Нәфиғ мына риуаятты жеткізеді: «Рубәйиғ бинт Муғәууиз ибн Афра әкесінің бауырымен бірге Абдуллаһ ибн Омарға келді. Олар Рубәйиғтің Осман ибн Аффанның тұсында күйеуіне өтем төлеп ажырасқанын айтты. Сол кезде Осман ибн Аффан өзіне жеткен бұл істі мақұлдаған еді. Абдуллаһ ибн Омар: “Бұл әйел де өзге талақ етілген әйелдер сияқты ғиддат күтеді”, – деді». Сағид ибн Мүсәйяб, Сүлеймен ибн Ясар және Ибн Шиһаб та өтем төлеп ажырасқан әйелдің ғиддаты өзге талақ етілген әйелдер сияқты үш құру, яғни үш тазалық кезеңі екенін айтатын.
Имам Мәлик былай дейді: «Өтем төлеп ажырасқан әйел бұрынғы күйеуіне жаңа неке арқылы ғана қайта қосыла алады. Екеуі қайта үйленіп, жақындаспай тұрып ажырасса, әйел екінші талақтан бастап жаңадан ғиддат күтпейді. Алғашқы ажырасудан басталған ғиддатын жалғастырады. Бұл мәселеде естіген үкімдерімнің ішіндегі ең лайықтысы – осы».
Имам Мәлик былай дейді: «Әйел ажырасу үшін күйеуіне өтем беріп, күйеуі оған бірінен соң бірін жалғап үш талақ айтса, бәрі де жүзеге асады. Ал сөзін үзіліспен, арасына үнсіздік салып айтса, үзілістен кейінгі талақтары жүзеге аспайды. Өйткені алғашқы бәин талақтан кейін неке үзілген болады. Одан кейінгі талақтар некесінде жоқ әйелге айтылғандықтан, күші болмайды».