Һишам ибн Уруадан: «Абдуллаһ ибн Зүбәйр Меккеде тоғыз жыл тұрды. Зүлхижжа айының басында қажылық үшін ихрамға кіретін. Уруа ибн Зүбәйр де онымен бірге дәл солай істейтін».
Имам Мәлик былай дейді: «Меккеліктер де, өзгелер де қажылық үшін ихрамға өздері тұрған жерден кіреді. Сырттан келіп, Меккеде тұрып жатқан адамдар ихрамға кіру үшін Харам аймағынан шықпайды».
Имам Мәлик былай дейді: «Қажылық үшін ихрамға Меккеден кіргендер Қағбаны тауап ету мен Сафа және Мәруа арасында сағи жасауды Минадан қайтқанға дейін кейінге қалдырсын. Абдуллаһ ибн Омар да осылай істеген».
Имам Мәликтен: «Мәдиналық немесе басқа елден келген адам қажылық үшін зүлхижжа айының басында Меккеден ихрамға кірсе, тауапты қалай жасайды?» – деп сұралды. Ол былай деп жауап берді: «Сафа мен Мәруа арасындағы сағимен жалғасатын парыз тауапты кейінге қалдырсын. Осы аралықта қалағанынша нәпіл тауап жасай берсін. Әр жеті шәуттан, яғни Қағбаны жеті рет айналғаннан кейін екі рәкағат намаз оқысын. Өйткені сахабалардан қажылық үшін ихрамға кіргендер де Қағбаны тауап ету мен сағи жасауды Минадан қайтқанға дейін кейінге қалдырған. Абдуллаһ ибн Омар да зүлхижжаның басында Меккеден қажылық үшін ихрамға кіріп, тауап пен сағиды Минадан қайтқанға дейін кейінге қалдыратын».
Имам Мәликтен: «Меккеде тұратын адам ұмра үшін Меккенің ішінен ихрамға кіре ала ма?» – деп сұралды. Имам Мәлик: «Жоқ, Хиллге, яғни Харам аймағының сыртына шығып, сол жерден ихрамға кіруі керек», – деп жауап берді.