Қазақша аудармасы
Мұғира ибн Шұғба (р.а.) былай деп баяндайды: «Тәбүк жорығында Алла елшісі (с.а.с.) қажетін өтеуге шықты. Мен дәрет суын дайындадым. Қайтып келгенде, қолдарына су құйдым, ол жүзін жуды. Қолдарын жуу үшін шапанының жеңін түрмек болды. Жеңі тар болғандықтан түре алмаған соң, қолдарын шапанының жеңінен шығарды. Қолдарын шынтақтарына дейін жуды. Содан кейін басына және аяғындағы мәсілерінің үстінен мәсіх тартты. Алла елшісі (с.а.с.) намаз оқуға келгенде, Абдуррахман ибн Ауф жамағатқа имам болып, намаздың бір рәкағатын оқытып қойған еді. Ардақты Елші қалған бір рәкағатты жамағатпен бірге оқыды. Абдуррахман сәлем бергенде, жамағат абыржып қалды. Алла елшісі (с.а.с.) намазын аяқтағаннан кейін сахабаларына бұрылып: “Дұрыс істедіңдер”, – деді1».
- 1Бұхари, «Мәғази», 64/81; Муслим, «Салат», 4/105. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 47. Бұл оқиға таң намазында болған. Ардақты Елші намазға кешіккенде, сахабалар уақыты өтіп кетеді деп қауіптеніп, Ауфтың ұлы Абдуррахманды имам етіп, намаз оқыған. Мұны Алла елшісінің (с.а.с.) рұқсатынсыз істегендіктен, Пайғамбар келіп, Абдуррахманға ұйып намаз оқығанда, олар абыржып қалған. Ардақты Елші «Дұрыс істедіңдер» деп, әрі оларды уайымнан арылтқан, әрі намазды кешіктірмеу үшін Абдуррахманды имам етіп оқығандарын құптаған. Бажи, «Мүнтәқа», 1-том, 77-бет.