Қасым ибн Мұхаммед пен Сүлеймен ибн Ясардан жеткен риуаятта былай делінеді: «Яхия ибн Сағид ибн Ас Абдуррахман ибн Хәкәмнің қызын бәин талақпен ажыратты. Әкесі қызын ғиддат күтуге тиіс үйінен басқа жерге көшірді. Мүміндердің анасы әзірет Айша сол кездегі Мәдина әкімі Мәруан ибн Хәкәмге: “Алладан қорық, уа, Мәруан! Оны талақ етілген үйіне қайтар”, – деп хабар жіберді». Сүлейменнің риуаяты бойынша, Мәруан: «Бауырым Абдуррахман ибн Хәкәмнің қызын алып кетуіне бөгет бола алмадым», – деген. Ал Қасымның риуаяты бойынша, Мәруан: «Фатима бинт Қайстың да ғиддаты бітпей тұрып күйеуінің үйінен кеткенін білмейсің бе?» – дегенде, әзірет Айша: «Фатиманың жағдайын бұған араластырма. Ол күйеуінің үйінде тыныштық таппаған еді», – деді. Мәруан: «Фатима күйеуінің үйінен тыныштық таппағаны үшін кетсе, бұлардың арасында да тынышсыздық жеткілікті», – деп жауап берді.1
- 1Бұхари, «Талақ», 68/41.