Ибн Шиһаб әз-Зуһриден мынадай оқиға риуаят етіледі. Бір күні Омар ибн Абдулазиз екінті намазын кешіктіріп оқыды. Сол кезде оның құзырына кірген Уруә ибн Зүбәйр оған ескерту ретінде мына хадисті жеткізді: «Бір күні Куфада Мұғира ибн Шұғба1 екінті намазын кешіктірген еді. Оның жанына кірген Әбу Мәсғуд әл-Ансари: “Мұғира, мұны не үшін істедің? Есіңде жоқ па, бір күні Жәбірейіл келіп, бесін намазын оқыған еді. Одан кейін Алла елшісі де оқыды. Артынша Жәбірейіл екінті намазын оқыды, Алла елшісі де оқыды. Кейін ақшам намазын оқыды, Алла елшісі де оқыды. Содан соң құптан намазын оқыды, Алла елшісі де оқыды. Кейін таң намазын оқыды, Алла елшісі де оқыды. Содан кейін Жәбірейіл: ‘Саған осылар бұйырылды’, – деген еді”, – деді2».
Осыдан кейін Омар ибн Абдулазиз: «Уруә, айтып тұрған сөзіңді жақсылап ойлан. Алла елшісіне намаз уақыттарын білдірген Жәбірейіл ме еді?» – деп сұрады. Уруә: «Бәшир ибн Әбу Мәсғуд әкесінен осылай риуаят еткен», – деп жауап берді3.