн, қайтып келген соң жеті күн ораза ұстауы қажет».

Имам Мәлик былай дейді: «Бұл үкім ұмрадан кейін қажылық уақытына дейін Меккеде қалып, сол жылы қажылық жасаған адамға қатысты».

Имам Мәлик былай дейді: «Меккелік адам өз қаласынан кетіп, басқа жерге қоныстанса, кейін қажылық айларында ұмра үшін ихрамға кіріп, Меккеге келсе және қажылық уақытына дейін сонда қалып, қажылығын өтесе, тәмәттуғ қажылығын жасаған болады. Сондықтан оған құрбан шалу, ал құрбандық таба алмаса, ораза ұстау қажет. Өйткені бұл адамның үкімі Мекке тұрғынының үкімімен бірдей емес».

Имам Мәликтен: «Меккелік емес адам қажылық айларында ұмра үшін ихрамға кіріп, Меккеге келсе және қажылық уақытына дейін сонда қалып, қажылығын өтеуді қаласа, тәмәттуғ қажылығын жасаған болып санала ма?» – деп сұралды. Имам Мәлик былай деп жауап берді: «Иә, тәмәттуғ қажылығын жасаған болып саналады. Меккеде қалғанымен, ол жергілікті тұрғынмен бірдей емес, Меккеге сырттан келген. Сондықтан меккелік еместерге міндет болатын құрбандық шалу, ал құрбандық табылмаса, ораза ұстау мұндай адамға да парыз. Мұндай адам меккелік емес, сондықтан кейін жағдайының қалай өзгерерін білмейді».1

  1. 1Шәйбани, 451.