Хадис

Муатта, № 92

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
2. Таһарат (тазалық)
бап
25. Жүніп адамның тәяммүм алуы
Нөмірі
№ 92 (кітап ішіндегі рет реті)
92
Муатта, 2-кітап, № 92
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Хармәләдан риуаят етіледі: «Бір адам Сағид ибн әл-Мусәйябтан: “Жүніп адам тәяммүм алғаннан кейін су тапса, не істейді?” – деп сұрады. Сағид: “Суға қол жеткізген кезде кейінгі намаздары үшін ғұсыл алуы керек”, – деді1».

Имам Мәлик сапарда ихтиләм болған, дәрет алуға ғана жететін суы бар және суға жеткенге дейін шөлдеп қалмайтын адам жайында былай дейді: «Ол сол сумен әурет жерін және мәни тиген жерлерді жуады. Содан кейін Алланың бұйырғанындай, таза жерде тәяммүм алады».

Имам Мәликтен: «Жүніп адам тәяммүм алғысы келіп, сортаң топырақтан басқа жер таппаса, сортаң топырақпен тәяммүм ала ма? Сол жерде намаз оқуы мәкруһ бола ма?» – деп сұралды. Имам Мәлик: «Сортаң жерде намаз оқуға да, тәяммүм алуға да болады. Өйткені Алла Тағала: “Таза жер бетінен тәяммүм алыңдар2”, – деп бұйырды. Сортаң болсын, сортаң болмасын, таза болған кез келген жерде тәяммүм ала алады», – деді.

  1. 1Тәяммүм алуға мүмкіндік берген себеп жойылса, тәяммүм бұзылады. Сондықтан су табылғанда ғұсыл алу қажет. Алайда бұрын оқылған намаздардың қазасы өтелмейді. Өйткені сол уақытқа дейін тәяммүм ғұсылдың орнына жүрген.
  2. 2«Ниса» сүресі, 43-аят.