عَنْ أَبِي مَسْعُودٍ الْبَدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَمْسَحُ مَنَاكِبَنَا فِي الصَّلَاةِ يَقُولُ: اسْتَوُوا وَلَا تَخْتَلِفُوا فَتَخْتَلِفَ قُلُوبُكُمْ لِيَلِنِي مِنْكُمْ أُولُو الْأحْلَامِ وَالنُّهَى، ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ، ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ. قَالَ: أَبُو مَسْعُودٍ: فَأَنْتُمُ الْيَوْمَ أَشَدُّ اخْتِلَافًا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
Әбу Мәсғуд әл-Бәдри (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) намазда иықтарымызға қолын тигізіп: “Түзу тұрыңдар, саптарың қисаймасын. Әйтпесе жүректерің де алауыз болады. Дәл артымда араларыңдағы ақыл-парасаты кемел кісілер тұрсын, одан соң соларға жетеғабыл адамдар, сосын олардан кейінгілер тұрсын”, – дейтін».
Әбу Мәсғуд сөзін былай жалғады: «Бүгін араларыңда алауыздық тым күшейіп кетті».1
Түсіндірме
Дініміз намаздағы саптың түзу болуына ерекше мән береді. Риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) намаз бастарда жамағатты қадағалап, қолымен саптарын түзегені айтылады. Ол саптағы ретсіздік жүрекке өтіп, алауыздыққа себеп болатынын ескерткен. Сыртқы тәртіп ой мен рухтың үйлесіміне де ықпал етеді. Тиби: «Хадис жүрек пен дене мүшелерінің өзара байланысты екенін көрсетеді. Дене мүшелерінде ретсіздік болса, жүрек те алаңдайды. Жүрек бұзылса, денені басқаратын мүше болғандықтан, басқа мүшелерді де жамандыққа жетелейді», – дейді. Алла елшісі (с.а.с.) сап түзегенде қоғамдық тәртіпті де ескерткен. Ақыл-парасаты, дәрежесі мен беделі жоғары кісілер алдыңғы сапқа, имамның дәл артына тұрады. Кейінгі саптарда да осы рет сақталады.
Нәуәуи: «Бұл хадисте құрметке лайық кісілерге басымдық берілген. Имам үзірлі болып, орнына біреуді қалдырмақ болса, ең лайықтысы алға шығады. Имам жаңылса немесе ұмытып қалса, артындағы білімді кісілер оған ескерте алады», – дейді.
Басқа риуаяттарға қарағанда, сыйлы адамдарға намазда да, өзге қоғамдық істерде де басымдық беру – сүннет. Алла елшісінің (с.а.с.) «Кішіге мейірім, үлкенге құрмет көрсетпеген бізден емес», «Береке үлкендеріңде», «Үлкенге лайықты құрмет көрсет» деген секілді өсиеттері көп.
- 1Мүслим, Салат: 122, (432); Нәсәи, Имамат: 26, (2, 90); Әбу Дәуіт, Салат: 96, (674).