وَعَنْ أَبِي حَازِمٍ بْنِ دِينارٍ: «أَنَّ نَفَرًا جَاءُوا إِلَى سَهْلٍ بْنِ سَعْدٍ يَتَمَارُونَ فِي الْمِنْبَرِ مِنْ أَىِّ عُودٍ هُوَ؟ فَقَالَ: أَمَا وَاللَّهِ إِنِّي لَأعْرَفُ مِنْ أَىِّ عُودٍ هُوَ؛ وَمَنْ عَمِلَهُ، وَأىَّ يَوْمٍ جَلَسَ عَلَيْهِ. أَرْسَلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِلَى فُلَانَةٍ امْرَأَةٍ مِنَ الْأنْصَارِ أَنْ مُرِى غُلَامَكِ النَّجَّارَ أَنْ يَعْمَلَ لِي أَعْوَادًا أُكَلِّمُ النَّاسَ عَلَيْهَا فَعَمِلَ هَذِهِ الثَّلَاثَ الدَّرَجَاتِ. ثُمَّ أَمَرَ بِهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ تُوَضَعَ هَذَا الْمَوْضِعَ: فَهِيَ مِنْ طَرْفَاءِ الْغَابَةِ. فقَامَ عَلَيْهِ ﷺ فَكَبَّرَ وَكَبَّرَ النَّاسُ وَرَاءَهُ وَهُوَ عَلَى الْمِنْبَرِ ثُمَّ رَكَعَ فَنَزَلَ الْقَهْقَرَى حَتَّى سَجَدَ فِي أَصْلِ الْمِنْبَرِ، ثُمَّ فَرَغَ مِنْ صَلَاتِهِ، ثُمَّ أَقْبَلَ عَلَى النَّاسِ فَقَالَ: إِنَّمَا صَنَعْتُ هَذَا لِتَأْتَمُّوا بِي وَلِتَعْلَمُوا صَلَاتِي». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.
Әбу Хазим ибн Динар былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) мінбері қандай ағаштан жасалғанын талқылаған бір топ кісі Сәһл ибн Сағдқа келді. Сәһл: “Алламен ант етемін, оның қандай ағаштан жасалғанын, оны кім жасағанын және Алла елшісінің оған қай күні отырғанын білемін”, – деді де, былай түсіндірді: “Алла елшісі (с.а.с.) ансарлық бір әйелге: ‘Ағаш ұстасы болған құлыңа айт, үстіне шығып, халыққа сөз сөйлейтіндей ағаш мінбер жасап берсін’, – деп кісі жіберді. Құл осы үш басқышты мінберді жасап берді. Алла елшісі (с.а.с.) оны осы орынға қоюды бұйырды. Мінбер Ғаба жерінің жыңғыл ағашынан жасалған.
Алла елшісі (с.а.с.) мінбердің үстіне шығып, намазға тұрды да, тәкбір айтты. Жамағат та артынан тәкбір айтты. Содан кейін рукуғ жасап, кейін шегіне жүріп мінберден түсті де, мінбердің түбінде сәжде жасады. Намазын аяқтаған соң жұртқа бұрылып: ‘Мұны маған ұйып, намазымды үйренулерің үшін істедім’, – деді”».1
Түсіндірме
1. Хадисте бірқатар үкім қамтылған:
• Қажет туғанда жаңа құрал қолдануға болады. Өзге риуаяттарға қарағанда, жамағат көбейгенде артта қалғандар Алла елшісін (с.а.с.) анық ести алмай, кейбірі кері қайтатын болған. Кей риуаятта жұрттың өтініші, кейбірінде Алла елшісінің (с.а.с.) өзі осындай қажеттілікті байқағаны айтылады. Ақырында, жұрт көріп, еститіндей мінбер жасауды бұйырған.
• Жаратылыстану ғылымдары мен қолөнер тәсілдерін мұсылман емес жұрттардан да үйренуге болады. Хадисте мінбер жасаған ұстаның бір әйелдің құлы болғаны айтылған. Басқа риуаяттарда оның Шам жерінен шыққан христиан екені айтылады.
• Жергілікті жұрттың әдетіне жат көрінген іс жасалса, себебін түсіндірген жөн.
• Халифа, имам немесе басқа құтпашы мінберге шығып құтпа айта алады.
• Имам намазды жұртқа оның қимылдарын үйрету ниетімен оқыта алады.
• Намаз үстінде аз қимыл жасауға болады. Алла елшісінің (с.а.с.) кейін шегініп, мінберден түсуі аз қимылға жатады әрі намазды бұзбайды.
• Имамның биіктеу жерде тұруына рұқсат етілетін жағдай бар.
• Жамағат имамды көріп, жақсы естуі үшін мінбер жасату мұстахаб.
• Жаңа бір істі шүкір немесе тәбәрік ниетімен намаз оқып бастау мұстахаб.
2. «Әл-Ғаба» сөзі «орман» дегенді білдіреді. Бұл риуаятта ол Мәдинаның сыртында, Шамға барар жолдағы орманның атауы. Кей риуаятта ол жердің жаһилият дәуірінен қорғалғаны, Алла елшісінің (с.а.с.) бұйрығымен ағаш отырғызылып, қалың орманға айналғаны айтылады. Ол: «Бұл жерден ағаш кескен кісі орнына бір ағаш отырғызсын», – деп бұйырған.
3. Мінбер жасаған ұста туралы риуаяттар әртүрлі. Бұхаридің Жәбирден (р.а.) жеткізуінше, мәдиналық бір әйелдің ағаш ұстасы грек құлы болған. Ибн Сағдтың бір риуаятында ол Аббас ибн Абдулмутталибтың Килаб атты құлы делінген. Абд ибн Хумайдтың «Муснәдында» оның аты Ибраһим деп берілген. Ең сенімді саналатын Бұхари риуаятында ұстаның грек екені анық айтылады. Ал Ибн Сағдтың риуаятында бұрын христиан болып, кейін ислам қабылдаған Тәмим әд-Дари: «Уа, Алланың елшісі! Шамда көргенімдей бір мінбер жасап берейін бе?» – дейді. Бұдан мінберді христиандар жиі қолданғаны аңғарылады. Ибн Хажар түрлі риуаяттар мен түсіндірмелерді салыстырып, мінберді бірнеше кісі бірлесіп жасатуы мүмкін деген. Оның қай жылы жасалғаны да талас тудырған. Кең тараған пікір бойынша, бұл һижраның жетінші не сегізінші жылы болған.
- 1Бұхари, Салат: 64, 18, Жұма: 36, Иғтикаф: 32, Хиба: 3; Мүслим, Мәсәжид: 44, (544), Әбу Дәуіт, Салат: 221, (1080); Нәсәи, Мәсәжид: 45, (2, 57-59).