Хадис

Кутуб ситтә, № 2803

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
387. Имамға қойылатын талаптар
Нөмірі
№ 2803 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 12
2803
Кутуб ситтә, № 2803 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا صَلَّى أَحَدُكُمْ لِلنَّاسِ فَلْيُخَفِّفْ، فَإِنَّ فِيهِمْ الضَّعِيفَ، وَالسَّقِيمَ، وَالْمَريضَ، وَذَا الحَاجَةِ وَإِذَا صَلَّى لِنَفْسِهِ فَلْيُطِلْ مَا شَاءَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Араларыңнан біреу жамағатқа намаз оқытса, жеңілдетсін. Өйткені олардың арасында әлсіздер, сырқаттар, науқастар және шаруасы барлар болады. Ал жеке оқыса, қалағанынша ұзартсын”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадис намазды жеңілдету туралы бұйрықтың имамға қатысты екенін айтып, себебін жамағаттың жағдайымен байланыстырады. Түрлі риуаятта ауру, табиғи әлсіздік, сапар мен шұғыл шаруа, кәрілік, мүгедектік, балалық, жүктілік пен емізулі баланың болуы аталған. Жеке намаз оқушыға мұндай шек қойылмаған. Намаз уақыты шыққанша қырағатты созу жайында ғалымдар пікір таластырған. Кейбірі хадистің жалпы мағынасына сүйеніп, келесі намаз уақыты кіргенге дейін созуға болады деген. Басқалары Мүслимдегі Әбу Қатада хадисіндегі «Кемшілік – намазды келесі намаздың уақыты кіргенше кешіктіру» деген сөзбен бұл пікірге қарсы шыққан. Ибн Хажар әл-Асқалани: «Намазды кемел оқимын деп созудың пайдасы уақыттан шығарып алу қаупімен беттессе, қауіптен сақтанған абзал», – дейді.

2. Хадистің жалпы мағынасына сүйеніп, ғалымдар намазда рүкіндерді байыппен орындау кезінде де, екі сәжденің арасында да кідіруге болатынын айтқан.

  1. 1Бұхари, Азан: 62; Мүслим, Салат: 186, (467); Муатта, Жамағат: 13, (1, 134); Әбу Дәуіт, Салат: 127, (794-795); Нәсәи, Имамат: 35, (2, 94); Тирмизи, Салат: 175, (236).