وَعَنْ رَبِيعَةَ بْنِ أَبِي عَبْدِ الرَّحْمَنِ قَالَ: «كَانَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا إِذَا جَاءَ الْمَسْجِدَ وَقَدْ صَلَّى النَّاسُ بَدَأَ بِالْمَكْتُوبَةِ وَلَمْ يُصَلِّ قَبْلَهَا شَيْئًا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Рабиға ибн Әбу Абдуррахман былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) мешітке келгенде жұрт намазды оқып қойған болса, әуелі парызын оқитын. Оған дейін басқа намаз оқымайтын».1
Түсіндірме
1. Екі хадистің біріншісінде қаматтан кейін мешітте парыздан басқа намаз оқылмайтыны анық айтылған. Жалпы тыйым таң намазын да қамтиды. Алайда сахабалар, табиғиндер мен кейінгі ғалымдар бұл жайында әртүрлі пікір айтқан. Көбі таңның сүннетін талқылаған. Себебі кейбір риуаятта «Таңның сүннетінен басқа» деген қосымша келген.
Көпшілік ғалымдардың пікірінше, парыз намазға тұрған кезде таңның сүннетін қоса алғанда, нәпіл намаз оқылмайды. Ханафилер таң намазының сүннетін бөлек қараған. Олардың пікірінше, парызға тұрып қойса да, әуелі сүннетті оқып, содан кейін имамға ұйиды.
Әбу Һурайра (р.а.) хадистің сыртқы мағынасына сай амал еткен. Ибн Омар, Ибн Жубәйр, Ибн Сирин, Ұруа, Нәһәи, Ата, Шафиғи, Ахмад және өзге алғашқы ғалымдардан қаматтан кейін нәпіл оқу, соның ішінде таңның сүннетін оқу мәкрүһ екені жеткен. Омардың (р.а.) қаматтан кейін таңның сүннетін оқығандарды қамшымен ұрғаны айтылады. Ал Ибн Мәсғуд, Масруқ, Хасан, Мужаһид, Мәкхул, Хаммад ибн Сүлеймен секілді ғалымдар бұған рұқсат берген.
Заһирилер: «Нәпілді бастап қойған кісі қамат айтылғанда оны дереу үзіп, парызға ұйиды», – деген. Мәкрүһ санаған өзге ғалымдар басталған намазды үзуге бұйырмаған.
2. Осы түсіндірмеде «Қамат айтылғанда, парыздан басқа намаз оқылмайды» деген сөз намаздың жарамдылығына емес, сауабына қатысты делінген. Яғни қаматтан кейін оқылған нәпілдің сауабы болмайды. Намаз жарамсыз болса, кейін қазасын өтеуді бұйырар еді. Бұл пікір бойынша намаз жарамды саналғанымен, сауабы жазылмайды.
3. №2845 хадистен Ибн Омардың (р.а.) өзге ұстанымы көрінеді. Парыз жамағатпен оқылып болған соң мешітке келсе, сүннетті оқымай, тек парызды оқуды абзал санаған. Көпшілік ғалымның пікірінше, уақыт жеткілікті болса, қалаған кісі парыздан бұрынғы нәпілді оқи алады. Уақыт тарылса, сүннетті қалдырып, парызға тұрады.
- 1Муатта, Қасрус-Салат: 75, (1, 168).