Хадис

Таһарат (тазалық)

Муатта, 2-кітап · 115 хадис · № 1–115

Мазмұны: 32 бап
  1. 1Дәрет алу
  2. 2Ұйқыдан тұрған адамның намаз алдында дәрет алуы
  3. 3Дәрет суының таза әрі тазартушы болуы
  4. 4Дәретті бұзбайтын нәрселер
  5. 5Отта піскен нәрсені жеудің дәретті бұзбауы
  6. 6Дәретке қатысты басқа хадистер
  7. 7Бас пен құлаққа мәсіх тарту
  8. 8Аяққа киілген мәсілердің үстінен мәсіх тарту
  9. 9Мәсілердің үстінен қалай мәсіх тартылады?
  10. 10Мұрыннан қан кетуі
  11. 11Мұрыннан қан кеткенде істелетін амал
  12. 12Жарасынан немесе мұрнынан аққан қаны тоқтамайтын адамның істейтін амалы
  13. 13Өзінен мәзи[^88] аққан адамның дәрет алумен шектелуі
  14. 14Мәзи (сұйықтық) шықты деп күмәнданған жағдайда дәрет алмауға берілген рұқсат
  15. 15Жыныс мүшесіне қол тигенде дәреттің бұзылуы
  16. 16Әйелін сүйген адамның дәрет алуы
  17. 17Жүніптіктен ғұсыл алу
  18. 18Жыныстық қатынаста ғұсылдың уәжіп болуы
  19. 19Жүніп адамның ғұсыл алмай тұрып ұйықтағысы немесе тамақ жегісі келген кезде дәрет алуы
  20. 20Жүніп екенін білмей намаз оқыған адамның намазын қайта оқуы және киімін жууы
  21. 21Әйелдердің де ерлер сияқты ихтиләм болған кезде ғұсыл алуы туралы
  22. 22Жүніптіктен ғұсыл алу
  23. 23Тәяммүм
  24. 24Тәяммүм алу тәртібі
  25. 25Жүніп адамның тәяммүм алуы
  26. 26Әйелі хайыз күйінде болғанда күйеуіне рұқсат етілетін жақындық
  27. 27Хайыздан тазару
  28. 28Жүкті әйелдің хайыз көруі
  29. 29Истихаза[^126] болған әйелдің жағдайы
  30. 30Сәбидің зәрі
  31. 31Тұрып кіші дәрет сындыру
  32. 32Мисуак туралы

1-бапДәрет алу

1
Муатта, 2-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Яхия әл-Мәзини Алла елшісінің сахабаларының бірі Абдуллаһ ибн Зәйдтен: «Алла елшісінің қалай дәрет алғанын маған көрсете аласың ба?» – деп сұрады. Абдуллаһ: «Иә», – деді де, су сұрады. Қолына су құйып, мұрнына үш рет су тартты. Содан кейін бетін үш рет жуды. Бұдан соң екі қолын шынтақтарына дейін үш реттен жуды. Кейін суланған қолдарын маңдайынан желкесіне қарай, одан қайта маңдайына қарай жүргізіп, басына мәсіх тартты. Содан соң екі аяғын тобықтарына дейін жуды1.

  1. 1Бұхари, «Уду», 4/38; Муслим, «Таһарат», 2/18, 19; Шәйбани, 5. Қолды әуелі екі рет жуу дәрет суына таза қолды салу үшін жасалады. Мұнда жуу санының көрсетілуі қолдың ғибадат ниетімен жуылатынын білдіреді. Ал нәжістен тазарту үшін жуудың белгілі бір саны жоқ: нәжіс кеткенге дейін жуылады (Бажи, «Мүнтәқа»). Дәрет мүшелерін бір рет жуу міндетті, екі рет жуу жеткілікті, ал үш рет жуу абзал. Басқа мәсіх тартуға келсек, имам Мәлик осы және осыған ұқсас хадистерге сүйеніп, дәрет аятында айтылған басқа мәсіх тартуды да жалпы мағынасында түсіндіріп, бастың бәріне мәсіх тарту парыз дейді. Шафиғи мәзһабының имамдары «мәсіх» сөзін шектеусіз мағынасында алып, бастың аз ғана бөлігіне мәсіх тартылса да, жеткілікті деп санайды. Ханафи имамдары ардақты Пайғамбардың басының алдыңғы жағына, яғни төрттен біріне мәсіх тартқанын баяндайтын хадистерге сүйеніп әрі аяттарды хадистер аясында тәпсірлеп, бастың төрттен біріне мәсіх тарту парыз дейді. Барлық имамдардың пікірінше, бастың бәрін қамтып мәсіх тарту – сүннет.
2
Муатта, 2-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.): “Сендердің бірің дәрет алған кезде мұрнына су тартып, оны жақсылап тазаласын. Ал таспен тазаланған адам тасты тақ санмен қолдансын”, – деп бұйырды1».

  1. 1Бұхари, «Уду», 4/26; Муслим, «Таһарат», 2/20. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 6.
3
Муатта, 2-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.): “Дәрет алған адам мұрнын сумен жақсылап тазаласын. Ал таспен тазаланған адам тасты тақ санмен қолдансын”, – деп бұйырды1».

  1. 1Бұхари, «Уду», 4/25; Муслим, «Таһарат», 2/22. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 7.
4
Муатта, 2-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Дәрет алған адам бір уыс сумен әрі аузын шайып, әрі мұрнына су тартса, болады1».

  1. 1Мазмаза – ауызға су алып шаю. Истиншақ – мұрынға су тарту. Бұл екеуі – сүннет.
5
Муатта, 2-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Сағд ибн Әби Уаққас қайтыс болған күні Әбу Бәкірдің ұлы Абдуррахман әзірет Айшаның (р.а.) қасына кірді. Ол дәрет алу үшін су сұрағанда, Айша (р.а.): «Абдуррахман! Дәрет мүшелеріңді жақсылап жу. Өйткені мен Алла елшісінің (с.а.с.): “Дәрет алғанда құрғақ қалған өкшелер отта жанады”, – дегенін естідім», – деді1.

  1. 1Муслимнің «Таһарат» кітабында (2/23) мәусул түрде риуаят етілген.
6
Муатта, 2-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Абдуррахман: «Омардың (р.а.) сумен тазаланғанын естідім», – деді1.

  1. 1Шәйбани, 10.
7
Муатта, 2-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Мәликтен: «Дәрет алған адам ұмытып, аузын шаймай тұрып бетін жуып қойса немесе бетін жумай тұрып қолдарын жуса, бола ма?» – деп сұрағанда, ол былай деп жауап берді: «Аузын шаймай тұрып бетін жуып қойған адам аузын шайсын, бірақ бетін қайта жумасын. Ал бетін жумай тұрып қолдарын жуып қойған адам дәрет алған жерінде немесе соған жақын жерде болса, бетін жусын, содан кейін қолдарын қайта жусын. Осылайша қолдары бетінен кейін жуылған болады1».

  1. 1Егер дәрет алған жерінен кетіп, дәрет мүшелері құрғап қалса, ұмытып кеткен мүшесін жуады, бұрын жуған мүшелерін қайта жумайды.
8
Муатта, 2-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Яхия былай дейді: «Мәликтен: “Бір адам дәрет алып жатқанда ұмытып, аузы мен мұрнына су алмай намаз оқыса, не болады?” – деп сұрағанда, Мәлик: “Намазын қайта оқуы қажет емес1. Есіне түскен кезде аузын шайып, мұрнына су тартсын. Одан кейін намаз оқығысы келсе де, бұрынғы намазын қайта оқымайды”, – деді».

  1. 1Өйткені мазмаза мен истиншақ – сүннет. Оларды тастап кетуден намаз бұзылмайды.

2-бапҰйқыдан тұрған адамның намаз алдында дәрет алуы

9
Муатта, 2-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.): “Сендердің бірің ұйқыдан тұрған кезде қолдарын дәрет суына салмай тұрып жусын. Өйткені ол ұйқыда қолдарының қайда тигенін білмейді”, – деп бұйырды1».

  1. 1Бұхари, «Уду», 4/26; Муслим, «Таһарат», 2/87, 88. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 9. Бұлай істеу құпталады, ал оны істемеген адам күнәһар болмайды. Ол заманда қазіргідей су шүмектері болмаған. Көбіне қолды бір ыдыстағы суға салып дәрет алатын. Кей жағдайда қол таза болмауы мүмкін. Сондықтан хадисте әуелі қолды ыдыстан тыс жерде жуып, содан кейін ғана суға салып дәрет алу бұйырылған. Бұл тазалық үшін қажет.
10
Муатта, 2-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләмнен риуаят етіледі: «Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.): “Жатып ұйықтаған адам дәрет алсын”, – деді1». Мәлик былай дейді: «Зәйд ибн Әсләм “Уа, мүміндер! Намазға тұрған кезде жүздеріңді және шынтақтарыңа дейін қолдарыңды жуыңдар, бастарыңа мәсіх тартыңдар, сондай-ақ тобықтарыңа дейін аяқтарыңды жуыңдар” деген аятты: “Төсектен, яғни ұйқыдан тұрған кезде...” – деп тәпсірледі».

  1. 1Жатып ұйықтағанда дәреті бұзылады деген сөз. Отырған орнында еш нәрсеге сүйенбей ұйықтаса, дәреті бұзылмайды. Ал бір нәрсеге сүйеніп ұйықтап, сүйенген нәрсесін алып тастағанда құлап қалатындай болса, дәреті бұзылады.
11
Муатта, 2-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша, мұрыннан қан кетуі, дененің бір жерінен қан шығуы, жарадан ірің ағуы дәретті бұзбайды. Алайда алдыңғы және артқы дәрет жолдарынан шыққан нәрсе, сондай-ақ ұйқы дәретті бұзады1». Нәфиғ былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омар отырып ұйықтайтын, содан кейін дәрет алмай намаз оқитын».

  1. 1Шафиғи мәзһабында да үкім осындай. Имам Әбу Ханифа өзі сахих деп таныған хадистерге сүйеніп, денеден шыққан қан мен ірің дәретті бұзады деген пікірді ұстанған.

3-бапДәрет суының таза әрі тазартушы болуы

12
Муатта, 2-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай деп баяндайды: «Бір адам Алла елшісінің (с.а.с.) құзырына келіп: “Уа, Расулалла! Біз теңізде сапарға шығамыз, өзімізбен аз ғана су аламыз. Егер онымен дәрет алсақ, ішуге су қалмайды. Теңіз суымен дәрет ала аламыз ба?” – деп сұрады. Ардақты Елші (с.а.с.): “Теңіздің суы таза, өлексесі халал1”, – деп бұйырды2».

  1. 1Яғни теңіз суымен дәрет алуға болады. Теңізден шығып өлген жануарлар да халал деген сөз.
  2. 2Әбу Дәуіт, «Таһарат», 1/41; Тирмизи, «Таһарат», 1/52; Нәсәи, «Таһарат», 1/47; Ибн Мәжа, «Таһарат», 1/38. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 46.
13
Муатта, 2-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Кағбтың қызы Кәбшә былай деп баяндайды: «Қайын атам Әбу Қатада бізге келді. Мен оған дәрет суын құйып беріп тұрған едім. Сол кезде бір мысық келіп, сол судан ішкісі келді. Әбу Қатада мысық ішіп болғанша ыдысты оған қарай еңкейтіп тұрды. Менің өзіне қарап тұрғанымды көріп: “Таңырқап тұрсың ба?” – деп сұрады. Мен: “Иә”, – дедім. Сонда ол: “Алла елшісі (с.а.с.): ‘Мысық нәжіс емес. Ол үйлеріңде еркін жүріп-тұратын жануар’, – деп бұйырған”, – деді1». Имам Мәлик былай дейді: «Мұндай сумен дәрет алудың еш әбестігі жоқ. Алайда мысықтың аузында нәжіс болса, ол сумен дәрет алуға болмайды».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 1/38; Тирмизи, «Таһарат», 1/69; Нәсәи, «Таһарат», 1/54; Ибн Мәжа, «Таһарат», 1/32. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 90.
14
Муатта, 2-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Абдуррахман былай деп баяндайды: «Әзірет Омар (р.а.) бір керуенмен сапарға шықты. Амр ибн әл-Ас та сол керуеннің ішінде еді. Олар бір су тоғанының басына келді. Амр ибн әл-Ас тоған иесінен: “Бұл тоғанға жыртқыш, яғни жабайы аңдар келіп су іше ме?” – деп сұрағанда, әзірет Омар әлгі адамға: “Бұл сұраққа жауап берме. Өйткені бұл суға жануарлар да келеді, біз де келеміз”, – деді1».

  1. 1Әзірет Омар (р.а.) бұл сөзін күдік пен күмәнді сейілту үшін айтқан болса керек. Өйткені орындалған ғибадаттардың дұрыстығына күмән келтіруге жол берілмеуі тиіс.
15
Муатта, 2-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің заманында ерлер мен әйелдер бірге дәрет алатын1».

  1. 1Бұхари, «Уду», 4/43. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 45. Мәзини былай дейді: «Абдуллаһ (р.а.) бұл сөзімен әр ер кісінің өз әйелімен бірге бір ыдыстан дәрет алғанын айтып отыр. Кейбір риуаяттар осы мағынада келген. Әйтпесе, намәһрам әйелдер мен ерлер бірге дәрет алатын деген сөз емес».

4-бапДәретті бұзбайтын нәрселер

16
Муатта, 2-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Ауфтың ұлы Ибраһимнің үмму уәләді1 былай деп баяндайды: «Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Үммі Сәләмәға: “Мен етегі ұзын көйлек киетін әйелмін әрі лас жерлерден өтемін”, – дегенімде, Үммі Сәләмә: “Алла елшісі (с.а.с.): ‘Құрғақ әрі таза жерлер лас жерлерге сүйретіліп кірлеген етектерді тазартады’, – деген”, – деп жауап берді2».

  1. 1Балалы болған күң «үмму уәләд» деп аталады.
  2. 2Әбу Дәуіт, «Таһарат», 1/137; Тирмизи, «Таһарат», 1/109; Ибн Мәжа, «Таһарат», 1/79.
17
Муатта, 2-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Мәлик (р.а.) Рабиға ибн Абдуррахманның мешітте бірнеше рет құсып, дәретін жаңартпай намаз оқығанын көрді. Имам Мәликтен: «Құсқан адам қайтадан дәрет алуы керек пе?» – деп сұрағанда, ол: «Қайтадан дәрет алуы қажет емес. Алайда құсқаннан кейін аузын шаюы, яғни жууы керек», – деп жауап берді1.

  1. 1Ханафи мәзһабы бойынша, ауыз толтыра құсу дәретті бұзады.
18
Муатта, 2-кітап, № 18
Қазақша аудармасы

Нәфиғ риуаят етеді: «Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) Сағид ибн Зәйдтің ұлының мәйітіне хош иіс жақты әрі оны көтеріп апарды. Содан кейін мешітке кіріп, дәретін жаңартпай намаз оқыды». Имам Мәликтен: «Құсқанда дәрет бұзыла ма?» – деп сұрағанда, ол: «Жоқ. Тек аузын шаяды, аузын жуады. Дәрет алуы қажет емес», – деді.

5-бапОтта піскен нәрсені жеудің дәретті бұзбауы

19
Муатта, 2-кітап, № 19
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббас былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қойдың алдыңғы қолының піскен етін жеді. Содан кейін дәретін жаңартпай намаз оқыды1».

  1. 1Бұхари, «Уду», 4/50; Муслим, «Хайыз», 3/91. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 30.
20
Муатта, 2-кітап, № 20
Қазақша аудармасы

Суәйд ибн Нұғман былай деп баяндайды: «Хайбар соғысы болған жылы Алла елшісімен (с.а.с.) бірге жолға шыққан едім. Хайбарға жақын “Сахба” деп аталатын жерге жеткенде, Алла елшісі (с.а.с.) түйесінен түсіп, екінті намазын оқытты. Содан кейін азықтарын сұрады. Тек қауыт1 әкелінді. Оның бұйрығымен қауыттан көже әзірленді. Алла елшісі (с.а.с.) одан жеді, біз де жедік. Кейін ақшам намазына тұрды, аузын шайды, біз де аузымызды шайдық. Содан соң дәретін жаңартпай намаз оқытты2».

  1. 1Қауыт – қуырылған ұн.
  2. 2Бұхари, «Уду», 4/51. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 34. Ханафи мәзһабында осы хадиске сүйеніп, отта піскен нәрсені жегеннен кейін қайта дәрет алудың қажеті жоқ деп есептеледі. Ал заһирилердің пікірінше, мұндайда дәрет бұзылады, сондықтан оны жаңарту керек.
21
Муатта, 2-кітап, № 21
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Худайрдың ұлы Рабиға былай дейді: «Әзірет Омармен бірге кешкі ас іштім. Тамақтан кейін ол намаз оқыды, қайтадан дәрет алмады».

22
Муатта, 2-кітап, № 22
Қазақша аудармасы

Әбан ибн Осман былай дейді: «Осман ибн Аффан (р.а.) нан мен ет жегеннен кейін аузын шайды, қолдарын жуды және қолдарымен жүзін сипады. Содан кейін намаз оқыды, бірақ қайтадан дәрет алмады». Имам Мәликке Әли ибн Әбу Талиб пен Абдуллаһ ибн Аббастың (р.а.) отта піскен нәрсені жегеннен кейін қайтадан дәрет алмағаны риуаят етілді1.

  1. 1Шәйбани, 32.
23
Муатта, 2-кітап, № 23
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид Абдуллаһ ибн Амр ибн Рабиғадан: «Бір адам намаз оқу үшін дәрет алғаннан кейін отта піскен тағам жесе, қайтадан дәрет алуы керек пе?» – деп сұрады. Абдуллаһ: «Мен әкемді көрдім: ол дәрет алғаннан кейін отта піскен тағамды жейтін, бірақ қайтадан дәрет алмайтын», – деп жауап берді1.

  1. 1Шәйбани, 33.
24
Муатта, 2-кітап, № 24
Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Абдуллаһ әл-Ансари (р.а.) былай дейді: «Әбу Бәкір әс-Сыддықты (р.а.) көрдім. Ол ет жегеннен кейін қайтадан дәрет алмай намаз оқыды1».

  1. 1Шәйбани, 29. Жәбир (р.а.) бұл сөзімен отта піскен нәрсені жеу дәретті бұзбайтынын білдіріп отыр. Белгілі болғандай, әзірет Әбу Бәкір етті дәретті күйде жеген.
25
Муатта, 2-кітап, № 25
Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн әл-Мүнкәдир (р.а.) былай деп баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) асқа шақырылған еді. Оған ет пен нан әкелінді. Соларды жегеннен кейін дәрет алды да, намаз оқыды. Кейін астың қалған бөлігі әкелінді. Оны жегеннен кейін қайтадан дәрет алмай намаз оқыды1».

  1. 1Бұл хадис мурсәл түрінде жеткен. Әбу Дәуіт оны «Таһарат» кітабында (1/74) Жәбирден мәусул түрде риуаят еткен. Сондай-ақ қараңыз: Тирмизи, «Таһарат», 1/59; Шәйбани, 31.
26
Муатта, 2-кітап, № 26
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Язид әл-Ансари былай деп баяндайды: «Әнәс ибн Мәлик Ирактан келген еді. Әбу Талха мен Убәй ибн Кағб оның қасына барды. Әнәс оларға отта піскен тағам ұсынды, олар жеді. Тамақтан кейін Әнәс тұрып дәрет алған кезде, Әбу Талха мен Убәй ибн Кағб: “Бұл не, Әнәс? Әлде бұл ирақтықтардың әдеті ме1?” – деп сұрады. Сонда Әнәс: “Әттең, олай істемегенімде ғой”, – деді. Әбу Талха мен Убәй ибн Кағб тұрып, қайтадан дәрет алмай намаз оқыды».

  1. 1Әзірет Әнәске келген қонақтардың бұл ескертуі оның отта піскен тағамды жегеннен кейін дәрет бұзылады деген ойының қате екенін білдіреді. Осы мәселеге қатысты кейбір риуаяттардан отта піскен нәрсені жеу дәретті бұзатыны аңғарылғанымен, мұндай риуаяттардың үкімі жойылған деп есептелген. Қараңыз: Әбу Дәуіт, «Таһарат», 74, 75.

6-бапДәретке қатысты басқа хадистер

27
Муатта, 2-кітап, № 27
Қазақша аудармасы

Уруәдан (р.а.) риуаят етіледі: «Алла елшісінен (с.а.с.) истинжә жайында сұралғанда, ол: “Үш тас таба алмайсыңдар ма?” – деп жауап берді1».

  1. 1Әбу Дәуіт «Таһарат» кітабында (1/21) әзірет Айшадан мәусул түрде риуаят етеді; Тирмизи, «Таһарат», 1/40. Алла елшісі (с.а.с.) дәуірінде Арабияның барлық жерінде су табыла бермейтін. Топырақпен тәяммүм алғаны сияқты, дәрет сындырғаннан кейін таспен және соған ұқсас нәрселермен тазалану әдеті болған. Алла елшісі бұл сөзімен: «Су табылмаса, тас та табылмай ма?» – дегенді меңзеген. Барлық істе болғанындай, мұнда да таухидке, яғни бірлікке ишара етіп, үш тас қолдануды қалаған.
28
Муатта, 2-кітап, № 28
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай деп баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) қабірстанға барған кезде: “Уа, қабірстанда жатқан мүміндер! Сендерге сәлем болсын! Алла қаласа, біз де сендерге қосыламыз”, – деді1 де, сөзін жалғастырды: “Бауырларымызды көруді қатты қалар едім”. Сонда сахабалар: “Уа, Расулалла! Біз сенің бауырларың емеспіз бе?” – деп сұрады. Алла елшісі: “Жоқ, сендер сонымен бірге менің сахабаларымсыңдар. Ал бауырларым әлі келген жоқ. Мен оларды ақыретте хауыздың басында күтемін”, – деп бұйырды.

Ардақты сахабалар: “Уа, Расулалла! Үмбетіңнен өзіңнен кейін келетіндерді қалай танисың?” – дегенде, ол: “Айтыңдаршы! Бір адамның қара жылқылардың арасында маңдайы мен үш аяғы ақ бір аты болса, оны танымай ма?” – деп сұрады. Олар: “Әрине, таниды, уа, Расулалла!” – деп жауап берді. Ардақты Пайғамбар: “Міне, олар да қиямет күні дүниеде алған дәреттерінің арқасында маңдайлары нұрдай жарқырап келеді. Мен олардан бұрын барып, хауыздың басында күтемін. Алайда кейбір адамдар менің хауызымнан иесіз түйелер секілді қуылады. Мен оларға: ‘Әй! Келіңдер, келіңдер, келіңдер!’ – деп дауыстаймын. Сол кезде: ‘Бұлар сенен кейін діндеріндегі көп нәрсені өзгертті2’, – делінеді. Сонда мен: ‘Ендеше, менен аулақ болсын! Аулақ болсын! Аулақ болсын!’ – деймін”, – деп бұйырды3».

  1. 1Ардақты Елші «Алла қаласа, біз де сендерге қосыламыз» деген сөзін бұған күмәнданғандықтан айтпаған. Ол Алла Тағаланың: «Еш нәрсе жайында “Алла қаласа” демей, “Мұны ертең істеймін” деме», – деген бұйрығына сай айтқан («Кәһф» сүресі, 24-аят).
  2. 2«Діндеріндегі көп нәрсені өзгертті» деген сөз «сүннетіңді тастап, бидғат пен Алла разы болмайтын істерді істеді» дегенді білдіреді.
  3. 3Муслим, «Таһарат», 2/39.
29
Муатта, 2-кітап, № 29
Қазақша аудармасы

Әзірет Османның азат еткен құлы Хұмран былай деп баяндайды: «Осман ибн Аффан (р.а.) сәкіде отырған еді. Сол кезде азаншы келіп, екінті намазының уақыты кіргенін хабарлаған соң, ол дереу су сұрап, дәрет алды. Содан кейін: “Уаллаһи, сендерге бір хадис айтамын. Егер Алланың кітабында бір аят болмағанда, оны айтпас едім1”, – деді. Кейін сөзін былай жалғастырды: “Мен Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Кімде-кім дәрет мүшелерін жақсылап жуып, дәрет алса, содан кейін намаз оқыса, сол намазы мен одан кейін оқитын намазының арасында істеген күнәлары міндетті түрде кешіріледі’, – деп бұйырғанын естідім”».

Имам Мәлик былай дейді: «Меніңше, әзірет Осман меңзеген аят мынау: “Күндіздің екі шетінде және түннің алғашқы сағаттарында намазды толық орында. Шүбәсіз, жақсылықтар жамандықтарды кетіреді. Бұл – ойланғандарға насихат” (“Һуд” сүресі, 11/114)2».

  1. 1Бұхари мен Муслим риуаяттарында Уруә былай дейді: «Әзірет Осман “Егер Алланың кітабында болмағанда...” деген сөзінде мына аятты меңзеген: “Ақиқатында, Біз түсірген аяттар мен тура жолды Кітапта адамдарға түсіндіргенімізден кейін жасырғандарға Алла да лағынет етеді, лағынет етушілер де лағынет етеді. Бірақ тәубе етіп, түзелгендер және ақиқатты ашық баяндағандар бұған жатпайды. Олардың тәубесін қабыл етемін. Мен тәубелерді әрдайым қабыл етемін әрі рақым етемін” (“Бақара” сүресі, 2/159–160)». Әзірет Осман «Білгенімді жасыруға тыйым салған осы аят болмағанда, мұны айтпас едім» дегенді меңзеп отыр. Уруә бұл хадистің жеткізушілерінің бірі болғандықтан әрі пікірін нық айтқандықтан, оның Бұхари мен Муслимде келтірілген осы пікірі 29-хадистің соңындағы имам Мәликтің түсіндіруіне қарағанда басым әрі дұрысырақ саналады.
  2. 2Бұхари, «Уду», 4/24; Муслим, «Таһарат», 2/6.
30
Муатта, 2-кітап, № 30
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ әс-Сунабихиден (р.а.) риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.): “Мүмін адам дәрет алған кезде аузын шайса, аузынан күнәлары төгіледі. Мұрнын жуса, мұрнынан күнәлары төгіледі. Жүзін жуса, жүзінен, тіпті көз қабақтарының астынан да күнәлары төгіледі. Қолдарын жуған кезде қолдарынан, тіпті қол тырнақтарының астынан да күнәлары төгіледі. Басына мәсіх тартқанда басынан, тіпті құлақтарынан да күнәлары төгіледі. Аяқтарын жуған кезде аяқтарынан, тіпті аяқ тырнақтарының астынан да күнәлары төгіледі. Содан кейін мешітке барып намаз оқуы оның сауабын және күнәларының кешірілуін арттыра түседі”, – деп бұйырды1».

  1. 1Нәсәи, «Таһарат», 1/185; Ибн Мәжа, «Таһарат», 1/6.
31
Муатта, 2-кітап, № 31
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бір мұсылман немесе бір мүмін дәрет алған кезде жүзін жуса, жүзінен аққан сумен бірге, яки судың соңғы тамшысымен бірге көздерімен істеген, яғни намәһрамдарға қараған барлық күнәлары төгіледі. Қолдарын жуған кезде, қолдарымен істеген күнәлары сумен бірге, басқа бір риуаятта судың соңғы тамшысымен бірге қолдарынан төгіледі. Аяқтарын жуған кезде, аяқтарымен барып істеген күнәлары сумен бірге немесе судың соңғы тамшысымен бірге төгіледі. Осылайша ол барлық күнәларынан тазарған болады”, – деп бұйырды1».

  1. 1Муслим, «Таһарат», 1/32.
32
Муатта, 2-кітап, № 32
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Бір күні екінті намазы жақындап қалған еді. Адамдар дәрет алатын су іздеп, таба алмай жатты. Сол кезде Алла елшісіне бір ыдыс су әкелінді. Ардақты Пайғамбар қолын ыдыстың ішіне салды, содан кейін сахабаларына сол ыдыстан дәрет алуды бұйырды». Әнәс былай дейді: «Мен судың ардақты Елшінің саусақтарының арасынан бұрқылдап шығып жатқанын көріп тұрдым. Барлық адам сол сумен дәрет алды1».

  1. 1Бұхари, «Уду», 4/32; Муслим, «Фәдаил», 43/5. Мәтіннің мазмұнынан аңғарылғандай, бұл оқиға сапар кезінде, су тапшы жерде болған. Ардақты Пайғамбар қолын салған шағын ыдыста оның саусақтарының арасынан судың бұрқылдап шығуы – анық мұғжиза. Осылайша ардақты Пайғамбар мен мүміндер қашан, қай жерде қиындыққа тап болса да, Алланың құдіреті көрініп, Пайғамбарымыздан мұғжизалар байқалатын. Қазы Ияз былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) саусақтарының арасынан судың бұрқылдап шыққаны сахабалар қатысқан көптеген жиындарда және әскер арасында сенімді жеткізушілер арқылы риуаят етілген. Сахабалардың ешқайсысы мұны теріске шығармаған. Бұл да – ардақты Елшінің анықталған мұғжизаларының бірі».
33
Муатта, 2-кітап, № 33
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бір кісі жақсылап дәрет алғаннан кейін намазға шықса, мешітке барғанға дейін ол намазда тұрған болып саналады. Әр екі қадамының бірімен бір сауап алады, екіншісімен бір күнәсі кешіріледі. Сендердің бірің қамат айтылғанын естіген кезде жүгірмесін. Өйткені ең көп сауап алатын адам – араларыңда үйі мешіттен ең алыс тұратын кісі». Тыңдап отырғандар: «Неліктен, уа, Әбу Һурайра?» – деп сұрағанда, Әбу Һурайра (р.а.): «Қадамы көп болғандықтан1», – деп жауап берді2.

  1. 1Мешітке бара жатқанда жүгіру және асығыс жүру намаз әдебіне қайшы. Бұл әрекет адамның байсалдылығы мен салмақтылығын бұзатындықтан, дұрыс емес.
  2. 2Ибн Абдилбәр былай дейді: «Имам Мәлик пен өзгелер Нұғайм арқылы Әбу Һурайраның хадистерін мауқуф түрде риуаят еткен. Сахабалардан жеткен мұндай сөздер жеке пікір мен ижтиһадқа негізделмейтіндіктен, муснад хадис сияқты саналады. Яғни олар мұны ардақты Елшіден естіген. Осы мағынадағы хадистер Әбу Һурайрадан және өзгелерден сахих иснадтармен риуаят етілген».
34
Муатта, 2-кітап, № 34
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтен риуаят етіледі: «Сағид ибн әл-Мусәйябтан үлкен дәреттен кейін сумен тазаланудың үкімі сұралғанда, ол: “Бұлай тазалану тек әйелдерге тән”, – деп жауап берді1».

  1. 1Сағид ибн әл-Мусәйяб бұл сөзімен ерлердің таспен сүртініп тазалануы жеткілікті дегенді меңзеген. Алайда имам Мәлик пен көптеген ғұлама бұл пікірді ұстанбайды. Яғни ер болсын, әйел болсын, мәжбүр жағдай болмаса, сумен тазалануы керек.
35
Муатта, 2-кітап, № 35
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ит сендердің біріңнің ыдысынан су ішсе немесе бір нәрсе жесе, сол ыдысты жеті рет жусын”, – деп бұйырды1».

  1. 1Бұхари, «Уду», 4/33; Муслим, «Таһарат», 2/90. Басқа бір хадисте ардақты Пайғамбар (с.а.с.): «Ит тиген ыдысты жеті рет жуыңдар», – деп, тағы бірінде: «Топырақпен жуыңдар», – деп бұйырады. Ғалымдар иттің сілекейінде микробтың бір түрі болатынын және оны тек топырақ қана жоятынын айтқан. «Ит бар үйге періште кірмейді» деген хадистің бір сыры да – осы.
36
Муатта, 2-кітап, № 36
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке мына хадис риуаят етілді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Тура әрі адал өмір сүріңдер. Бәрін бірдей толық орындай алмайсыңдар. Игі әрі пайдалы амалдар істеңдер. Амалдарыңның ең қайырлысы – намаз. Дәретті тек кемел мүмін ғана сақтай алады”, – деп бұйырды1».

  1. 1Бұл хадис мурсәл түрінде жеткен. Ибн Абдилбәр «әт-Тақасси» кітабында былай дейді: «Сәубанның ардақты Пайғамбардан (с.а.с.) сахих жолдармен жеткізген риуаяты арқылы бұл хадис муснад әрі муттасыл болады. Оны Ибн Мәжа да “Таһарат” кітабында (1/4) риуаят еткен». Істелетін іс көп, ал уақыт аз болса, ең маңызды істерді орындаңдар. Намаз – ең маңызды істердің бірі. Үнемі дәретті жүру де иманның кемелдігіне ишара етеді. Дәрет – мүміннің қаруы.

7-бапБас пен құлаққа мәсіх тарту

37
Муатта, 2-кітап, № 37
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) екі саусағын сулап, құлақтарына мәсіх тартатын».

38
Муатта, 2-кітап, № 38
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаят бойынша, Жәбир ибн Абдуллаһ әл-Ансариден (р.а.): «Сәлденің үстінен мәсіх тартуға бола ма?» – деп сұрағанда, ол: «Шашқа сумен мәсіх тартылмайынша, болмайды», – деп жауап берген.

39
Муатта, 2-кітап, № 39
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруә былай дейді: «Әкем Уруә ибн Зүбәйр сәлдесін шешіп, басына мәсіх тартатын».

40
Муатта, 2-кітап, № 40
Қазақша аудармасы

Нәфиғ1 былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) әйелі, Әбу Убайдтың қызы Сафияның бас орамалын шешіп, сумен басына мәсіх тартып жатқанын көрдім».

Имам Мәликтен: «Сәлде мен бас орамалдың үстінен мәсіх тартуға бола ма?» – деп сұралғанда, ол: «Ер адамның сәлдесінің үстінен, әйелдің бас орамалының үстінен мәсіх тартуына болмайды. Бастарына мәсіх тартсын», – деп жауап берді. Имам Мәликтен дәрет алған бір адам басына мәсіх тартуды ұмытып, дәрет мүшелері құрғағаннан кейін есіне түссе, не істеуі керектігі сұралғанда, ол: «Басына мәсіх тартуы керек. Егер басына мәсіх тартпай намаз оқыған болса, сол намазын қайта оқуы керек», – деп жауап берді.

  1. 1Нәфиғ – Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) азат еткен құлы.

8-бапАяққа киілген мәсілердің үстінен мәсіх тарту

41
Муатта, 2-кітап, № 41
Қазақша аудармасы

Мұғира ибн Шұғба (р.а.) былай деп баяндайды: «Тәбүк жорығында Алла елшісі (с.а.с.) қажетін өтеуге шықты. Мен дәрет суын дайындадым. Қайтып келгенде, қолдарына су құйдым, ол жүзін жуды. Қолдарын жуу үшін шапанының жеңін түрмек болды. Жеңі тар болғандықтан түре алмаған соң, қолдарын шапанының жеңінен шығарды. Қолдарын шынтақтарына дейін жуды. Содан кейін басына және аяғындағы мәсілерінің үстінен мәсіх тартты. Алла елшісі (с.а.с.) намаз оқуға келгенде, Абдуррахман ибн Ауф жамағатқа имам болып, намаздың бір рәкағатын оқытып қойған еді. Ардақты Елші қалған бір рәкағатты жамағатпен бірге оқыды. Абдуррахман сәлем бергенде, жамағат абыржып қалды. Алла елшісі (с.а.с.) намазын аяқтағаннан кейін сахабаларына бұрылып: “Дұрыс істедіңдер”, – деді1».

  1. 1Бұхари, «Мәғази», 64/81; Муслим, «Салат», 4/105. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 47. Бұл оқиға таң намазында болған. Ардақты Елші намазға кешіккенде, сахабалар уақыты өтіп кетеді деп қауіптеніп, Ауфтың ұлы Абдуррахманды имам етіп, намаз оқыған. Мұны Алла елшісінің (с.а.с.) рұқсатынсыз істегендіктен, Пайғамбар келіп, Абдуррахманға ұйып намаз оқығанда, олар абыржып қалған. Ардақты Елші «Дұрыс істедіңдер» деп, әрі оларды уайымнан арылтқан, әрі намазды кешіктірмеу үшін Абдуррахманды имам етіп оқығандарын құптаған. Бажи, «Мүнтәқа», 1-том, 77-бет.
42
Муатта, 2-кітап, № 42
Қазақша аудармасы

Нәфиғ пен Абдуллаһ ибн Динар риуаят етеді: «Әзірет Омардың ұлы Абдуллаһ (р.а.) Куфа уәлиі Сағд ибн Әби Уаққастың қасына барды. Абдуллаһ Сағдтың мәсілерінің үстінен мәсіх тартып жатқанын көріп, мұны құп көрмеді. Сонда Сағд Абдуллаһқа: “Әкең Омардың қасына барған кезде, осыны одан сұра”, – деді. Абдуллаһ Мәдинаға барды. Бірақ мәсілердің үстінен мәсіх тартудың үкімін сұрауды ұмытып кетті. Кейін Куфа уәлиі Сағд Мәдинаға келгенде, Абдуллаһтан: “Әкеңнен сұрадың ба?” – деп сұрады. Абдуллаһ: “Жоқ”, – деді.

Осыдан кейін Абдуллаһ әкесінен сұрағанда, Омар (р.а.): “Мәсілеріңді дәретті күйде кисең, қайта дәрет аларда олардың үстінен мәсіх тарт”, – деді. Абдуллаһ: “Дәрет сындырғаннан кейін де ме?” – дегенде, Омар: “Иә, дәрет сындырғаннан кейін де”, – деді1».

  1. 1Шәйбани, 49.
43
Муатта, 2-кітап, № 43
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар базарда еді. Кіші дәретін сындырғаннан кейін дәрет алды: жүзін жуды, қолдарын шынтақтарына дейін жуды және басына мәсіх тартты. Содан кейін мешітке барды. Оны жаназа намазын оқыту үшін шақырды. Ол мәсілерінің үстінен мәсіх тартып, жаназа намазын оқытты1».

  1. 1Шәйбани, 50.
44
Муатта, 2-кітап, № 44
Қазақша аудармасы

Руқайштың ұлы Абдуррахманның ұлы Сағид былай деп баяндайды: «Әнәс ибн Мәликтің Құбаға1 келгенін көрдім. Ол кіші дәретін сындырды. Содан кейін дәрет алуы үшін су әкелінді. Ол дәрет алды: жүзін жуды, қолдарын шынтақтарына дейін жуды, басына және мәсілерінің үстінен мәсіх тартты. Содан кейін мешітке кіріп, намаз оқыды».

Яхия былай дейді: «Имам Мәликтен: “Бір адам дәрет алғаннан кейін дәретін бұзып, мәсілерін шешсе, кейін қайта кисе, жаңадан дәрет алған кезде олардың үстінен мәсіх тарта ала ма?” – деп сұралды. Имам Мәлик: “Мәсілерін шешсін, аяқтарын жусын. Тек аяқтарын жуып дәрет алғаннан кейін мәсілерін киген адам ғана олардың үстінен мәсіх тарта алады. Дәрет алған кезде аяқтарын жумай мәсілерін киген адам мәсіх тарта алмайды”, – деді.

Имам Мәликтен тағы да: “Бір адам дәрет алып, аяқтарына киген мәсілерінің үстінен мәсіх тартуды ұмытып, намаз оқығаннан кейін есіне түссе, не істеуі керек?” – деп сұралды. Имам Мәлик: “Мәсілерінің үстінен мәсіх тартсын да, намазын қайта оқысын. Дәретін қайта алудың қажеті жоқ”, – деді. Имам Мәликтен: “Бір адам аяқтарын жуып, мәсілерін кисе, кейін дәрет алған кезде не істеуі керек?” – деп сұрағанда, ол: “Мәсілерін шешсін, дәрет алсын және аяқтарын жусын”, – деді2».

  1. 1Құба – ардақты Пайғамбардың әзірет Әбу Бәкірмен бірге Меккеден һижрет жасағанда, Мәдинаға кірер алдында соңғы рет аялдаған жері. Ол мұнда әзірет Әнәс намаз оқыған Құба мешітін салған. Бұл – Исламдағы алғашқы мешіт. Мәдина Мүнәууәрада қажылар зиярат ететін маңызды орындардың бірі де – осы жер. Жоғарыдағы хадистерде дәретті бетті жуудан бастау дәреттің парыздарын түсіндіру үшін айтылған. Әйтпесе, белгілі болғандай, бұдан бұрын сүннет ретінде қолдар жуылып, ауыз бен мұрынға су алынып тазартылады.
  2. 2Шәйбани, 48. Осы мәселе жөнінде имам Мәликтен жеткен басқа бір риуаятта: «Мәсілерін шешпей дәрет алып, олардың үстінен мәсіх тартады», – делінген. Әбу Ханифаның пікірі де осындай. Мұнда «мәсілерін шешіп, аяқтарын жусын» деуі абзалырақ әрі лайығырақ амалды түсіндіру үшін айтылған. Өйткені дәрет алғанда мүшелерді арасын үзбей, бірінен соң бірін жуу – сүннет. Ханафи мәзһабында мәсінің үстінен мәсіх тартудың жарамдылық мерзімі мұқимдар үшін бір тәулік, ал жолаушылар үшін үш тәулік деп белгіленген. Имам Мәликтің пікірінше, мұқимдар мәсілерінің үстінен мәсіх тарта алмайды. Бажи, «Мүнтәқа», 1-том, 80-бет.

9-бапМәсілердің үстінен қалай мәсіх тартылады?

45
Муатта, 2-кітап, № 45
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруә былай дейді: «Әкемнің мәсілердің үстінен мәсіх тартқанын көрдім. Ол мәсілерінің үстінен мәсіх тартатын, табан жағына мәсіх тартпайтын». Имам Мәлик Ибн Шиһабтан: «Мәсілердің үстінен қалай мәсіх тартылады?» – деп сұрағанда, Ибн Шиһаб бір қолын мәсінің астына қойып, екінші қолымен үстінен мәсіх тартты. Имам Мәлик былай дейді: «Бұл мәселеде естіген пікірлерімнің ішінде көңіліме ең қонымдысы – Ибн Шиһабтың осы пікірі1».

  1. 1Шәйбани, 51.

10-бапМұрыннан қан кетуі

46
Муатта, 2-кітап, № 46
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай дейді: «Намазда Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) мұрнынан қан кетсе, ол барып қайтадан дәрет алатын. Содан кейін қайтып келіп, еш сөз айтпастан намазын жалғастырып оқитын1».

  1. 1Шәйбани, 36.
47
Муатта, 2-кітап, № 47
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке былай риуаят етілді: «Абдуллаһ ибн Аббастың (р.а.) намазда мұрнынан қан кетсе, ол намаздан шығып, қанын жуатын. Содан кейін қайта оралып, намазының қалғанын оқитын1».

  1. 1Намазын бұзбай, оқып жатқан намазының қалған рәкағаттарын толықтырған.
48
Муатта, 2-кітап, № 48
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Қусәйт әл-Ләйсидің ұлы Язид былай деп баяндайды: «Сағид ибн әл-Мусәйяб намаз оқып жатқанда, мұрнынан қан кетті. Ол дереу ардақты Елшінің жұбайы Үммі Сәләмәнің бөлмесіне барды. Әкелінген сумен дәрет алғаннан кейін қайтып келіп, намазын тоқтаған жерінен жалғастырды1».

  1. 1Шәйбани, 37.

11-бапМұрыннан қан кеткенде істелетін амал

49
Муатта, 2-кітап, № 49
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Хармәлә әл-Әсләми былай дейді: «Сағид ибн әл-Мусәйябты көрдім, мұрнынан қан кетіп тұрған еді. Аққан қан саусақтарын қызартатын. Содан кейін ол дәрет алмай намаз оқитын1».

  1. 1Салыстырыңыз: Шәйбани, 39.
50
Муатта, 2-кітап, № 50
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн әл-Мүжәббир былай дейді: «Абдуллаһтың ұлы Сәлимді мұрнынан қан ағып тұрған кезде көрдім. Тіпті саусақтары қып-қызыл қан болатын. Ол мұрнын уқалап, содан кейін дәрет алмай намаз оқитын1».

  1. 1Яғни аққан қан дәретін бұзбайды деп есептеп, дәретін жаңартпаған. Имам Шафиғи де: «Денеден шыққан қан қаншалықты көп болса да, дәретті бұзбайды», – дейді. Ал ханафилердің пікірінше, дененің кез келген жерінен шығып аққан қан дәретті бұзады.

12-бапЖарасынан немесе мұрнынан аққан қаны тоқтамайтын адамның істейтін амалы

51
Муатта, 2-кітап, № 51
Қазақша аудармасы

Әл-Мисуәр ибн Махрәмә былай деп баяндайды: «Әзірет Омар жараланған түні оның қасына бардым да, оны таң намазына ояттым. Оянған кезде әзірет Омар (р.а.): “Иә, намазды тәрк еткен адамның Исламнан нәсібі жоқ”, – деді де, жарасынан қан ағып тұрған күйі намазын оқыды».

52
Муатта, 2-кітап, № 52
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай дейді: «Сағид ибн әл-Мусәйябтан: “Мұрнынан қан кетіп, қаны тоқтамайтын адам жайында көзқарасыңыз қандай?” – деп сұралғанда, ол: “Басымен ишара жасап, яғни алға сәл ғана иіліп намаз оқығанын дұрыс көремін”, – деді». Имам Мәлик: «Бұл мәселеде естіген пікірлерімнің ең көркемі – осы», – деді.

13-бапӨзінен мәзи[^88] аққан адамның дәрет алумен шектелуі

53
Муатта, 2-кітап, № 53
Қазақша аудармасы

Әл-Миқдад ибн әл-Әсуәд былай деп баяндайды: «Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) әйеліне жақындағанда өзінен мәзи ағатын адамның не істеуі керектігін Алла елшісінен (с.а.с.) сұрауымды бұйырды да: “Алла елшісінің (с.а.с.) қызы Фатима менің әйелім болғандықтан, мұны одан өзім сұрауға ұяламын”, – деді. Мұны ардақты Елшіден (с.а.с.) сұрағанымда, ол: “Сендердің бірің мұндай нәрсені байқаса, жыныс мүшесін жусын әрі намаз дәретін алғандай дәрет алсын”, – деп бұйырды1».

  1. 1Ибн Абдилбәр былай дейді: «Бұл – муттасыл иснад емес. Өйткені Сүлеймен ибн Ясар мұны Миқдадтан да, Әлиден де естімеген. Бұл хадисте Сүлеймен мен Әлидің арасында Ибн Аббас бар». Муслимнің «Хайыз» кітабында (3/19) Ибн Аббастан риуаят етілген. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 42.
54
Муатта, 2-кітап, № 54
Қазақша аудармасы

Зәйд әкесі Әсләмнің былай дегенін жеткізді: «Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.): “Кейде өзімнен моншақтай тамшылап мәзи аққанын сеземін. Сендердің бірің мұндай нәрсені байқаса, жыныс мүшесін жусын әрі намаз дәретін алғандай дәрет алсын”, – деді1».

  1. 1Шәйбани, 43. Ханафи мәзһабы осы пікірді ұстанады. Күмәншіл адамдар күдігін сейілту үшін киіміне су себеді.
55
Муатта, 2-кітап, № 55
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Айяштың азат еткен құлы Жүндүбтен риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омардан мәзи жайында сұрадым. Ол: “Мәзи келген кезде жыныс мүшеңді жу. Намаз дәретін алғандай дәрет ал”, – деді».

14-бапМәзи (сұйықтық) шықты деп күмәнданған жағдайда дәрет алмауға берілген рұқсат

56
Муатта, 2-кітап, № 56
Қазақша аудармасы

Сағид ибн әл-Мусәйябтан риуаят етіледі: «“Намаз оқып жатқанда ылғалдық сеземін. Мұндай жағдайларда намазымды бұзайын ба?” – деп сұраған бір адамға ол: “Тіпті балтырыма ақса да, намазымды аяқтағанға дейін ештеңе істемеймін”, – деп жауап берді1».

  1. 1Сағид ибн әл-Мусәйяб алдында тұрған адамның күмәншіл екенін байқап, осылай жауап берген болса керек. Әйтпесе, сұйықтықтың бөлінуі дәретті бұзады, демек, намаз да бұзылады. Бұл мәселеде ғұламалар бірауыздан келіскен. Шын мәнінде ешқандай сұйықтық ақпаса да, бос күмәнға берілу дұрыс емес. Мұндай бос күмәнға берілетін адам дәрет алғаннан кейін іш киіміне аздап су сеуіп, өзін күмәннен арылтады.
57
Муатта, 2-кітап, № 57
Қазақша аудармасы

Зүбәйдтің ұлы әс-Салт былай дейді: «Сүлеймен ибн Ясардан өзімнен аққандай сезілген ылғалдық жайында сұрағанымда, ол: “Киіміңнің іш жағына аздап су сеп те, оны ұмыт, яғни көңіліңдегі күдік-күмәннен арыл”, – деп жауап берді».

15-бапЖыныс мүшесіне қол тигенде дәреттің бұзылуы

58
Муатта, 2-кітап, № 58
Қазақша аудармасы

Уруә ибн әз-Зүбәйр былай деп баяндайды: «Мәруан ибн әл-Хакамның қасына кірдім. Онымен дәретті бұзатын нәрселер жайында сөйлестік. Сол арада Мәруан: “Жыныс мүшесіне қол тигізген адамның дәреті бұзылады”, – дегенде, мен: “Мұны білмеймін”, – дедім. Мәруан: “Мұны маған Сафуанның қызы Бүсра айтты. Ол Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Сендердің бірің жыныс мүшесіне қол тигізсе, дәрет алсын’, – деп бұйырғанын естіген екен”, – деді1».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 1/69; Тирмизи, «Таһарат», 1/61; Нәсәи, «Таһарат», 1/118; Ибн Мәжа, «Таһарат», 1/63.
59
Муатта, 2-кітап, № 59
Қазақша аудармасы

Сағд ибн Уаққастың ұлы Мусғаб былай деп баяндайды: «Әкем Сағдқа Құран кітабын ұстап беріп тұрған едім. Бір кезде қасынып қалдым. Мұны көрген Сағд (р.а.): “Жыныс мүшеңе қолың тиді ме?” – деп сұрады. Мен: “Иә”, – дедім. Сонда Сағд: “Тұр да дәрет ал”, – деді. Мен тұрып дәрет алып келдім».

60
Муатта, 2-кітап, № 60
Қазақша аудармасы

Нәфиғ Абдуллаһ ибн Омардың: «Сендердің бірің жыныс мүшесіне қол тигізгенде, дәрет алуы, яғни дәретін жаңартуы уәжіп болады», – дегенін риуаят етті.

61
Муатта, 2-кітап, № 61
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруәдан былай риуаят етті: «Уруә: “Кім жыныс мүшесіне қол тигізсе, дәрет алуы уәжіп болады”, – деді».

62
Муатта, 2-кітап, № 62
Қазақша аудармасы

Сәлим былай дейді: «Әкем Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) ғұсыл алғаннан кейін дәрет алғанын көргенде, оған: “Ғұсыл дәреттің орнына жүрмей ме?” – деп сұрадым. Ол: “Иә, жүреді. Бірақ кейде жыныс мүшеме қол тигізіп қоямын, сондықтан сол кезде дәрет аламын”, – деді1».

  1. 1Шәйбани, 12.
63
Муатта, 2-кітап, № 63
Қазақша аудармасы

Сәлим ибн Абдуллаһ былай деп баяндайды: «Бір сапарда әкем Абдуллаһ ибн Омармен (р.а.) бірге едім. Бір күні күн шыққаннан кейін дәрет алып, намаз оқығанын көргенде, оған: “Сіз мұндай уақытта намаз оқымайтын едіңіз ғой?” – дедім. Ол: “Таң намазы үшін дәрет алғаннан кейін жыныс мүшеме қол тигізген едім. Кейін қайтадан дәрет алуды ұмытып, намаз оқып қойдым. Міне, енді дәрет алып, намазды қайта оқыдым”, – деді1».

  1. 1Осы және осыған ұқсас риуаяттарға сүйеніп, имам Мәлик, имам Ахмад ибн Ханбал, имам Шафиғи және осы мәзһабтардың өзге имамдары жыныс мүшесіне қол тигізген адамның дәреті бұзылады деген ортақ пікірге келген. Ал ханафи имамдары төмендегі хадиске сүйеніп, дәрет бұзылмайды деген қорытынды жасаған. Мұндай жағдайда пікір қайшылығынан шығу үшін дәрет алу мұстахаб деген. Бәдәуи екені аңғарылатын бір адам ардақты Елшінің (с.а.с.) құзырына келіп: «Уа, Расулалла! Намазда жыныс мүшесіне қол тигізген адам жайында не дейсің?» – деп сұрағанда, ардақты Елші (с.а.с.): «Ол да денеңнің бір бөлігі емес пе?» – деп бұйырған. Әбу Дәуіт, «Таһарат», 70; Тирмизи, «Таһарат», 62; Ибн Мәжа, «Таһарат», 118. Бұл хадис бойынша, жыныс мүшесіне қол тигізу дененің кез келген жеріне қол тигізу сияқты, яғни дәретті бұзбайды.

16-бапӘйелін сүйген адамның дәрет алуы

64
Муатта, 2-кітап, № 64
Қазақша аудармасы

Сәлим әкесі Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) риуаят етеді. Абдуллаһ (р.а.) былай дейтін: «Ер адамның әйелін сүюі және оған қол тигізуі мүләмәсә1 саналады. Сондықтан кім әйелін сүйсе немесе оған қол тигізсе, дәрет алуы керек».

  1. 1«Мүләмәсә» – «қол тигізу» деген мағынадағы сөз. Абдуллаһ (р.а.) «мүләмәсә» дегенде «Ниса» сүресінің 43-аятын меңзеп отыр. Бұл аятта: «...немесе әйелдерге қол тигізіп, су таба алмасаңдар, таза жермен тәяммүм алыңдар...» – делінген. Мүләмәсәнің, яғни әйелдерге қол тигізудің шариғи мағынасы жөнінде мәзһаб имамдарының арасында пікір қайшылығы бар. Әбу Ханифаның түсіндіруінше, «әйелдерге қол тигізу» – жыныстық қатынасты астарлап білдіру. Мұндайда ғұсыл алу керек. Ал жай ғана қол тигізуден еш нәрсе міндет болмайды: ғұсыл да, дәрет те қажет емес. Мәлики, шафиғи және ханбали имамдарының пікірінше, «мүләмәсә» – кез келген түрде қол тигізу. Сондықтан олардың пікірінше, әйелге қол тигізген ер адамның дәреті бұзылады.
65
Муатта, 2-кітап, № 65
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Мәсғуд (р.а.): «Ер адамның әйелін сүюі дәретті бұзады», – дейтін.

66
Муатта, 2-кітап, № 66
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһаб былай дейтін: «Ер адамның әйелін сүюі дәретті бұзады». Нәфиғ былай дейді: «Имам Мәлик: “Бұл – естігендерімнің ішіндегі ең көркемі”, – дейтін».

17-бапЖүніптіктен ғұсыл алу

67
Муатта, 2-кітап, № 67
Қазақша аудармасы

Мүміндердің анасы Айша (р.а.) ардақты Пайғамбардың ғұсыл алуын былай баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) жүніптіктен ғұсыл алған кезде алдымен қолдарын жуатын. Намаз дәретін алғандай дәрет алғаннан кейін саусақтарымен шашының түбіне суды жақсылап жеткізетін. Содан кейін басына үш рет су құятын, одан соң үстіне су құйып, бүкіл денесін жуатын1».

  1. 1Бұхари, «Ғұсыл», 5/1; Муслим, «Хайыз», 3/35.
68
Муатта, 2-кітап, № 68
Қазақша аудармасы

Айша (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) бір “фарақ” мөлшеріндегі сумен ғұсыл алатын», – деді1.

  1. 1Бұхари, «Ғұсыл», 5/2; Муслим, «Хайыз», 3/41. Бір «фарақ» – үш «сағ». Ал бір сағ шамамен үш жарым килограмм. Мұнда айтылмақ болғаны – судың аз қолданылуы. Ардақты Пайғамбар (с.а.с.) әрдайым, әр істе, кез келген жағдайда суды аз қолдануды бұйырған. Бір хадисінде: «Теңізден дәрет алсаңдар да, суды көп жұмсамаңдар», – деген.
69
Муатта, 2-кітап, № 69
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар жүніп болғаннан кейін ғұсыл алатын кезде алдымен оң қолына су құйып, қолдарын жуатын. Содан кейін жыныс мүшесін жуатын. Аузы мен мұрнына су алғаннан кейін суды көздеріне себелеп, бетін жуатын. Содан соң әуелі оң, кейін сол қолын жуатын. Басын жуғаннан кейін үстіне су құйып, бүкіл денесін жуатын».

70
Муатта, 2-кітап, № 70
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткізілгеніне қарағанда, Айшадан (р.а.) әйелдердің қалай ғұсыл алатыны сұралғанда, ол: «Басына үш рет су құяды және қолдарымен шашының түбін жақсылап ысқылайды», – деді1.

  1. 1Ғұсыл алуда ер мен әйелдің арасында айырмашылық жоқ. Тек әйел шашының өрімін тарқатуға міндетті емес: шашының түбін ысқылап жууы жеткілікті. Әзірет Айша бұл жерде осы айырмашылықты ғана түсіндіріп отыр.

18-бапЖыныстық қатынаста ғұсылдың уәжіп болуы

71
Муатта, 2-кітап, № 71
Қазақша аудармасы

Сағид ибн әл-Мусәйяб былай риуаят етті: «Омар ибн әл-Хаттаб, Осман ибн Аффан және Айша (р.а.): “Жыныстық қатынаста ер адамның жыныс мүшесінің сүндеттелген бөлігі әйелдің жыныс мүшесіне кірсе, ғұсыл уәжіп болады”, – дейтін1».

  1. 1Шәйбани, 76.
72
Муатта, 2-кітап, № 72
Қазақша аудармасы

Әбу Сәләмә ибн Абдуррахман ибн Ауф былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Айшадан (р.а.) ғұсылды қажет ететін нәрсе жайында сұрадым. Ол былай деп жауап берді: “Уа, Әбу Сәләмә! Сенің жағдайың неге ұқсайтынын білесің бе? Балапанға ұқсайды. Тауықтардың дауысын естиді де, ол да солармен бірге дыбыстайды. Ер адамның жыныс мүшесінің сүндеттелген бөлігі әйелдің жыныс мүшесіне кірсе, ғұсыл уәжіп болады1”».

  1. 1Осы хадис Айшадан (р.а.) муттасыл түрде де риуаят етілген. Тирмизи, «Таһарат», 1/80. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 77.
73
Муатта, 2-кітап, № 73
Қазақша аудармасы

Сағид ибн әл-Мусәйябтан риуаят етіледі: «Әбу Мұса әл-Әшғари Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Айшаға (р.а.) барып: “Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларының бір мәселе жөнінде пікір таластыруы маған ауыр тиіп жүр. Оны сізден сұрауға да қысыламын”, – деді. Айша: “Ол қандай мәселе? Қысылма, анаңнан сұрай алатын нәрсеңді менен де сұра”, – дегенде, Әбу Мұса: “Адам әйелімен жыныстық қатынаста болған кезде кейде әлсіреп, босаңсып қалады, бірақ шәует шықпайды”, – деді. Сонда Айша: “Ер адамның жыныс мүшесінің сүндеттелген бөлігі әйелдің жыныс мүшесіне кірсе, шәует шықпаса да, ғұсыл уәжіп болады”, – деді. Әбу Мұса: “Мұны енді сізден кейін ешкімнен сұрамаймын”, – деді1».

  1. 1Ибн Абдилбәр «әт-Тақасси» кітабында бұл хадистің мауқуф екенін айтады. Ал кітаптың түсіндірмесінде хадистің муттасыл түрде жеткені көрсетілген: Муслим, «Хайыз», 3/88.
74
Муатта, 2-кітап, № 74
Қазақша аудармасы

Осман ибн Аффанның азат еткен құлы Абдуллаһ ибн Кағб былай деп баяндайды: «Ләбид әл-Ансаридің ұлы Махмуд Зәйд ибн Сәбиттен: “Адам жұбайымен қосылған кезде әлсіреп, босаңсып қалады, шәует шығара алмайды. Ғұсыл қажет бола ма?” – деп сұрады. Сонда Зәйд (р.а.): “Ғұсыл алады”, – деді. Махмуд: “Убәй ибн Кағб мұндай жағдайда ғұсыл қажет емес деген пікірде еді”, – дегенде, Зәйд: “Убәй ибн Кағб қайтыс боларынан бұрын бұл пікірінен қайтты”, – деді1».

  1. 1Шәйбани, 74.
75
Муатта, 2-кітап, № 75
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омар (р.а.): “Ер адамның жыныс мүшесінің сүндеттелген бөлігі әйелдің жыныс мүшесіне кірсе, ғұсыл уәжіп болады”, – дейтін1».

  1. 1Ер адамның жыныс мүшесінің сүндеттелген бөлігі әйелдің жыныс мүшесіне кіргенде, шәует шықса да, шықпаса да, ғұсыл алу керек.

19-бапЖүніп адамның ғұсыл алмай тұрып ұйықтағысы немесе тамақ жегісі келген кезде дәрет алуы

76
Муатта, 2-кітап, № 76
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Әкем Омар ибн әл-Хаттаб Алла елшісіне (с.а.с.) түнде жүніп болып қалғанын айтты. Сонда Алла елшісі: “Жыныс мүшеңді жуып, дәрет алғаннан кейін ұйықта”, – деп бұйырды1».

  1. 1Бұхари, «Ғұсыл», 5/27; Муслим, «Хайыз», 3/25. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 55. Адам әйелімен жақындасқаннан кейін жақсылап тазаланып, содан соң ғұсыл алады. Ғұсыл алуды кейінге қалдырса, дәрет алады. Ең болмағанда қолдарын жуып, аузы мен мұрнын шайып, бетін жуады. Бұлар денсаулыққа өте пайдалы: шаршау мен әлсіздікті басып, жеңілдік пен сергектік береді.
77
Муатта, 2-кітап, № 77
Қазақша аудармасы

Һишамның әкесі Уруә Айшаның (р.а.): «Сендердің бірің жұбайымен жақындасқаннан кейін ғұсыл алмай ұйықтағысы келсе, намаз дәретін алғандай дәрет алмай ұйықтамасын», – дегенін риуаят етті1.

  1. 1Әзірет Айшадан муттасыл түрде жеткен: Бұхари, «Ғұсыл», 5/27; Муслим, «Хайыз», 3/21, 22.
78
Муатта, 2-кітап, № 78
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) жүніп күйінде ұйықтағысы немесе тамақ жегісі келсе, жүзін және қолдарын шынтақтарына дейін жуып, басына мәсіх тартатын. Содан кейін тамақ жейтін немесе ұйықтайтын».

20-бапЖүніп екенін білмей намаз оқыған адамның намазын қайта оқуы және киімін жууы

79
Муатта, 2-кітап, № 79
Қазақша аудармасы

Ата ибн Ясар былай риуаят етті: «Алла елшісі (с.а.с.) бір намазда тәкбір алғаннан кейін қолымен “күтіңдер” деген ишара жасап, кетіп қалды. Біраздан соң қайтып келгенде, бойындағы су іздерінен жуынғаны көрініп тұрды1».

  1. 1Бұл хадис мурсәл түрінде жеткен: Бұхари, «Ғұсыл», 5/17; Муслим, «Мәсәжид», 5/157, 158.
80
Муатта, 2-кітап, № 80
Қазақша аудармасы

Зүбәйд ибн Салт былай деп баяндайды: «Омар ибн әл-Хаттабпен бірге Жұруфқа1 барған едім. Ол киіміне қарады да, ихтиләм болғанын, яғни түсінде шәует шыққанын түсінді. Ал өзі ғұсыл алмай намаз оқып қойған еді. Сонда Омар: “Уаллаһи, ихтиләм болыппын, бірақ байқамаппын. Ғұсыл алмай намаз оқып қойыппын”, – деді. Дереу ғұсыл алды, киімінен көрген мәниді жуды, көрмеген жеріне су септі. Күн сәл көтерілгеннен кейін азан айтты немесе қамат түсірді. Намазды қайта оқыды».

  1. 1Жұруф – Мәдинадан солтүстікке қарай үш миль жерде орналасқан мекеннің атауы. Онда әзірет Омардың жері болған. Оның ғұсыл алмай оқыған намазы таң намазы екені аңғарылады.
81
Муатта, 2-кітап, № 81
Қазақша аудармасы

Сүлеймен ибн Ясар былай деп баяндайды: «Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) жамағатқа таң намазын оқытқаннан кейін Жұруфтағы жеріне барды. Сол жерде киімінен мәни көргенде: “Ел басқару ісін мойныма алғаннан бері жиі ихтиләм болатын болдым”, – деді. Дереу ғұсыл алды. Киіміне жұққан мәниді жуды және күн шыққаннан кейін намазды қайта оқыды».

82
Муатта, 2-кітап, № 82
Қазақша аудармасы

Сүлеймен ибн Ясардан риуаят етіледі: «Омар ибн Хаттаб жамағатқа таң намазын оқытты. Содан кейін уақыт жоғалтпай Жұруфтағы жеріне барды. Сол жерде киіміне қарағанда, ихтиләм болғанын түсінді де: “Ет жеген кезде тамырлар босаңсиды”, – деді. Дереу ғұсыл алды. Киіміндегі нәжісті жуды. Намазын қайта оқыды1».

  1. 1Жүніп күйінде жамағатқа намаз оқытқанымен, намазды тек өзінің қайта оқуы әрі жамағатқа намаздарын қайта оқытпауы мынаған дәлел: имам жүніп екенін ұмытып, жамағат та оны білмесе, олардың намазы бұзылмайды. Ал имам жүніп екенін біле тұра намаз оқытса, жамағаттың да намазы бұзылады.
83
Муатта, 2-кітап, № 83
Қазақша аудармасы

Хатибтің ұлы Абдуррахманның ұлы Яхия былай деп баяндайды: «Омар ибн әл-Хаттабпен (р.а.) бірге ұмраға бара жатқан едім. Керуенде Амр ибн Ас та бар болатын. Әзірет Омар біраз жүргеннен кейін қонған жерінде ихтиләм болып қалған еді. Таң да жақындап қалған болатын. Ол керуеннен жуынуға су таба алмады. Дереу жолға шықты. Суға жеткен кезде киіміндегі мәниді жуа бастады. Айнала ағарып қалған еді. Мұны көрген Амр Омарға: “Жанымызда артық киім бар. Киіміңді ауыстыр, кейін жуып аларсың”, – деді. Сонда Омар: “Саған обал-ай, ей, Амр! Сен қосымша киім таба алатын шығарсың, бірақ оны бәрі бірдей таба ала ма? Егер мен сенің айтқаныңды істеп, киімімді ауыстырсам, бұл әдетке айналады. Олай істемей, киімімде жұғынды көрген жерді жуамын, көрмеген жерге су себемін”, – деді».

Имам Мәлик түсінде ихтиләм болғанын есіне түсіре алмайтын, бірақ киімінен мәни көрген әрі оның қашан болғанын да білмейтін адам жайында былай дейді: «Ол соңғы ұйқысында ихтиләм болғандай ғұсыл алсын. Егер оянғаннан кейін намаз оқыған болса, ғұсыл алғаннан кейін намазын қайта оқысын. Өйткені адам кейде ихтиләм болады, бірақ мәни көрмейді; кейде мәни көреді, бірақ ихтиләм болғанын аңғармайды. Киімінен мәни көрген адамға оны көрген сәтте ғұсыл уәжіп болады. Себебі әзірет Омар (р.а.) соңғы ұйқысынан кейінгі намазды ғана қайта оқыған, одан бұрынғы намаздарды қайта оқымаған».

21-бапӘйелдердің де ерлер сияқты ихтиләм болған кезде ғұсыл алуы туралы

84
Муатта, 2-кітап, № 84
Қазақша аудармасы

Уруә ибн Зүбәйрден риуаят етіледі: «Үммі Сүләйм Алла елшісінен: “Әйелдер де ерлер сияқты түсінде ихтиләм болғанын көрсе, ғұсыл алуы керек пе?” – деп сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.): “Иә, ғұсыл алсын”, – деп бұйырды. Сонда әзірет Айша Үммі Сүләймге: “Не деп тұрсың, әйел адам оны, яғни мәниін көре ала ма?” – деді. Алла елшісі (с.а.с.) Айшаға: “Алла қайырыңды берсін, олай болса, бала анасына қалай ұқсайды?” – деп бұйырды1».

  1. 1Муслим, «Хайыз», 3/30. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 81.
85
Муатта, 2-кітап, № 85
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің жұбайы Үммі Сәләмә былай деп баяндайды: «Әбу Талха әл-Ансаридің әйелі Үммі Сүләйм Алла елшісінің құзырына келіп: “Уа, Расулалла! Алла ақиқатты үйрену мәселесінде ұялуды бұйырмайды. Әйел адам да ихтиләм болса, ғұсыл алуы керек пе?” – деп сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.): “Иә, суды, яғни мәниді көрген кезде”, – деп бұйырды1».

  1. 1Бұхари, «Ілім», 3/50; Муслим, «Хайыз», 3/32.

22-бапЖүніптіктен ғұсыл алу

86
Муатта, 2-кітап, № 86
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар (р.а.): “Әйел хайыз немесе жүніп күйде болмаса, ер адамның одан қалған сумен ғұсыл алуының еш әбестігі жоқ”, – дейтін».

87
Муатта, 2-кітап, № 87
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) жүніп кезінде терлейтін, содан кейін сол киіммен намаз оқитын».

88
Муатта, 2-кітап, № 88
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омардың күңдері хайыз кездерінде оның аяқтарын жуып, жайнамазын беретін».

Имам Мәликтен: «Әйелдері мен күңдері бар бір адам олардың бәрімен арасында ғұсыл алмай жақындаса ала ма?» – деп сұралғанда, ол: «Арасында ғұсыл алмай екі күңімен жақындасуына болады. Ал азат әйелдерге келсек, бір әйелімен жақындасқан адамның ғұсыл алмай тұрып екінші әйелімен жақындасуы мәкруһ. Бірақ бір күңімен жақындасып, жүніп күйінде екінші күңімен жақындасуына болады», – деп жауап берді.

Имам Мәликтен: «Жүніп адамға жуынуы үшін су әкелінсе, ол жүніп екенін ұмытып, судың жылылығын білу үшін саусағын суға салса, не істеуі керек?» – деп сұралғанда, ол: «Саусағына еш нәрсе жұқпаған болса, яғни таза болса, суды ластамайды», – деп жауап берді.

23-бапТәяммүм

89
Муатта, 2-кітап, № 89
Қазақша аудармасы

Мүміндердің анасы әзірет Айша былай деп баяндайды: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге бір сапарға шыққан едік. Бәйдаға1 немесе Затүл-Жәйшке жеткен кезде мойнымдағы алқам үзіліп, түсіп қалды. Алла елшісі алқамды іздеу үшін сол жерде аялдады, сахабалар да онымен бірге аялдады. Ол жерде су жоқ еді. Өздерінің де сулары болмады. Сахабалар Әбу Бәкір әс-Сыддыққа келіп: “Айшаның не істегенін көріп тұрсың ба? Суы жоқ жерде Алла елшісі мен сахабаларды тоқтатты, өздерінің де сулары жоқ”, – деді».

Айша былай дейді: «Алла елшісі басын тіземе қойып, ұйықтап жатқан еді. Сол кезде Әбу Бәкір (р.а.) келіп: “Алла елшісі мен сахабаларды сусыз жерде тоқтаттың. Өздерінің де сулары жоқ”, – деп ренжіп, қолымен бүйірімнен түрткілей бастады. Алла елшісінің басы тіземде болғандықтан, қозғала алмадым. Алла елшісі сол сусыз жерде таң атқанға дейін ұйықтады. Сол кезде Алла Тағала тәяммүм аятын түсірді. Сонда Үсәйд ибн Худайр: “Уа, Әбу Бәкір әулеті! Бұл сендердің алғаш рет берекеге, яғни жақсылыққа себеп болуларың емес”, – деді. Мінген түйемді тұрғызғанымда, алқаны соның астынан таптық2».

Имам Мәликтен: «Тәяммүм алып, намазын оқыған адам келесі намаз уақыты кіргенде қайтадан тәяммүм алуы керек пе?» – деп сұрағанда, ол: «Әр намаз үшін тәяммүм алады. Өйткені әр намаз үшін су іздеуі керек. Су іздеп, таба алмаса, тәяммүм алады», – деп жауап берді3.

Имам Мәликтен тағы да: «Тәяммүм алған адамның дәреті бар достарына имамдық жасауына бола ма?» – деп сұрағанда, ол: «Имамдық жасай алады. Алайда басқа біреудің имамдық жасағаны абзалырақ. Дегенмен оның да имамдық етуінде ешқандай әбестік жоқ», – деді.

Яхия былай дейді: «Имам Мәликтен: “Су таба алмай, тәяммүм алған адам тәкбір айтып, намазға тұрса, сол кезде суы бар біреу келсе, не істейді?” – деп сұрағанда, ол: “Намазын бұзбайды. Сол тәяммүммен бастаған намазын толық аяқтайды. Одан кейінгі намаздары үшін дәрет алады”, – деді4».

Имам Мәлик былай дейді: «Намазға тұрарда дәрет алуға су таба алмай, тәяммүм алған адам Аллаға мойынсұнған болады. Сумен дәрет алған адам одан тазарақ саналмайды, сумен дәрет алып оқылған намаз да тәяммүммен оқылған намаздан толығырақ емес. Өйткені дәрет те, тәяммүм де – Алланың бұйрығы. Екеуі де Алланың әмірін орындаған болады. Су тауып, дәрет алған адам да, намазға кіріспей тұрып су таба алмай, тәяммүм алған адам да Алланың әмірі бойынша амал жасаған болады».

Имам Мәлик былай дейді: «Тәяммүммен намаз оқуға рұқсат етілетін жағдайда су таба алмаған жүніп адам тәяммүм алады, Құраннан хизбін5 оқиды және нәпіл намаздарын оқиды».

  1. 1Бәйда – Мекке жолындағы Зүлхуләйфаға қарсы жатқан төбе. Затүл-Жәйш – Мәдинадан 12 миль жердегі мекен. Тәяммүм аяты туралы Ибн әл-Араби: «Айшаның тәяммүм аяттарының қайсысын меңзегеніне қатысты дәлел таба алмадым», – дейді. Ибн Баттал: «“Ниса” немесе “Мәида” сүресіндегі аят дәрет аяты деп танылады. “Ниса” сүресіндегі аятта дәрет жайында айтылмайды», – деген. Уахиди «Әсбаб ән-нузул» атты еңбегінде бұл хадисті «Ниса» сүресіндегі аяттың түсу себебін түсіндіргенде келтіреді. Хафиз Ибн Хажар «Фатх әл-Бари» еңбегінде былай дейді: «Имам Бұхариге айқын болған бұл жағдайды жұрттың бәрі біле бермейді. Бұл, сөзсіз, “Мәида” сүресіндегі аят». Бұхари «Тәпсір» тарауында риуаятын келтірген Абдуррахман ибн Қасым былай дейді: «“Уа, мүміндер! Намазға тұрмақ болғанда...” (“Мәида” сүресі, 6-аят) деген аят түспей тұрып, тәяммүм болмаған, міндетті түрде дәрет алу керек еді. Сондықтан сусыз жерге аялдау сахабаларға ауыр тиді».
  2. 2Бұхари, «Тәяммүм», 7/1; Муслим, «Хайыз», 3/108; Шәйбани, 72.
  3. 3Ханафи мәзһабы бойынша бір тәяммүммен бірнеше парыз және нәпіл намаз оқуға болады. Өйткені су болмаған кезде тәяммүм оның орнына жүреді. Адам бір дәретпен қалағанынша намаз оқи алатыны сияқты, бір тәяммүммен де оқи алады.
  4. 4Ханафи мәзһабы бойынша намаз үстінде суды көру тәяммүмді де, намазды да бұзады.
  5. 5Хизб – күн сайын оқылатын Құранның белгілі бір бөлігі.

24-бапТәяммүм алу тәртібі

90
Муатта, 2-кітап, № 90
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омармен бірге Жұруфтан1 келе жатқан едік. Мирбәдке жеткен кезде Абдуллаһ көлігінен түсті де, жерге қолын ұрып, тәяммүм алды: жүзіне және екі қолына шынтақтарына дейін мәсіх тартты. Содан кейін намаз оқыды2».

  1. 1Жұруф – Мәдинаның солтүстігінен үш миль жердегі мекен. Мирбәд – Мәдинадан бір миль жердегі мекен.
  2. 2Шәйбани, 71.
91
Муатта, 2-кітап, № 91
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) тәяммүм алған кезде қолдарына шынтақтарына дейін мәсіх тартатын». Имам Мәликтен: «Тәяммүм қалай алынады және қай жерге дейін мәсіх тартылады?» – деп сұралды. Ол: «Қолдарын жерге бір рет ұрып, жүзіне мәсіх тартады; тағы бір рет ұрып, қолдарына шынтақтарына дейін мәсіх тартады», – деп жауап берді.

25-бапЖүніп адамның тәяммүм алуы

92
Муатта, 2-кітап, № 92
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Хармәләдан риуаят етіледі: «Бір адам Сағид ибн әл-Мусәйябтан: “Жүніп адам тәяммүм алғаннан кейін су тапса, не істейді?” – деп сұрады. Сағид: “Суға қол жеткізген кезде кейінгі намаздары үшін ғұсыл алуы керек”, – деді1».

Имам Мәлик сапарда ихтиләм болған, дәрет алуға ғана жететін суы бар және суға жеткенге дейін шөлдеп қалмайтын адам жайында былай дейді: «Ол сол сумен әурет жерін және мәни тиген жерлерді жуады. Содан кейін Алланың бұйырғанындай, таза жерде тәяммүм алады».

Имам Мәликтен: «Жүніп адам тәяммүм алғысы келіп, сортаң топырақтан басқа жер таппаса, сортаң топырақпен тәяммүм ала ма? Сол жерде намаз оқуы мәкруһ бола ма?» – деп сұралды. Имам Мәлик: «Сортаң жерде намаз оқуға да, тәяммүм алуға да болады. Өйткені Алла Тағала: “Таза жер бетінен тәяммүм алыңдар2”, – деп бұйырды. Сортаң болсын, сортаң болмасын, таза болған кез келген жерде тәяммүм ала алады», – деді.

  1. 1Тәяммүм алуға мүмкіндік берген себеп жойылса, тәяммүм бұзылады. Сондықтан су табылғанда ғұсыл алу қажет. Алайда бұрын оқылған намаздардың қазасы өтелмейді. Өйткені сол уақытқа дейін тәяммүм ғұсылдың орнына жүрген.
  2. 2«Ниса» сүресі, 43-аят.

26-бапӘйелі хайыз күйінде болғанда күйеуіне рұқсат етілетін жақындық

93
Муатта, 2-кітап, № 93
Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләмнен риуаят етіледі: «Бір адам Алла елшісінен (с.а.с.): “Әйелім хайыз күйінде болғанда, оның денесінің қай жері маған халал болады?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Изарын байласын, яғни іш киімінің бауын байласын немесе іш киімін кисін. Ал белінен жоғары жағына қалағаныңша жақындай аласың”, – деп бұйырды1».

  1. 1Ибн Абдулбәр: «Осы сөздермен муснад түрде риуаят еткен біреуді білмеймін. Мағынасы сахих әрі анық», – дейді. Зурқани: «Әбу Дәуіт (“Таһарат”, 1/82) мұны Абдуллаһ ибн Сағд әл-Ансариден риуаят етеді», – дейді. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 75.
94
Муатта, 2-кітап, № 94
Қазақша аудармасы

Рабиға ибн Әби Абдуррахманнан риуаят етіледі: «Әзірет Айша Алла елшісімен (с.а.с.) төсекте жатқанда, үстінде тек киімі ғана бар еді. Ол кенет орнынан тұрды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) оған: “Саған не болды, шамасы, хайыз болдың ғой”, – деді. Айша (р.а.): “Иә”, – дегенде, Алла елшісі (с.а.с.): “Изарыңды ки де, төсегіңе қайта жат”, – деп бұйырды1».

  1. 1Ибн Абдулбәр: «“Муаттаны” жеткізушілер бұл хадистің мурсал түрде риуаят етілгені жөнінде бір пікірде. Әзірет Айшадан дәл осы сөздермен риуаят етілгенін білмеймін. Мағынасы Үммі Сәләмәнің хадисі арқылы муттасыл түрде жеткен», – дейді. Үммі Сәләмә хадисінің дереккөздері: Бұхари, «Хайыз», 6/4; Муслим, «Хайыз», 3/5.
95
Муатта, 2-кітап, № 95
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай деп баяндайды: «Убайдуллаһ ибн Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) мені Айшаға жіберіп, одан: “Адам хайыз күйіндегі әйелімен құшақтаса ала ма?” – деп сұрауымды тапсырды. Сұрағанымда, Айша (р.а.): “Әйелі белінен төменгі жағына изарын кисін. Содан кейін қаласа, онымен құшақтаса берсін”, – деді1».

  1. 1Шәйбани, 73.
96
Муатта, 2-кітап, № 96
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик Сәлим ибн Абдуллаһ пен Сүлеймен ибн Ясардан риуаят етеді: «Олардан: “Хайыздан тазарған әйел ғұсыл алмай тұрып, күйеуі онымен жыныстық қатынас жасай ала ма?” – деп сұралғанда, екеуі: “Жоқ, ғұсыл алғанға дейін мұндай іс жасалмайды”, – деп жауап берді1».

  1. 1Шәйбани, 74.

27-бапХайыздан тазару

97
Муатта, 2-кітап, № 97
Қазақша аудармасы

Мүміндердің анасы әзірет Айшаның азат еткен күңі Үммі Алқама былай деп баяндайды: «Әйелдер сарғыштау хайыз қаны жұққан мақтаны бір қорапқа салып, әзірет Айшаға жіберетін де, одан: “Енді намаз оқи аламыз ба?” – деп сұрайтын. Айша оларға: “Асықпаңдар, аппақ бөліністі көргенге дейін күтіңдер”, – дейтін». Әзірет Айша «аппақ бөліністі көргенге дейін» деген сөзімен олардың хайыздан толық тазаруын меңзеген.

98
Муатта, 2-кітап, № 98
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Әби Бәкір әкесінің әпкесінен, ал ол Зәйд ибн Сәбиттің қызынан риуаят етеді: «Әйелдер түн ортасында шам сұрап, хайыздан тазарған-тазармағанын қарайтын. Зәйдтің қызы оларды айыптап: “Бұрынғы әйелдер бұлай істемейтін”, – дейтін».

99
Муатта, 2-кітап, № 99
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен: «Хайыздан тазарған әйел су таба алмаса, тәяммүм ала ала ма?» – деп сұралғанда, ол: «Иә, тәяммүм алсын. Оның жағдайы жүніп адамның жағдайы сияқты. Су таба алмаған кезде тәяммүм алады», – деді.

28-бапЖүкті әйелдің хайыз көруі

100
Муатта, 2-кітап, № 100
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай риуаят етеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы әзірет Айша (р.а.) қан көрген жүкті әйел жайында: “Намазды тоқтатады”, – деді».

101
Муатта, 2-кітап, № 101
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик Ибн Шиһабтан хайыз қаны келген жүкті әйелдің жағдайы жайында сұрады. Ол: «Намаз оқымайды», – деді. Имам Мәлик: «Біздің ұстанымымыз бойынша да солай», – деді.

102
Муатта, 2-кітап, № 102
Қазақша аудармасы

Айшадан (р.а.) риуаят етіледі: «Мен хайыз кезімде Алла елшісінің (с.а.с.) басын тарайтынмын1».

  1. 1Бұхари, «Хайыз», 6/2; Муслим, «Хайыз», 3/9.
103
Муатта, 2-кітап, № 103
Қазақша аудармасы

Әбу Бәкір әс-Сыддықтың қызы Әсмадан (р.а.) риуаят етіледі: «Бір әйел Алла елшісінен (с.а.с.): “Киіміне хайыз қаны жұққан адам не істейді?” – деп сұрады. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Сендердің біріңнің киіміне хайыз қаны жұқса, сол жерін сумен ысқылап жусын, содан кейін сол киіммен намаз оқысын”, – деп бұйырды1».

  1. 1Бұхари, «Хайыз», 6/9; Муслим, «Таһарат», 2/110.

29-бапИстихаза[^126] болған әйелдің жағдайы

104
Муатта, 2-кітап, № 104
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Айша (р.а.) былай деп баяндайды: «Әбу Хубәйштің қызы Фатима: “Уа, Расулалла! Тазара алмай жүрмін, яғни хайыз қаным тоқтамай жатыр. Намазды тоқтатайын ба?” – деп сұрады. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Ол – тамырдан келетін қалыпты қан, хайыз қаны емес. Етеккірің басталған кезде намазды тоқтат. Хайыз күндерің біткен соң қан жұққан жерді жу да, намазыңды оқы”, – деп бұйырды1».

  1. 1Бұхари, «Хайыз», 6/8; Муслим, «Хайыз», 3/62.
105
Муатта, 2-кітап, № 105
Қазақша аудармасы

Ардақты Елшінің жұбайы Үммі Сәләмә былай деп баяндайды: «Алла елшісінің (с.а.с.) заманында хайыз қаны тоқтамайтын бір әйел бар еді. Оның жағдайын Алла елшісінен (с.а.с.) сұрағанда, ол: “Бұл ауруға шалдықпай тұрып, ай сайын қанша күн, қанша түн етеккір көрсе, әр айда сонша уақыт намазды тоқтатсын. Сол күндер өткеннен кейін ғұсыл алсын және әурет жеріне мата, яғни мақта сияқты нәрсе қойсын. Содан кейін намазын оқысын”, – деп бұйырды1».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 1/107; Нәсәи, «Хайыз уәл-истихаза», 3/3. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 82. Мұндай әйелдер әр намаз уақыты үшін бір рет дәрет алып, қан келіп тұрса да, намаздарын оқиды.
106
Муатта, 2-кітап, № 106
Қазақша аудармасы

Әбу Сәләмәнің қызы Зәйнаб былай деп баяндайды: «Абдуррахман ибн Ауфтың жұбайы, Жахштың қызы Зәйнаб истихаза болғанда, яғни ауру салдарынан қан келген кезде, ғұсыл алып, намазын оқитын».

107
Муатта, 2-кітап, № 107
Қазақша аудармасы

Әбу Бәкір ибн Абдуррахманның азат еткен құлы Сүмәйден риуаят етіледі: «Қағқағ ибн Хәким мен Зәйд ибн Әсләм мені Сағид ибн әл-Мусәйябтан истихаза болған әйелдің үкімін сұрауға жіберді. Сұрағанымда, Сағид: “Етеккір күндері біткен соң ғұсыл алады, келесі етеккір күніне дейін әр намаз уақыты үшін қайтадан дәрет алады1. Егер қан көбейсе, әурет жеріне мата қояды”, – деп жауап берді».

  1. 1Шәйбани, 83. Мұстахаза, яғни ауру салдарынан қан келген әйел үзір иесі саналатындықтан, өзге үзір иелері сияқты әр намаз уақыты үшін дәрет алады.
108
Муатта, 2-кітап, № 108
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруәдан риуаят етеді: «Мұстахаза, яғни ауру салдарынан қан келген әйел бір рет қана ғұсыл алады. Содан кейін әр намаз уақыты үшін қайтадан дәрет алады1».

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша, мұстахаза намазын қайта оқи бастағаннан кейін күйеуі онымен жыныстық қатынас жасай алады. Нифас көрген әйел де солай. Нифас күндерінің ең ұзақ мерзімі біткеннен кейін, қан келіп тұрса да, күйеуімен жыныстық қатынас жасай алады2. Мұндай жағдайда ол әйел мұстахаза үкімінде болады».

Имам Мәлик былай дейді: «Мұстахаза туралы дәлеліміз – Һишамның әкесінен жеткізген хадисі. Бұл мәселе жайында естігендерімнің ішінде көңіліме ең қонымдысы – осы».

  1. 1Шәйбани, 84.
  2. 2Имам Мәлик бойынша нифас күндерінің ең ұзақ мерзімі – алпыс күн. Ал ханафилер бойынша – қырық күн.

30-бапСәбидің зәрі

109
Муатта, 2-кітап, № 109
Қазақша аудармасы

Әзірет Айшадан (р.а.) риуаят етіледі: «Алла елшісінің (с.а.с.) құшағына бір сәби берілді. Сәби оның киіміне зәр шығарып қойды. Ардақты Пайғамбар су сұрады да, зәр тиген жерге су септі1».

  1. 1Бұхари, «Дәрет», 4/59; Муслим, «Таһарат», 2/101. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 40.
110
Муатта, 2-кітап, № 110
Қазақша аудармасы

Михсанның қызы Үммі Қайстан риуаят етіледі: «Әлі тамақ жемейтін баламды Алла елшісіне (с.а.с.) алып бардым. Ол баланы құшағына отырғызды. Бала оның киіміне зәр шығарып қойды. Сонда ардақты Елші су сұрады да, зәр тиген жерге су септі. Бірақ ысқылап жумады1».

  1. 1Бұхари, «Дәрет», 4/59; Муслим, «Таһарат», 2/103. Ханафи мәзһабы балалардың зәрі тиген жерге су құю мәселесінде осы хадиске сүйенеді.

31-бапТұрып кіші дәрет сындыру

111
Муатта, 2-кітап, № 111
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид (р.а.) былай деп баяндайды: «Бір бәдәуи Мәдинадағы Пайғамбар мешітіне кіріп, кіші дәрет сындыру үшін етегін көтерді. Мұны көрген жамағат айғайлап, дауыс көтерген кезде Алла елшісі (с.а.с.): “Оған тимеңдер”, – деп бұйырды. Олар да оған тимеді. Бәдәуи кіші дәретін сындырып болғаннан кейін Алла елшісі (с.а.с.) бір шелек су сұрады. Су бәдәуидің дәрет сындырған жеріне құйылды1».

  1. 1Бұхари, «Дәрет», 4/58; Муслим, «Таһарат», 2/99.
112
Муатта, 2-кітап, № 112
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Динардан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) тұрып кіші дәрет сындырғанын көрдім». Имам Мәликтен: «Кіші дәреттен және үлкен дәреттен кейін сумен тазалану жайында бір әсәр, яғни риуаят бар ма?» – деп сұралғанда, ол: «Бұрынғылардың кейбірінің үлкен дәреттен кейін сумен тазаланғанын естідім. Мен кіші дәреттен кейін де сумен тазалануды дұрыс көремін», – деді.

32-бапМисуак туралы

113
Муатта, 2-кітап, № 113
Қазақша аудармасы

Ибнус-Сәббақтан (р.а.) риуаят етіледі: «Бір жұма күні Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, мұсылман жамағаты! Алла бұл күнді мереке етті. Ендеше, ғұсыл алыңдар. Кімнің жанында хош иіссуы болса, оны себінуінде ешқандай әбестік жоқ. Мисуак қолдануды ұмытпаңдар”, – деп бұйырды1».

  1. 1Ибн Мәжа («Иқамат әс-салат», 5/83) мұны маусул түрде риуаят етеді.
114
Муатта, 2-кітап, № 114
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.): “Үмбетіме ауырлық саламын деп қорықпағанымда, оларға міндетті түрде мисуак қолдануды бұйырар едім”, – деді1».

  1. 1Бұхари, «Жұма», 11/8; Муслим, «Таһарат», 2/42.
115
Муатта, 2-кітап, № 115
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі: «Егер үмбетіне ауыр тиеді деп қорықпағанда, Алла елшісі (с.а.с.) әр дәрет алған сайын мисуак қолдануды бұйырар еді1».

  1. 1Ибн Абдулбәр: «Бұл хадис көптеген жолмен муттасыл түрде жеткендіктен және сөздерінің сипатына қарай муснад хадистер қатарына кіреді», – дейді.