Хадис

Кутуб ситтә, № 3789

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
506. Жүніп күйден тазару үшін ғұсыл алу
Нөмірі
№ 3789 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 57
3789
Кутуб ситтә, № 3789 · тараудағы реті: 57

وَفِي رِوَايَةٍ بَعْدَ قَوْلِهِ «احْتِلَامًا»، فَقَالَ: «لَقَدِ ابْتُلِيتُ بِالِاحْتِلَامِ مُنْذُ وُلِّيتُ أَمْرَ النَّاسِ». فَاغْتَسَلَ وَغَسَلَ مَا رَأَىٰ فِي ثَوْبِهِ مِنِ احْتِلَامٍ، ثُمَّ صَلَّىٰ بَعْدَ ارْتِفَاعِ الضُّحَىٰ مُتَمَكِّنًا. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Өзге риуаятта киіміндегі мәниді көрген Омардың (р.а.) былай дегені айтылады: «Ел ісі мойныма жүктелгелі, ихтилам жиі болатын болды». Содан соң ғұсыл алды, киіміндегі мәниді жуды. Сәске кіріп, күн әбден көтерілгенде намазын оқыды.1

Түсіндірме

1. Журуф – Мәдинадан Шамға қарай үш миль жерде орналасқан мекен.

2. «Мәни» деп аударылған «ихтилам» сөзі бұл жерде түс көруді емес, соның киімге түскен ізін білдіреді.

3. Риуаяттан Омардың (р.а.) мәниді нәжіс санағаны аңғарылады. Кей ғалымдар мәнидің өзі таза болса да, несеп, мәзи және уәди шығатын жолдан өтуін нәжіс деуге жеткілікті себеп санаған.

4. Зурқани Омардың (р.а.) «Ел ісі мойныма жүктелгелі, ихтилам жиі болатын болды» деген сөзін былай түсіндіреді: «Ақиқатын Алла біледі. Ол күндіз-түні ел ісімен айналысып, жұбайларына уақыт бөле алмағандықтан, мұндай жағдай жиілеген болуы мүмкін».

5. Кей ғалымдар осы риуаятқа сүйеніп, ел басқарған адам мен өзге қызмет иелерінің жеке дүниелік істеріне уақыт бөлуіне болады деген.

6. Зурқани Омар (р.а.) жайында былай дейді: «Ол Мәдинаға келген қонақтарға ас беріп, көңілін табу үшін олармен бірге ас ішетін делінеді. Алайда кең тараған дерекке қарағанда, халифа болғанда да бұрынғы өмір салтын өзгертпеген. Жұртпен бір дастарханнан ас ішіп, өзіне бөлек тамақ әзірлетпеген. Бұл арқылы оларға үлгі болып, ысыраптан сақтануды үйреткісі келген. Сірә, жұрт жоқшылық көргендіктен, сары май сияқты тағамдар ол кезде қолдарына түсе бермеген. Омар жұртпен тең болуды қалап, өзгелерден дараланудан сақтанған». Зурқанидың айтуынша, сары май қымбат кезде Омар зәйтүн майын тұтынған. Жұрттың тұрмысы түзеліп, сары май тәрізді тағамдарға қолы жеткенде ғана өзі де соларды жей бастаған.

7. Зурқани осы риуаяттан тағы бір үкім шығарады: «Омардың (р.а.) намазын жалғыз қайта оқуы мынаны көрсетеді: имам жүніп не дәретсіз екенін ұмытып, намаз оқытса, жамағат оның халін білмей ұйыса, имам есіне түскенде намазын қайта оқиды. Жамағаттың намазы дұрыс, оны қайта оқымайды. Ал жамағат имамның халін білген болса, намаздары жарамсыз».

Имам Шафиғи мен Ибн Нафиғ былай дейді: «Имамға ұйығандар оның халін білмесе, екі жақтың да намазы дұрыс болады. Өйткені жамағат имамның халін анықтауға міндетті емес. Бұл сәһу мәселесіне де жатпайды. Имам біле тұра істесе, күнәһар болады».

Әбу Ханифа: «Имамның да, жамағаттың да намазы жарамсыз. Өйткені жамағаттың намазы имамның намазына байланысты», – деген.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Таһарат», 80–82 (1/49).