Омар ибн Хаттаб былай дейді: «Күйеуі хабарсыз кетіп, оның қайда екенін білмейтін әйел төрт жыл күтеді. Содан кейін төрт ай он күн ғиддат күтеді. Осы мерзім аяқталғаннан кейін тұрмысқа шығуына болады».
Имам Мәлик былай дейді: «Әйел ғиддаты аяқталған соң басқаға тұрмысқа шықса, екінші күйеуі онымен жақындасқан болса да, жақындаспаса да, алғашқы күйеуінің оны қайтарып алуға құқығы болмайды».
Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша үкім осындай. Ал алғашқы күйеуі әйел әлі тұрмысқа шықпай тұрып оралса, некеде қалуға өзгелерден гөрі соның құқығы басым».
Имам Мәлик былай дейді: «Кейбіреулер Омар ибн Хаттабтың: “Алғашқы күйеуі қайтып келгенде, әйелін қайтарып алуды немесе мәһірін алуды таңдауға құқылы”, – дегенін жеткізеді. Мен кездестірген ғалымдар бұл риуаятты мойындамайтын».
Имам Мәлик былай дейді: «Күйеуі басқа жақта жүріп әйелін талақ етіп, кейін қайта некесіне қайтарған, ал әйел талақ етілгенін білгенімен, күйеуінің оны некесіне қайтарғанын білмей, басқаға тұрмысқа шыққан жағдай туралы Омар ибн Хаттаб: “Екінші күйеуі онымен жақындасқан болса да, жақындаспаса да, алғашқы күйеуінің оны қайтарып алуға құқығы жоқ”, – деген».
Имам Мәлик былай дейді: «Басқа жақта жүрген немесе хабарсыз кеткен адамға қатысты естіген пәтуаларымның ішіндегі ең лайықтысы – осы».