Қазақша аудармасы
Ата ибн Ясардан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ыстықтың қатты болуы – тозақтың лебінен. Ыстық күшейгенде намазды аздап кешіктіріп, ауа сәл салқындаған кезде оқыңдар”, – деді де, сөзін былай жалғастырды: “Тозақ Раббысына: ‘Уа, Раббым! От-жалыным бірін-бірі жалмап барады’, – деп шағымданды. Сонда Раббысы оған жылына екі рет тыныстауға рұқсат берді: бір тынысы – жазда, бір тынысы – қыста1”».
- 1Бұл хадис мурсәл түрінде жеткен. Әбу Омардың айтуынша, имам Мәлик пен өзгелердің бірнеше жолмен риуаят еткен муттасыл хадистері оны қуаттайды. «Ыстықтың қатты болуы – тозақтың лебінен» деген сөз өте қатты ыстықты астарлап білдіреді. Пайғамбар дәуірінде мешіттің көп бөлігінің үсті ашық еді. Намазды да қызған құмның үстінде оқитын. Бұған көлеңкенің өзінде 40–50 градусқа жететін Хижаздың ыстығын қоссақ, күн тас төбеде тұрғанда бесін намазын оқу қаншалықты қиын болғанын түсінеміз. Осындай кезде бесін намазын аздап кешіктіру, мәкруһ уақытқа қалдырмау шартымен, мұстахаб саналады.