Хадис

Кутуб ситтә, № 2804

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
387. Имамға қойылатын талаптар
Нөмірі
№ 2804 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 13
2804
Кутуб ситтә, № 2804 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنِّي لَأدْخُلُ فِي الصَّلَاةِ، وَأَنَا أُرِيدُ أَنْ أُطِيلَهَا، فَأَسْمَعُ بُكَاءَ الصَّبِيِّ فَأَتَجَوَّزُ فِي صَلَاتِي لِمَا أعْلَمُ مِنْ وَجْدِ أُمِّهِ مِنْ بُكَائِهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أبَا دَاوُدَ. «الْوَجْدُ»: الْحُزْنُ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кейде намазды ұзағырақ оқуға ниеттеніп тұрамын. Сонда баланың жылағанын естісем, анасының баласы үшін алаңдайтынын біліп, намазды қысқартамын”, – деді».1

Түсіндірме

Ғалымдар бұл хадистен мына үкімдерді шығарған:

• Балаларды мешітке кіргізуге болады. Бұған қарсы пікір айтқандар баланың дауысы жақын үйлердің бірінен де естілуі мүмкін деген.

• Әйелдер мешітте ерлермен бірге жамағат намазына қатыса алады.

• Алла елшісі (с.а.с.) жамағаттағы үлкен-кіші мен әйел-ердің бәрінің жағдайын ескеріп, жанашырлық танытқан.

• Ибн Әбу Шәйба жеткізген риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) баланың жылағанын естігенде намазды қанша қысқартқаны айтылады: «Бірінші рәкатта ұзақ сүре оқыған. Баланың жылағанын естіген соң, екінші рәкатта үш аят оқыған».

• Намазда мұстахаб бір амалды орындауға ниеттенген кісі оны орындауға міндетті емес. Мәселен, нәпілді түрегеп оқуға ниеттеніп бастаған адам оны отырып аяқтай алады.

• Риуаятта баланың анасы арнайы аталған. Бұдан жамағаттағы әр адамның жағдайы ескерілетіні аңғарылады. Соған ұқсас жағдайларда да намазды жеңілдетуге болады.

• Ибн Баттал: «Имам рукуғта тұрғанда, жамағатқа қосылғалы келе жатқан кісіні сезсе, оның сол рәкатқа үлгеруі үшін рукуғты соза алады дегендер осы хадиске сүйенген», – дейді. Оған: «Хадисте жеңілдету айтылған. Жеңілдетуден созуға қатысты үкім шығаруға болмайды», – деп қарсы уәж айтылған. Ахмад, Исхақ пен Әбу Сәуір жамағатқа ауырлық салмайтындай дәрежеде созуға рұқсат берген. Хаттаби: «Дүниелік қажет үшін қысқартуға рұқсат болса, діни қажет үшін созуға да рұқсат болуы керек», – деген. Қуртуби бұған: «Созу – намазға талап етілмеген артық амал қосу. Ал хадистегі жағдайда жеңілдету қажет болған», – деп жауап берген.

Бұл жөнінде түрлі пікір айтылған. Шафиғидің кейінгі көзқарасы Әузағи, Мәлик, Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтың пікірімен сәйкес келеді. Олардың бәрі кеш келген адам рәкатқа үлгерсін деп рукуғты созуды мәкрүһ санаған.

  1. 1Бұхари, Азан: 65; Мүслим, Салат: 189, (469, 470), 196, (473); Тирмизи, Салат: 175, (237), 276, (376); Нәсәи, Имамат: 35, (2, 94-95).