Әбу Һурайра ардақты Пайғамбардың былай дегенін жеткізеді: «Кім ант беріп, кейін одан өзге істің қайырлырақ екенін көрсе, антының кәффаратын өтесін де, қайырлы істі жасасын».1
Имам Мәлик былай дейді: «Кім не істейтінін нақты атамай: “Мойныма нәзір болсын”, – десе, ант кәффаратын өтеуге тиіс».
Имам Мәлик йәмин тәукидті былай түсіндіреді: «Йәмин тәукид – адамның бір іске қатысты антын бірнеше рет қайталап бекітуі. Ол бір мәселе жөнінде ант үстіне ант береді. Мысалы: “Уаллаһи, саған берерімнен пәлен мөлшерді де, түген мөлшерді де кемітпеймін”, – деп үш рет немесе одан да көп қайталайды. Осылардың бәріне бір ғана ант кәффараты жеткілікті. Бұл – адамның: “Уаллаһи, мына тамақты жемеймін, мына киімді кимеймін, мына үйге кірмеймін”, – деп, бәрін бір антқа біріктіріп айтуы сияқты. Мұндайда бір кәффарат өтеледі».
Имам Мәлик былай дейді: «Бұл – адамның әйеліне: “Саған мына киімді алып берсем немесе мешітке баруыңа рұқсат етсем, талақсың”, – деп, шарттарды бір сөзге біріктіріп айтуы сияқты. Осы шарттардың бірін бұзса, талақ жүзеге асады. Кейін қалған шарттарды бұзуы оған жаңа міндет жүктемейді. Өйткені шарттардың бірін бұзғанның өзінде-ақ біртұтас ант бұзылған болады».
Имам Мәлик былай дейді: «Әйелдің нәзіріне қатысты бізде, Мәдина халқында, қалыптасқан үкім мынадай: әйел нәзір етсе, оны күйеуінің рұқсатынсыз-ақ өтеуге міндетті болады. Нәзірі денесімен атқаратын құлшылыққа қатысты болып, күйеуіне зияны тимесе, оны орындайды. Ал күйеуіне зияны тисе, күйеуі оны тоқтата алады. Мұндайда нәзірі орындалғанға дейін мойнында қарыз болып қалады».
- 1Мүслим, «Әйман», 27/12.