Хадис

Имамға қойылатын талаптар

Кутуб ситтә, 7-том, 387-тарау · 18 хадис · № 2792–2809

Хадистер

2792
Кутуб ситтә, № 2792 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Масғуд әл-Бәдри

عَنْ أَبِي مَسْعُودٍ الْبَدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَؤُمُّ الْقَوْمَ أَقْرَؤُهُمْ لِكِتَابِ اللَّهِ تَعَالَى، فَإِنْ كَانُوا فِي الْقِرَاءَةِ سَوَاءً فَأَعْلَمُهُمْ بِالسُّنَّةِ فَإِنْ كَانُوا فِي السُّنَّةِ سَوَاءً فَأَقْدَمُهُمْ هِجْرَةً، فَإِنْ كَانُوا فِي الْهِجْرَةِ سَوَاءً فَأَقْدَمُهُمْ سِنًّا، وَلَا يَؤُمُّ الرَّجُلُ الرَّجُلَ فِي بَيْتِهِ، وَلَا فِي سُلْطَانِهِ، وَلَا يَجْلِسُ عَلَى تَكْرِمَتِهِ إِلَّا بِإِذْنِهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ. «التَّكْرِمَةُ» مَوْضِعُ جُلُوسِ الرَّجُلِ الْخَاصِّ مِنْ فِرَاشٍ أَوْ سَرِيرٍ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мәсғуд әл-Бәдри (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жамағатқа Алланың кітабын ең жақсы оқитын кісі имам болсын. Қырағатта тең болса, сүннетті жақсырақ білетіні, сүннетті білуде де тең болса, һижретті бұрын жасағаны, һижретте де тең болса, жасы үлкені имам болсын. Біреудің үйінде немесе билігі жүретін жерде оның алдында имамдыққа өтпеңдер. Оның арнайы орнына рұқсатынсыз отырмаңдар”, – деді». Хадистегі «тәкримә» деген сөз адамның өзі отыратын төсенішін немесе орындығын білдіреді.1

  1. 1Мүслим, Мәсәжид: 290, (673); Тирмизи, Салат: 174, (235); Әдеп: 24 (2773); Әбу Дәуіт, Салат: 61, (582, 583, 584); Нәсәи, Имамат: 3, 6, (2, 76-77).
2793
Кутуб ситтә, № 2793 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Сағид

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا كَانُوا ثَلَاثَةً فَلْيَؤُمَّهُمْ أَحَدُهُمْ، وَأَحَقُّهُمْ بِالْإِمَامَةِ أَقْرَؤُهُمْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Үш кісі болса, араларынан бірі имам болсын. Имамдыққа ең лайықтысы – Құранды ең жақсы оқитыны”, – деді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) имамдыққа лайық адамды «ақрағ» деп сипаттаған. Кейбір ғалымдар мұны «Құранды жақсы оқитын кісі» деп түсінсе, кейбірі «Құранды көбірек жаттаған кісі» деп түсінген. Екі пікірдің де өз дәлелі бар. Имамдыққа кім лайық екені туралы хадистердің нұсқалары әртүрлі келгендіктен, мәзһабтарда да үкім әртүрлі. Ханафилер жамағат ішінен имам таңдағанда мына ретпен басымдық береді:

• Сүннетті ең жақсы білетін кісіге.

• Құранды ең жақсы оқитын кісіге.

• Тақуалығы басым кісіге.

• Жасы үлкен кісіге.

Бұл қасиеттері тең түссе, әуелі мінез-құлқы, одан кейін көркі, тегі, дауысы мен киім киісі ескеріледі. Бәрі тең түссе, жеребе тасталады. Үй иесі мен мешіттің тұрақты имамына бұл қасиеттері кем болса да, басымдық беріледі. Хадисте Құранды ең жақсы оқитын кісіге басымдық берілген. Ханафилердің үкімі хадисті түсіндіру ерекшелігіне байланысты. Сахабалар дәуірінде Құранды ең жақсы білетіндер сүннетті де жақсы білген. Кейін бұл жағдай өзгерді. Намаз үстінде тосын жағдай туса, сүннетті жетік білетін кісі оны дұрыс шеше алады. Ханафилер сондықтан сүннетті көбірек білетін кісіні лайық санаған. Әбу Юсуфтан жеткен бір риуаятқа сай, Құранды жақсырақ оқитын кісі имамдыққа лайық. Шафиғилер мен мәликилердің пікірінше, басшы немесе оның орынбасары өзінен лайықтырақ кісі тұрса да имамдық ете алады әрі олардың намаз оқытуы – мәндүп. Кезек одан кейін тұрақты имамға, одан соң үй иесіне беріледі. Бұлар болмаса, жамағат өз ішінен ең лайықты кісіні таңдайды. Пасық немесе бидғат ұстанған адамның имамдығы – харамға жақын мәкрүһ. Имам Мұхаммед пен имам Мәлик бұған рұқсат етпеген. Мұндағы бидғат иесі деп құбылаға бет бұрғанымен, Әһлі сүннет уәл-жамағат сенімінен ауытқыған ағым ұстанушыларын айтады. Сенімі күпірлікке апаратын адамның имамдығы жарамсыз. Мәзһабтары бөлек кісілер бір-біріне ұйи алады. Өз мәзһабындағы имамға ұю абзал, ал өзге мәзһабтағы имамға ұю жеке оқығаннан артық.

  1. 1Мүслим, Мәсәжид: 289, (672); Нәсәи, Имамат: 5, (2, 77).
2794
Кутуб ситтә, № 2794 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا. قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لِيُؤَذِّنْ لَكُمْ خِيَارُكُمْ، وَلِيَؤُمَّكُمْ قُرَّاؤُكُمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Азанды араларыңдағы ең ізгілерің айтсын, имамдыққа қариларың өтсін”, – деді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) азанды арадағы ең ізгі кісілерге айтқызуды бұйырған. Ізгі кісі көзін харамнан көбірек сақтайды. Намазды уақтылы оқу, ауыз бекіту мен ауыз ашудың мезгілін білу азаншыға байланысты. Сондықтан азаншы уақытты дәл білетін сенімді адамдар арасынан таңдалуы тиіс.

2. Имамдыққа қурра, яғни Құранды жетік білетін қарилар лайық. Қырағаты жақсы кісі намаз үкімдерін де білсе, имамдыққа лайығы арта түседі. Намазда айтылатын зікірлердің ең абзалы, ең ұзағы әрі ең қиыны – қырағат. Хадистің қырағаты жақсы адамға басымдық беруі – Алланың сөзіне құрмет. Ұхұд шейіттерін жерлегенде де Құранды көбірек білетіндерге басымдық берілгені айтылады. Бұл олардың екі дүниеде де озғанын білдірсе керек.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 61, (590).
2795
Кутуб ситтә, № 2795 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ عَمْرٍو بْنِ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أمَمْتُ قَوْمِي وَأَنَا ابْنُ سِتٍّ أَوْ سَبْعِ سِنِينَ، وَكُنْتُ أكْثَرَهُمْ قُرْآنًا». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ، وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Сәләмә (р.а.) былай дейді: «Алты не жеті жасымда өз қауымыма имам болдым. Өйткені араларында Құранды ең көп білетін мен едім».1

Түсіндірме

1. Бұхариде Амр ибн Сәләмәнің оқиғасы толығырақ баяндалады: «Біз жолаушылар жиі аялдайтын бұлақ басында тұратынбыз. Келгендерден: “Елдің халі қалай? Не болып жатыр? Атын естіп жүрген әлгі кісі кім?” – деп сұрайтынбыз. Олар: “Ол өзін Алла жібергенін айтып жүр. Оған мынадай-мынадай уахи түскен”, – дейтін. Мен сол сөздерді бірден жаттап алатынмын. Олар жадымда берік сақталатын. Арабтар исламды қабылдау үшін Меккенің алынуын күтті. “Оны өз қауымымен бетпе-бет қалдырыңдар. Қауымын жеңсе, шын пайғамбар болғаны”, – десті. Мекке алынғаннан кейін әр тайпа исламды қабылдауға асықты. Әкем де тайпамыздың исламды қабылдауына ұйытқы болды. Алла елшісіне (с.а.с.) барып қайтқан соң: “Алламен ант етемін, хақ пайғамбардың қасынан келдім. Ол: ‘Мына уақытта мына намазды, мына уақытта мына намазды оқыңдар. Намаз уақыты кіргенде, бірің азан айт, Құранды ең көп білетіндерің имам болсын’, – деді”, – деп хабарлады. Құранды менен көп білетін ешкімді таппады. Өйткені мен оны жолаушылардан үйреніп жүрдім. Сөйтіп, мені алға шығарды. Ол кезде алты не жеті жаста едім. Үстімде қысқа шапан болатын. Сәждеге барғанда, ол жиырылып қалатын. Арамыздағы бір әйел: “Ең болмаса имамымыздың жамбасын жауып қойсаңдаршы!” – деді. Содан мата сатып алып, маған көйлек тікті. Сол көйлекке қуанғандай басқа нәрсеге қуанып көрмеппін». Әбу Дәуіттегі нұсқаның мағынасы осыған жақын. Кейбір сөздерінде айырма бар. Мәселен, ол «ақрағ» дегеннің «Құранды көбірек білетін» деген мағынасын ашады. Амр былай дейді: «Жаттауға зерек бала едім. Құраннан көп аят жаттадым. “Сендерге ақрағ болғандарың имам болсын”, – деді. Жаттағаным көп болғандықтан, араларында ақрағ мен едім». Бұл жерде «ақрағ» сөзі Құранды көбірек білетін кісіні білдіреді.

2. Бұл хадисті оң-солын айыратын, яғни мұмаййиз баланың имам болуын құптайтындар дәлел еткен. Хасан Басри, Шафиғи мен2 Исхақ осы пікірде. Ал имам Мәлик, Ата, Шағби, Әузағи және Сәури мұны мәкрүһ санаған. Ахмад пен Әбу Ханифадан екі түрлі пікір жеткен. Көп тараған пікірге сай, бала нәпіл намазға имам бола алады, парыз намазға имам бола алмайды. Кейбір ғалымдар: «Бұл риуаят баланың имамдығына дәлел бола алмайды. Амр оны Пайғамбардың бұйрығымен жасағанын айтпаған, оның мақұлдағанын да ашық білдірмеген», – деген. Ал Амрдың балиғатқа толмай тұрып имам болғанын Алла елшісі (с.а.с.) білмей қалуы мүмкін дегенге: «Уахи түсіп тұрған кезде сахабаның рұқсат етілмеген істі істеп, оған тыйым түспей қалуы кездеспеген», – деп жауап берілген.3 Бұл мәселеде әртүрлі пікір бар. Кейбір ғалымдар Амрдың әкесімен бірге Алла елшісіне (с.а.с.) барғанын да айтады.

  1. 1Бұхари, Мағази: 52; Әбу Дәуіт, Салат: 61, (585-587); Нәсәи, Азан: 8, (2, 9-10); Қибла: 16, (2, 70). Имамат: 11, (2, 80).
  2. 2Шафиғи жұма намазын бөлек қарастырып, оған рұқсат бермеген.
  3. 3Сахабалар бұл мәселеге маңызды қағида ретінде қараған. Алла елшісінен (с.а.с.) кейін азлға рұқсат жөнінде пікірталас туғанда, Әбу Сағид пен Жәбир (р.а.): «Біз азл жасаған кезде Құран түсіп жататын, оған тыйым салған уахи келмеді», – деп, азлға рұқсат деген тұжырымға келген.
2796
Кутуб ситтә, № 2796 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمَّا قَدِمَ الْمُهَاجِرُونَ الْأوَّلُونَ فَنَزَلُوا مَوْضِعًا بِقُبَاءَ قَبْلَ مَقْدَمِ النَّبِيِّ ﷺ كَانَ يَؤُمُّهُمْ سَالِمٌ مَوْلَى أَبِي حُذَيْفَةَ، وَكَانَ أَكْثَرَهُمْ قُرْآنًا». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ، وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) келмей тұрып, алғашқы мұһажирлер Құбадағы (Усба атты) жерге қоныстанды. Оларға Әбу Хузайфаның азат еткен құлы Сәлим имам болды. Ол араларында Құранды ең көп білетін кісі еді».1

Түсіндірме

1. Бұхаридің риуаятында алғашқы мұһажирлердің Құбадағы Усба деген жерге қоныстанғаны айтылады.

2. Кей риуаятта алғашқы мұһажирлердің арасында Құрайыштың бетке ұстарлары Әбу Бәкір, Омар, Әбу Сәләмә ибн Абд әл-Әсад, Зәйд ибн Хариса мен Амир ибн Рабиға болғаны, оларға Сәлимнің имамдық еткені айтылады. Бұл риуаятта Әбу Бәкірдің аталуына қатысты сұрақ туады. Сәлим Пайғамбар (с.а.с.) келмей тұрып имамдық етті делінген, ал Әбу Бәкір Алла елшісімен (с.а.с.) бірге һижрет жасаған. Ғалымдар Сәлим Пайғамбар (с.а.с.) келгеннен кейін де имамдық еткен болуы мүмкін деп түсіндірген.

3. Риуаят құлдың да имам бола алатынын көрсетеді. Сәлимді Хузайфа есімді ансарлық әйел кейін азат еткен. Осы риуаятта айтылған имамдық кезінде ол әлі бостандық алмаған еді. Құранды жетік білуімен танылған Сәлим Әбу Бәкірдің (р.а.) заманында жалған пайғамбарларға қарсы Ямама шайқасында шейіт болған.

Сәлимнің имамдыққа шыққан себебі риуаятта көрсетілген: «Ол Құранды бәрінен көп білетін».

Ислам ғалымдары құлдың имам болуына рұқсат берген. Намазға қажетті білімді меңгеруі шарт. Ол білімі жетпесе, имамдық етуі мәкрүһ. Ғалымдар имамның мұсылман, балиғатқа жеткен, ақыл-есі дұрыс ер адам болуын, қырағат білуін әрі үзірлі болмауын шарт еткен. Көзі көрмейтін кісінің имамдығы жарамды, ал көзі көретін кісінің имамдығы абзал саналған.

  1. 1Бұхари, Азан: 54, Ахкам: 25; Әбу Дәуіт, Салат: 61, (588).
2797
Кутуб ситтә, № 2797 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «أَنَّهَا كَانَ يَؤُمُّهَا عَبْدُهَا ذَكْوَانُ مِنَ الْمُصْحَفِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةِ بَابٍ.

Қазақша аудармасы

Айшаға (р.а.) құлы Зәкуан Құранды мұсхафтан оқып, имамдық еткен.1

Түсіндірме

1. Бұхари бұл хадисті «Құл мен азат етілген кісінің имамдығы» деген тараудың атауында жеткізушілер тізбегінсіз келтірген. Ибн Әбу Дәуіт «Мәсахиф» еңбегінде, ал Ибн Әбу Шәйба, Шафиғи мен Абдурраззақ өз еңбектерінде оны маусул, яғни тізбегі үзілмеген риуаят ретінде келтірген.

2. Алдыңғы риуаятта айтылғандай, ғалымдардың көпшілігі құлдың имамдығын жарамды санаған. Имам Мәлик, әдетте, құлдың азат адамдарға имам бола алмайтынын айтқан. Бірақ жамағат қырағат білмей, құл білсе, ол жұма намазынан өзге намаздарға имам бола алады. Себебі жұма намазы құлға парыз етілмеген.

3. Намазда мұсхафқа қарап оқуды жарамды санайтын Ибн Сирин, Хасан, Хакам мен Ата осы хадиске сүйенген. Ғалымдардың көпшілігі мұны намаздағы артық қимылға жатқызып, құптамаған. Айни: «Хадистің сыртқы мағынасы намазда мұсхафқа қарап қырағат етуге болатынын көрсетеді», – дейді. Ибн Сирин, Хасан Басри, әл-Хакам мен Ата осы үкімді ұстанған. Әнәс (р.а.) намаз оқығанда, артындағы бір құл оған мұсхаф ұстап тұратын. Аятта жаңылса, мұсхафты ашып беретін. Имам Мәлик рамазанда тарауих намазында бұған рұқсат берген. Нәһәи, Сағид ибн әл-Мусайяб пен Шағби мұны мәкрүһ санаған. Хасаннан жеткен бір риуаятта: «Христиандар да осылай істейді», – делінген. Ибн Хазм: «Намаз оқушы имам болсын, басқа болсын, мұсхафқа қарап қырағат ете алмайды. Әдейі істесе, намазы бұзылады. Ибн әл-Мусайяб, Хасан, Шағби және Әбу Абдуррахман әс-Сүләми де осы үкімді ұстанған. Бұл пікір Имам Ағзам мен Шафиғидің мәзһабтарында да бар», – дейді.

Айни сөзін былай түйіндейді: «Әбу Ханифаның пікірінше, намазда мұсхафқа қарап қырағат ету намазды бұзады. Өйткені бұл амал кәсирге, яғни намаздағы көп қимылға жатады. Әбу Юсуф пен Мұхаммед мұны жарамды санаған, себебі Құранға қарау да – құлшылық. Бірақ әһлі кітапқа ұқсайтын амал болғандықтан, мәкрүһ деп есептеген. Шафиғи мен Ахмад та осындай үкім берген. Имам Мәлик пен Ахмадтан жеткен бір риуаятқа сәйкес, бұл амал нәпіл намазды ғана бұзбайды».

  1. 1Бұхари, «Азан», 54. Риуаят тараудың басында жеткізушілер тізбегінсіз берілген.
2798
Кутуб ситтә, № 2798 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «اسْتَخْلَفَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ ابْنَ أُمِّ مَكْتُومٍ يَؤُمُّ النَّاسَ وَهُوَ أَعْمَى». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) көзі көрмейтін Ибн Үммі Мәктумды жұртқа имамдық ету үшін өз орнына қалдырды».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) жорыққа немесе сапарға шыққанда, кейде Абдулла ибн Үммі Мәктумды өз орнына қалдырып, Пайғамбар мешітіндегі имамдық міндетін соған тапсырған.

2. Хадис көзі көрмейтін кісінің имамдығы жарамды екенін көрсетеді. Ғазали мен Әбу Исхақ әл-Мәруази секілді ғалымдар көзі көрмейтін кісі намазға көбірек беріледі деп, оның имамдығын абзал санаған. Өзге ғалымдар тазалықты қадағалау, киімге жұққан нәжісті байқау тұрғысынан көзі көретін кісіні артық көрген. Шафиғи екі жақтың да артықшылығын ескеріп, екеуінің имамдығы да жарамды әрі бірінен бірі артық саналмайды деген. Ал кейбір ғалымдар көзі көретін кісіге басымдық берген. Олардың дәлелі – Алла елшісінің (с.а.с.) имамдыққа көбіне көзі көретін кісілерді тағайындағаны және Ибн Үммі Мәктумды жорыққа шыққанда ғана өз орнына қалдырғаны.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 65, (595).
2799
Кутуб ситтә, № 2799 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ مُعَاذًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ كَانَ يُصَلِّى مَعَ النَّبِيِّ ﷺ الْعِشَاءَ الْآخِرَةَ، ثُمَّ يَرْجِعُ إِلَى قَوْمِهِ فَيُصَلِّي بِهِمْ تِلْكَ الصَّلَاةَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Муаз (р.а.) Алла елшісімен (с.а.с.) бірге құптан намазын оқитын. Содан соң өз қауымына барып, сол намазды оларға да оқытатын».1

Түсіндірме

Хаттаби былай дейді: «Бұл риуаят парыз намазын оқитын кісінің нәпіл намазын оқып тұрған имамға ұюына рұқсат екенін көрсетеді. Муаздың Алла елшісімен (с.а.с.) бірге оқыған намазы парыз еді. Қауымына оқытқаны өзі үшін нәпіл болды. Сондай-ақ хадисте орынды себеп болса, бір намазды сол күннің ішінде екі рет оқуға болатынына дәлел бар».

Парыз оқитын кісінің нәпіл оқушыға ұюы жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан:

• Имам Ағзам мен рай мектебінің ғалымдары: «Имам нәпіл оқып тұрса, оған ұйып парыз оқылмайды. Имам парыз оқып тұрса, оған ұйып нәпіл оқуға болады», – деген. Олар тұрғылықты кісінің жолаушыға ұюына да рұқсат берген.

• Шафиғи, Ахмад пен Әузағи парыз оқитын кісінің нәпіл оқушыға ұюына рұқсат берген. Ата мен Тауыс та осы пікірде.

• Имам Мәлик: «Қандай намазда болсын, имам мен оған ұйыған кісінің ниеттері сәйкес келмесе, намаз жарамсыз. Ұйыған кісі оны қайта оқуы керек», – деген. Зуһри мен Рабиға да осы пікірде.

• Парыз оқитын кісінің нәпіл оқушыға ұюын құптамаған ғалымдар Муаздың Алла елшісіне (с.а.с.) ұйып оқығаны нәпіл, ал өз қауымына оқытқаны парыз болған дейді. Оларға былай жауап берілген: «Муаздың ең абзал намаз – парызды адамдардың ең ізгісі Алла елшісіне (с.а.с.) ұйып оқу мүмкіндігі тұрғанда, сол үлкен несібеден бас тартып, нәпілмен шектелуі қисынға келмейді. Бұған рауидің “Құптан намазын Алла елшісімен (с.а.с.) бірге оқитын” деген сөзі де дәлел. Құптан – парыз намаз. Алла елшісі (с.а.с.): “Парызға тұрғанда, одан басқа намаз оқылмайды”, – деген. Парыз басталғанда сол жерде тұрған Муаздың (р.а.) парызды тастап кетуі мүмкін емес. Алла елшісі (с.а.с.) “Араларыңдағы ең білгір фақиһ – Муаз” деп, оның фиқһ ілімін жоғары бағалаған».

Муаздың Алла елшісімен (с.а.с.) бірге оқыған намазы парыз болғанына түсіндірмешілер Шафиғи, Тахауи, Дарақутни мен Абдурраззақ жеткізген нұсқаны дәлел етеді. Онда Жәбир: «Муаздың қауымына оқытқан намазы өзі үшін нәпіл, қауымы үшін парыз еді», – деген. Ибн Хажар: «Бұл мәселеде осы қосымша нұсқаны негізге алған дұрыс», – дейді. Бұл мәселе жөніндегі пікірталас ұзақ.

  1. 1Бұхари, Азан: 60, 63, 66, Әдеп: 74; Мүслим, Салат: 180, (465); Әбу Дәуіт, Салат: 68, (599, 600) Тирмизи, Салат: 410, (583).
2800
Кутуб ситтә, № 2800 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас

وَعَنِ ابْنِ عَمْرٍو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: ثَلَاثَةٌ لَا يَقْبَلُ اللَّهُ تَعَالَى صَلَاتَهُمْ، مَنْ تَقَدَّمَ قَوْمًا وَهُمْ لَهُ كَارِهُونَ، وَرَجُلٌ أَتَى الصَّلَاةَ دِبَارًا: وَالدِّبَارُ أَنْ يَأْتِيَهَا بَعْدَ أَنْ تَفُوتَهُ، وَمنْ اعْتَبَدَ مُحَرَّرَهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. اعْتَبَدَ مُحَرَّرَهُ»: أيْ: اسْتَرَقَّهُ بَعْدَ أَنْ حَرَّرَهُ. أيْ: أعْتَقَهُ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алла Тағала үш адамның намазын қабыл етпейді:

1) өзін ұнатпайтын жұртқа имам болған адамның;

2) намазға кешігіп келген, яғни намаз уақыты өтіп кеткен соң келген адамның;

3) азат еткен адамын қайта құл еткен кісінің”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадистің жалпы мағынасына қарағанда, жамағат ұнатпаған кісі имамдықта қалмауы керек. Кейбір ғалымдар бұл үкімді «діни себеппен ұнатпаса» деп шектеген. Жұрт имамды діни кемшілігі үшін ұнатпаса, оның имам болып қалуына рұқсат жоқ. Басқа себеппен ұнатпаса, имамдықты жалғастыра алады. Қарсы болғандар жамағаттың көпшілігін құрауы керек. Жамағат көп болғанда, үш-төрт кісінің пікірі шешуші саналмайды. Бұл мәселеде діндар көпшіліктің пікірі ескеріледі.

Хаттаби: «Бұл жерде имамдыққа лайық бола тұра емес, лайықсыз болса да, оны күшпен иеленген кісіге жұрттың қарсылығы айтылып тұрса керек. Имамдыққа лайық болса, оны жек көргендер кінәлі. Жұрт имамын ұнатпай, Әлиге (р.а.) шағымданған. Әли оған: “Ісінде жөнсіздікке барғысы келген арсызсың”, – деп, қызметіне қайтармаған», – дейді. Тирмизи де: «Бір топ ғалым кісінің өзін ұнатпайтын жамағатқа имам болуын мәкрүһ санаған. Имамның ісі жөн болса, күнә оны жек көргенге тиеді», – деп түсіндіреді.

2. «Кешігіп» деп аударылған «дибар» сөзі «артқы жақ» мағынасындағы «дубурдан» шыққан. «Ән-Ниһаяда» ол бір істің соңғы уақытын білдіреді делінген. Хадисте намаздың соңын білдіріп тұр. Хаттаби мұны жұрт намазын аяқтап жатқанда ғана келуді әдетке айналдыру деп түсіндіреді. Оның пайымынша, бұл – жамағаттан қалу. Ал «Ән-Ниһаяда» намаз уақытының өтіп кетуі айтылған.

3. Хаттабидің түсіндіруінше, азат етілген адамды қайта құл етудің екі түрі бар. Біріншісі – құлды азат етіп, оны жарияламай жасыру немесе кейін мойындамау. Бұл – екеуінің жаманы. Екіншісі – азат еткен адамын босатпай, еркінен тыс қызмет етуге мәжбүрлеу.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 63, (593).
2801
Кутуб ситтә, № 2801 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әбу Умама

وَعَنْ أَبِي أُمَامَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: ثَلَاثَةٌ لَا تُجَاوِزُ صَلَاتُهُمْ آذَانَهُمْ: الْعَبْدُ الآبِقُ حَتَّى يَرْجِعَ، وَامْرَأَةٌ بَاتَتْ وَزَوْجُهَا عَلَيْهَا سَاخِطٌ، وَإِمَامُ قَوْمٍ وَهُمْ لَهُ كَارِهُونَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Умама (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Үш адамның намазы құлағынан әрі аспайды:

1) қашқан құлдың – қайтып келгеніне дейін;

2) күйеуі өзіне ренжулі күйде түн өткізген әйелдің;

3) қауымы өзін ұнатпайтын имамның”, – деді».1

Түсіндірме

1. Намаздың құлақтан аспауы оның толық қабыл етілмейтінін немесе ізгі амалдар секілді Аллаға көтерілмейтінін білдіреді. Түрбушти: «Құлақ – көтерілудің ең төменгі деңгейін білдіреді. Құлақтың аталу себебі – намазда қырағат пен дұға дыбысының құлаққа жетуі. Бұл намаздың қабыл күйде Аллаға жетпейтінін меңзейді. Бұл сөз Алла елшісі (с.а.с.) Құран оқыса да, оқығаны көмейінен әрі аспайтынын айтқан харижиттерді еске салады. Хадисте қабыл болмау “құлақтан әрі аспау” деп берілген», – дейді.

Суюти де мұны «намаз көкке көтерілмейді» деп түсінген. Ол Ибн Мәжадағы Ибн Аббас хадисін осыған мағыналас санаған: «Олардың намазы бастарынан бір қарыс та жоғары көтерілмейді». Бұл – қабыл болмауды астарлап жеткізу. Табарани келтірген Ибн Аббас риуаятында: «Алла олардың ешбір намазын қабыл етпейді», – делінген.

2. Қашқан күңге де қашқан ер құлға қолданылатын үкім жүреді.

3. Күйеуі ренжулі күйде түн өткізген әйел туралы сөз исламның ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын реттейтін жалпы қағидаларына сүйенеді. Күйеуі әйелін төсегіне шақырса, әйелінің баруы – күйеуінің басты құқықтарының бірі. Бұхаридің хадисінде: «Ер кісі әйелін төсегіне шақырып, әйелі бармай қойса, періштелер оған таң атқанша лағынет айтады», – делінген. Құранда әйелдер туралы жалпы сипаттама берілген: ﴿فَٱلصَّٰلِحَٰتُ قَٰنِتَٰتٌ﴾ «Ал ізгі әйелдер – Аллаға толық мойынсұнатын … жандар»2. Күйеуінің ренжулі күйде таң атыруының негізгі себебін осы аят аясында қарастырған жөн.

  1. 1Тирмизи, Салат: 266, (360).
  2. 2«Ниса» сүресі, 34-аят.
2802
Кутуб ситтә, № 2802 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «كَانَ مُعَاذٌ بنُ جَبَلٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يُصَلِّي مَعَ النَّبِىِّ ﷺ، ثُمَّ يَأْتِي فَيَؤُمُّ قَوْمَهُ، فَصَلَّى لَيْلَةً مَعَ النَّبِيِّ ﷺ الْعِشَاءَ، ثُمَّ أَتَى قَوْمَهُ فَأَمَّهُمْ فَافْتَتَحَ بِسُورَةِ الْبَقَرَةِ، فَانْحَرَفَ رَجُلٌ فَسَلَّمَ ثُمَّ صَلَّى وَحْدَهُ وَانْصَرَفَ، فَقَالُوا لَهُ: أَنَافَقْتَ يَا فُلَانُ؟ قَالَ: لَا وَاللَّهِ، وَلَآتِيَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَلأخْبِرَنَّهُ. فَأتَاهُ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّا أَصْحَابُ نَوَاضِحَ نَعْمَلُ بِالنَّهَارِ، وَإِنَّ مُعَاذًا صَلَّى مَعَكَ الْعِشَاءَ ثُمَّ أتَانَا فَاسْتَفْتَحَ بِسُورَةِ الْبَقَرَةِ، فَأَقْبَلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَلَى مُعاذٍ، قَالَ: أَفَتَّانٌ أَنْتَ يَا مُعَاذُ؟ اِقْرَأْ: وَالشَّمْسِ وَضُحَاهَا، وَالضُّحَى، وَاللَّيْلِ إِذَا يَغْشَى، وَسَبِّحِ اسْمَ رَبِّكَ الْأَعْلَى». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. «النَّاضِحُ»: الْبَعِيرُ الَّذِي يُسْتَقَى عَلَيْهِ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Муаз ибн Жәбәл (р.а.) Пайғамбармен (с.а.с.) бірге намаз оқып, содан соң өз қауымына барып имам болатын. Бір түні ол Пайғамбармен (с.а.с.) бірге құптан намазын оқыды. Содан соң қауымына имам болып, қырағатын “Бақара” сүресінен бастады. Сонда бір кісі саптан бөлініп, сәлем берді де, намазын жеке оқып, кетіп қалды. Жұрт одан: “Ей, пәленше, мұнафықтық жасадың ба?” – деп сұрады. Ол: “Алламен ант етемін, жоқ! Алла елшісіне (с.а.с.) барып, мұны айтамын”, – деді. Ол Пайғамбарға (с.а.с.) барып: “Уа, Алланың елшісі! Біз түйемен су тасып, күндіз еңбек ететін адамдармыз. Муаз сізбен бірге құптанды оқыды да, бізге келіп намазды ‘Бақара’ сүресінен бастады”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) Муазға бұрылып: “Уа, Муаз! Жұртты сынаққа салмақсың ба? мына аяттармен басталатын сүрелерді оқы: ﴿وَٱلشَّمْسِ وَضُحَىٰهَا﴾ ‘Күнге және оның шұғыласына серт!’, ﴿وَٱلضُّحَىٰ﴾ ‘Сәске уақытына серт!’, ﴿وَٱلَّيْلِ إِذَا يَغْشَىٰ﴾ ‘Жер бетін жапқан кезде түнге серт!’, ﴿سَبِّحِ ٱسْمَ رَبِّكَ ٱلْأَعْلَى﴾ ‘Ұлық, асқақ Раббыңның есімін ұлықта!’”, – деді».1

Түсіндірме

1. Бұл хадисте Муаз құптан намазын созып жібергенде, бір сахабаның жамағаттан бөлініп кеткені баяндалады. Намаздың созылуына екі себеп болған:

1) Муаз құптанды Алла елшісімен (с.а.с.) оқып, өз қауымына кейінірек келіп намаз оқытқан.

2) Қырағатты «Бақара» секілді ұзақ сүреден бастаған. Әлгі кісінің жамағаттан бөлініп кетуіне осы екінші жағдай себеп болған. Муаздың кешігіп келгені де әсер етуі мүмкін.

2. Бұл хадистің нұсқалары көп. Араларында толық не қысқа баяндаумен қатар, елеулі айырмашылықтар да бар. Сондықтан ғалымдар екі бөлек оқиға болуы мүмкін деген. Жоғарыдағы риуаятта Муазға қатысты шағым Алла елшісіне (с.а.с.) жеткен. Ал Нәсәидің нұсқасында Муаз намаздан шығып кеткен кісінің үстінен шағымданған. Алла елшісі (с.а.с.) оны шақырып: «Неге олай істедің?» – деп сұраған.

3. Кейбір риуаяттарда Алла елшісі (с.а.с.) Муаздан: «Жұртты сынаққа салып жүрсің бе?» – деп үш рет сұраған. Тағы бірінде: «Жұртты сынаққа салғың келе ме?» – десе, енді бірінде: «Уа, Муаз, жұртты сынаққа салма!» – деген. Бір нұсқада: «Жамағатқа намаз оқытқанда, оны созба!» – делінген. Дәууди хадистегі «фәттан» сөзі «азапқа салушы» деген мағынада қолданылғанын айтады. «Фитна»2 сөзі азапқа салу мағынасын да білдіреді. Мәселен, ﴿إِنَّ ٱلَّذِينَ فَتَنُوا۟ ٱلْمُؤْمِنِينَ وَٱلْمُؤْمِنَٰتِ﴾ «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдерге зорлық-зомбылық көрсеткен …»3 деген аятта осы мағынада келген. Бұл жерде намазды созып, жамағатқа қиындық тудыру меңзелген.

4. Бұл жердегі «фитна» – намазды созу салдарынан адамның намаздан жерінуі. Бәйхақи жеткізген риуаятта Омар (р.а.) былай дейді: «Алланың құлдарын Аллаға жеккөрінішті етпеңдер. Араларыңнан біреу имамдық етіп, намазды созып жіберсе, жұрттың намаздан жерінуіне себеп болады. Алла намазды жек көргендерді ұнатпайды».

5. Хадистен шығарылған кейбір үкімдер:

• Бұл хадис те №2799 хадис секілді парыз оқитын кісінің нәпіл оқушыға ұюына дәлел етілген. Муаздың әуелгі намазда Алла елшісімен (с.а.с.) бірге парызға, екіншісінде нәпілге ниет еткені аңғарылады. №2799 хадистің түсіндірмесінде келтірілген Жәбир риуаятындағы «Муаздың өз қауымына оқытқан намазы өзі үшін нәпіл, қауымы үшін парыз еді» деген қосымша осы мағынаны қуаттайды.

• Имам жамағаттың жағдайын ескеріп, намазды тым созбауы керек. Кейбір ғалымдар жамағат разы болса, созуды мәкрүһ санамаған. Имам намазға қатысатын әр адамның разылығын біле алмайтындықтан, негізге алынатыны – намазды жеңілдетіп оқу. Жалпы, созу мәкрүһ. Тек жағдайы белгілі, сырттан басқа адам қосылмайтын шағын жамағатқа намазды ұзағырақ оқыту мұстахаб болуы мүмкін.

• Дүниелік шұғыл шаруа намазды қысқартуға орынды себеп бола алады.

• Бір намазды сол күні екі рет оқуға рұқсат.

• Орынды үзірі бар кісі жамағаттан бөлініп шыға алады. Үзірсіз шығу жөнінде ғалымдар әртүрлі пікірде.

• Үзірі бар кісі жамағат намазы оқылатын мешітте намазды жеке оқи алады.

• Келеңсіз істі жұмсақтықпен түзеткен жөн. Бұл хадисте Алла елшісі (с.а.с.) наразылығын сұрақ түрінде білдірген. Осыған сүйенген ғалымдар әркімге өзіне лайық тәсілмен ескерту керегін, мәкрүһ амалдан сөзбен тыйса да жеткілікті екенін айтқан. Ескертудің үш рет қайталануы сөзді нығайту үшін жасалған. Кейбір риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) жақсы түсінілсін деп сөзін үш рет қайталағаны айтылады.

• Хадисте сырттай қателескендей көрінген адамның үзірін айтуына мысал бар. Өзгелер білмейтін орынды себебі болған күннің өзінде, сырттай тыйым салынғандай көрінген істі басқа жұрт қайталамас үшін, оның себебін түсіндіруге болады. Намаздан бөлініп кеткен сахаба әрекеті орынды болса да, Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, себебін түсіндірген.

• Сырттай қате көрінген істі орынды түсінікке сүйеніп жасаған адамды кінәламау керек. Алла елшісі (с.а.с.) жамағаттан бөлінген сахабаны айыптамаған.

• Жамағаттан үнемі қалып қою – мұнафықтықтың бір белгісі.

  1. 1Бұхари, «Азан», 60, 63, 66, 74; Мүслим, «Салат», 178 (№465); Әбу Дәуіт, «Салат», 127 (№790, 791, 793); Нәсәи, «Имамат», 39, 41 (2-том, 97–98-беттер), «Ифтитах», 63, 70 (2-том, 168, 172-беттер).
  2. 2«Фитна» сөзінің мағыналарына кітаптың «Фитна» бөлімінің жалпы түсіндірмесінде тоқталамыз (№4759 хадис).
  3. 3«Буруж» сүресі, 10-аят.
2803
Кутуб ситтә, № 2803 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا صَلَّى أَحَدُكُمْ لِلنَّاسِ فَلْيُخَفِّفْ، فَإِنَّ فِيهِمْ الضَّعِيفَ، وَالسَّقِيمَ، وَالْمَريضَ، وَذَا الحَاجَةِ وَإِذَا صَلَّى لِنَفْسِهِ فَلْيُطِلْ مَا شَاءَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Араларыңнан біреу жамағатқа намаз оқытса, жеңілдетсін. Өйткені олардың арасында әлсіздер, сырқаттар, науқастар және шаруасы барлар болады. Ал жеке оқыса, қалағанынша ұзартсын”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадис намазды жеңілдету туралы бұйрықтың имамға қатысты екенін айтып, себебін жамағаттың жағдайымен байланыстырады. Түрлі риуаятта ауру, табиғи әлсіздік, сапар мен шұғыл шаруа, кәрілік, мүгедектік, балалық, жүктілік пен емізулі баланың болуы аталған. Жеке намаз оқушыға мұндай шек қойылмаған. Намаз уақыты шыққанша қырағатты созу жайында ғалымдар пікір таластырған. Кейбірі хадистің жалпы мағынасына сүйеніп, келесі намаз уақыты кіргенге дейін созуға болады деген. Басқалары Мүслимдегі Әбу Қатада хадисіндегі «Кемшілік – намазды келесі намаздың уақыты кіргенше кешіктіру» деген сөзбен бұл пікірге қарсы шыққан. Ибн Хажар әл-Асқалани: «Намазды кемел оқимын деп созудың пайдасы уақыттан шығарып алу қаупімен беттессе, қауіптен сақтанған абзал», – дейді.

2. Хадистің жалпы мағынасына сүйеніп, ғалымдар намазда рүкіндерді байыппен орындау кезінде де, екі сәжденің арасында да кідіруге болатынын айтқан.

  1. 1Бұхари, Азан: 62; Мүслим, Салат: 186, (467); Муатта, Жамағат: 13, (1, 134); Әбу Дәуіт, Салат: 127, (794-795); Нәсәи, Имамат: 35, (2, 94); Тирмизи, Салат: 175, (236).
2804
Кутуб ситтә, № 2804 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنِّي لَأدْخُلُ فِي الصَّلَاةِ، وَأَنَا أُرِيدُ أَنْ أُطِيلَهَا، فَأَسْمَعُ بُكَاءَ الصَّبِيِّ فَأَتَجَوَّزُ فِي صَلَاتِي لِمَا أعْلَمُ مِنْ وَجْدِ أُمِّهِ مِنْ بُكَائِهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أبَا دَاوُدَ. «الْوَجْدُ»: الْحُزْنُ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кейде намазды ұзағырақ оқуға ниеттеніп тұрамын. Сонда баланың жылағанын естісем, анасының баласы үшін алаңдайтынын біліп, намазды қысқартамын”, – деді».1

Түсіндірме

Ғалымдар бұл хадистен мына үкімдерді шығарған:

• Балаларды мешітке кіргізуге болады. Бұған қарсы пікір айтқандар баланың дауысы жақын үйлердің бірінен де естілуі мүмкін деген.

• Әйелдер мешітте ерлермен бірге жамағат намазына қатыса алады.

• Алла елшісі (с.а.с.) жамағаттағы үлкен-кіші мен әйел-ердің бәрінің жағдайын ескеріп, жанашырлық танытқан.

• Ибн Әбу Шәйба жеткізген риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) баланың жылағанын естігенде намазды қанша қысқартқаны айтылады: «Бірінші рәкатта ұзақ сүре оқыған. Баланың жылағанын естіген соң, екінші рәкатта үш аят оқыған».

• Намазда мұстахаб бір амалды орындауға ниеттенген кісі оны орындауға міндетті емес. Мәселен, нәпілді түрегеп оқуға ниеттеніп бастаған адам оны отырып аяқтай алады.

• Риуаятта баланың анасы арнайы аталған. Бұдан жамағаттағы әр адамның жағдайы ескерілетіні аңғарылады. Соған ұқсас жағдайларда да намазды жеңілдетуге болады.

• Ибн Баттал: «Имам рукуғта тұрғанда, жамағатқа қосылғалы келе жатқан кісіні сезсе, оның сол рәкатқа үлгеруі үшін рукуғты соза алады дегендер осы хадиске сүйенген», – дейді. Оған: «Хадисте жеңілдету айтылған. Жеңілдетуден созуға қатысты үкім шығаруға болмайды», – деп қарсы уәж айтылған. Ахмад, Исхақ пен Әбу Сәуір жамағатқа ауырлық салмайтындай дәрежеде созуға рұқсат берген. Хаттаби: «Дүниелік қажет үшін қысқартуға рұқсат болса, діни қажет үшін созуға да рұқсат болуы керек», – деген. Қуртуби бұған: «Созу – намазға талап етілмеген артық амал қосу. Ал хадистегі жағдайда жеңілдету қажет болған», – деп жауап берген.

Бұл жөнінде түрлі пікір айтылған. Шафиғидің кейінгі көзқарасы Әузағи, Мәлик, Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтың пікірімен сәйкес келеді. Олардың бәрі кеш келген адам рәкатқа үлгерсін деп рукуғты созуды мәкрүһ санаған.

  1. 1Бұхари, Азан: 65; Мүслим, Салат: 189, (469, 470), 196, (473); Тирмизи, Салат: 175, (237), 276, (376); Нәсәи, Имамат: 35, (2, 94-95).
2805
Кутуб ситтә, № 2805 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Ибн Әбу Әуфа

وَعَنِ ابْنِ أَبِي أَوْفَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَقُومُ فِي الرَّكْعَةِ الْأُولَى مِنَ الظُّهْرِ حَتَّى لَا يَسْمَعَ وَقْعَ قَدَمٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Әбу Әуфа (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бесін намазының бірінші рәкатындағы қиямды аяқ дыбысы басылғанға дейін созатын».1

Түсіндірме

Бұған дейін айтылғандай, жамағат намазға үлгеруі үшін алғашқы рәкаттарды ұзағырақ оқу – абзал.2 Тіпті таң намазында ол – уәжіп. Бұл риуаятқа қарағанда, Алла елшісі (с.а.с.) бесін намазында кейіннен қосылатын адамдардың аяқ дыбысы басылғанша қырағатты жалғастырған. Сол арқылы олардың бірінші рәкатқа үлгеріп, сауабынан құр қалмауына мүмкіндік берген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 129, (802).
  2. 2№2550 хадиске қараңыз.
2806
Кутуб ситтә, № 2806 · тараудағы реті: 15

وَلَهُ فِي أُخْرَى عَنْ سَالِمٍ أَبِي النَّضْرِ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ حِينَ تُقَامُ الصَّلَاةُ فِي الْمَسْجِدِ إِذَا رَآهُمْ قَلِيلًا جَلَسَ لَمْ يُصَلِّ، وَإِذَا رَآهُمْ جَمَاعَةً صَلَّى».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің Сәлим Әбу Надрдан жеткізген басқа риуаятында: «Мешітте намазға қамат айтылғанда, Алла елшісі (с.а.с.) жамағаттың аз екенін көрсе, намазды бастамай, отыра тұратын. Жұрт жиналса, намаз оқытатын», – делінген.1

Түсіндірме

1. Әбу Надр – табиғин, сондықтан оның хадисі мурсәл. Әлиден (р.а.) сол мағынада жеткен риуаят маусул, яғни тізбегі үзілмеген.

2. Түсіндірмешілер Алла елшісінің (с.а.с.) қаматтан кейін біраз күтуін сол жолы болған жеке оқиға ретінде бағалайды.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 46, (545).
2807
Кутуб ситтә, № 2807 · тараудағы реті: 16Риуаят етуші: Мұғира ибн Шуғба

وَعَنِ الْمُغِيرَةِ بْنِ شُعْبَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا يُصَلِّي الْإِمَامُ فِي مَوْضِعِهِ الَّذِي صَلَّى فِيهِ الْمَكْتُوبَةَ حَتَّى يَتَحَوَّلَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَلَهُ فِي أُخْرَى عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ: «أَيَعْجِزُ أَحَدُكُمْ أَنْ يَتَقَدَّمَ أَوْ يَتَأَخَّرَ أَوْ عَنْ يَمِينِهِ أَوْ عَنْ شِمَالِهِ».

Қазақша аудармасы

Мұғира ибн Шуғба (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Имам парыз намазын оқыған орнынан ауыспайынша, сол жерде нәпіл намаз оқымасын”, – деді».1

Түсіндірме

Хадис имамға парызды оқыған орнын ауыстырып, нәпіл намазын басқа жерде оқуды бұйырады. Имамға қатысты бұл үкім хадистің өз мәтінінен шығады. Ал имамға ұйыған және жеке оқыған кісіге қатысты үкімді Әбу Һурайраның (р.а.) Алла елшісінен (с.а.с.) жеткізген мына риуаяты айқындайды: «Бірің намаз оқығаннан кейін алға, артқа, оңға немесе солға сәл жылжи алмай ма?» Мұндағы мақсат – бірнеше жерде намаз оқу. Бұхари мен Бағауи айтқандай, сәжде еткен жер оқылған намазға куәлік етеді. Құранда: ﴿يَوْمَئِذٍ تُحَدِّثُ أَخْبَارَهَا﴾ «Міне, сол күні Жер, үстінде бұрын-соңды болып өткен бар істің хабарын түгелдей баяндайды.»2 делінген. Яғни жер үстінде болған істерді баяндайды. Кейбір ғалымдар «Дұхан» сүресіндегі ﴿فَمَا بَكَتْ عَلَيْهِمُ ٱلسَّمَآءُ وَٱلْأَرْضُ﴾ «Көк те, жер де оларды жоқтап жыламады»3 деген аятты былай түсіндіреді: «Мүмін дүниеден өткенде, жердегі намаз оқыған орны мен көктегі намазы көтерілген есік оны жоқтап жылайды». Сондықтан нәпілден парызға өткенде де, әрбір нәпіл намазын бастағанда да, орнын ауыстырған жөн. Орнын ауыстырмаса, екі намаздың арасын сөзбен бөлсін. Алла елшісі (с.а.с.) намаздардың арасын сөзбен бөлмей немесе орнынан кетпей, оларды бір-біріне жалғауға тыйым салған.4

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 73 (№616). Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен қосымша риуаят – №1006.
  2. 2«Зілзала» сүресі, 4-аят.
  3. 3«Дұхан» сүресі, 29-аят.
  4. 4Мұғауия (р.а.) былай дейді: «Жұманы оқыған соң, сөйлеспей немесе орныңнан шықпай тұрып оған басқа намаз қоспа. Алла елшісі (с.а.с.) бізге осылай бұйырды». Мүслим, «Жұма» (№883).
2808
Кутуб ситтә, № 2808 · тараудағы реті: 17Риуаят етуші: Үммі Сәләма

وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا سَلَّمَ يَمْكُثُ فِي مَكَانِهِ يَسِيرًا، فَنَرَى وَاللَّهُ أَعْلَمُ أَنَّ مُكْثَهُ لِكَيْ يَنْصَرِفَ النِّسَاءُ قَبْلَ أَنْ يُدْرِكَهُنَّ الرِّجَالُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ، وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Үммі Сәләма (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) сәлем бергеннен кейін орнында біраз отыратын. Алла жақсы біледі, біздіңше, ол әйелдерге ерлер жетпей тұрып, олардың шығып кетуіне мұрсат берген».1

Түсіндірме

1. Хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) парыз намазының сәлемінен кейін орнында біраз отырғаны және мұның себебі айтылады. Ол әйелдерге ерлерден бұрын шығып кетуге мүмкіндік берген. Басқа риуаятта бұл анық баяндалады: «Алла елшісінің (с.а.с.) заманында әйелдер парызды оқып, сәлем берісімен орнынан тұрып кететін. Алла елшісі (с.а.с.) мен оған ұйыған ерлер Алланың қалауымен орындарында қала тұратын. Алла елшісі тұрғанда, ерлер де тұратын».

Алдыңғы риуаяттан аңғарылғандай, олардың отыра тұруы әйелдердің шығып кетуіне мұрсат беру үшін еді.

2. Ибн Хажар былай дейді: «Осы тақырыптағы хадистерден имамның жағдайы әртүрлі болатыны көрінеді. Кей парыздан кейін нәпіл оқылады, кейбірінен кейін оқылмайды. Парыздан соң нәпіл оқылатын болса, оған дейінгі аралықта сүннетте келген зікірлерді айту жөнінде пікірлер әртүрлі. Ғалымдардың көпшілігі зікір айтуға болады деген. Ханафилердің пікірінше, бұл аралықта зікір айтылмай, бірден нәпілге кіріседі. Көпшілік ғалымдар өз пікіріне сноскада келтірілген Мұғауия хадисін дәлел еткен. Кейбір ғалымдар: “Парыз бен нәпілдің арасын жіктеу үшін оңға не солға сәл ығысу жеткілікті”, – деген. “Сәл ығысудың жеткілікті екеніне риуаят жоқ” дегендерге: “Мұғауияның риуаятында ‘немесе орнынан шықсын’ деген сөз бар”, – деп жауап берген. Сахих хабарларда сүннеттегі зікір “намаздан кейін” деп көрсетілген. Кейбір ханбалилер оны “сәлемнен бұрын” деп түсінген. Бұл пікір ذَهَبَ أَهْلُ الدُّثُورِ (“Дәулетті адамдар озып кетті”) деп басталатын хадиске сүйеніп сыналған. Онда “Әр намаздан кейін тәсбих айтады” делінген. Мұндағы уақыт сәлемнен кейін екені анық.

Соңынан нәпіл оқылмайтын парызға келсек, имам да, жамағат та намаздан кейін сүннетте келген зікірді айтады. Оған арнайы орын белгіленбеген. Қаласа тарап, қаласа орындарында отырып зікір айтады. Егер имам жамағатқа ілім үйретуді немесе уағыз айтуды әдет еткен болса, орнында қалған кезде жамағатқа толық бұрылуы мұстахаб. Ал тек зікір айтса, жамағатқа толық бұрыла ма, әлде оң жағы жамағатқа, сол жағы құбылаға қарап, жартылай бұрыла ма деген сұрақ туған. Шафиғилер көбіне жартылай бұрылуды абзал санаған. Бірақ дұға қысқа болса, жүзін құбыладан бұрмағаны жөн, өйткені құбылаға бет бұру дұғаға лайық. Алдыңғы айтылған қалып дұға мен зікір ұзағырақ болғанда қолданылады».

  1. 1Бұхари, Азан: 157, 152, 162, 164; Нәсәи, сәһу: 77, (3, 67); Әбу Дәуіт, Салат: 203, (1040).
2809
Кутуб ситтә, № 2809 · тараудағы реті: 18Риуаят етуші: Сәубан

وَعَنْ ثَوْبَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: ثَلَاثٌ لَا يَحِلُّ لِأَحَدٍ أَنْ يَفْعَلَهُنَّ. لَا يَؤُمُّ الرَّجُلُ قَوْمًا فَيَخُصُّ نَفْسَهُ بِالدُّعَاءِ دُونَهُمْ، فَإِنْ فَعَلَ فَقَدْ خَانَهُمْ، وَلَا يَنْظُرُ فِي قَعْرِ بَيْتٍ قَبْلَ أَنْ يَسْتَأذَنَ، فَإِنْ فَعَلَ فَقَدْ خَانَهُمْ، وَلَا يُصَلِّي وَهُوَ حَقَنٌ حَتَّى يَتَخَفَّفَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. «الْحَقَنُ»: الْحَاقِنُ، وَهُوَ الَّذِي يُدَافِعُ بَوْلَهُ.

Қазақша аудармасы

Сәубан (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Үш істі істеуге ешкімге рұқсат жоқ. Бір кісі жамағатқа имам болып, дұғасын жалғыз өзіне арнамасын. Осылай істесе, жамағатқа қиянат жасағаны. Біреудің үйіне рұқсат сұрамай тұрып көз салмасын. Осылай істесе, үй иелеріне қиянат жасағаны. Кіші дәреті қысса, жеңілдеп алмайынша намаз оқымасын”, – деді».1

Түсіндірме

Хадисте үш әдеп айтылады:

• Имам дұға еткенде, жамағатын да дұғасына қосуы керек. Жамағат ішінен біреуді бөліп-жармауы тиіс. Өзі үшін тілеген жақсылықты жамағатына да тілеп, өзіне қаламаған жамандықтан олардың да аман болуын сұрайды. Хадистің жалпы мағынасы бойынша, имам жамағатқа жақсылық ойлап, ешкімге жамандық тілемеуі керек.

• Кіші дәрет қысқан адам жеңілдеп алған соң намаз оқиды. Хадисте кіші дәрет айтылған, өзге хадистерде үлкен дәрет те аталады. Кейде жел де қысуы мүмкін. Мұның бәрі көңілді бөліп, намазға берілуге кедергі келтіреді. Сондықтан алдымен жеңілдеп алған жөн. Әбу Дәуіттің бір риуаяты үшеуін де қамтитындай жалпы айтылған: «Біреу намазға тұрғанда дәреті қысса, әуелі жеңілдеп алсын».

• Үшінші мәселе – адамның жеке кеңістігін құрметтеу. Адам денесінің кейбір тұстары әурет болғаны секілді, үйдің де сырт көзден қорғалуы тиіс тұстары бар. Сондықтан біреудің үйіне рұқсатсыз кірмеу керек. Бұл – адамдардың тұрмысында орны бар әдеп. Алла Тағала Құранда: ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لَا تَدْخُلُوا۟ بُيُوتًا غَيْرَ بُيُوتِكُمْ حَتَّىٰ تَسْتَأْنِسُوا۟ وَتُسَلِّمُوا۟ عَلَىٰٓ أَهْلِهَا﴾ «Уа, иман келтіргендер! Өз үйлеріңнен басқа үйлерге рұқсат сұрамайынша һәм үй иелеріне сәлем бермейінше кірмеңдер»2 деген.

Рұқсат сұрау мәселесі №3366–3372 хадистерде кеңірек қарастырылады. Бір хадисте: «Біреу өзгенің үйіне көз салып, көзі шығарылса, құн талап етуге құқығы жоқ», – делінген. Алла елшісі (с.а.с.) өз үйіне терезеден рұқсатсыз қараған кісіге қолындағы тарағын көрсетіп: «Ішке қарап тұрғаныңды білгенімде, осы тарақты көзіңе сұғар едім», – деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Таһарат: 43, (90); Тирмизи, Салат: 265, (357).
  2. 2«Нұр» сүресі, 27-аят.