Имам Мәлик былай дейді: «Естуімше, Осман ибн Аффан кейде ұмрасын жасағаннан кейін Мәдинаға қайтып келгенше көлігінен түспейтін».
Имам Мәлик былай дейді: «Ұмра – сүннет. Мұсылмандардың арасынан оны тәрк етуге рұқсат берген ешкімді білмеймін».
Имам Мәлик былай дейді: «Адамның бір жылда бірнеше рет ұмра жасауын дұрыс деп санамаймын».
Имам Мәлик былай дейді: «Ұмра үшін ихрамға кірген адам әйелімен жыныстық қатынас жасаса, құрбандық шалуы және ұмра үшін қайта ихрамға кіруі қажет. Бұзылған ұмрасын аяқтағаннан кейін, қайта ихрамға алғаш кірген жерінен кіруі тиіс. Ал ол жер өзінің миқатынан алысырақ болса, миқатынан кіруі жеткілікті».
Имам Мәлик былай дейді: «Меккеге ұмра үшін ихрамға кіріп келген адам жүніп немесе дәретсіз күйінде Қағбаны тауап етіп, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасаса, содан кейін әйелімен жыныстық қатынасқа түсіп, артынша дәретсіз болғанын есіне алса, ғұсыл құйынады немесе дәрет алады. Содан соң тауап пен сағиды қайта жасап, кейін тағы бір ұмра өтейді және құрбандық шалады. Ихрамда жүргенде күйеуімен жыныстық қатынас жасаған әйел де осы амалдарды орындайды».
Имам Мәлик былай дейді: «Тәнғимнен ұмраға кіргісі келген адам Харам аймағынан шығып, сол жерден ихрамға кіреді. Харам аймағының сыртындағы өзге жерден де ихрамға кірсе болады. Алайда Алла елшісі (с.а.с.) белгілеген миқаттардың бірінен немесе Тәнғимнен де алысырақ жерден ихрамға кіру абзалырақ».