وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ سُئِلَ عَنِ الرَّجُلِ يَجِدُ الْبَلَلَ وَلَمْ يَذْكُرِ احْتِلَامًا، قَالَ: «يَغْتَسِلُ». وَعَنِ الرَّجُلِ يَرَى أَنَّهُ قَدِ احْتَلَمَ وَلَا يَجِدُ بَلَلًا، قَالَ: «لَا غُسْلَ عَلَيْهِ». قَالَتْ أُمُّ سُلَيْمٍ: وَالْمَرْأَةُ تَرَى ذَلِكَ، أَعَلَيْهَا غُسْلٌ؟ قَالَ: «نَعَمْ، إِنَّمَا النِّسَاءُ شَقَائِقُ الرِّجَالِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. «الشَّقِيقُ»: الْمِثْلُ وَالنَّظِيرُ.
Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.) киімінен дымқыл із байқап, бірақ ихтилам болғанын есіне түсіре алмаған ер кісі жайында сұралды. Ол: “Ғұсыл алсын”, – деді. Ал ихтилам болғанын біліп, дымқыл із таппаған кісі жайында сұрағанда: “Оған ғұсыл алу міндетті емес”, – деп жауап берді.
Сонда Үммі Сүләйм (р.а.): “Әйел кісі осылай көрсе, оған ғұсыл алу міндетті ме?” – деп сұрады. Пайғамбар (с.а.с.): “Иә. Бұл тұрғыда әйелдер де ерлер сияқты”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Осы риуаят та ұрық шыққанда ғұсыл алудың міндетті екенін көрсетеді. Адам ихтилам болғанын есіне түсірмесе де, киімінен дымқыл із тапса, ғұсыл алады. Ал түсінде ихтилам көріп, ұрық шыққанын білдіретін дымқыл із таппаса, ғұсыл алу міндетті емес. Демек, бұл жағдайда ғұсыл ұрықтың шығуына байланысты.
2. Ихтиламның үкімі әйел мен ерге бірдей. Алла елшісі (с.а.с.) мұны «Әйелдер де ерлер сияқты» деген сөзбен жеткізген. «Шақиқ» сөзі негізінде бір әке-шешеден туған бауырды білдіреді. Ол «бөліну, ажырау» деген мағынадағы «шаққа» етістігінен шыққан. Хауа ананың Адамның (а.с.) қабырғасынан жаратылғаны себепті әйелді ерден бөлінген бөлік ретінде сипаттаған.
- 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 95 (236); Тирмизи, «Таһарат», 82 (113).