Қазақша аудармасы
Уруа ибн әз-Зүбәйрдің жеткізуінше, мүміндердің анасы әзірет Айша ғиддат күтіп жүрген Хафса бинт Абдуррахман ибн Әбу Бәкір әс-Сыддықты үшінші хайызы басталған кезде күйеуінің үйінен төркініне жіберді. Бұл оқиға Амра бинт Абдуррахманға айтылғанда, ол былай деді: «Уруа дұрыс айтқан. Ғалымдар әзірет Айшамен осы мәселе жөнінде пікір таластырып: “Алла Тағала кітабында ‘үш құру’ деген”, – деді. Сонда әзірет Айша: “Дұрыс айтасыңдар. Бірақ құрудың не екенін білесіңдер ме? Құру – хайыз емес, тазалық кезеңдері”, – деді».1
- 1Ханафи мәзһабында «құру» сөзі хайыз, яғни етеккір кезеңі деп түсіндіріледі.