Қазақша аудармасы
Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Бір күні екінті намазы жақындап қалған еді. Адамдар дәрет алатын су іздеп, таба алмай жатты. Сол кезде Алла елшісіне бір ыдыс су әкелінді. Ардақты Пайғамбар қолын ыдыстың ішіне салды, содан кейін сахабаларына сол ыдыстан дәрет алуды бұйырды». Әнәс былай дейді: «Мен судың ардақты Елшінің саусақтарының арасынан бұрқылдап шығып жатқанын көріп тұрдым. Барлық адам сол сумен дәрет алды1».
- 1Бұхари, «Уду», 4/32; Муслим, «Фәдаил», 43/5. Мәтіннің мазмұнынан аңғарылғандай, бұл оқиға сапар кезінде, су тапшы жерде болған. Ардақты Пайғамбар қолын салған шағын ыдыста оның саусақтарының арасынан судың бұрқылдап шығуы – анық мұғжиза. Осылайша ардақты Пайғамбар мен мүміндер қашан, қай жерде қиындыққа тап болса да, Алланың құдіреті көрініп, Пайғамбарымыздан мұғжизалар байқалатын. Қазы Ияз былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) саусақтарының арасынан судың бұрқылдап шыққаны сахабалар қатысқан көптеген жиындарда және әскер арасында сенімді жеткізушілер арқылы риуаят етілген. Сахабалардың ешқайсысы мұны теріске шығармаған. Бұл да – ардақты Елшінің анықталған мұғжизаларының бірі».