وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «وَسَأَلَهُ رَجُلٌ فَقَالَ إِنِّي أُصَلِّي فِي بَيْتِي ثُمَّ أُدْرِكُ الصَّلَاةَ مَعَ الْإِمَامِ، أَفَأُصَلِّي مَعَهُ؟ فَقَالَ نَعَمْ. قَالَ الرَّجُلُ: فَأيَّتَهُمَا أجْعَلُ صَلَاتِي؟ فَقَالَ: أَوَذَلِكَ إِلَيْكَ؟ إِنَّمَا ذَلِكَ إِلَى اللَّهِ يَجْعَلُ أَيَّتَهُمَا شَاءَ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Ибн Омарға (р.а.) бір кісі: «Үйімде намаз оқып алғаннан кейін имамның намазына үлгеремін. Онымен бірге тағы оқиын ба?» – деп сұрады. Ол: «Иә», – деді. Әлгі адам: «Онда қайсысын парыз намазым деп санайын?» – деді. Ибн Омар: «Оны шешу сенің қолыңда ма? Мұны Алла шешеді, Ол қалағанын парыз намазың деп санайды», – деді.1
Түсіндірме
Зурқани Ибн Хабиб пен Әбул-Уәлид әл-Бажидің мына түсіндірмесін жеткізеді: «Алла қай намазды қабыл ететінін біледі. Сыртқы үкім бойынша әуелгі намаз қабыл болады деп күтіледі. Хадиске сүйенген кісі екі намазды да парыз ниетімен оқуы керек. Бірі парыз болып саналса, екіншісінің нәпіл болары күмәнсіз».
Кейбір ғалымдар: «Қай намаздың қабыл болатынын Аллаға тапсыру керек. Алла ниет пен ықыласқа қарай кейде парыз болмаған намазды да қабыл етеді», – деген. Осы пікір бойынша, хадисте «Мұны Алла шешеді» делінгендіктен, «алғашқысы міндетті түрде парыз болып саналады» деген тұжырым қабылданбайды.
- 1Муатта, Салатул-жамаға: 9, (1, 133).