وَعَنْ عَلِيٍّ وَمُعَاذٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَا: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا أَتَى أَحَدُكُمُ الصَّلَاةَ وَالْإِمَامُ عَلَى حَالٍ فَلْيَصْنَعْ كَمَا يَصْنَعُ الْإِمَامُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әли мен Муаз (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бірің намазға келгенде, имам қандай қалыпта тұрса, соны жасасын”, – деді».1
Түсіндірме
1. Хадис жамағатқа келген кісінің имамға бірден ұюы керегін көрсетеді. Кей кісі имамның қиямға тұруын күтеді. Хадисте имам қандай қалыпта болса да, бірден соған ілесу бұйырылған. Имамға сәждеде немесе отырыста ұйыған кісі рукуғқа үлгермегендіктен, №2828 хадиске сай бұл қимылдар рәкатқа саналмайды. Дегенмен №2392 хадисте айтылғандай, жамағатпен оқылған намаздың бір сәждесіне үлгерген адам да жамағат сауабынан үлес алады. Сондықтан имам қандай қалыпта болса, сол қалыпта оған ұйиды.
2. Тирмизи былай түсіндіреді: «Ғалымдар амалында осы хадиске сүйенген. Кісі келгенде имам сәждеде болса, ол да дереу сәжде жасайды. Бірақ рукуғқа үлгермегендіктен, бұл сәжде тұтас рәкатқа саналмайды». Ибн әл-Мүбарак: «Имам сәждеде тұрса, онымен бірге сәжде жасағанды құп көремін», – деген. Кейбір ғалымдардан: «Бұл сәжде рәкатқа саналмаса да, бекер кетпейді. Кісі басын сәждеден көтермей жатып, күнәлары кешірілуі мүмкін», – деген сөз жеткен.
3. Ғалымдардың көпшілігі имамға рукуғта ұюды рәкатқа үлгерудің шарты деп санаған. Рукуғқа үлгермей, имамға сәждеде қосылған кісі сауапқа ортақтасады, бірақ сол рәкатқа үлгермеген болып саналады. Имам сәлем бергеннен кейін тұрып, қалған рәкаттарын толықтырады.
4. Кейбір ғалымдар көпшілік пікіріне қосылмаған. Олар рәкат саналуы үшін «Фатиханы» оқитындай уақыт қиямда тұрып, сүрені оқуды шарт еткен. Заһирилер мен Ибн Хузайманың пікірінше, рукуғқа үлгергенімен, «Фатиханы» оқитындай уақыт қиямда тұра алмаған кісі рәкатқа үлгермеген. Имамның артында қырағатты уәжіп санайтын шафиғилердің көбі де осы пікірде. Бұхари «Әл-қирағату халфәл-имам» еңбегінде осы шарттарды және олар дәлел еткен риуаятты келтірген: «Имамға рукуғта қосылған кісі дереу рукуғқа барып, оған ұйысын. Бірақ кейін сол рәкатты қайта оқысын». Ибн Хажар бұл сөздің Пайғамбарға (с.а.с.) телінген марфуғ хадис емес, Әбу Һурайраның (р.а.) өз сөзі, яғни мауқуф риуаят екенін айтады. Оның пікірінше, бұл көзқарастағы ғалымдар алдымен «Фатиханы оқымағанның намазы жоқ» және «Намаздың үлгерген бөлігін оқып, өткізіп алған бөлігін толықтырыңдар» деген анық әрі сахих хадистерге сүйенген.
Рәкатқа үлгеру үшін рукуғқа үлгеруді жеткілікті санаған көпшілік ғалымдар Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген мына хадисті дәлел еткен: «Кім жұма намазының соңғы рәкатының рукуғына үлгерсе, имам сәлем бергенде, тағы бір рәкат қоссын».
- 1Тирмизи, Салат: 414, (591); Әбу Дәуіт, Салат: 28, (506).