Қазақша аудармасы
Сағид ибн Мүсәйяб пен Сүлеймен ибн Ясардан мас адамның талағы туралы сұралды. Олар: «Мас адам талақ етсе, талағы жүзеге асады. Біреуді өлтірсе, қысас ретінде өзі де өлтіріледі», – деді.
Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша да үкім осындай».1
Сағид ибн Мүсәйяб былай дейтін: «Ер адамның әйелін асырауға шамасы жетпесе, екеуі ажыратылады».
Имам Мәлик былай дейді: «Мен жолыққан Мәдина ғұламаларының көзқарасы да осындай».
- 1Мас адам әйелін талақ етсе, талағы жүзеге асады. Біреуді жазықсыз өлтірсе, қысас ретінде өзі де өлтіріледі. Омар ибн Хаттаб, Әли ибн Әби Талиб, Нахағи, Шағби, Ибн Сирин және фақиһтардың көпшілігі осы пікірді ұстанған. Имам Мәлик, Әбу Ханифа, Әузағи және Сәури де осы пікірде. Имам Шафиғиден бұл жөнінде екі пікір жеткен. Біріншісі: мас адамның талағы жүзеге асады. Шафиғи ғалымдарының көпшілігі осыны ұстанады. Екіншісі: мас адамның талағы жүзеге аспайды. Музәнидің пікірі де осындай. Осман ибн Аффан, Рабиға және Яхия ибн Сағид әл-Ансариден де осы мағынадағы сөз жеткізілген. Талақтың жүзеге асуына негіз болған дәлел мынадай: ұрлық жасағаны үшін қолы кесілетін немесе біреуді жазықсыз өлтіргені үшін қысас жазасына тартылатын адамның талағы да күшіне енеді. Қазы Әбул-Уәлид былай дейді: «Жоғарыда сөз болған мас адамның санасы толық жоғалмаған. Ақылының орнында екені не істегісі келсе, соны жасай алуынан білінеді. Санасынан толық айырылмаған мас адам біреуді жазықсыз өлтірсе, бірауыздан қабылданған үкім бойынша қысас қолданылады. Ал есінен танатындай мас болып, мүлде есін білмесе, не істеп жатқанын аңғармаса, оның талағы жарамсыз болады. Ондай адамның ұруға ниеті болмайтыны сияқты, өлтіруге немесе басқа бір іске де ниет етуі мүмкін емес».