Хадис

Муатта, № 5

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
22. Нәзірлер мен анттар
бап
2. Бәйтуллаға жаяу баруды нәзір ету
Нөмірі
№ 5 (кітап ішіндегі рет реті)
5
Муатта, 22-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай дейді: «Жаяу баруды нәзір еткен едім. Жолда денем ауырып, көлікке міндім де, Меккеге жеттім. Ата ибн Әби Рабахтан және өзге де ғалымдардан сұрадым. Олар: “Қағбаға бір құрбандық жіберуің керек”, – деді. Мәдинаға келген соң, ондағы ғалымдардан да сұрадым. Олар ауырып, жүре алмаған жерлерімді қайтадан жаяу жүріп өтуім керектігін айтты. Сөйтіп, жаяу жүріп өтедім».

Имам Мәлик былай дейді: «“Бәйтуллаға жаяу баруды өзіме нәзір еттім”, – деген адамға қатысты бізде, Мәдина халқында, қалыптасқан үкім де жоғарыда баяндалғандай. Жүруге шамасы келмесе, көлікке мінеді. Қағбаға құрбандық ретінде түйе, сиыр немесе қой жібереді».

Имам Мәликтен: «“Сені Бәйтуллаға алып барамын”, – деген адамға не міндеттеледі?» – деп сұралды. Ол былай жауап берді: «Егер мұны айтқанда әлгі адамды иығына салып көтеруді, сол арқылы өзіне машақат түсіріп, нәпсісін тәрбиелеуді ойласа, оны көтеріп апаруға міндетті емес. Өзі жаяу барып, бір құрбан шалсын. Ал “сені Бәйтуллаға алып барамын” дегенде, оны көтеріп апаруды ойламаған болса, көлікпен қажылыққа барып, уәде берген адамын да ертіп барсын. Өйткені бұл жағдайда ол сол кісіні Бәйтуллаға жеткізуді міндетіне алған болады. Әлгі адам онымен бірге қажылыққа барғысы келмесе, оған басқа міндет жүктелмейді. Міндетін өтеген болып саналады».

Имам Мәликтен: «Бір адам бауырымен немесе әкесімен пәлендей мәселе жөнінде сөйлеспеуге ант етіп, сөйлессе, Бәйтуллаға жаяу баруды нәзір етеді. Оны орындай алмайтыны белгілі болса да, осы әрекетін жыл сайын қайталап, өмір бойы өтей алмайтын нәзірлерді мойнына жүктейді. Мұндай адамға сол нәзірлердің бірін орындау немесе белгілі біреуін өтеу жеткілікті ме?» – деп сұралды. Ол былай жауап берді: «Нәзір еткенін орындаудан өзге амал оның орнына жүретінін білмеймін. Шамасы жеткенше жаяу жүрсін. Ал өтей алмағаны үшін қолынан келгенше ізгі іс жасап, Алланың разылығына ұмтылсын».1

  1. 1Шайбани, 748.