وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «أَنَّهَا كَانَ يَؤُمُّهَا عَبْدُهَا ذَكْوَانُ مِنَ الْمُصْحَفِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةِ بَابٍ.
Айшаға (р.а.) құлы Зәкуан Құранды мұсхафтан оқып, имамдық еткен.1
Түсіндірме
1. Бұхари бұл хадисті «Құл мен азат етілген кісінің имамдығы» деген тараудың атауында жеткізушілер тізбегінсіз келтірген. Ибн Әбу Дәуіт «Мәсахиф» еңбегінде, ал Ибн Әбу Шәйба, Шафиғи мен Абдурраззақ өз еңбектерінде оны маусул, яғни тізбегі үзілмеген риуаят ретінде келтірген.
2. Алдыңғы риуаятта айтылғандай, ғалымдардың көпшілігі құлдың имамдығын жарамды санаған. Имам Мәлик, әдетте, құлдың азат адамдарға имам бола алмайтынын айтқан. Бірақ жамағат қырағат білмей, құл білсе, ол жұма намазынан өзге намаздарға имам бола алады. Себебі жұма намазы құлға парыз етілмеген.
3. Намазда мұсхафқа қарап оқуды жарамды санайтын Ибн Сирин, Хасан, Хакам мен Ата осы хадиске сүйенген. Ғалымдардың көпшілігі мұны намаздағы артық қимылға жатқызып, құптамаған. Айни: «Хадистің сыртқы мағынасы намазда мұсхафқа қарап қырағат етуге болатынын көрсетеді», – дейді. Ибн Сирин, Хасан Басри, әл-Хакам мен Ата осы үкімді ұстанған. Әнәс (р.а.) намаз оқығанда, артындағы бір құл оған мұсхаф ұстап тұратын. Аятта жаңылса, мұсхафты ашып беретін. Имам Мәлик рамазанда тарауих намазында бұған рұқсат берген. Нәһәи, Сағид ибн әл-Мусайяб пен Шағби мұны мәкрүһ санаған. Хасаннан жеткен бір риуаятта: «Христиандар да осылай істейді», – делінген. Ибн Хазм: «Намаз оқушы имам болсын, басқа болсын, мұсхафқа қарап қырағат ете алмайды. Әдейі істесе, намазы бұзылады. Ибн әл-Мусайяб, Хасан, Шағби және Әбу Абдуррахман әс-Сүләми де осы үкімді ұстанған. Бұл пікір Имам Ағзам мен Шафиғидің мәзһабтарында да бар», – дейді.
Айни сөзін былай түйіндейді: «Әбу Ханифаның пікірінше, намазда мұсхафқа қарап қырағат ету намазды бұзады. Өйткені бұл амал кәсирге, яғни намаздағы көп қимылға жатады. Әбу Юсуф пен Мұхаммед мұны жарамды санаған, себебі Құранға қарау да – құлшылық. Бірақ әһлі кітапқа ұқсайтын амал болғандықтан, мәкрүһ деп есептеген. Шафиғи мен Ахмад та осындай үкім берген. Имам Мәлик пен Ахмадтан жеткен бір риуаятқа сәйкес, бұл амал нәпіл намазды ғана бұзбайды».
- 1Бұхари, «Азан», 54. Риуаят тараудың басында жеткізушілер тізбегінсіз берілген.