Сәһл ибн Сағд әс-Сағиди мына оқиғаны жеткізеді: «Уәймир әл-Ажлани ансарлық Асым ибн Адийге келіп: “Уа, Асым! Әйелін бөгде еркекпен ұстап алған адам жайында не дейсің? Әлгі еркекті өлтірсе, сендер де оны қысас ретінде өлтіресіңдер ме? Ондай адам не істеуі керек? Менің атымнан осы мәселені Алла елшісінен (с.а.с.) сұрап берші”, – деді. Асым бұл мәселені Алла елшісінен (с.а.с.) сұрағанда, ол мұндай сауалдарды ұнатпай, құптамады. Алла елшісінен (с.а.с.) естіген сөздері Асымға ауыр тиді. Ол үйіне қайтқанда, Уәймир келіп: “Уа, Асым! Алла елшісі саған не деп жауап берді?” – деп сұрады. Асым: “Басыма іс тілеп алдырдың. Алла елшісі сұраған мәселемді ұнатпады”, – деді. Уәймир: “Бұл мәселені Алла елшісінен (с.а.с.) сұрамай қоймаймын”, – деді».
Уәймир Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларымен отырған кезде келіп: «Уа, Расулалла! Әйелін бөгде еркекпен ұстап алған адам жайында не дейсіз? Әлгі еркекті өлтірсе, сендер де оны қысас ретінде өлтіресіңдер ме? Ондай адам не істеуі керек?» – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): «Сен және жұбайың туралы аят түсірілді. Бар да, жұбайыңды алып кел», – деді.
Сәһл былай дейді: «Мен сахабалармен бірге Алла елшісінің (с.а.с.) жанында отырғанымда, екеуі лиғән жасады».
Уәймир: «Уа, Расулалла! Бұл әйелмен некеде қала берсем, оған жала жапқан болып шығамын», – деді де, Алла елшісі бұйырмай тұрып, әйелін үш талақпен ажыратты. Ибн Шиһаб: «Содан кейін лиғән жасағандарға қатысты осы тәртіп орнықты», – деді.1
- 1Бұхари, «Талақ», 68/4; Мүслим, «Лиғән», 19/1.