Хадис

Кутуб ситтә, № 2847

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
388. Имамға ұюға қатысты үкімдер. Саптың реті және имамға ұюдың шарттары мен әдебі
Нөмірі
№ 2847 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 38
2847
Кутуб ситтә, № 2847 · тараудағы реті: 38Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُصَلُّونَ لَكُمْ، فَإِنْ أَصَابُوا فَلَكُمْ. وَإِنْ أَخْطَئُوا فَلَكُمْ وَعَلَيْهِمْ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Имамдар сендерге намаз оқытады. Дұрыс оқытса, сауабы сендерге. Қателессе, сауабы сендерге, қатесі өздеріне”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадистегі «дұрыс істесе» деген етістіктің толықтауышы айтылмаған. Яғни имамның нені дұрыс орындауы керек екені нақтыланбаған. Ғалымдар мұны басқа хадистерге сүйеніп түсіндіргенде әртүрлі пікірге келген. Кей хадис қиям, қырағат, рукуғ пен сәжденің шариғат талабына сай орындалуын меңзейді. Кей хадис намазды өз уақытында оқуға қатысты. Мәселен, Уқба ибн Амирдің риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Кім жамағатқа намаз оқытып, уақытын дұрыс сақтаса, сауабы өзіне де, жамағатқа да жазылады», – деген. Ахмад ибн Ханбал келтірген бір нұсқада: «Имамдар намазды уақытында оқытып, рукуғ пен сәждені толық жасаса, сауабы сендерге де, оларға да жазылады», – делінген. Бұл нұсқа «дұрыс істеу» дегеннің уақыт пен рүкіндерді қоса қамтитын кең ұғым екенін көрсетеді.

2. Ибн әл-Мунзир: «Бұл хадис имамның намазы бұзылса, жамағаттың намазы да бұзылады деген пікірді теріске шығарады», – дейді.

3. Кей ғалымдар бұл хадиске сүйеніп, тақуаға да, ел именетін күнәһар кісіге де ұйып намаз оқуға болады деген. «Ел именетін кісі» деп қолында билігі бар адамды меңзеген. Ондай адам күнәһар бола тұра, билігіне сүйеніп жұртқа намаз оқытпақ болса, оған ұйып оқылған намаз жарамды саналады.

4. Бағауи: «Жамағатқа намаз оқытқан кісі кейін дәретсіз болғанын білсе, жамағаттың намазы жарамды, өзі намазын қайта оқиды», – дейді.

5. Кейбір ғалымдар хадистен мынадай жалпы үкім шығарған: «Имам қателесіп, намаздың бір рүкінін немесе басқа бір амалын орындамаса, оған ұйығандар сол амалды орындаған жағдайда, оның имамдығы жарамды». Шафиғи бұл пікірді имам халифа немесе оның орынбасары болған жағдаймен шектеп мақұлдаған. Шафиғилердің ең дұрыс деп санаған көзқарасы бойынша, жамағат имамның бір уәжіпті қалдырғанын білмесе, олардың намазы жарамды. Кейбірі қателік әдейі жасалмайтынын айтып, бұған шартсыз рұқсат берген.

  1. 1Бұхари, Азан: 55.