1. Хадис Бұхари мен басқа жинақтарда бірнеше нұсқада келген. Әнәстен (р.а.) жеткен бір нұсқада Айша (р.а.) Үммі Сүләймге: «Құдай ақырын берсін, әйелдерді ұятқа қалдырдың!» – деген. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) Айшаға: «Өзіңнің де Құдай ақырыңды берсін!» – деп араша түскен.
Кей нұсқада сұрақты кім қойғаны аталмайды, «бір әйел сұрады» делінеді. Бір риуаятта Үммі Сүләйм осы сұрақтан соң «Бұдан ұялдым» деген.
2. Хадистен мына мәселелерге назар аударуға болады:
• Әйелдер өздерін толғандырған, айтуға қысылатын мәселелерін Алла елшісінен (с.а.с.) сұрай алған. Ол мұндай сұрақтарға әдеппен жауап берген. Дінді үйренуге ұялу мен қысылу кедергі болмасын деп, қасындағыларды сұрақты еркін қоюға баулығанын жоғарыда айттық.
• Алла елшісі (с.а.с.) әйелдердің де ихтилам болатынын және олардың суы ерлердікінен өзгеше екенін айтқан. Хадисте баланың әкесіне не шешесіне тартуы, кей риуаятта ұл не қыз болуы ер мен әйел суының қайсысы басым түсуімен байланыстырылған. Осы мәселені кеңірек ашу үшін, баланың жынысы мен кімге ұқсайтыны жөніндегі Ибн Хажардың жазбасын келтіреміз:
Баланың жынысы және оның туыстарына ұқсауы
Хадис пен әдеп кітаптарында баланың жынысы және кей адамдардың ұл сүйгісі келетіні жайында риуаяттар бар. Олардың арасында берік негізге сүйенбейтіндері де, сенімді жолмен жеткендері де кездеседі.
Сахих риуаяттардың бірінде Пайғамбар (с.а.с.) сұраққа былай жауап береді: «Баланың әкесіне не шешесіне ұқсауына келсек, еркектің ұрығы әйелдікінен бұрын жетсе (سَبَقَ), бала әкесіне тартады, ал әйелдің ұрығы еркектікіне қарағанда бұрын жетсе, бала анасына тартады». Мүслим Айшадан (р.а.) жеткізген хадисте: «Еркектің ұрығы әйелдікінен басым түссе (عَلَا), бала әке жағына, ал әйелдікі басым түссе (عَلَا), бала нағашы жағына тартады», – делінген. Алла елшісінің (с.а.с.) азат еткен кісісі Сәубаннан Мүслим жеткізген хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Еркектің ұрығы ақ, әйелдікі сары. Екеуі қосылғанда, еркектікі басым түссе (عَلَا), Алланың қалауымен ұл, ал әйелдікі басым түссе, Алланың қалауымен қыз туады», – деген.
Бұл риуаяттарда екі ұрықтың бірінің екіншісінен бұрын жетуі не басым түсуі бірде سَبَقَ, бірде عَلَا сөзімен берілген. Ғалымдар оларды әртүрлі түсіндірген. Бір түсіндірмеде «сабқ» ұрықтың жатырға бұрын жетуін, «улуу» басым түсуді білдіреді. Екінші түсіндірмеде «улуу» бұрын жету, ал «сабқ» көптік пен қуат мағынасында алынған. Нәуауи мұндағы көптік пен қуат ұрықтың мөлшерімен шектелмейтінін айтып, оған «құмарлықтың күші» тәрізді мысал келтірген.
Ибн Хажар мәселені хадистің түрлі нұсқасына сүйеніп қарастырған. Ол Сәубан жеткізген «Еркектің ұрығы әйелдікінен басым түссе, бала ұл болады» деген хадисте түсіндіруді қажет ететін тұс барын айтады: «Хадис бір жағынан мүшкіл. Өйткені бұған қарағанда, еркектің ұрығы басым түссе, бала ұл болып, әкесіне тартуы керек. Ал өмірде ұл баланың нағашыларына тартатын кезі де болады». Қуртубидің түсіндіруінше, Сәубанның хадисіндегі «улуу» сөзі «сабқ», яғни бұрын жету мағынасында алынуы мүмкін. Ибн Хажар мұны былай тарқатады: «Қуртубиден келтірген пікіріміз Айша хадисіндегі “улуу” сөзінің түсіндірмесіне қатысты. Сәубанның хадисіндегі “улуу” сөзі тілдік мағынасында алынуы керек. Бұрын жету баланың ұл не қыз болуына, ал басым түсу оның кімге ұқсауына себеп болады. Мәселені осылай түсіндірсек, жоғарыдағы қайшылық шешіледі. Ұқсастыққа себеп болатын “улуу” – бір жақтың екінші жақтан айқын басым түсуі. Бала басым түскен жаққа тартады. Осыған сай алты жағдай бар:
1. Еркектің ұрығы бұрын жетіп әрі көбірек болса, бала ұл болып, әке жағына тартады.
2. Бұған керісінше.
3. Еркектің ұрығы бұрын жетіп, әйелдікі көбірек болса, бала ұл болып, ана жағына тартады.
4. Бұған керісінше.
5. Еркектің ұрығы бұрын жетіп, екеуінің мөлшері бірдей болса, бала ұл болады да, екі жақтың ешқайсысына айқын тартпайды.
6. Бұған керісінше».
Мунауи Ибн Хажардың түсіндірмесін толықтырып: «Екеуінікі бір мезетте жетсе, бала хунса (гермафродит) болады», – деген.
Сахих риуаяттардан бөлек, «осылай делінеді» деген түрде жеткен хабарлар да бар. Бірінде ерлі-зайыптылар жақындасар алдында «бисмиллә» деп, жоғарыда сахих риуаяттан келтірген дұғаны оқып, оған «Уа, Раббым, осыдан кейін бала нәсіп етсең, есімін Мұхаммед қоямын» деген тілекті қосу айтылады. Енді бірінде «Жақындасқаннан кейін оң қырымен жатып сәл мызғып алса, Алла қаласа, бала ұл болады» делінген.
Баланың жынысы туралы кеңірек тоқталуымыздың мақсаты – осы тақырыптағы ғалымдардың пікірін келтіріп, риуаяттардың ішінен ең сенімділерін көрсету. Бұл түсіндірмелердің бәрі жорамалға сүйенеді. Әсіресе баланың жынысы жөнінде Ибн әл-Қайим: «Белгілі бір табиғи себепті көрсету мүмкін емес. Мұндағы жалғыз себеп – Алла тағаланың қалауы», – деген. Автор осы мәселеде өз дәуіріндегі медицинаның да нақты жауап бермегенін айтады2.