Абдуллаһ ибн Аббас былай дейді: «Һәдийдің ең жеңіл түрі – қой».
Имам Мәлик те былай дейді: «Бұл мәселеде естігендерімнің ішінде ең құптайтыным – осы. Өйткені Алла Тағала кітабында: “Уа, иман келтіргендер! ‘Ихрамға кіргендеріңде’ аңдарды өлтіруші болмаңдар. Араларыңнан кімде-кім бір аңды қасақана өлтірсе, істеген күнәсі үшін оған жаза беріледі. Жазасы – өлтірген аңына пара-пар келетін, Қағбаға тарту ретінде жеткізілетін құрбандық мал болады. Бұған қатысты араларыңнан екі әділ кісі үкім шығарады. Соның өтемі ретінде пақыр-міскіндерді тамақтандыру немесе сол аңның құнына қанша пақырды тамақтандыру мүмкін болса, сонша күн ораза ұстау керек”, – деп бұйырады.1 Мұнда Қағбаға жеткізілетін құрбандық ретінде қой шалуға үкім етіледі. Аятта ол да һәдий деп аталған. Біз, Мәдина халқы, аятта һәдий деп көрсетілген құрбандықтың ең жеңіл түрі қой екеніне бірауыздан келісеміз. Бұған қалай күмәндануға болады? Түйе не сиыр шалуға үкім етуге келмейтін аң үшін қой шалуға үкім етіледі. Ал аңның құны қойдың құнынан да аз болса, кәффарат ретінде ораза ұстауға немесе мұқтаждарды тойдыруға үкім шығарылады».
- 1«Мәида» сүресі, 5:95.