Сәбит ибн Ахнаф былай дейді: «Абдуррахман ибн Зәйд ибн Хаттабтың бір үммі уәләдіне үйленген едім. Абдуллаһ ибн Абдуррахман ибн Зәйд ибн Хаттаб мені шақыртты. Бардым. Қасына кірсем, бір қамшы, екі темір бұғау және маған қарсы дайындап қойған екі құл тұр екен. Ол: “Оны талақ ет! Әйтпесе, Аллаға ант етемін, саған мынадай-мынадай жаза қолданамын”, – деді. Мен: “Ол мың талақпен ажырасқан болсын”, – дедім де, шығып кеттім. Мекке жолында Абдуллаһ ибн Омарға жетіп, басымнан өткенді айттым. Ол ашуланып: “Бұл талақ саналмайды, өйткені сені мәжбүрлеген. Әйелің саған адал, онымен қайта қосыла аласың”, – деді. Көңілім орнықпай, сол кездегі Мекке әмірі Абдуллаһ ибн Зүбәйрге бардым. Оған басымнан өткенді және Абдуллаһ ибн Омардың айтқанын баяндадым. Ол: “Әйелің саған адал, оған қайт”, – деді. Содан кейін Мәдина әкімі Жәбир ибн Әсуәд әз-Зуһриге Абдуллаһ ибн Абдуррахманды жазалап, мені әйеліммен бірге еркін қалдыруды бұйырып хат жазды. Мәдинаға оралғанда, Абдуллаһ ибн Омардың рұқсатымен әйелі Сафия жұбайымды зифафқа әзірледі. Қосылатын күнімізде Абдуллаһ ибн Омарды асқа шақырдым. Ол шақыруымды қабыл алып келді».1
- 1Әбу Ханифаның пікірінше, мәжбүрленген адамның талағы жүзеге асады. Нахағи мен Шағби де осы пікірді ұстанған. Сағид ибн Мүсәйябтан да осы мағынадағы риуаят бар. Мәликилер Алла елшісінің (с.а.с.): «Мәжбүрлік жағдайында талақ жүзеге аспайды», – деген хадисіне сүйенеді. Осы хадиске сай әйелін талақ етуге мәжбүрленген адамның талағы ақылынан айырылған адамның талағы секілді жарамсыз саналады. Абдуллаһ ибн Омар, Абдуллаһ ибн әз-Зүбәйр, Омар ибн Хаттаб, Әли ибн Әби Талиб, Ибн Аббас және Омар ибн Абдулазиз де мұндай жағдайда талақ жүзеге аспайды деп пәтуа берген. Шафиғидің пікірі де осындай. «Мунтақа», IV, 124.