وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ عُمَرَ سَأَلَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنِ الْغُسْلِ مِنَ الْجَنَابَةِ، فَقَالَ: «يَبْدَأُ فَيُفْرِغُ عَلَى يَدِهِ الْيُمْنَى مَرَّتَيْنِ أَوْ ثَلَاثًا، ثُمَّ يُدْخِلُ الْيُمْنَى فِي الْإِنَاءِ، ثُمَّ يَصُبُّ بِهَا عَلَى فَرْجِهِ، وَيَدُهُ الْيُسْرَى عَلَى فَرْجِهِ، فَيَغْسِلُ مَا هُنَالِكَ حَتَّى يُنَقِّيَهُ، ثُمَّ يَضَعُ يَدَهُ الْيُسْرَى عَلَى التُّرَابِ إِنْ شَاءَ، ثُمَّ يَصُبُّ عَلَى يَدِهِ الْيُسْرَى حَتَّى يُنَقِّيَهَا، ثُمَّ يَغْسِلُ يَدَيْهِ ثَلَاثًا، وَيَسْتَنْشِقُ وَيَتَمَضْمَضُ، وَيَغْسِلُ وَجْهَهُ وَذِرَاعَيْهِ ثَلَاثًا ثَلَاثًا، حَتَّى إِذَا بَلَغَ رَأْسَهُ لَمْ يَمْسَحْ وَأَفْرَغَ عَلَيْهِ الْمَاءَ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.
Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Омар (р.а.) Алла елшісінен (с.а.с.) жүніптіктен қалай ғұсыл алу керектігін сұрады. Ол: “Әуелі оң қолына екі не үш рет су құяды. Содан кейін оң қолын ыдысқа салып, алған суын жыныс мүшесіне құяды. Сол қолымен жыныс мүшесін тазарғанша жуады. Қаласа, сол қолын топыраққа тигізеді. Сосын сол қолына тазарғанша су құяды. Одан кейін қолдарын үш рет жуып, мұрнына су тартады, аузын шаяды. Беті мен білектерін үш реттен жуады. Басына келгенде мәсіх тартпай, су құяды”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Бұл риуаяттарда ғұсыл алғанда әурет жерді жуған соң қолды топыраққа тигізу айтылған. Ибн Омардың риуаятында «қаласа» деген сөз бар. Демек, бұл амал әркімнің еркіне қалдырылған. Риуаяттардан Алла елшісінің (с.а.с.) әдетте осылай істегені байқалады. Бүгінде осы мақсатта сабын қолдануға болады.
2. Хадисте әурет жерді «үш рет» деп шектемей, «тазарғанша» жуу айтылған. Сондықтан үш рет жуу қатаң шарт емес. Бастысы – жуылған жердің тазарғанына көз жеткізу.
3. Риуаяттардағы аздаған айырмалар Алла елшісінің (с.а.с.) ғұсылда парыздарды толық орындауға мән беріп, қосымша амалдарды уақыт пен жағдайға қарай істегенін көрсетеді.
- 1Нәсәи, «Ғұсыл», 18 (1/205–206).