Хадис

Кутуб ситтә, № 2838

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
388. Имамға ұюға қатысты үкімдер. Саптың реті және имамға ұюдың шарттары мен әдебі
Нөмірі
№ 2838 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 29
2838
Кутуб ситтә, № 2838 · тараудағы реті: 29

وَعَنِ الْمُسَوَّرِ بْنِ يَزِيدَ الْمَالِكِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَقْرَأُ فِي الصَّلَاةِ فَتَرَكَ شَيْئًا لَمْ يَقْرَأْهُ. فَقَالَ لَهُ رَجُلٌ: يَا رَسُولَ اللَّهِ تَرَكْتَ آيَةَ كَذَا وَكَذَا قَالَ: فَهَلَّا أذْكَرْتَنِيهَا». زَادَ فِي رِوَايَةٍ: «كُنْتُ أرَى أَنَّهَا نُسِخَتْ».

Қазақша аудармасы

Мұсаууар ибн Язид әл-Мәлики (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) намазда қырағат етіп, бір тұсын оқымай өтіп кетті. Бір кісі: “Уа, Алланың елшісі! Мынадай аяттарды оқымай кеттіңіз”, – деді. Ол: “Неге есіме салмадың?” – деп сұрады».

Бір риуаятта әлгі кісінің: «Ол аяттар насых етілген шығар деп ойладым», – дегені қосылған.1

Түсіндірме

1. Мұсаууар ибн Язид әл-Мәлики – сахаба. «Әл-Мәлики» ныспысы оның Бәни Мәлик тайпасынан шыққанын білдіреді. Ол Алла елшісінен (с.а.с.) осы хадисті ғана жеткізген.

2. Имам дауыстап оқығанда жаңылса, ұмытса немесе аятты аттап кетсе, есіне салуға болады. Имамға қырағаттағы жаңылған жерін еске салуды «фатх», яғни «ашу» дейді. Бұл хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) кей аяттарды оқымай өтіп кетуі айтылған. Келесі аятты ұмытып қалғанда немесе басқа сүреге өтіп кеткенде де осылай жәрдемдесуге болады.

3. Сахабаның «Ол аяттар насых етілген шығар деп ойладым» дегені маңызды жайтқа меңзейді. Уахи түсіп тұрған кезде кей аяттың үкімі, кейбірінің мәтіні, ал енді бірінің үкімі мен мәтіні бірдей насых етілген. Бұл жерде насых мәселесін егжей-тегжейлі талқыламаймыз. Осы риуаят – Алла елшісінің (с.а.с.) көзі тірісінде кейбір аяттың мәтіні оқылымнан шығарылғанын көрсететін риуаяттардың бірі. Бұған дейін айтқанымыздай, әр рамазандағы арзада сол кезге дейін түскен уахи жұрттың алдында оқылып, қателер түзетіліп, оқылымы насых етілген аяттар шығарылатын.2

Ибн Хиббанның риуаятында әлгі кісі аяттар насых етілген шығар деп ойлағанын айтқанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Жоқ, олар насых етілген жоқ», – деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 163, (907).
  2. 2Бұл мәселе №947 хадисте, 4-томның 483-бетіндегі «Арза» тақырыбында кеңірек түсіндірілген.