Имам Мәликтің Ибн Шиһабтың былай дегенін естігені жеткізілген: «Ер адам әйеліне ажырасу не ажыраспау жөнінде таңдау құқығын берсе, ал әйелі күйеуімен бірге қалуды таңдаса, бұл талақ саналмайды».
Имам Мәлик былай дейді: «Бұл – естіген үкімдерімнің ішіндегі ең дұрысы».
Таңдау құқығы берілген әйел жайында Имам Мәлик былай дейді: «Күйеуі таңдау құқығын бергенде, әйел ажырасуды таңдаса, үш талақпен ажыраған болады.1 Күйеуі: “Мен саған тек бір талақ мәселесінде ғана таңдау құқығын бердім”, – десе де, әйел бір талақпен ғана ажыраған саналмайды. Үш талақтың бәрі жүзеге асады. Бұл – естіген үкімдерімнің ішіндегі ең дұрысы».
Имам Мәлик былай дейді: «Күйеуі таңдау құқығын берген әйел: “Мен бір талақты ғана қабылдаймын, өзгелерін қабылдамаймын”, – десе, ал күйеуі: “Мен саған үш талақтың бәріне қатысты таңдау құқығын бердім”, – десе, әйел тек бір талақты ғана таңдағандықтан, некесі бұзылмай, бұрынғы некесімен күйеуінің жанында қалады. Иншаллаһ, бұл талақ саналмайды».
- 1Ханафи мәзһабы бойынша, бір бәин талақ жүзеге асады.