Хадис

Муатта, № 22

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
28. Талақ (ажырасу)
бап
8. Азат адамның зиһары[^866]
Нөмірі
№ 22 (кітап ішіндегі рет реті)
22
Муатта, 28-кітап, № 22
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруа әкесі Уруадан мына риуаятты жеткізеді: «Төрт әйеліне бір ауыз сөзбен “Бәрің де маған анамның арқасындайсыңдар” деп зиһар айтқан адам жайында Уруа: “Оған бір ғана кәффарат қажет”, – деген».

Рабиға ибн Әби Абдуррахманнан да осы мағынадағы сөз жеткізілген.

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша да пәтуа осындай. Алла зиһар кәффараты туралы: “Әйелдеріне біржолата талақ ету ниетімен зиһар айтып, кейін айтқан сөздерінен айнып, райынан қайтқандар зиһар айтқан әйелдерімен жақындаспай тұрып, бір құлды азат етуі тиіс. ...Азат ететін құл таппаған, яки оған шамасы келмеген зиһар айтқан әйелімен жақындаспай тұрып, қатарынан екі ай үзбей ораза ұстауы керек. Оған да шамасы жетпегендер алпыс пақыр-міскінді тамақтандыруы ләзім”, – деген».1

Имам Мәлик әртүрлі мәжілісте әйеліне қайта-қайта зиһар айтқан адам жайында былай дейді: «Оған бір ғана кәффарат қажет. Ал зиһар айтып, кәффаратын өтегеннен кейін қайта зиһар айтса, тағы бір кәффарат өтеуі керек».

Имам Мәлик былай дейді: «Зиһар айтқаннан кейін кәффаратын өтемей тұрып әйелімен жақындасқан адамға бір ғана кәффарат қажет. Кәффаратын өтегенге дейін әйелімен қайта жақындаспайды. Ал бұрынғы жақындасқаны үшін Алладан кешірім тілейді. Бұл – естіген үкімдерімнің ішіндегі ең лайықтысы».

Имам Мәлик былай дейді: «Сүт туыстығы немесе қан туыстығы себепті үйленуі харам әйелдерге теңеудің үкімі бірдей. Екеуінің арасында айырмашылық жоқ».

Имам Мәлик былай дейді: «Әйелдің күйеуіне айтқан зиһарының күші болмайды».

Алла Тағаланың «Әйелдеріне біржолата талақ ету ниетімен зиһар айтып, кейін айтқан сөздерінен айнып, райынан қайтқандар...»2 деген аяты жайында Имам Мәлик былай дейді: «Бұл аяттың естігенім бойынша түсіндірмесі мынадай: ер адам әйеліне зиһар айтып, “Сен маған анамның арқасындайсың” дейді. Кейін әйелін некесінде қалдырып, онымен жақындасуға шешім қабылдаса, кәффарат өтеуі уәжіп болады. Ал зиһар айтқаннан кейін әйелін некесінде қалдырып, онымен жақындасуға шешім қабылдамай тұрып талақ етсе, оған кәффарат жүктелмейді. Кейін сол әйелге қайта үйленсе, зиһар кәффаратын өтемейінше онымен жақындаса алмайды».

Күңіне зиһар айтқан адам жайында Имам Мәлик былай дейді: «Егер ол күңімен жақындасқысы келсе, алдымен зиһар кәффаратын өтеуі керек».

Имам Мәлик былай дейді: «Зиһар айтқан адамға илә үкімі өздігінен қолданылмайды. Алайда әйеліне зиян келтіруді көздеп, зиһар кәффаратын өтеуден әрі онымен қайта қосылудан әдейі бас тартса, оған илә үкімі де қолданылады».

  1. 1«Мүжәдәлә» сүресі, 58:3–4.
  2. 2«Мүжәдәлә» сүресі, 58:3.