Абдуррахман ибн Қасым әкесінен мына риуаятты жеткізеді: «Сақиф тайпасынан бір адам талақ ету құқығын әйеліне берді. Әйелі оған: “Сен талақсың”, – деді. Ер адам үндемеді. Әйел тағы да: “Сен талақсың”, – деді. Күйеуі: “Аузыңа тас толғыр!” – деді. Әйел үшінші рет: “Сен талақсың”, – дегенде, күйеуі тағы да: “Аузыңа тас толғыр!” – деді. Содан кейін олар дауларын қарату үшін Мәруан ибн Хәкәмге барды. Мәруан ер адамға әйеліне тек бір талақпен ажырасу құқығын бергені жөнінде ант еткізіп, әйелін оған қайтарды».
Абдуррахман былай дейді: «Бұл үкім әкем Қасымға ұнайтын. Ол мұны осы мәселеде естіген үкімдерінің ішіндегі ең лайықтысы деп санайтын».
Имам Мәлик былай дейді: «Бұл мәселеде естіген үкімдерімнің ішіндегі ең лайықтысы әрі көңіліме ең қонымдысы – осы».