Амра бинт Абдуррахман мүміндердің анасы Айшаның (р.а.) өзіне былай дегенін жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) менің жанымда еді. Хафсаның үйіне кіруге рұқсат сұраған бір адамның дауысын естіп: “Уа, Расулалла, мына адам үйіңізге кіруге рұқсат сұрап тұр”, – дедім. Алла елшісі (с.а.с.): “Ол Хафсаның сүт әкесінің бауыры пәленше болса керек”, – деді. Мен: “Уа, Расулалла, менің сүт әкемнің бауыры пәленше тірі болғанда, жаныма емін-еркін кіре алар ма еді?” – деп сұрадым. Алла елшісі (с.а.с.): “Иә, кіре алар еді. Өйткені нәсәп, яғни қан туыстығы арқылы үйленуге харам болған адамдар сүт ему арқылы да харам болады”1, – деді»2.
- 1Бұхари, «Шәһадат», 52/7; Муслим, «Радағ», 17/1, № 1.
- 2Некелесуге кедергі болатын себептердің бірі – сүт ему. Бұл Құран мен сүннет арқылы бекітілген. Құранда некелесуге харам етілген адамдар аталғанда: «Сендерге ... сүт аналарыңмен, емшектес әпке-қарындастарыңмен ... некелесу харам етілді», – делінеді («Ниса», 4:23). Осы тақырыпқа қатысты хадистер бұл бөлімде беріледі.