Зәйнеп былай дейді: «Анам, Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Үммі Сәләмәның мына сөзін естідім: “Бір әйел Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: ‘Қызымның күйеуі қайтыс болды. Көздері ауырады. Сүрме тартуына бола ма?’ – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) екі не үш рет: ‘Жоқ’, – деді. Әр сұрағанда осылай жауап беріп, содан кейін: ‘Ғиддат мерзімі – төрт ай он күн ғана. Ал жаһилия дәуірінде сендердің бірің күйеуі қайтыс болғаннан бір жыл толғанда ғана құмалақ лақтыратын еді’, – деді”».
Хумәйд ибн Нәфиғ былай дейді: «Зәйнептен: “Алла елшісінің (с.а.с.) ‘Бір жыл толғанда ғана құмалақ лақтыратын еді’ деген сөзінің мәні не?” – деп сұрадым. Зәйнеп былай деді: “Күйеуі қайтыс болған әйел ескі, нашар үйге кіріп, ең жұпыны киімін киетін. Бір жыл толғанша хош иіс те, соған ұқсас нәрсе де жақпайтын, жуынбайтын, тырнағын алмайтын. Содан кейін сол кездегі әдет бойынша оған есек, қой немесе құс әкелінетін. Әйел соған денесін үйкеп, аза тұту рәсімін аяқтайтын. Ол денесін үйкеген жануар көбіне өліп қалатын. Осыдан соң сыртқа шығатын. Оған құмалақ беріліп, ол соны лақтыратын. Ғиддаты осылай аяқталған саналып, әйел тазаланып, хош иіс пен өзге де нәрселерді қолдана алатын”».1
- 1Бұхари, «Талақ», 68/46; Мүслим, «Талақ», 18/9, № 58.