Хадис

Намаз

Муатта, 3-кітап · 13 хадис · № 1–13

1-бапНамазға шақыру (азан)

1
Муатта, 3-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай деп баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) жамағатты намазға жинау үшін екі ағашты бір-біріне соғуды қалаған еді. Сол күндері Абдуллаһ ибн Зәйд әл-Ансари (р.а.) түсінде екі ағаш көріп: “Бұлар Алла елшісі (с.а.с.) қалаған ағаштарға ұқсайды”, – деді. Оған: “Намаз үшін азан шақырмайсыңдар ма?” – делінді. Ол оянған соң Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, түсін айтып берді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) азан шақыруды бұйырды1».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Намаз», 2/28; Тирмизи, «Намаз», 2/25; Ибн Мәжа, «Азан», 3/1.
2
Муатта, 3-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.): “Азанды естіген кезде мүәззиннің айтқандарын сендер де дәл солай қайталаңдар”, – деп бұйырды1».

  1. 1Бұхари, «Азан», 10/7; Муслим, «Намаз», 4/10; Шәйбани, 91.
3
Муатта, 3-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырды: “Адамдар азан шақырудың және бірінші сапта тұрудың артықшылығын білсе, азан шақыру мен алғашқы сапта орын алуға жеребе тастаудан басқа мүмкіндік қалмаса, міндетті түрде жеребе тастар еді. Егер намазға ерте келудің артықшылығын білсе, ерте келуге жарысар еді. Құптан мен таң намаздарының сауабы мен сыйын білсе, еңбектеп болса да, сол намаздарға келер еді”1».

  1. 1Бұхари, «Азан», 10/9; Муслим, «Намаз», 4/129.
4
Муатта, 3-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырды: “Қамат айтылған кезде намазға жүгіріп келмеңдер, байыппен келіңдер. Үлгерген рәкағаттарыңды имаммен бірге оқыңдар, үлгермегендеріңді өздерің толықтырыңдар. Өйткені сендер намазға бет алған уақыттарыңда намазда саналасыңдар”1».

  1. 1Бұхари, «Азан», 10/21; Муслим, «Мешіттер», 5/151–155.
5
Муатта, 3-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Абдуллаһ ибн Абдуррахман ибн Әби Сағсаға әл-Ансари әкесі Абдуллаһтан риуаят етеді: «Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) маған былай деді: “Сенің қойларыңды, даланы қатты жақсы көретініңді білемін. Далада қойларыңның жанында болған кезде намаз үшін дауыстап азан шақыр. Өйткені мен Алла елшісінің (с.а.с.) былай деп бұйырғанын естідім: ‘Азаншының дауысын естіген жын да, адам да, барлық нәрсе де қиямет күні оған куәлік етеді’”1».

  1. 1Бұхари, «Азан», 10/5.
6
Муатта, 3-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегені риуаят етіледі: «Азан айтылған кезде шайтан азанды естімейтін жерге дейін жел шығара қашады. Азан біткен соң қайта оралады. Қамат айтылған кезде тағы қашады, біткен соң қайта келеді. Тіпті намаз оқып тұрған адамның жүрегіне дейін кіріп: “Мынаны есіңе ал, ананы есіңе ал”, – деп, оның ойына келмеген нәрселерді есіне салады. Сөйтіп, қанша рәкағат оқығанын ұмыттыратындай дәрежеде шатастырады1».

  1. 1Бұхари, «Азан», 10/4; Муслим, «Намаз», 4/19.
7
Муатта, 3-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Сағд әс-Саиди былай дейді: «Екі уақытта аспан қақпалары ашылып, дұға еткендердің көбінің дұғасы қабыл болады: азан айтылған кезде және Алланың діні жолында соғыс жүріп жатқанда1».

Имам Мәликтен: «Жұма күні уақыты кірмей тұрып азан айтуға бола ма?» – деп сұрағанда, ол: «Жоқ, күн төбеден ауған кезде азан айтылады», – деп жауап берді.

Имам Мәлик азан мен қаматта сөздердің екі реттен қайталануы және қамат айтылған кезде жамағаттың қашан тұруы керектігі жайында сұрағандарға былай деп жауап берді: «Азан мен қамат жайында мәдиналықтардан көргенімнен басқа еш нәрсе естіген жоқпын. Қаматта сөздер қайталанбайды, бір-бір реттен айтылады. Мәдина ғұламаларының үнемі істеп келе жатқаны – осы2. Ал қамат айтылған кезде тұру мәселесіне келсек, бұл жөнінде нақты ештеңе естіген жоқпын. Бұл жерде жамағаттың өз шамасына қарай әрекет еткенін дұрыс көремін. Өйткені кейбірі әлсіз, яғни кәрі, науқас немесе қуатсыз болады, олар ертерек тұрады. Кейбірі қуатты, яғни күшті әрі сергек болады, кейін тұрып та имамға үлгереді. Бәрі бірдей емес қой, қалайша бәрі бір мезетте тұрады?»

Имам Мәликтен: «Бір жерде жамағат жиналып, парыз намазын оқығысы келсе, азан айтпай, тек қамат түсірсе жеткілікті ме?» – деп сұралды. Имам Мәлик: «Оларға қамат жеткілікті. Азан тек жамағатпен намаз оқылатын мешіттерде уәжіп болады», – деді3.

Имам Мәликтен мүәззиннің имамға сәлем беруі, оны намазға шақыруы және ең алдымен кімге сәлем берілуі керектігі жайында сұралды. Имам Мәлик: «Алғашқы кезеңдерде сәлем берілгені жөнінде маған хабар жеткен жоқ», – деді.

Яхия былай деді: «Имам Мәликтен: “Бір жамағат үшін азан айтып, кейін біреу келер ме екен деп күткен, ешкім келмеген соң намазға тұрып, жалғыз өзі оқыған адам кейін жамағат келгенде, олармен бірге намазды қайта оқи ма?” – деп сұралғанда, Имам Мәлик: “Намазды қайта оқымайды. Мүәззин намазды оқып қойғаннан кейін келген адам жалғыз өзі оқиды”, – деді».

Имам Мәликтен: «Мүәззин азан айтқаннан кейін сүннет намазын оқуға тұрса, жамағаттың басқа біреуге қамат түсіртіп, намаз оқығысы келуі жаиз бола ма?» – деп сұралғанда, ол: «Болады, жеткілікті. Мүәззиннің қамат түсіруі мен басқа біреудің қамат түсіруінің арасында айырмашылық жоқ», – деді4.

Имам Мәлик былай дейді: «Таң намазының азанын таң шапағы атпай тұрып айту жаиз. Бірақ басқа намаздарда уақыт кірмей тұрып азан айту жаиз емес5».

  1. 1Ибн Абдулбәр: «“Муаттаны” жеткізушілер бойынша бұл хадис мауқуф. Алайда мұндай сөз жеке пікірге сүйеніп айтылмайды. Ол Әбу Хазим – Сәһл ибн Сағд – Алла елшісі тізбегімен көптеген жол арқылы риуаят етілген», – дейді.
  2. 2Имам Мәликтің мәзһабы көбіне мәдиналықтардың амалдарына және олардан жеткен хадистерге сүйенеді. Олар кейбір хадистерде айтылғандай, азанда сөздерді екі реттен, қаматта бір реттен айтады. Тек «Қад қаматис-салат» сөзін екі рет айтады. Имам Мәлик пен Имам Шафиғи осылай қабылдаған. Әбу Ханифа мен ханафи имамдары мына хадиске сүйеніп, азандағы сияқты қаматта да сөздерді екі реттен айту керек деген үкімге келген. Алла елшісі (с.а.с.): «...Қамат он жеті сөзден тұрады...», – деген. Қаматтың мәтіні: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ, әшһәду әллә иләһә иллаллаһ. Әшһәду әннә Мухаммадан расулуллаһ, әшһәду әннә Мухаммадан расулуллаһ. Хаййә алас-салат, хаййә алас-салат. Хаййә аләл-фәлах, хаййә аләл-фәлах. Қад қаматис-салат, қад қаматис-салат. Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Лә иләһә иллаллаһ». Әбу Дәуіт, 1-том, 137-бет, № 502 хадис.
  3. 3Ханафи имамдары бойынша намаз қай жерде оқылса да, тіпті қаза намазы болса да, азан айту – сүннет. Егер бірнеше уақыттың қаза намазын оқығысы келсе, бір рет азан айтып, қалған уақыттар үшін қамат түсіру жеткілікті. Имам Мәликтің жоғарыдағы азанға қатысты «уәжіп» сөзі «сүннет муәккәдә» мағынасында қолданылған. Барлық имам бойынша азан – сүннет. Тек ханбали мәзһабында қала мен кенттерде азан айту парыз кифая саналады. Бір мешітте азан айтылса, өзге мешіттерден парыз міндеті түседі де, оларда азан айту сүннет болады.
  4. 4Мәжбүрлік пен зәрулік болмаса, азан айтқан адамның қамат түсіргені абзал. Әзірет Пайғамбар (с.а.с.): «Азанды кім айтса, қаматты да сол түсірсін», – деген. Әбу Дәуіт, 1-том, 116–126-беттер.
  5. 5Мәлики, шафиғи және ханбали мәзһабтарында таң шапағы атпай тұрып азан айту жаиз. Алайда таң намазы таң атқаннан кейін оқылады. Ханафилер бойынша таң атпай тұрып азан айту жаиз емес. Оған рұқсат бергендер таң атқаннан кейін азанды қайталап айту сүннет дейді. Ал Имам Ахмад: «Тек Рамазанда қайталанады, басқа кездерде таң атпай тұрып айтылған азан жеткілікті», – дейді. Мына хадистер де ханафи имамдарының пікірін қуаттайды: «Бір күні Біләл әл-Хабаши (р.а.) таң атпай тұрып азан айтады. Мұны көрген әзірет Пайғамбар (с.а.с.) Біләлға: “Азан айтқан жеріңе бар да, қатты дауыстап: ‘Ұйқының әсерімен Біләл таң атпай тұрып азан айтып қойды’, – деп хабарла”, – деп бұйырады». Әбу Дәуіт, 1-том, 116–126-беттер. Бұдан әзірет Пайғамбардың таң атпай тұрып азан айтылуына разы болмағаны аңғарылады. Сондай-ақ әзірет Омар халифа болған кезде Мәзруқ есімді бір мүәззин таң атпай тұрып азан айтқанда, әзірет Омар оған таң атқаннан кейін азанды қайталауды бұйырады. Әбу Дәуіт, 1-том, 116–126-беттер. Рас, кейде Біләл әл-Хабаши таң атпай тұрып азан айтатын. Бірақ бұл таң намазы үшін емес, мұсылмандарды тәһәжжүд намазына ояту үшін еді. Ондай күндері таң атқаннан кейін екінші рет азан айтылатын. Бүгінде де Қағбада және Рауда Мұтаһһарада дәл осылай жасалады.
8
Муатта, 3-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен былай риуаят етіледі: «Мүәззин әзірет Омарға келіп, оны таң намазына шақырмақ болды. Оның ұйықтап жатқанын көргенде: “Әс-салату хайрун минән-нәум”, яғни “Намаз ұйқыдан қайырлы”, – деді. Мұны естіген Омар (р.а.) осы сөзді таң намазының азанына қосуды бұйырды1».

Әбу Сүһәйл әкесі Мәликтен былай риуаят етті: «Сенімді кісілерден көргенім – әр намаз уақытында азан айтатындары».

  1. 1Шәйбани, 91.
9
Муатта, 3-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик Нәфиғтан былай риуаят етеді: «Абдуллаһ ибн Омар Бақиғта еді. Азанды естігенде, мешітке қарай жылдам жүріп кетті».

2-бапСапарда және дәретсіз азан айту

10
Муатта, 3-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай дейді: «Желді әрі суық бір түні Абдуллаһ ибн Омар азан айтып: “Намаздарыңды жүктерің тұрған жерде оқыңдар”, – деп дауыстады. Содан кейін: “Алла елшісі (с.а.с.) суық, жаңбырлы түндері мүәззинге: ‘Намаздарыңды жүктерің тұрған жерде оқыңдар!’ – деп дауыстауды бұйыратын”, – деді1».

  1. 1Бұхари, «Азан», 10/8; Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/22, 23.
11
Муатта, 3-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай риуаят етті: «Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) сапарда тек таң намазында азан айтып, қамат түсіретін, ал басқа уақыттарда тек қамат түсіретін және: “Азан жамағатпен намаз оқылғанда қажет болады”, – дейтін».

12
Муатта, 3-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруә былай риуаят етеді: «Әкем маған: “Сапарда болған кезде қаласаң, азан айтып, қамат түсіресің; қаламасаң, азан айтпай, тек қамат түсіресің”, – деді». Яхия: «Мен Имам Мәликтің: “Адамның көлігінің үстінде отырып азан айтуында еш әбестік жоқ”, – дегенін естідім», – дейді.

13
Муатта, 3-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Сағид ибн әл-Мусәйябтан былай риуаят етілді: «Далада намаз оқыған адамның оң жағында бір періште, сол жағында бір періште онымен бірге намаз оқиды. Егер азан айтып, қамат түсірсе немесе тек қамат түсіріп намаз оқыса, артында таудай періштелер де тұрып намаз оқиды, яғни сауабын соған бағыштайды1».

  1. 1Бұл – мәрфуғ үкіміндегі мурсал хадис. Өйткені мұндай сөз жеке пікірге сүйеніп айтылмайды. Маусул әрі мәрфуғ түрде де риуаят етілген.