وَعَنْ سُلَيْمَانَ مَوْلَى مَيْمُونَةَ عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا تُصَلُّوا صَلَاةً فِي يَوْمٍ مَرَّتَيْنِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Мәймунаның азат еткен құлы Сүлеймен Ибн Омардан (р.а.) мына хадисті жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бір намазды бір күнде екі рет оқымаңдар”, – деді».1
Түсіндірме
Бұл хадис сырттай алдыңғы хадиске қайшы көрінеді. Алдыңғысында намазды қайталап оқуға рұқсат берілсе, мұнда тыйым салынған. Хаттаби екеуін былай үйлестіреді: «Тыйым белгілі себепсіз, өз бетінше бір намазды екінші рет оқуға қатысты. Орынды себеп болса, екінші рет оқуға болады. Мәселен, намазын оқып қойған кісі намазға тұрған жамағатқа кезіксе, жамағат сауабын ниет етіп, солармен бірге тағы оқиды. Осылай істеп, соған ынталандырған риуаяттарға амал етеді». Бұл түсіндірмеге сай, екі хадистің арасында қайшылық жоқ.
«Нәйлул-аутарда» Ахмад ибн Ханбал мен Исхақ ибн Рахуяның түсіндірмесі берілген. Олардың пікірінше, Алла елшісінің (с.а.с.) «Бір намазды бір күнде екі рет оқымаңдар» дегені парыз намазды өтеп қойған кісінің оны тағы да парыз ниетімен оқуына қатысты. Ал Алла елшісінің (с.а.с.) бұйрығына сай, екіншісін нәпіл ниетімен жамағатқа ұйып оқи алады. Әуелгісі парыз, екіншісі нәпіл болғандықтан, бұл бір намазды екі рет орындау саналмайды. Парызын қайта өтеу де талап етілмейді.
- 1Әбу Дәуіт, Салат: 58, (579); Нәсәи, Имамат: 56, (2, 114).