Қазақша аудармасы
Абдуллаһ ибн Омардың жеткізуінше, Алла елшісінің заманында бір адам әйелімен лиғән жасап, баланың өзінен екенін жоққа шығарды. Алла елшісі (с.а.с.) екеуін ажыратып, баланың тегін анасына тіркеді.1
Имам Мәлик былай дейді: «Қазф жазасына тартылмау үшін жасалатын куәлік жайында Алла Тағала: “Ал өз жұбайларын зина қылды деп айыптаған, әрі өздерінен басқа куәға тартатын куәгерлері болмаған ер кісілерге келсек, олардың әрқайсысы сөзінің растығын қуаттау үшін төрт рет Алланың атымен куәлік етеді. Ал бесіншісінде, егер өтірік айтқан болса, Алланың лағынетінің өзіне тиюін тілейді. Алайда өзіне айып тағылған әйел күйеуінің өтірікші екендігін айтып, төрт рет Алланың атымен куәлік етсе, жазадан құтылады. Ал бесіншісінде, егер күйеуі рас айтқан болса, Алланың кәрінің өзіне тиюін тілейді”, – деген».2
Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша, сүннетте орныққан үкім мынадай: лиғән жасаған ерлі-зайыптылар енді қайта некелесе алмайды. Ер адам кейін өзінің өтірік айтқанын мойындаса, оған некесінде жоқ әйелге зина жаласын жапқаны үшін қазф хадды, яғни жала жабу жазасы қолданылады. Баланың тегі соған тіркеледі. Алайда әйел оған мәңгілік қайта қосыла алмайды. Бұл жөнінде біздегі үкім анық әрі бірауыздан қабылданған».
Имам Мәлик былай дейді: «Әйелімен түбегейлі ажырасып, қайта қосылу құқығы қалмаған ер адам кейін әйелдің өзінен жүкті екенін жоққа шығарса, екеуі лиғән жасайды. Бұл – әйелдің жүктілігі сол ер адамнан болуы мүмкін мерзімге сай келіп, әйел де баланың содан екенін мәлімдеген жағдайда. Ал бала одан болуы мүмкін мерзімнен ерте туып, тегіне күмән туатын әрі оның сол ер адамнан екені анықталмайтын болса, үкім басқаша. Ілім иелерінен естігенім – осы. Біздің ұстанымымыз бойынша да үкім осындай».
Имам Мәлик былай дейді: «Ер адам әйелінің өзінен жүкті екенін мойындап, жүкті кезінде оны үш талақпен ажыратса, содан кейін: “Ажырасқанға дейін оның зина жасағанын көрдім”, – десе, екеуі лиғән жасамайды. Өйткені ол енді некесінде жоқ әйелге жала жауып отыр. Оған хад жазасы қолданылады. Ал үш талақпен ажыратқаннан кейін әйелдің өзінен жүкті екенін жоққа шығарса, екеуі лиғән жасайды. Бұл жөнінде естігенім – осы».
Имам Мәлик былай дейді: «Зина жаласы мен лиғән мәселесінде құлға да азат адамға қолданылатын үкім жүреді. Алайда күңге зина жаласын жапқан адамға хад жазасы қолданылмайды».
Имам Мәлик былай дейді: «Азат мұсылман ер адам мұсылман күңге немесе азат христиан не яһуди әйелге үйленіп, онымен жұбайлық қатынасқа түскен болса, қажет жағдайда екеуі мүләғәнә, яғни лағынет айтып анттасу рәсімін жасайды. Өйткені Алла Тағала Құран Кәрімде: “Ал өз жұбайларын зина қылды деп айыптаған...”, – деген. Мұсылман күң де, азат христиан немесе яһуди әйел де аяттағы “жұбайлары” деген ұғымға кіреді. Біздің ұстанымымыз бойынша үкім осындай».
Имам Мәлик былай дейді: «Құл азат мұсылман әйелге, мұсылман күңге немесе азат яһуди не христиан әйелге үйленсе, қажет жағдайда олардың арасында да мүләғәнә жасалады».
Имам Мәлик әйелімен лиғән жасай бастаған, бірақ бір-екі рет ант еткеннен кейін, бесінші куәлікте өзіне лағынет тілемей тұрып, райынан қайтып, өтірік айтқанын мойындаған күйеу жайында былай дейді: «Оған жала жабу хадды қолданылады. Бірақ ерлі-зайыптылар ажыратылмайды».
Имам Мәлик талақ етілгеннен үш ай өткен соң «Мен жүктімін» деген әйелдің күйеуі жайында былай дейді: «Күйеуі әйелдің өзінен жүкті екенін жоққа шығарса, екеуі лиғән жасайды».
Өзімен лиғән жасаған бұрынғы күйеуінің меншігіне кейін сатып алу арқылы өткен күң жайында Имам Мәлик былай дейді: «Ер адам оған иелік етсе де, онымен жақындаса алмайды. Сүннетте орныққан үкім бойынша, лиғән жасаған ерлі-зайыптылар бір-біріне мәңгілік қайта қосыла алмайды».
Имам Мәлик былай дейді: «Әйелімен жақындаспай тұрып лиғән жасаған күйеу мәһірдің жартысын ғана береді».