Хадис

Кутуб ситтә, № 3744

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
506. Жүніп күйден тазару үшін ғұсыл алу
Нөмірі
№ 3744 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 12
3744
Кутуб ситтә, № 3744 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Сәубан

وَعَنْ ثَوْبَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «اسْتُفْتِيَ النَّبِيُّ ﷺ عَنِ الْغُسْلِ مِنَ الْجَنَابَةِ، قَالَ: أَمَّا الرَّجُلُ فَلْيَنْشُرْ رَأْسَهُ فَلْيَغْسِلْهُ حَتَّى يَبْلُغَ أُصُولَ الشَّعْرِ، وَأَمَّا الْمَرْأَةُ فَلَا عَلَيْهَا أَنْ لَا تَنْقُضَهُ، لِتَغْرِفْ عَلَى رَأْسِهَا ثَلَاثَ غَرَفَاتٍ بِكَفَّيْهَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Сәубан (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.) жүніптіктен тазару үшін қалай ғұсыл алу керектігі сұралды. Ол: “Ер кісі шашын жазып, су шаштың түбіне жеткенше жусын. Әйел шашының өрімін тарқатпаса да болады. Басына қос алақанымен үш рет су алып құйсын”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадисте шаш өрімін тарқату жөнінде ер мен әйелдің үкімі бөлек берілген. Ер кісі өрімін тарқатады, ал әйелге тарқатпауға рұқсат. Әйелге қатысты ғалымдар төрт түрлі пікір айтқан.

• Көпшілік ғалымның пікірінше, әйел хайыздан не жүніптіктен тазару үшін шашын тарқатуға міндетті емес. Су шаштың түбіне, бас терісіне және өрімнің іші мен сыртына жетсе болды. Демек, көпшілік үшін басты шарт – судың барлық жерге тиюі. Шаш өріліп тұрғанда да су барлық жерге жетуі мүмкін. Бұл үкім Әлиден (р.а.) жеткен № 3743 хадиске және осы тақырыптағы өзге риуаяттарға негізделген. Солардың бірі – Үммі Сәләманың (р.а.) хадисі. Онда Алла елшісі (с.а.с.): «Су құйған сайын өрімдеріңді қолыңмен ысқыла», – деген. Өзге риуаяттарда оның ғұсыл кезінде бас терісіне су жеткеніне көз жеткізгенше шашын саусақтарымен салалағаны айтылады.

• Екінші пікір бойынша, әйел барлық жағдайда шашын тарқатуы керек. Ибраһим ән-Нәхәи осы пікірді ұстанған. Ибн әл-Араби оның пікірін: «Шамасы, бүкіл денені жуу туралы жалпы бұйрыққа сүйенген. Алла елшісінің (с.а.с.) рұқсаты оған жетпеген болса керек. Жеткенде, бұлай үкім шығармас еді», – деп түсіндіреді.

• Үшінші пікірді Ахмад ибн Ханбал, Хасан Басри мен Тауус ұстанған. Олардың пікірінше, әйел хайыздан тазарғанда өрімін тарқатуға міндетті, ал жүніптіктен тазарғанда тарқатпаса да болады. Олар Әнәстен (р.а.) жеткен риуаятқа сүйенеді: «Әйел хайыздан тазарғанда шашын толық тарқатып, хытми және үшнанмен2 жуады. Ал жүніптіктен жуынғанда басына су құйып, шашын сығады». Айшадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) оған хайыздан тазарғанда: «Шашыңды тарқатып жу», – деген. Бұл пікірді ұстанған ғалымдар өзге риуаяттарға да сүйенеді.

• Төртінші пікір бойынша, әйелдің шаш өрімінің ішіне су түгел жетпесе де, оны тарқату міндетті емес. Ал ер кісі өрімін тарқатпай шашының іші мен сыртына су жеткізе алмаса, оны тарқатуға міндетті.

Бұл пікір риуаят жағынан да, пайым жағынан да қуатты. Сахих хадистерге сүйенген ғалымдар шаштың іші мен сыртын, түбін және бүкіл теріні жуу міндетті екеніне бірауыздан келіскен. Бұл үкім ер мен әйелге ортақ. Алла елшісі (с.а.с.) әйелдерге өрімін тарқатпауға рұқсат берген. Әйелдердің көбі шашын өретіндіктен, әр ғұсылда өрімін тарқату қиын. Осы қиындық ескеріліп, өрімнің ішіне су тимей қалуына да кешіріммен қаралған. Дегенмен шаштың түбіне су міндетті түрде жетуі керек. Рұқсат өрімнің салбырап тұрған бөлігіне қатысты. Ер кісілерге мұндай қиындық тән болмағандықтан, бұл рұқсат оларға қолданылмайды. Олар шашының барлық жеріне су жеткізуге тиіс.

Осы рұқсатты қуаттайтын бір-екі риуаят келтірейік. Үммі Сәләма (р.а.) шашының өрімі көп екенін айтып: «Ғұсыл алғанда өрімдерімді тарқатайын ба?» – деп сұраған. Алла елшісі (с.а.с.): «Жоқ. Басыңа үш рет су құйсаң, жеткілікті», – деген.

Айша (р.а.) әйелдерге өрімін тарқату керектігін айтқан Абдулла ибн Омар туралы: «Ибн Омарға таңғаламын. Әйелдерге жуынғанда өрімдерін тарқатуды бұйырыпты. Одан да шаштарын қырып тастауды неге бұйырмайды?» – деген.

Осы пікірталастардан кейін ғылымхал кітаптарында бекіген үкім соңғы пікірге сай келеді: «Сақалдың, шаштың, қас пен мұрттың арасына әрі түбіндегі теріге, олар қанша қалың болса да, су тиюі керек. Арасы не түбі құрғақ қалса, ғұсыл толық болмайды. Әйелдің салбырап тұрған өрімін түгел жуу міндетті емес, шашының түбіне су жетсе жеткілікті. Ал ер кісінің шашы салбырап тұрса, үзірлі себеп болмаса, оны түгел жуу керек».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 100 (255).
  2. 2Хытми мен үшнан – көбіне шаш пен басты жууға пайдаланылған өсімдіктер.