Хадис

Муатта, № 89

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
2. Таһарат (тазалық)
бап
23. Тәяммүм
Нөмірі
№ 89 (кітап ішіндегі рет реті)
89
Муатта, 2-кітап, № 89
Қазақша аудармасы

Мүміндердің анасы әзірет Айша былай деп баяндайды: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге бір сапарға шыққан едік. Бәйдаға1 немесе Затүл-Жәйшке жеткен кезде мойнымдағы алқам үзіліп, түсіп қалды. Алла елшісі алқамды іздеу үшін сол жерде аялдады, сахабалар да онымен бірге аялдады. Ол жерде су жоқ еді. Өздерінің де сулары болмады. Сахабалар Әбу Бәкір әс-Сыддыққа келіп: “Айшаның не істегенін көріп тұрсың ба? Суы жоқ жерде Алла елшісі мен сахабаларды тоқтатты, өздерінің де сулары жоқ”, – деді».

Айша былай дейді: «Алла елшісі басын тіземе қойып, ұйықтап жатқан еді. Сол кезде Әбу Бәкір (р.а.) келіп: “Алла елшісі мен сахабаларды сусыз жерде тоқтаттың. Өздерінің де сулары жоқ”, – деп ренжіп, қолымен бүйірімнен түрткілей бастады. Алла елшісінің басы тіземде болғандықтан, қозғала алмадым. Алла елшісі сол сусыз жерде таң атқанға дейін ұйықтады. Сол кезде Алла Тағала тәяммүм аятын түсірді. Сонда Үсәйд ибн Худайр: “Уа, Әбу Бәкір әулеті! Бұл сендердің алғаш рет берекеге, яғни жақсылыққа себеп болуларың емес”, – деді. Мінген түйемді тұрғызғанымда, алқаны соның астынан таптық2».

Имам Мәликтен: «Тәяммүм алып, намазын оқыған адам келесі намаз уақыты кіргенде қайтадан тәяммүм алуы керек пе?» – деп сұрағанда, ол: «Әр намаз үшін тәяммүм алады. Өйткені әр намаз үшін су іздеуі керек. Су іздеп, таба алмаса, тәяммүм алады», – деп жауап берді3.

Имам Мәликтен тағы да: «Тәяммүм алған адамның дәреті бар достарына имамдық жасауына бола ма?» – деп сұрағанда, ол: «Имамдық жасай алады. Алайда басқа біреудің имамдық жасағаны абзалырақ. Дегенмен оның да имамдық етуінде ешқандай әбестік жоқ», – деді.

Яхия былай дейді: «Имам Мәликтен: “Су таба алмай, тәяммүм алған адам тәкбір айтып, намазға тұрса, сол кезде суы бар біреу келсе, не істейді?” – деп сұрағанда, ол: “Намазын бұзбайды. Сол тәяммүммен бастаған намазын толық аяқтайды. Одан кейінгі намаздары үшін дәрет алады”, – деді4».

Имам Мәлик былай дейді: «Намазға тұрарда дәрет алуға су таба алмай, тәяммүм алған адам Аллаға мойынсұнған болады. Сумен дәрет алған адам одан тазарақ саналмайды, сумен дәрет алып оқылған намаз да тәяммүммен оқылған намаздан толығырақ емес. Өйткені дәрет те, тәяммүм де – Алланың бұйрығы. Екеуі де Алланың әмірін орындаған болады. Су тауып, дәрет алған адам да, намазға кіріспей тұрып су таба алмай, тәяммүм алған адам да Алланың әмірі бойынша амал жасаған болады».

Имам Мәлик былай дейді: «Тәяммүммен намаз оқуға рұқсат етілетін жағдайда су таба алмаған жүніп адам тәяммүм алады, Құраннан хизбін5 оқиды және нәпіл намаздарын оқиды».

  1. 1Бәйда – Мекке жолындағы Зүлхуләйфаға қарсы жатқан төбе. Затүл-Жәйш – Мәдинадан 12 миль жердегі мекен. Тәяммүм аяты туралы Ибн әл-Араби: «Айшаның тәяммүм аяттарының қайсысын меңзегеніне қатысты дәлел таба алмадым», – дейді. Ибн Баттал: «“Ниса” немесе “Мәида” сүресіндегі аят дәрет аяты деп танылады. “Ниса” сүресіндегі аятта дәрет жайында айтылмайды», – деген. Уахиди «Әсбаб ән-нузул» атты еңбегінде бұл хадисті «Ниса» сүресіндегі аяттың түсу себебін түсіндіргенде келтіреді. Хафиз Ибн Хажар «Фатх әл-Бари» еңбегінде былай дейді: «Имам Бұхариге айқын болған бұл жағдайды жұрттың бәрі біле бермейді. Бұл, сөзсіз, “Мәида” сүресіндегі аят». Бұхари «Тәпсір» тарауында риуаятын келтірген Абдуррахман ибн Қасым былай дейді: «“Уа, мүміндер! Намазға тұрмақ болғанда...” (“Мәида” сүресі, 6-аят) деген аят түспей тұрып, тәяммүм болмаған, міндетті түрде дәрет алу керек еді. Сондықтан сусыз жерге аялдау сахабаларға ауыр тиді».
  2. 2Бұхари, «Тәяммүм», 7/1; Муслим, «Хайыз», 3/108; Шәйбани, 72.
  3. 3Ханафи мәзһабы бойынша бір тәяммүммен бірнеше парыз және нәпіл намаз оқуға болады. Өйткені су болмаған кезде тәяммүм оның орнына жүреді. Адам бір дәретпен қалағанынша намаз оқи алатыны сияқты, бір тәяммүммен де оқи алады.
  4. 4Ханафи мәзһабы бойынша намаз үстінде суды көру тәяммүмді де, намазды да бұзады.
  5. 5Хизб – күн сайын оқылатын Құранның белгілі бір бөлігі.