Хадис

Нәзірлер мен анттар

Муатта, 22-кітап · 17 хадис · № 1–17

Мазмұны: 9 бап
  1. 1Жаяу баруды нәзір етудің міндеті
  2. 2Бәйтуллаға жаяу баруды нәзір ету
  3. 3Қағбаға жаяу баруға ант ету
  4. 4Аллаға қарсы келетін істі нәзір етуге болмайтыны
  5. 5Ләғу ант
  6. 6Кәффаратты қажет етпейтін анттар
  7. 7Кәффаратты қажет ететін анттар
  8. 8Ант кәффаратын өтеу
  9. 9Антқа қатысты әртүрлі риуаяттар

1-бапЖаяу баруды нәзір етудің міндеті

1
Муатта, 22-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббас былай дейді: «Сағд ибн Убада Алла елшісінен (с.а.с.) пәтуа сұрап: “Анам мойнында нәзірі бар күйінде қайтыс болды. Оны орындай алмады”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Онда анаңның нәзірін оның орнына сен орында”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Уасая», 55/19; Мүслим, «Нәзір», 26/1. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 750. Мұндағы нәзір мутлақ, яғни нақты түрі көрсетілмеген нәзір болуы мүмкін: адам «Алла үшін нәзірім болсын» дейді де, не істейтінін атамайды. Немесе мұқайяд, яғни намаз, ораза, қажылық сияқты нақты құлшылық түрі белгіленген нәзір болуы мүмкін. Мутлақ нәзір үшін Имам Мәлик пен көптеген ғалымның пікірінше, ант кәффараты өтеледі. Қайтыс болған адамның нәзірі денемен орындалатын немесе мал-мүлікпен өтелетін құлшылыққа жатады. Денемен орындалатын құлшылық болса, мұрагерлері оның орнына орындауға міндетті емес. «Мууаттада» Ибн Омардан: «Ешкім басқа біреудің орнына ораза ұстамайды, оның орнына намаз да оқымайды», – деген сөз жеткізілген. Мал-мүлікпен өтелетін нәзір болса, марқұм оны өтеуді өсиет етпеген жағдайда, мұрагерлері оны орындауға міндетті емес. Өсиет еткен болса, нәзір қарызын мал-мүлкінің үштен бірінен өтеу мұрагерлеріне уәжіп болады. Осыған байланысты хадистегі нәзірді өтеу үкімін ханафи ғалымдары мұстахап деп қабылдаған. Қараңыз: «Бәзлул-мәжһуд», 14-т., 261-б.
2
Муатта, 22-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Әби Бәкір әкесінің апасынан оның әжесінің Құба мешітіне жаяу баруды нәзір еткенін жеткізеді. Ол нәзірін орындай алмай қайтыс болған. Сонда Абдуллаһ ибн Аббас марқұмның қызына анасының орнына жаяу бару туралы пәтуа берген.

Имам Мәлик: «Ешкім өзге біреудің орнына жаяу барып, оның нәзірін өтей алмайды», – дейді.1

  1. 1Шайбани, 746.
3
Муатта, 22-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Әби Хабиба былай дейді: «Әлі жас едім. Бір адамнан: “‘Бәйтуллаға дейін жаяу барамын’ десем, бірақ ‘Бәйтуллаға жаяу бару маған нәзір болсын’ демесем, маған қандай міндет жүктеледі?” – деп сұрадым. Бір кісі қолындағы кішкентай қиярды көрсетіп: “‘Бәйтуллаға жаяу барамын’ десең, мынаны саған беремін”, – деді. Мен: “Иә, Бәйтуллаға жаяу барамын”, – дедім. Ол кезде әлі жас едім. Кейін есейіп, сөзімнің мәнін түсіндім. Маған: “Жаяу баруың керек”, – делінді. Содан Сағид ибн Мусәйябқа келіп, жағдайымды айттым. Ол да: “Жаяу баруың керек”, – деді. Сөйтіп, жаяу бардым».

Имам Мәлик: «Бұл мәселеде бізде, Мәдина халқында, қалыптасқан үкім де осындай», – дейді.1

  1. 1Шайбани, 745. «Бәйтуллаға жаяу барамын» деу мен «Бәйтуллаға жаяу бару маған нәзір болсын» деудің арасында айырма жоқ. Ол жерге қажылық жасау үшін баруды нәзір етсе, баруы уәжіп. Ал намаз оқу үшін баруды нәзір етсе, Имам Мәлик пен Шафиғи бойынша, сол жерге барады. Әбу Ханифа бойынша, баруға міндетті емес, намазын кез келген жерде оқи алады.

2-бапБәйтуллаға жаяу баруды нәзір ету

4
Муатта, 22-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Уруа ибн Узәйна әл-Ләйси былай дейді: «Әжеммен бірге үйден шықтық. Ол Бәйтуллаға жаяу баруды нәзір еткен еді. Біраз жүрген соң, жүруге шамасы келмей қалды. Жағдайды сұрату үшін азат етілген құлын Абдуллаһ ибн Омарға жіберді. Мен де онымен бірге бардым. Ол Абдуллаһ ибн Омардан бұл жайды сұрады. Абдуллаһ: “Оған айт: көлікке мінсін. Кейін жүре алмаған жерлерін жаяу жүріп өтесін”, – деді».1

Имам Мәлик: «Жоғарыда айтылғандай істеп, оған қоса бір құрбан шалады», – дейді.

Сағид ибн Мусәйяб пен Әбу Сәләмә ибн Абдуррахманның да Абдуллаһ ибн Омар айтқандай үкім бергені Имам Мәликке жеткізілген.2

  1. 1Ханафи мәзһабы бойынша, қажылыққа жаяу баруды нәзір еткен адам жүруге шамасы келмей қалса, һәдий құрбандығын жібереді.
  2. 2Шайбани, 746.
5
Муатта, 22-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай дейді: «Жаяу баруды нәзір еткен едім. Жолда денем ауырып, көлікке міндім де, Меккеге жеттім. Ата ибн Әби Рабахтан және өзге де ғалымдардан сұрадым. Олар: “Қағбаға бір құрбандық жіберуің керек”, – деді. Мәдинаға келген соң, ондағы ғалымдардан да сұрадым. Олар ауырып, жүре алмаған жерлерімді қайтадан жаяу жүріп өтуім керектігін айтты. Сөйтіп, жаяу жүріп өтедім».

Имам Мәлик былай дейді: «“Бәйтуллаға жаяу баруды өзіме нәзір еттім”, – деген адамға қатысты бізде, Мәдина халқында, қалыптасқан үкім де жоғарыда баяндалғандай. Жүруге шамасы келмесе, көлікке мінеді. Қағбаға құрбандық ретінде түйе, сиыр немесе қой жібереді».

Имам Мәликтен: «“Сені Бәйтуллаға алып барамын”, – деген адамға не міндеттеледі?» – деп сұралды. Ол былай жауап берді: «Егер мұны айтқанда әлгі адамды иығына салып көтеруді, сол арқылы өзіне машақат түсіріп, нәпсісін тәрбиелеуді ойласа, оны көтеріп апаруға міндетті емес. Өзі жаяу барып, бір құрбан шалсын. Ал “сені Бәйтуллаға алып барамын” дегенде, оны көтеріп апаруды ойламаған болса, көлікпен қажылыққа барып, уәде берген адамын да ертіп барсын. Өйткені бұл жағдайда ол сол кісіні Бәйтуллаға жеткізуді міндетіне алған болады. Әлгі адам онымен бірге қажылыққа барғысы келмесе, оған басқа міндет жүктелмейді. Міндетін өтеген болып саналады».

Имам Мәликтен: «Бір адам бауырымен немесе әкесімен пәлендей мәселе жөнінде сөйлеспеуге ант етіп, сөйлессе, Бәйтуллаға жаяу баруды нәзір етеді. Оны орындай алмайтыны белгілі болса да, осы әрекетін жыл сайын қайталап, өмір бойы өтей алмайтын нәзірлерді мойнына жүктейді. Мұндай адамға сол нәзірлердің бірін орындау немесе белгілі біреуін өтеу жеткілікті ме?» – деп сұралды. Ол былай жауап берді: «Нәзір еткенін орындаудан өзге амал оның орнына жүретінін білмеймін. Шамасы жеткенше жаяу жүрсін. Ал өтей алмағаны үшін қолынан келгенше ізгі іс жасап, Алланың разылығына ұмтылсын».1

  1. 1Шайбани, 748.

3-бапҚағбаға жаяу баруға ант ету

Имам Мәлик былай дейді: «Ғалымдардан естігендерімнің ішінде ең құптайтыным – Бәйтуллаға жаяу баруды антының шарты еткен ер не әйел сол антын бұзған жағдайда не істейтіні туралы мына үкім. Егер жаяу жүру міндетін ұмрада өтесе, Сафа мен Мәруа арасындағы сағиін аяқтағанға дейін жаяу жүреді. Сағиін аяқтағанда, жаяу жүру міндетін өтеген болады. Ал оны қажылықта өтеуге ниет етсе, Меккеге дейін жаяу барады. Қажылық амалдарын толық орындап, зиярат тауабын жасағанға дейін жаяу жүруін жалғастырады. Содан кейін бұл міндеттен босайды. Бәйтуллаға жаяу бару нәзірі қажылық немесе ұмра жасау арқылы ғана өтеледі».

4-бапАллаға қарсы келетін істі нәзір етуге болмайтыны

6
Муатта, 22-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Хумәйд ибн Қайс пен Сәур ибн Зәйд әд-Дили Алла елшісінен (с.а.с.) мына риуаятты жеткізеді. Сәур жеткізген нұсқа серігінікінен сәл ұзағырақ: «Ардақты Пайғамбар күн астында тік тұрған адамды көріп: “Бұл адам не істеп тұр?” – деп сұрады. Сол жердегілер: “Сөйлемеуді, күн астында тұруды, отырмауды және ораза ұстауды нәзір етіпті”, – деді. Сонда ардақты Пайғамбар: “Оған айтыңдар: сөйлесін, көлеңкеге барсын, тік тұрмай, отырсын. Бірақ оразасын толық ұстасын”, – деді».1

Имам Мәлик былай дейді: «Осы оқиғада ардақты Пайғамбардың әлгі адамға кәффарат өтеуді бұйырғанын естіген жоқпын. Ал Аллаға мойынсұнуға жататын амалын толық орындап, Оған қарсы келуге жататынын тәрк етуді бұйырғанын естідім».2

  1. 1Бұл – мүрсәл риуаят. Ибн Аббастан иснады жалғасқан түрде де жеткен. Бұхари, «Әйман уән-нузур», 83/31.
  2. 2Ханафи ғалымдары бойынша, күнәлі іске қатысты нәзір орындалмайды, оның орнына ант кәффараты өтеледі. Өйткені Пайғамбарымыздан осы мағынадағы хадис жеткен.
7
Муатта, 22-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Қасым ибн Мұхаммедтен жеткен риуаятта былай делінеді: «Абдуллаһ ибн Аббасқа бір әйел келіп: “Ұлымды құрбандыққа шалуды нәзір еттім”, – деді. Ибн Аббас: “Ұлыңды шалма. Ант кәффаратын өте”, – деді. Сол кезде қасында отырған қарт кісі: “Мұндай істің кәффараты қалай өтеледі?” – деп сұрады. Ибн Аббас: “Зиһар жасаған адам секілді өтейді”, – деп, мына аяттарды оқыды: “Араларыңда әйелдеріне зиһар айтқандар біліп қойсын, әйелдері олардың аналары емес. Олардың аналары өздерін туған әйелдер ғана. Анығында, олар өте жағымсыз әрі жалған сөз айтуда. Соған қарамастан Алла Афу (кешірімі мол), Ғафур (өте кешірімді)! Әйелдеріне біржолата талақ ету ниетімен зиһар айтып, кейін айтқан сөздерінен айнып, райынан қайтқандар зиһар айтқан әйелдерімен жақындаспай тұрып, бір құлды азат етуі тиіс. Сендерге бұйырылған нәрсе, міне, сол. Алла сендердің не істеп жүргендеріңнен толық хабардар! Азат ететін құл таппаған, яки оған шамасы келмеген зиһар айтқан әйелімен жақындаспай тұрып, қатарынан екі ай үзбей ораза ұстауы керек. Оған да шамасы жетпегендер алпыс пақыр-міскінді тамақтандыруы ләзім”».1

  1. 1«Мүжәдәлә» сүресі, 58:2–4. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 752.
8
Муатта, 22-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Әзірет Айша Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Кім Аллаға мойынсұнуды нәзір етсе, Оған мойынсұнсын. Ал кім Аллаға қарсы келуді нәзір етсе, Оған қарсы келмесін».1

Имам Мәлик былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Кім Аллаға қарсы келуді нәзір етсе, Оған қарсы келмесін”, – деген сөзінің мағынасы мынадай: адамның Шамға, Мысырға, Рабазаға немесе осы сияқты өзге жерлерге жаяу баруды нәзір етуінде Аллаға мойынсұнуға жататын амал жоқ. Біреумен сөйлессе немесе осыған ұқсас бір іс жасаса, сол жерлерге жаяу баруды мойнына жүктеген болса да, оған мұндай міндет жүктелмейді. Сөйлесіп қойып, сол нәзірін не антын бұзса да, оны орындауға міндетті емес. Өйткені мұнда Аллаға мойынсұнуға жататын амал жоқ. Тек Аллаға мойынсұнуды қамтитын нәзірлер ғана орындалуға тиіс».2

  1. 1Ханафи мәзһабы бойынша, Аллаға қарсы келетін істі жасау туралы нәзір орындалмайды, ант кәффараты өтеледі.
  2. 2Шайбани, 753.

5-бапЛәғу ант

9
Муатта, 22-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Мүміндердің анасы әзірет Айша былай дейтін: «Ләғу ант – адамның: “Жоқ, Аллаға ант етемін”, “Иә, Аллаға ант етемін”, – деп, сөз арасында айта салуы».

Имам Мәлик былай дейді: «Бұл мәселеде естіген анықтамаларымның ішіндегі ең ұтымдысы – адамның бір жағдайдың солай екеніне анық сеніп ант етуі, кейін оның шын мәнінде олай болмағанының анықталуы. Бұл – ләғу ант».

Имам Мәлик былай дейді: «Ақд анты – адамның киімін он динарға сатпауға ант етіп, кейін он динарға сатуы немесе құлын ұруға ант етіп, кейін ұрмауы сияқты, орындауға міндеттенген ісіне қатысты ант. Осындай ант беріп, кейін оны орындамаған адам ант кәффаратын өтейді. Ал ләғу ант үшін кәффарат өтемейді».

Имам Мәлик былай дейді: «Біле тұра жалған ант ету, біреуді разы ету не оның алдында өзін ақтау үшін немесе біреудің мал-мүлкіне ие болу үшін өтірік ант беру – кәффаратпен өтелетін антты бұзудан да ауыр күнә».1

  1. 1Бұл «йәмин ғамус», яғни біле тұра жалған ант беру деп аталады. Ол – үлкен күнәлардың бірі. Кәффаратпен өтелмейді, тәубе етіп, кешірім тілеу қажет. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 756.

6-бапКәффаратты қажет етпейтін анттар

10
Муатта, 22-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Кім “Уаллаһи” деп ант беріп, артынша бірден “иншаллаһ” десе, кейін ант еткенін орындамаса да, антын бұзған болып саналмайды».1

Имам Мәлик былай дейді: «Сөзін үзбей тұрып “иншаллаһ” деуі керек. Естігендерімнің ішіндегі ең дұрысы – осы. Өйткені “уаллаһи” мен “иншаллаһ” сөздері іркес-тіркес, үзіліссіз айтылады. Екеуінің арасында сөзін үзіп, үнсіз қалса, истисна, яғни Алланың қалауына байланысты айтылған шарт, күшіне енбейді».

«Алланы жоққа шығарған болайын!» немесе «Аллаға серік қосқан болайын!» деп ант беріп, кейін антын бұзған адам туралы Имам Мәлик былай дейді: «Оған кәффарат жүктелмейді. Осы сөзінің өзі оны кәпір не мүшрік етпейді. Алайда жүрегінде ширк пен күпірлікке бекінсе, жөні бөлек. Алладан кешірім тілеп, мұндай сөзді қайталамасын. Өте жаман іс жасаған болады».2

  1. 1Ханафи мәзһабы да мұндай антқа қатысты осы үкімді ұстанады.
  2. 2Шайбани, 749.

7-бапКәффаратты қажет ететін анттар

11
Муатта, 22-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра ардақты Пайғамбардың былай дегенін жеткізеді: «Кім ант беріп, кейін одан өзге істің қайырлырақ екенін көрсе, антының кәффаратын өтесін де, қайырлы істі жасасын».1

Имам Мәлик былай дейді: «Кім не істейтінін нақты атамай: “Мойныма нәзір болсын”, – десе, ант кәффаратын өтеуге тиіс».

Имам Мәлик йәмин тәукидті былай түсіндіреді: «Йәмин тәукид – адамның бір іске қатысты антын бірнеше рет қайталап бекітуі. Ол бір мәселе жөнінде ант үстіне ант береді. Мысалы: “Уаллаһи, саған берерімнен пәлен мөлшерді де, түген мөлшерді де кемітпеймін”, – деп үш рет немесе одан да көп қайталайды. Осылардың бәріне бір ғана ант кәффараты жеткілікті. Бұл – адамның: “Уаллаһи, мына тамақты жемеймін, мына киімді кимеймін, мына үйге кірмеймін”, – деп, бәрін бір антқа біріктіріп айтуы сияқты. Мұндайда бір кәффарат өтеледі».

Имам Мәлик былай дейді: «Бұл – адамның әйеліне: “Саған мына киімді алып берсем немесе мешітке баруыңа рұқсат етсем, талақсың”, – деп, шарттарды бір сөзге біріктіріп айтуы сияқты. Осы шарттардың бірін бұзса, талақ жүзеге асады. Кейін қалған шарттарды бұзуы оған жаңа міндет жүктемейді. Өйткені шарттардың бірін бұзғанның өзінде-ақ біртұтас ант бұзылған болады».

Имам Мәлик былай дейді: «Әйелдің нәзіріне қатысты бізде, Мәдина халқында, қалыптасқан үкім мынадай: әйел нәзір етсе, оны күйеуінің рұқсатынсыз-ақ өтеуге міндетті болады. Нәзірі денесімен атқаратын құлшылыққа қатысты болып, күйеуіне зияны тимесе, оны орындайды. Ал күйеуіне зияны тисе, күйеуі оны тоқтата алады. Мұндайда нәзірі орындалғанға дейін мойнында қарыз болып қалады».

  1. 1Мүслим, «Әйман», 27/12.

8-бапАнт кәффаратын өтеу

12
Муатта, 22-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Адам йәмин тәукид жасап, яғни бір іске қатысты антын бірнеше рет бекітіп, кейін сол антын бұзса, бір құл азат етеді немесе он кедейді киіндіреді. Ал антын қайталап бекітпей беріп, кейін оны бұзса, он кедейді тойдырады. Әрқайсысына бір мудд бидай береді. Бұған шамасы келмесе, үш күн ораза ұстайды».1

  1. 1Шайбани, 739.
13
Муатта, 22-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Нәфиғ Абдуллаһ ибн Омардың ант кәффараты ретінде он кедейдің әрқайсысына бір мудд бидай беріп тойдыратынын жеткізеді. Ал антын қайталап бекіткен жағдайда, кәффарат ретінде құл азат ететін. Ол мұны бірнеше рет жасаған.

Сүлеймен ибн Ясар былай дейді: «Мұсылмандардың ант кәффараты ретінде кіші муддпен өлшенген бір мудд бидай берген заманына жеттім. Олар өздері үшін осы мөлшерді жеткілікті санайтын».

Имам Мәлик былай дейді: «Ант кәффаратын киіммен өтеуге қатысты естігендерімнің ішінде ең құптайтыным мынадай: ер адамға намаз оқуға жеткілікті бір киім беріледі. Ал әйелге бас орамал мен денесін жабатын ұзын киім беріліп, үсті-басы толық жабылады. Бұл – әрқайсысының намаз оқығанда әуретін жабуға жеткілікті деп саналатын киім».1

  1. 1Шайбани, 738.

9-бапАнтқа қатысты әртүрлі риуаяттар

14
Муатта, 22-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) көлік үстінде әкесінің атымен ант беріп тұрған Омар ибн Хаттабқа кезікті. Ол: “Алла сендерге әкелеріңнің атымен ант етуге тыйым салды. Кім ант берсе, Алланың атымен ант етсін немесе үндемесін”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Әйман уән-нузур», 83/4; Мүслим, «Әйман», 27/3.
15
Муатта, 22-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай деп ант еткен: «Жоқ! Жүректерді өзгертетін Аллаға ант етемін».1

  1. 1Зурқани былай дейді: «Белгілі болғандай, Мәликтің “маған жетті” деген үлгіде жеткізген бұл риуаяты сахих. Оған ұстазы Мұса ибн Уқбадан жеткен болуы мүмкін». Бұхари, «Әйман уән-нузур», 83/3. Мұнда жүректерді өзгерту дегені оларды дене мүшесі ретінде бір жаққа бұру емес, олардың күйі мен қалау бағытын өзгерту дегенді білдіреді.
16
Муатта, 22-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһаб былай дейді: «Маған жеткен риуаят бойынша, Алла Тағала Әбу Лүбәба ибн Абдулмүнзирдің тәубесін қабыл еткенде, ол ардақты Пайғамбарға келіп: “Уа, Расулалла! Күнәға батқан жерім – қауымымның мекенінен һижрет етіп, саған көрші боламын. Алла мен Оның елшісі жолында бүкіл мал-мүлкімнен бас тартып, садақа етемін”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) оған: “Бәрін бермей-ақ, үштен бірін садақа етсең жеткілікті”, – деді».

17
Муатта, 22-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Мүміндердің анасы әзірет Айшадан (р.а.): «“Мал-мүлкім Қағбаның есігіне бағышталсын!” – деп ант берген адам не істейді?» – деп сұралды. Ол: «Малынан ант кәффаратын өтейді», – деп жауап берді.

Имам Мәликтен: «“Мал-мүлкім Алла жолына бағышталсын!” – деп ант беріп, кейін антын бұзған адам не істейді?» – деп сұралды. Ол: «Мал-мүлкінің үштен бірін Алла жолында береді. Бұл үкім Әбу Лүбәбаға қатысты ардақты Пайғамбардан жеткізілген», – деп жауап берді.